Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес фармацевтикалық қызметке арналған лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы өзге де рұқсат беру құжатының қолданысын тоқтата тұру;
төмен тұрған лауазымды адамдар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұру немесе күшін жою не оларды кері қайтарып алу туралы қаулылары.
3. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі нысанында мемлекеттік бақылауды, жоспардан тыс тексерулерді, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға тексерудің немесе профилактикалық бақылаудың нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтініштермен жүгінуге тыйым салынады.
55-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау
1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау ақпараттық жүйелердің деректерін, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау және салғастыру арқылы жүргізіледі.
2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтарды уақтылы анықтау, олардың жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган анықтаған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және оларға әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау тоқсанына бір реттен аспайтын жиілікпен жүргізіледі.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ресімделеді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның нысанын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісіне (объектісіне) бұзушылықтар анықталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде мынадай тәсілдердің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі;
2) бақылау субъектісінің (объектісінің) өкіліне және (немесе) лауазымды адамына қол қойғызып табыс етіледі;
3) «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық тәсілмен жіберіледі.
6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген, анықталған бұзушылықтарды ол табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тиісінше жою бақылау субъектісінің (объектісінің) ұсынымды орындауы болып танылады.
7. Бақылау субъектісі (объектісі) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органға қарсылық жіберуге құқылы.
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау үшін бақылау субъектісін (объектісін) іріктеуге негіз болып табылады.
9. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды арнайы тіркеу журналында есепке алуына жатады, ол нөмірленуге, тігілуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органың немесе оның аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекемделуге тиіс.
10. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау:
55-баптың 10-тармағының 1) тармақшасы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға, сондай-ақ бірлесіп төлеуге жататын дәрілік заттарға;
55-баптың 10-тармағының 2) тармақшасы 2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) барлық дәрілік затқа қатысты жүргізіледі.
6-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАРНАМА
56-бап. Денсаулық сақтау саласындағы жарнама
1. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) жарнамасы медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Медициналық көрсетілетін қызметтердің, профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдiстерi мен құралдарының (бұдан әрi осы баптың мақсаттарында - көрсетiлетiн қызметтер), дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы анық болуға, арнайы білімсіз немесе арнайы құралдарды қолданбай түсініліп-танылуға, басқа көрсетілетін қызметтермен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен, тағамға биологиялық белсенді қоспалармен салыстыруды болғызбауға, тұтынушылардың сенімін теріс пайдалану, оның ішінде сипаттамаларына, құрамына, тұтынушылық қасиеттеріне, құнына (бағасына), қолданудың болжамды нәтижелеріне, зерттеулер мен сынақтардың нәтижелеріне қатысты сенімін теріс пайдалану арқылы оларды жаңылыстырмауға тиіс.
3. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, тағамға биологиялық белсенді қоспалардың, профилактика құралдарының жарнамасына;
2) бұқаралық ақпарат құралдарында рецептімен босатылатын дәрілік заттардың жарнамасына;
3) дәрігердің рецептісі бойынша босатылатын дәрілік препараттардың үлгілерін жарнама мақсатында таратуға;
4) балаларға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардан басқа дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасында балаларды, олардың бейнелері мен дауыстарын пайдалануға;
5) медициналық, фармацевтикалық конференциялардағы, конгрестердегі, симпозиумдардағы және басқа да ғылыми кеңестердегі дәрілік заттардың жарнамасын қоспағанда, қоғамдық көлікте, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, тағамға биологиялық белсенді қоспалардың тағайындалуына, пайдаланылуына және босатылуына қатысы жоқ ұйымдарда олардың жарнамасын таратуға және орналастыруға;
6) өнеркәсіптік өнімге, рецептілік бланкілерге жарнамалық ақпаратты орналастыруға;
7) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сыртқы (көрнекі) жарнамасын орналастыруға;
8) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы анық ақпаратты ғылыми немесе білім беру мақсатында, сондай-ақ пациенттерге ақпарат беру мақсатында беру жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тағайындауға уәкілеттік берілген медицина қызметкерлерін жарнаманы таратушылар ретінде пайдалануға;
9) тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға арналған лицензия болмаған кезде көрсетілетін қызметтердің жарнамасына;
10) денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты жоқ адамдар, оның ішінде шетелдік мамандар көрсететін қызметтердің жарнамасына;
11) халыққа арналған жарнамада мынадай ауруларды: жыныстық жолмен берілетін ауруларды, онкологиялық, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарды (ауруларды), қауіпті инфекциялық ауруларды, АИТВ инфекциясын, туберкулезді, қант диабетін емдеу тәсілдерін көрсетуге;
12) жарнамада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануды және (немесе) тағайындауды көтермелеуі мүмкін ғалымдардың, денсаулық сақтау мамандарының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының ұсынымдарына сілтеме жасауға;
13) көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамада бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға;
14) дәрілік препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі оның табиғи жолмен алынуына байланысты деп сендіруге;
15) ұсынылатын көрсетілетін қызметтің, жарнамаланатын дәрілік препаратпен, тағамға биологиялық белсенді қоспамен емдеудің тиімділігі кепілдендірілген болып табылады, затты қолдану жанама әсерлердің дамуымен ұштаспайды деген болжам туғызуға;
16) жарнамаланатын көрсетілетін қызметке, дәрілік зат пен медициналық бұйымға тікелей қатысы жоқ ақпаратты жарнамада келтіруге;
17) адамның ағзаларына (ағзасының бөлігіне) және (немесе) тіндеріне (тінінің бөлігіне) қатысты мәмілелер жасау туралы ұсыныстардың жарнамасына тыйым салынады.
