1) құқықтық қатынастардың субъектiлерi мен объектiлерi, жылжымайтын мүлiкке және өзге де тiркеу объектiлерiне құқық немесе құқық ауыртпалығы түрi не олардың туындау, өзгеру немесе тоқтатылу негiздерi заңнама талаптарына сәйкес келмеген кезде;
2015.02.08. № 343-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
1-1) егер өтініш беруші терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілсе;
2) егер мемлекеттік тіркеу тоқтатыла тұрған кезде қажетті құжаттар ұсынылмаған болса, өтініш иесі осы Заңның 21-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттар топтамасын толық ұсынбаған кезде;
3) нысаны мен мазмұны бойынша заңнама талаптарына сәйкес келмейтiн құжаттар тiркеуге ұсынылған кезде;
4) осы баптың 1-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, құқықты немесе өзге де мемлекеттiк тiркеу объектiсiн мемлекеттiк тiркеудi болғызбайтын ауыртпалықтар болған кезде;
5) заңды күшiне енген сот актiсiнiң негiзiнде;
6) егер тiркеудi тоқтата тұру мерзiмi iшiнде тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар жойылмаған болса;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
7) егер бұрын туындаған құқықтың ауысуы, өзгеруі, тоқтатылуы немесе оған қатысты ауыртпалықтың анықталуы тіркеу объектісі болып табылса, мұндай құқық ол туындаған кезде қолданыста болған заңнамаға сәйкес келмеген кезде;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның меншік құқығын және тиісті саланың уәкілетті органының жалдау құқығын тіркеуді қоспағанда, мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарды және құқықтар ауыртпалығын тіркеуге өтініш білдірген кезде жүзеге асырылады.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасымен белгіленген талаптар:
1) болған ауыртпалық өз мүддесінде тіркелген тұлғаның өзге ауыртпалықтары болмаған жағдайда, жылжымайтын мүлікке құқықтарының туындағанын;
2) жылжымайтын мүлікке құқықтардың мұраға қалдыру тәртібімен ауысқанын;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) борышкердiң мүлкiн басқару құқығы оңалтуды не банкроттықты басқарушыға ауысқанын;
4) пайдалану құқығы түріндегі ауыртпалық тіркелген жылжымайтын мүлікке құқықтардың ауысқанын;
5) ортақ мүліктегі үлеске құқықты;
6) құқықтық кадастрдың тіркеу парағында қамтылатын құқық иеленуші туралы мәліметтердің өзгергенін;
7) бөлінуіне (бірігуіне) немесе нысаналы мақсатының өзгеруіне әкеп соқпайтын, жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгергенін;
8) кепіл міндеттемелері сомаларының өсуіне әкеп соқпайтын, шарттар талаптарының өзгергенін;
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелердің орындалмауы туралы хабарламаларды;
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы талапты қамтитын шартта (оның ішінде активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартта) ықтимал ауыртпалықтардың болуы туралы тиісті нұсқау болған кезде үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттік органдардың тарапынан осы Заңның 5-бабының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген ауыртпалықтар тіркелген жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беруді тіркеу кезінде қолданылмайды.
Ауыртпалықтар болған кезде құқықтардың ауысуын тіркеген жағдайда тіркеуші орган тіркеуге өтініш берген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде кепіл ұстаушыны немесе шешімі бойынша шектеу қойылған тиісті уәкілетті органды жүргізілген тіркеу туралы хабардар етуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер бойынша тіркеуден бас тарту кезінде тіркеуші органның құжаттарды қабылдау туралы құжаттамасында себептері көрсетіле отырып, бас тарту туралы тиісті белгі қойылады.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік тіркеуден бас тартылған кезде тіркеуші орган өтініш берушіге бас тартудың себептерін, құжаттың күні мен тіркеу нөмірін көрсете отырып, мемлекеттік тіркеудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей хабарлама жіберуге тиіс.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 3-тармақтың екінші және үшінші бөліктері 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Электрондық тіркелген жағдайда тіркеуші органның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған аталған хабарлама бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге, сондай-ақ бар болған кезде - мәмілеге қатысушылардың электрондық мекенжайларына жіберіледі.
Тіркеуден бас тарту туралы жазбаша хабарламаның және өтініш беруші тіркеуші органға ұсынған басқа да құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ тіркеуден бас тарту туралы электрондық хабарламаның қағаздағы көшірмесі тіркеу ісінде сақталуға жатады.
4. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға болады.
5. Тіркеуден бас тартуға негіз болған мән-жайлар жойылған кезде тіркеуге өтінішті қайтадан беруге болады.
32-бап. Мемлекеттік тіркеу кезінде жіберілген қателерді түзету
1. Тіркеу кезінде жіберілген қателер тіркеуші органның бастамасы немесе мүдделі тұлғаның өтініші бойынша осы бапта белгіленген ережелер ескеріле отырып, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен түзетілуі мүмкін.
