Еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін қалыптастыру үш жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссияның ұсынымдары бойынша құрамына осы баптың 2-тармағында көрсетілген теле-, радиоарналар енетін еркін қолжетімді теле-, радиоарналардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
4. Телерадио хабарларын тарату операторлары теле-, радиокомпаниялармен жасаған шарттары негізінде еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды таратуға құқылы.
14-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялау
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялауды «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Телерадио хабарларын тарату желілері телекоммуникация қызметтерін (деректерді беру, Интернет желісіне қолжетімділік, телематиялық қызмет көрсету, жергілікті телефон байланысы қызметін көрсету және басқалар) тарату үшін пайдаланылған жағдайда, көрсетілген желілердің иеленушісі өз қызметін байланыс саласындағы лицензия негізінде жүзеге асырады.
15-бап. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін радиожиілік спектрін пайдалану
1. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін бос жиіліктерді, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөлу жөнінде конкурс өткізу туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды. Конкурс өткізу туралы шешім ресми бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
3. Конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қарауды және жеңімпаздарды айқындау жөнінде ұсынымдар тұжырымдауды Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелері жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн жиiлiк белдеулерiн, радиожиiлiктi (радиожиiлiк арналарын) пайдалануға рұқсатты Телерадио хабарларын таратуды дамыту мәселелерi жөнiндегi комиссияның шешiмi негiзiнде телерадио хабарларын таратуды техникалық сүйемелдеу саласындағы уәкiлеттi орган бередi.
Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшін жиіліктердің белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсатта техникалық құралдардың орналасқан жері, оның ішінде үлгілері, географиялық координаттары, сондай-ақ пайдаланылатын таратушы радиоэлектрондық құралдардың нақты қуаты көрсетілген антенна құрылғыларының орналасуы көрсетілуге тиіс.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Телерадио хабарларын тарату мақсаты үшiн радиожиiлiктi есептеудi, оны радиожиiлiк органдарымен келiсудi және халықаралық үйлестiрудi телерадио хабарларын таратуды техникалық сүйемелдеу саласындағы уәкiлеттi орган жүргiзедi.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16-бап. Телерадио хабарларын тарату саласындағы көрсетілетінқызметтерге арналған тарифтер
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, көпарналы хабар таратуда теле-, радиоарналарды тарату бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтердi телерадио хабарларын тарату операторлары негiзделген шығындар негiзiнде дербес белгiлейдi.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТЕЛЕ-, РАДИОАРНАЛАРДЫ ТАРАТУ
17-бап. Отандық теле-, радиоарналарды есепке қою, қайта есепке қою
1. Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететiн теле-, радиоарна уәкiлеттi органда мiндеттi түрде есепке қойылуға тиіс.
2. Есепке қою, қайта есепке қою үшiн теле-, радиоарнаның меншiк иесi не оның уәкiлеттiк беруi бойынша әрекет ететiн тұлға осы Заңның 18-бабының талаптарына сай келетiн өтiнiш бередi.
3. Теле-, радиоарнаны есепке қою кезінде, сондай-ақ теле-, радиоарнаның есепке қойылғанын куәландыратын құжаттың телнұсқасын алу кезінде Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде айқындалатын тәртiппен алым алынады.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Теле-, радиоарнаны есепке қою, қайта есепке қою туралы өтiнiш түскен күнiнен бастап он жұмыс күні iшiнде қаралуға тиiс. Өтiнiштi қараудың қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган теле-, радиоарнаның меншiк иесiне есепке қою туралы куәлiк бередi не мынадай негiздер бойынша:
1) егер уәкiлеттi орган бұрын сол атпен және сол аумаққа таралатын не оның аты бұрын құрылған теле-, радиоарнаның атымен айырғысыз дәрежеде ұқсас теле-, радиоарнаны есепке қойғаны туралы куәлiк берген болса;
2) егер өтiнiштiң мазмұны осы Заңның 18-бабының талаптарына сай келмейтiн болса;
3) егер теле-, радиоарнаны есепке қою үшiн алым төленбесе;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) егер меншiк иесiнiң ауысуына орай теле-, радиоарнаны қайта есепке қою туралы өтiнiште теле-, радиоарнаға меншiк құқығын басқа тұлғаға беру туралы шарттың нөмірі мен күні көрсетілмесе;
5) егер шығарылуын бұрын сот тоқтатқан, аты (атының бiр бөлiгi) бiрдей және тақырыптық бағыты дәл сондай теле-, радиоарна есепке қоюды мәлiмдеген болса немесе аты мен тақырыптық бағытын қайталайтын теле-, радиоарна мәлiмделген болса, сондай-ақ шығарылуы сот шешiмiмен тоқтатылған теле-, радиоарнаның меншiк иесi немесе бас редакторы (редакторы) соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жыл iшiнде өтiнiш берген жағдайда есепке қоюдан бас тартады.