4. Көрсетілетін қызметтердiң, дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасын бұқаралық ақпарат құралдарында, денсаулық сақтау ұйымдарындағы электрондық ақпараттық ресурстарда таратуға және орналастыруға жол беріледі.
5. Дәрілік заттардың жарнамасы толық (дәрілік затты пайдалану үшін тиісті шектеулерді қоса алғанда) және анық мәліметтерді қамтуға тиіс, олардың болмауы дәрілік заттарды орынсыз пайдалануға немесе тұтынушы үшін қисынсыз тәуекелге алып келуі мүмкін.
6. Жарнаманың шығарылуын, таратылуы мен орналастырылуын бақылауды мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
7-тарау. ЦИФРЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
57-бап. Цифрлық денсаулық сақтаудың негіз қалаушы қағидаттары
Цифрлық денсаулық сақтаудың қағидаттары:
1) саладағы деректер мен процестерді цифрландыру арқылы денсаулық сақтау қағидаттарын іске асыру;
2) саясат пен стратегияны іске асыру құралы, уәкілетті орган айқындайтын әдіснаманың негізі болып табылатын стандарттардың үстемдігі;
3) жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын, денсаулық сақтаудың электрондық ақпараттық ресурстарының сақталуы мен құпиялылығын және пациенттің өзінің дербес деректеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету;
4) медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, объективтілігін, үздіксіздігін қамтамасыз етуді қолдау;
5) денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруды қолдау;
6) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды қолдау болып табылады.
58-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) денсаулық сақтауды цифрландыру - медициналық көмектің қолжетімділігін, тиімділігін, сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, денсаулық сақтаудың медициналық және әкімшілік-басқару процестерін өзгерту үшін цифрлық технологияларды пайдалану;
2) дербес медициналық деректер - жеке тұлғаның денсаулығы мен оған көрсетілген медициналық қызметтер туралы мәліметтерді қамтитын, электрондық, қағаз немесе өзге де материалдық жеткізгіштерде тіркелген дербес деректер;
3) дербес медициналық деректердің агрегаторы - уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыратын цифрлық денсаулық сақтау субъектісі;
4) дербес медициналық деректердің иесі - өзіне қатысты осы деректер қалыптастырылған жеке тұлға;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық телемедицина желісі - қорғалған телекоммуникациялық инфрақұрылыммен біріктірілген және аппараттық-бағдарламалық кешендермен жарақтандырылған, уәкілетті органның қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдарының стационарлық және мобильдік телемедициналық орталықтарының желісі;
6) қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер - аурулар мен жарақаттардың диагностикасы, оларды емдеу, медициналық оңалту және олардың профилактикасы, медицина қызметкерлерінің өзара, жеке тұлғалармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасауын, көрсетілген адамдарды сәйкестендіруді, сондай-ақ олар жасайтын әрекеттерді құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы зерттеулер мен бағалауды жүргізу мақсатында медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
7) медициналық ақпараттық жүйе - денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
8) мобильдік денсаулық сақтау - мобильдік телефондарды, дербес қалта компьютерлерін, медициналық аспаптарды және басқа да құрылғыларды қамтитын мобильдік құрылғыларды денсаулық сақтау мақсаттары үшін пайдалану;
9) тасымалданатын медициналық құрылғылар - жеке тұлғаның денсаулық жағдайының көрсеткіштерін жинауға және беруге арналған мобильдік (тасымалданатын) құрылғылар;
10) теледенсаулық сақтау - клиникалық диагноз қоюды және жеке тұлғаның жай-күйін қашықтықтан мониторингтеуді, сондай-ақ аурулардың профилактикасы, денсаулықты нығайту, қоғамдық денсаулық сақтауды қолдау, медициналық-санитариялық ағарту және ғылыми медициналық зерттеулер сияқты басқа да клиникалық емес функцияларды қамтитын қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер;
