3. Уәкілдің баяндамалары уәкілетті мемлекеттік органдарға олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қарау үшін жіберіледі.
Уәкілетті мемлекеттік органдар Уәкілдің баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде оған баяндаманы қарау нәтижелері туралы белгіленген тәртіппен хабарлайды.
4. Уәкіл осы бапта көрсетілген баяндамаларды дайындау және тарату тәртібін бекітеді.
5. Баяндамалар Уәкілдің интернет-ресурсында жариялануға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға жатады.
15-бап. Ұлттық алдын алу тетігі
Уәкіл ұлттық алдын алу тетігінің тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіреді, ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
16-бап. Адам және азамат құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық ағарту, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылармен және мамандармен өзара іс-қимыл
1. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық ағартуға жәрдемдеседі, адам және азамат құқықтары мен бостандықтары туралы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және халықтың Қазақстан Республикасының заңнамасы мен аса маңызды халықаралық актілерді білу деңгейін арттыруға қатысады.
2. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтары туралы білімді ілгерілету, ғылыми-қолданбалы зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы білім мен дағдыларды тұрақты түрде арттыру мақсатында ғылыми-білім беру орталығын және өзге де ұйымдарды құруға бастамашылық жасай алады.
3. Уәкіл адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету және көтермелеу жөніндегі ақпараттық науқандар мен жобалар шеңберінде мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Уәкіл баяндамаларды дайындауға ұйымдар мен мамандарды шарт негізінде тартуға құқылы.
17-бап. Заңнаманы жетілдіру және халықаралық шарттар жасасу жөніндегі ұсыныстар
Уәкіл өз қызметі шеңберінде адам және азамат құқықтары мен бостандықтары мәселелері бойынша және Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» және «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңдарында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру немесе халықаралық шарттарын жасасу жөнінде ұсыныстар әзірлейді және мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді;
2) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстарын қарайды.
4-тарау. УӘКІЛ МЕН ОНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАДАҒЫ, АСТАНАДАҒЫ ӨКІЛІНІҢ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
18-бап ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
18-бап. Уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі
1. Уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі (бұдан әрі – өкіл) болады, оны Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
2. Өкіл мемлекеттік қызметші болып табылады және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдіктерінің қызметіне басшылық жасайды.
Өкілдердің функционалдық міндеттерін Уәкіл бекітеді.
3. Өкіл тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Уәкілдің атынан өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде және оның тапсырмасы бойынша өкілеттігін жүзеге асырады.
19-бап. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық
1. Уәкілдің қызметін қамтамасыз ету үшін жұмыс органы – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – Ұлттық орталық) құрылады, ол мемлекеттік мекеме болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы көрсетілген мөрі мен бланкілері, сондай-ақ банктік мекемелерде тиісті шоттары болады.
2. Ұлттық орталық туралы ережені Уәкілдің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің құрылымын Уәкіл бекітеді.
3. Ұлттық орталықтың басшысын Уәкіл лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
4. Ұлттық орталық Уәкілдің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
5. Ұлттық орталықтың қызметкерлері өз қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы негізінде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер болып табылады.
6. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктері қызметкерлерінің ақшалай қамтылымы, оларды медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.
20-бап. Қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
2. Уәкілдің ақшалай қамтылымы, оған медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ оның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мемлекеттік лауазымдарды атқаратын, бірақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесінен төмен емес лауазымды адамдар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген кепілдіктер деңгейінде айқындалады.
3. Республикалық бюджетте жыл сайын жекелеген бюджеттік бағдарламамен Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат көзделеді.
4. Ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржылық есептілік ұсынады.
5. Уәкілдің қызметтік куәлігін беру тәртібі мен сипаттамасы Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен айқындалады.
21-бап. Уәкіл жанындағы консультативтік-кеңесші органдар, сондай-ақ оның мемлекеттік органдар және ұйымдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдарға қатысуы
1. Уәкіл жанынан консультативтік-талдамалық функциялары бар, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжірибесі бар адамдардан тұратын сараптама кеңесі құрылады.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Уәкіл жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
3. Уәкіл мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен жұмыс топтарын және комиссиялар құра алады.
4. Уәкіл дербес немесе өз өкілдері арқылы мемлекеттік органдар және ұйымдар жанындағы консультативтік-кеңесші және байқаушы органдарға өз бастамасымен немесе шақыру бойынша қатыса алады.
22-бап. Уәкілдің және Ұлттық орталық басшысының актілері
1. Осы Заңды іске асыру мақсатында Уәкіл өкімдер шығарады, Ұлттық орталықтың басшысы бұйрықтар шығарады.
2. Уәкілдің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік және орыс тілдерінде лауазымының атауы көрсетілген белгіленген үлгідегі өз бланкісі болады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕ
23-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 3-баптың 4-тармағының екінші бөлігін, 12-баптың 3) тармақшасын, 18-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 29 желтоқсан
№ 90-VII