5. Теле-, радиоарнаның меншiк иесi есепке қою туралы куәлiктi алған күнінен бастап алты ай iшiнде теле-, радиобағдарламаларды таратуға кiрiсу құқығын сақтайды.
Теле-, радиоарнаның шығарылуын сот тоқтата тұрған жағдайларды қоспағанда, теле-, радиоарнаның өнiмiн шығару мерзiмiн өткiзiп алған, сондай-ақ теле-, радиоарнаның өнiмiн шығару үш ай бойы тоқтап қалған жағдайда, уәкiлеттi органның шешiмiмен теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлiктiң күшi жойылды деп танылады.
6. Теле-, радиоарнаның меншiк иесi ауысқан не ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы, сондай-ақ теле-, радиоарнаның аты өзгерген жағдайларда ол қайта есепке қойылуға тиіс.
18-бап. Отандық теле-, радиоарнаны есепке қою туралы өтiнiш
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Теле-, радиоарнаны есепке қою туралы өтiнiште:
1) тармақша 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1) теле-, радиоарна меншiк иесiнің-жеке тұлғаның тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, теле-, радиоарна меншiк иесiнің-заңды тұлғаның атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) жеке және ретрансляцияланатын хабар таратуының орташа тәулiктiк көлемi көрсетiлген теле-, радиоарнаның тақырыптық бағыты көрсетiлуге тиiс.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Өтінішке:
1) трансляцияланатын және ретрансляцияланатын теле-, радиобағдарламаларды жазып алу және алты ай бойы сақтау туралы мiндеттеме;
2) теле-, радиоарнаның меншiк иесiнiң кiретiн есiгi бөлек үй-жайлар мен алаңдарға немесе оларды жалға алуға, оның iшiнде:
телерадио хабарларын таратудың жұмыс iстеуi үшiн қажеттi техникалық құралдарды орналастыруға және пайдалануға арналған (студиялық, аппараттық, қосалқы) арнайы үй-жайларға;
шығармашылық (редакциялық) персоналын орналастыруға арналған үй-жайларға;
әкiмшiлiк-басқару персоналына арналған үй-жайларға мүлiктiк құқықтарының болуы туралы мәліметтер нысаны қоса тіркеледі.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 18-1-баппен толықтырылады (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
19-бап. Уәкілетті органда шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою, қайта есепке қою
1. 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қоюды, қайта есепке қоюды шетелдік теле-, радиокомпаниялардың өкілдері есепке қою туралы куәлік алуға өздері берген осы Заңның 20-бабының талаптарына жауап беретін өтініштің негізінде жүзеге асырады.
3. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою, қайта есепке қою туралы куәлік алуға өтініш келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган өтініш берушіге шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік береді не осы Заңның 21-бабында көзделген негіздер бойынша оны беруден бас тартады.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-тармақтың бірінші бөлігі 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4. Шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою олардың өнімін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келу тұрғысынан сараптаудан кейін жүзеге асырылады.
Діни бағыттағы шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілетін дінтану сараптамасынан кейін жүзеге асырылады.
5. Шетелдік теле-, радиоарнаны қайта есепке қою теле-, радиоарнаның аты, негізгі тақырыптық бағыты ауысқан жағдайда жүзеге асырылады.
6. 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
20-бап. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы өтiнiш
1. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы өтiнiште:
1) теле-, радиоарнаның меншiк иесi - жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер бар болса), тұрғылықты мекенжайы, теле-, радиоарнаның меншiк иесi - заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi, ұйымдық-құқықтық нысаны;
2) теле-, радиобағдарламалардың тiлi (тiлдерi);
3) теле-, радиоарна хабарын тарату кестесі;
4) теле-, радиоарнаның негізгі тақырыптық бағыты;
5) теле-, радиоарна бас редакторының (редакторының) тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса);
6) теле-, радиоарнаның заңды мекенжайы;
7) теле-, радиокомпанияның Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау туралы міндеттемесі көрсетілуге тиiс.