11) телемедицина желісі - қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді ұсыну, оқыту және электрондық форматта медициналық ақпарат алмасу үшін медициналық жабдықпен жарақтандырылған және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы біртұтас ақпараттық кеңістікке біріктірілген стационарлық және мобильдік телемедицина орталықтарының желісі;
12) Ұлттық электрондық денсаулық паспорты - уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жеке тұлғаға да, денсаулық сақтау қызметкерлеріне де қолжетімді, электрондық денсаулық паспорттарын қамтитын уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурсы;
13) цифрлық денсаулық сақтау объектісі - электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, мобильдік денсаулық сақтау технологиялары, денсаулық сақтаудың ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымы;
14) цифрлық денсаулық сақтау объектісінің иесі - ақпараттандыру объектілерін иелену және пайдалану құқықтарына ие цифрлық денсаулық сақтау субъектісі;
15) цифрлық денсаулық сақтау субъектісі - цифрлық денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыратын немесе қоғамдық қатынастарға түсетін жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар;
16) электрондық денсаулық паспорты - жеке тұлғаның денсаулық жағдайы мен оған көрсетілетін медициналық көмек туралы құрылымдалған дербес медициналық деректердің цифрлық денсаулық сақтау субъектілері бүкіл өмір бойы электрондық көздерден қалыптастыратын және уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жеке тұлғаға да, денсаулық сақтау қызметкерлеріне де қолжетімді жинағы;
17) электрондық медициналық жазба - медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайына қатысты құрылымдалған дербес медициналық деректер жинағы.
59-бап. Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы қызмет
1. Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы қызмет:
1) цифрлық денсаулық сақтауды нормативтік құқықтық реттеуді, оның стандарттарын әзірлеу мен бекітуді;
2) денсаулық сақтау саласының ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуды;
3) жеке және заңды тұлғаларды денсаулық сақтау саласындағы деректермен және ақпаратпен қамтамасыз етуді;
4) дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды;
5) дербес медициналық деректерді жинау, өңдеу, сақтау, қорғау және беру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетуді;
6) қағазсыз медицинаға көшуді қамтиды.
2. Қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетуге ықпал ететін электрондық ақпараттық ресурстар уәкілетті органның талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Уәкілетті орган ұлттық деңгейде сақталатын дербес медициналық деректерді өңдеуді, сақтауды және қорғауды жүзеге асырады.
4. Жеке тұлға цифрлық денсаулық сақтау субъектілеріне уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес өздерінің дербес медициналық деректерін сақтау мен өңдеуді, қорғауды беруге құқылы.
60-бап. Цифрлық денсаулық сақтау объектілері мен субъектілерінің өзара іс-қимылы
1. Дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық медициналық жазбаларды қалыптастыру үшін дербес медициналық деректерді жинау, өңдеу және сақтау пациенттің медициналық көмек алуға хабардар етілген келісімі ескеріле отырып, медициналық көмек көрсету шеңберінде жүзеге асырылады.
2. «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, денсаулық сақтау субъектілері деректерді Ұлттық электрондық денсаулық паспортына және уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына уәкілетті орган айқындайтын көлемде және жиілікпен беруді қамтамасыз етуге міндетті.
3. Дербес медициналық деректерді үшінші тұлғаларға беру осы баптың 4-тармағында көрсетілген жағдайлардан басқа, жеке тұлғаның келісімімен жүзеге асырылады.
4. Дербес медициналық деректерді Ұлттық электрондық денсаулық паспортына және уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына беру жеке тұлғаның келісімінсіз, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілеріне беру медициналық көмек көрсету мақсаттары үшін ғана және:
1) осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағында;
2) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады.