2. Өтiнiшке:
1) жеке тұлғалар үшiн - теле-, радиоарнаның меншік иесі болып табылатын шетелдік жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын паспортының немесе басқа құжатының көшірмесі, мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі аудармасын нотариат куәландырған, кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың көшірмесі;
2) заңды тұлғалар үшiн - сауда тізілімінен заңдастырылған үзінді немесе құрылтайшы - шетелдік заңды тұлға шет мемлекет заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат;
3) теле-, радиоарнаны есепке қою үшiн бюджетке алым төленгенiн растайтын құжат қоса тіркеледі.
3. Теле-, радиоарнаны есепке қою кезiнде өзге талаптар қоюға тыйым салынады.
21-бап. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қоюдан бас тартудың және шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлікті кері қайтарып алудың негіздері
1. Уәкілетті орган шетелдік теле-, радиокомпания өкіліне шетелдік теле-, радиоарналарды есепке қою туралы куәлік беруден:
1) өтініш мазмұны осы Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес келмейтін болса;
2) теле-, радиоарнаны есепке қою үшін алым төленбеген болса;
3) шетелдік теле-, радиоарнаның материалдары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, экстремизмдi немесе терроризмді, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты насихаттауды және үгiттеуді, ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға бағытталған ақпаратты, сондай-ақ порнографиялық және арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы кино- және бейнеөнiмдердi, сондай-ақ суицидті насихаттайтын ақпаратты қамтитын болса;
4) дінтану сараптамасы нәтижелері бойынша теріс қорытынды болса;
5) шетелдік теле-, радиоарна өнімдеріне қатысты Қазақстан Республикасының аумағында оны таратуға тыйым салу туралы сот шешімі болса, бас тартады.
2. Шетелдік теле-, радиоарнаны есепке қоюдан бас тарту кезінде шетелдік теле-, радиокомпания өкіліне дәлелді бас тарту жазбаша түрде беріледі.
3. Шетелдік теле-, радиоарна Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда уәкілетті орган есепке қою туралы куәлікті сот тәртібімен кері қайтарып алады.
4. Сот шетелдік теле-, радиоарна тарататын ақпаратты осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінің талаптарына қайшы келеді деп таныса, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік теле-, радиоарнаның таратылуы тоқтатыла тұрады не тоқтатылады.
4-тарау. ТЕЛЕРАДИО ХАБАРЛАРЫН ТАРАТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
22-бап. Телерадио хабарларын тарату субъектілері
Теле-, радиокомпаниялар, телерадио хабарларын тарату операторлары және теле-, радиобағдарламаларды жасаушылар Қазақстан Республикасында телерадио хабарларын тарату субъектілері болып табылады.
23-бап. Теле-, радиокомпания
1. Теле-, радиокомпания теле-, радиоарналарды қалыптастырып, оларды телерадио хабарларын тарату желілерінде әрі қарай тарату жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
2. Теле-, радиокомпаниялар:
1) уәкілетті органда теле-, радиоарнаны бұқаралық ақпарат құралы ретінде есепке қоюды жүзеге асырады;
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) қалыптастырылатын теле-, радиоарналардың телерадио хабарларын таратудың ұлттық стандарттарының талаптарына техникалық сәйкестігін қамтамасыз етеді;
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) телерадио хабарларын таратудың техникалық құралдарын телерадио хабарларын тарату операторларының желілеріне қосу, телерадио хабарларын тарату жүйелерін техникалық пайдалану қағидаларына және телерадио хабарларының ұлттық стандарттарының талаптарына сәйкес теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламалар беру сапасын қамтамасыз етеді;
4) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген сәйкестік сертификаттары бар теле-, радиоарналарды қалыптастырудың техникалық құралдарын пайдаланады.
24-бап. Телерадио хабарларын тарату операторлары
1. Телерадио хабарларын тарату операторлары эфирлік және көпарналы хабар тарату (цифрлық эфирлік, кабельдік, спутниктік телерадио хабарларын тарату) арқылы:
1) теле-, радиоарналар топтамаларын трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес теле-, радиокомпаниялармен жасалған шарттар негізінде теле-, радиоарналарды трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау;
3) егер телерадио хабарларын тарату операторлары мен теле-, радиокомпаниялар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, теле-, радиоарналарды теле-, радиобағдарламаларының мазмұнын өзгертпестен ретрансляциялау;
4) тармақшаға өзгерістерді қараңыз - 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңы (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
4) Осы Заңның 19-бабына сәйкес есепке қою рәсімінен өткен шетелдік теле-, радиоарналарды телерадио хабарларын тарату операторы және шетелдік теле-, радиокомпания арасында жасалған шарттардың негізінде трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау;
5) міндетті теле-, радиоарналарды, еркін және шартты түрде қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау жолымен теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Телерадио хабарларын тарату операторлары:
«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген сәйкестік сертификаттары бар техникалық құралдарды теле-, радиоарналарды тарату үшін пайдалануға;
трансляциялауды және (немесе) ретрансляциялауды телерадио хабарларын таратудың техникалық пайдалану қағидаларына және телерадио хабарларын таратудың ұлттық стандарттарының талаптарына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
25-бап. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы
1. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, меншік иесі ретінде мемлекет телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін күтіп-ұстау және дамыту бойынша міндеттер жүктеген заңды тұлға.
2. Телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теле-, радиокомпаниялар және телерадио хабарларын тарату операторларымен жасалған шарттардың негізінде теле-, радиокомпаниялар мен телерадио хабарларын тарату операторларына телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін пайдалануға тең құқық береді;
2) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісінің біртұтас мүліктік кешенінің сақталуын қамтамасыз етеді;
3) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін күтіп-ұстау мен пайдалануды жүзеге асырады;
4) заманауи озық технологиялар негізінде телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісін дамытуды және жаңғыртуды жүзеге асырады;
5) цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкеннен кейін өз қаражаты есебінен теле-, радио хабарларын тарату жүйелерін одан әрі дамытуды жүзеге асырады;
6) міндетті теле-, радиоарналарды және еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды жүзеге асырады;
7) теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметтерге тарифтерді интернет-русурста жариялайды.
26-бап. Телерадио бағдарламаларды жасаушы
1. Теле-, радиобағдарламаларды жасауға маманданған жеке немесе заңды тұлға телерадио хабарларының бағдарламаларын жасаушы болып табылады.
2. Телерадио бағдарламаларын жасаушылар және телерадиокомпаниялар арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.
27-бап. Телерадио хабарларын тарату желілері
1. Телерадио хабарларын тарату желілері байланыс саласындағы заңнамаға сәйкес біртұтас телекоммуникация желісінің құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің аумағында теле-, радиоарналарды тарату және трансляциялау үшін пайдаланылатын жерүсті және спутниктік хабар тарату жүйелерінің біртұтас өндірістік-технологиялық кешенін құрайды.
2. Мемлекеттік теле-, радиоарналарды тарату және трансляциялау үшін телерадио хабарларын тарату операторларының техникалық құралдары мен арналарын пайдалана отырып, біртұтас телекоммуникация желісіне негізделетін республикалық және өңірлік телерадио хабарларын тарату желілері құрылады.
3. Теле-, радиокомпаниялар және телерадио хабарларын тарату операторлары теле-, радиоарналарын тарату және трансляциялау үшін қазіргі бар телекоммуникация желілерін жасалған шарт талаптарымен пайдалануға құқылы.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Телерадио хабарларын тарату желілері, меншік нысанына қарамастан, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қатер және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы халықты құлақтандыру үшін, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау мүдделерінде пайдаланылады. Телерадио хабарларын тарату желілерін көрсетілген мақсаттарда пайдалану тәртібін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
5. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өміріне, денсаулығына төнген қауіп-қатер және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар тәртібі туралы, сондай-ақ қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қорғау мүдделерінде халықты хабардар етуді теле-, радиокомпаниялар және телерадио хабарларын тарату операторлары меншік нысанына қарамастан міндетті түрде жүзеге асырады.
6. Егер техникалық жағдайлар мүмкіндік берсе, тұрғын үйлерде кабельдік желілерді тарту үшін инженерлік инфрақұрылым объектілері барлық кабельдік телерадио хабарларын тарату операторларына бірдей шарттармен беріледі.
28-бап. Ұлттық телерадио хабарларын таратудың мүдделерін қорғау
1. Отандық теле-, радиоарналардың телерадио хабарларын таратудың апта сайынғы көлемінде отандық теле-, радиобағдарламалар және қазақстандық авторлардың не орындаушылардың музыкалық шығармалары:
1) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап - отыз пайыздан кем емес;
2) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап - қырық пайыздан кем емес;
3) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - елу пайыздан кем емес мөлшерді құрауға тиіс.
2. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты насихаттау немесе үгiттеу көріністерін қамтитын, экстремизмдi немесе терроризмді, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты насихаттауды, ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға, суицидті насихаттауға бағытталған ақпаратты, сондай-ақ порнографиялық және арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы өнiмдердi қамтитын теле-, радиобағдарламаларды таратуға тыйым салынады.