5. Дербес медициналық деректердің агрегаторлары денсаулық сақтау субъектілерінің дербес медициналық деректерді жинауы, өңдеуі, сақтауы, қорғауы мақсатында ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетеді.
6. Цифрлық денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес электрондық медициналық жазбаларды қалыптастырады, сақтайды, қорғайды.
7. Тасымалданатын медициналық құрылғылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сертификатталуға жатады.
61-бап. Цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің жауаптылығы
1. Жеке тұлғаның дербес медициналық деректеріне қол жеткізу құқығына оның келісімімен:
1) медициналық және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді берушілер;
2) медициналық көмек көрсетуге арналған шығындардың өтелуін жүзеге асыру мақсатында медициналық көмек көрсетуге арналған шығындарды қаржылық өтеуге жауапты ұйым;
3) уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері, медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
4) орталық атқарушы органдардың және өзге де орталық мемлекеттік органдардың қызмет көрсетілетін контингентке қатысты әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар ие болады.
Көрсетілген ұйымдар дербес медициналық деректерге қол жеткізу құқығын тиісті қызметтер көрсету үшін қажетті бөлігінде ғана алады.
2. Шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету жағдайларында жеке тұлғаның дербес медициналық деректеріне қол жеткізу медициналық көмектің осындай нысандарын көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне әдеттегідей қамтамасыз етіледі.
3. осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке тұлғаның дербес медициналық деректерін беруге тыйым салынады.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға жеке тұлғаның дербес медициналық деректеріне қол жеткізу құқығы уәкілетті орган бекіткен, цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің қол жеткізу құқықтарының аражігін ажырату қағидаларында көзделген тәртіппен беріледі.
5. Жеке тұлғаның Ұлттық электрондық денсаулық паспортындағы, электрондық денсаулық паспортындағы өзінің денсаулығы және көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратқа қол жеткізуге, сондай-ақ деректерге қол жеткізу журналын қадағалауға құқығы бар.
6. Медициналық деректер агрегатының денсаулық сақтау субъектілерімен қатынастары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
7. Денсаулық сақтау субъектілерінің медицина қызметкерлері мен жұмыскерлері уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына енгізілетін электрондық деректердің сапасы, уақтылылығы, анықтығы және құпиялылығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
8. Жеке тұлғалардың жеке өміріне қатысты, оның ішінде медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын дербес медициналық деректердің жоғалуына, заңсыз жиналуына және өңделуіне алып келген, дербес медициналық деректерді қорғау жөніндегі шараларды сақтамағаны үшін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
9. Талдамалық, статистикалық қызметті, ғылыми және өзге де зерттеулерді жүзеге асыру үшін дербес медициналық деректер иесіздендірілген түрде пайдаланылады.
62-бап. Жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қорғауды қамтамасыз ету
1. Дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қорғаудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
2. Дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
3. Жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардан алынған ақпарат тек қана лауазымдық міндеттерді орындау шеңберінде пайдаланылады.
8-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
63-бап. Денсаулық сақтау субъектілері
1. Денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады.
2. Денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілері болып табылады.
3. Денсаулық сақтаудың мемлекеттік секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, мемлекеттік меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерден және сот медицинасы саласында (сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық) сараптаманы жүзеге асыратын ұйымдардан тұрады.
4. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардан тұрады.
5. Жеке тұлғалардың денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты, тиісті мамандық бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі және медициналық қызметке лицензиясы болған кезде жеке медициналық практикамен айналысуға құқығы бар.
64-бап. Медициналық қызметтің түрлері
Медициналық қызмет мынадай түрлерді қамтиды:
1) медициналық көмек;
2) зертханалық диагностика;
3) патологиялық-анатомиялық диагностика;
4) қан және оның компоненттерін дайындау саласындағы қызмет;
5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет;
6) қоғамдық денсаулықты сақтау саласындағы қызмет;
7) денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет;
8) денсаулық сақтау саласындағы сараптама;
9) осы Кодексте тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлері.
65-бап. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту
1. Денсаулық сақтау саласындағы медициналық, фармацевтикалық және білім беру қызметін жүзеге асыру шеңберінде пайдаланылатын ғимараттар мен құрылысжайлар, мүліктік кешендер денсаулық сақтау инфрақұрылымының объектілері болып табылады.