29-бап. Телебағдарламаларды тарату кезінде балалар мен жасөспірімдерді қорғау
1. Жергілікті уақыт бойынша 06.00-ден 22.00-ге дейінгі кезеңде балалар мен жасөспірімдердің тәндік, психикалық, имандылық, моральдық және рухани дамуына зиян келтіруі мүмкін телебағдарламаларды, сондай-ақ «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «Е 18» индексімен индекстелген фильмдерді таратуға жол берілмейді.
2. Телерадио хабарларын тарату операторлары шетелдік телеарналарды ретрансляциялау кезінде ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар арқылы аталған фильмдер мен телебағдарламаларды көруге қолжетімділікті шектеу жөніндегі шаралар қолдануға тиіс.
30-бап. Телебағдарламаларды тарату кезінде мүгедектердің құқықтарын қорғау
1. Жаңалықтар сипатындағы кем дегенде бір телебағдарлама сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі.
2. Осы баптың талаптары осы Заңның 19-бабына сәйкес тіркеу рәсімінен өткен шетелдік телеарналарға қолданылмайды.
31-бап. Телерадио хабарларын таратудың техникалық құралдарына қойылатын талаптар
1. «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес теле-, радиоарналарды қалыптастырудың, трансляциялаудың, рет-рансляциялаудың және (немесе) қабылдаудың техникалық құралдарының сәйкестігі расталуға жатады.
2. Өзге радиотаратқыш және (немесе) радиоқабылдағыш байланыс құралдарына бөгеуілдер жасайтын және мәлімделген техникалық параметрлерге сәйкес келмейтін, телерадио хабарларын тарату сигналын қабылдайтын және беретін радиоэлектрондық құралдарды пайдалануға тыйым салынады.
32-бап. Қосымша ақпаратты тарату
1. Қосымша ақпарат мазмұны телерадио хабарларын тарату сигналының құрамында берілетін негізгі телебағдарламаның мазмұнына байланысты емес, бір жиілікті және (немесе) эфир уақытын пайдалана отырып, негізгі бағдарламамен бір уақытта трансляцияланатын әріптік, цифрлық, графикалық ақпаратты білдіреді.
2. Қосымша ақпараттың көлемі кадр алаңының он бес пайызынан аспауға тиіс.
33-бап. Теле-, радиоарналарда жарнаманы орналастыру
Жарнаманы теле-, радиоарналарда, оның ішінде көпарналы хабарлар тарату арқылы ретрансляцияланатын теле-, радиоарналарда орналастыру «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
34-бап. Теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды ретрансляциялау
1. Теле,-радиоарнаны, теле,- радиобағдарламаны ретрансляциялау, егер телерадио хабарларын тарату операторлары мен құқық иеленуші - теле-, радиокомпания арасында жасалған шартта өзгеше көзделмесе, сондай-ақ осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, мазмұнына өзгерістер енгізілместен жүзеге асырылады.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Телерадио хабарларын тарату операторлары Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік теле-, радиоарналарды ретрансляциялау кезінде жарнаманың таратылуына жол бермеуге тиіс.
3-тармаққа өзгерістерді қараңыз - 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңы (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
3. Теле-, радиоарнаны, теле-, радиобағдарламаларды ретрансляциялауға телерадио хабарларын тарату операторы мен құқық иеленуші теле-, радиокомпания арасында жасалған шарттың негізінде ғана жол беріледі.
4. Теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды ретрансляциялауға байланысты құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Отандық теле-, радиоарналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламаларын ретрансляциялау теле-, радиобағдарламалардың жалпы көлемінің жиырма пайызынан аспауға тиіс.
5-тарау. ТЕЛЕРАДИО ХАБАРЛАРЫН ТАРАТУ ТҮРЛЕРІ
35-бап. Аналогтік эфирлік радиохабарларын тарату
1. Аналогтік эфирлік радиохабарларын тарату сигналды өңдеудің аналогтік әдістерін пайдалана отырып, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Аналогтік эфирлік радиохабарларын тарату арқылы радиоарналарды тарату осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсат және радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия болған жағдайда жүзеге асырылады.
36-бап. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату
1. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату бірегей сигналды цифрлау (жинау) әдісін пайдалана отырып, жер үстіндегі хабар беруші станциялар арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Телерадио хабарларын тарату операторларының цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды таратуы осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаты және теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
37-бап. Спутниктік телерадио хабарларын тарату
1. Спутниктік телерадио хабарларын тарату байланыс спутниктерінде орналастырылатын ретрансляторлар арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.
2. Спутниктік телерадио хабарларын тарату Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында телерадио хабарларын тарату сигналдарын таратуға арналған.
3. Телерадио хабарларын тарату операторларының спутниктік телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды таратуы жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаты және теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.