2. Тіркеу кезінде жіберілген, тіркелген құқықтың (құқық ауыртпалығының) тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін қателерді тіркеуші орган барлық мүдделі тараптарды жазбаша хабарландыра отырып, өз бастамасы бойынша түзетуі мүмкін. Хабарландырғаны туралы белгі тіркеу парағына қойылады. Хабарламалардың көшірмелері тіркеу ісінде сақталуға тиіс.
Тіркеу кезінде жіберілген қателер салдарынан мүддесі бұзылған кез келген тұлға тіркеуші орган тіркеу құжаттарына тиісті түзетулер енгізуден бас тартқан кезде сот шешімінің негізінде түзетулерді енгізу туралы өтінішпен сотқа жүгіне алады.
3. Егер қателерді түзету тіркелетін құқықтың (құқық ауыртпалығының және өзге де мемлекеттік тіркеу объектілерінің) тиесілілігіне, сипатына немесе мазмұнына әсер ететін болса, мүдделі тұлғалар осындай түзетулерді енгізу қажеттігі туралы хабардар етілуге тиіс. Көрсетілген жағдайларда түзетулерді енгізуге барлық мүдделі тұлғалардың нотариат куәландырған немесе тіркеу органына өздері берген жазбаша келісімі болған жағдайда ғана жол беріледі. Мүдделі тұлғалар түзетулерді енгізуге келісім беруден бас тартқан немесе хабарлама алған кезден бастап бір ай ішінде жауап бермеген жағдайларда тіркеуші орган түзетулерді енгізу туралы шешім шығару үшін сотқа жүгінуге тиіс.
4. Егер тіркеу мемлекеттік орган берген құжаттың негізінде жүргізілсе және түзетулер осы құжатта көрсетілген мәліметтерге қатысты болса, осы орган мұндай құжатқа тиісті өзгерістер енгізген кезде ғана қателерді түзетуге жол беріледі. Көрсетілген жағдайда өзгерістер енгізуді тіркеуші орган осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген ережелерді сақтай отырып жүзеге асырады.
5. Тіркеу құжаттарында жіберілген қателерді түзету мақсатында жазбаларды енгізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
33-бап. Құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жою
1. Құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жоюды тіркеуші орган соттың заңды күшіне енген актілерінің негізінде жүзеге асырады.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Ауыртпалықтардың болуы мәмілені немесе өзге де құқық белгілейтін құжатты жарамсыз деп тану туралы сот актісінің орындалуына кедергі болмауға тиіс.
Ауыртпалықтар болған кезде жылжымайтын мүлікке құқықтың туындағанын тіркеу туралы жазбаның күші жойылған жағдайда, тіркеуші орган сот актісі келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде кепіл ұстаушыны немесе шешімі бойынша шектеу қойылған тиісті уәкілетті органды құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күші жойылғаны туралы хабардар етуге тиіс.
«Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 Нормативтік қаулысын қараңыз
2. Құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жоюдың тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
34-бап. Мемлекеттік тіркеу жүргізілгенін куәландыру
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара) (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1. Электрондық тіркеуді қоспағанда, тіркеуші орган жүргізілген тіркеуді тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы куәландыруға міндетті.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-1. Электрондық тіркеу тіркеуші органның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған, тіркеу жүргізілгені туралы хабарламаны бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге, сондай-ақ бар болған кезде - мәмілеге қатысушылардың электрондық мекенжайларына және олардың «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинеттеріне жөнелту арқылы расталады.
2. Тіркеуші орган өтініш берушіге құқықтарды тіркеу тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж және өзге де тұтыну кооперативтерінде толық көлемде пай жарнасын енгізу туралы құжаттар негізінде жүзеге асырылған жағдайларда жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге де заттай құқық) туралы куәлік беруге міндетті.
35-бап. Тіркеуші органның тіркеу ісіндегі құқық белгілейтін немесе өзге де құжаттарды жоғалту (бүлдіру) және тіркеу жазбаларын жою (бүлдіру) кезіндегі өкілеттіктері
1. Егер тіркеу ісінде сақталатын құқық белгілейтін немесе басқа да құжаттар бүлінген немесе жойылған болса, тіркеуші орган көрсетілген құжаттарды барлық жол берілетін тәсілдермен, оның ішінде қажетті құжаттарды құқық иелерінен, оларды шығарған мемлекеттік органдардан талап ету арқылы қалпына келтіре алады. Жоғалған құжаттарды құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінен алуға жол беріледі.
2. Қағаз жеткізгіштерде толтырылған тіркеу парақтары жоғалған (бүлінген) кезде жоғалған парақ бойынша мәліметтер құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінен және (немесе) тіркеу ісінде сақталатын материалдардан қалпына келтірілуі мүмкін.
36-бап. Құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру
1. Құқықтық кадастрда тіркеу соның негізінде жүргізілген жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың түпнұсқасы (куәландырылған көшірмесі) жоғалған немесе бүлінген жағдайларда құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру көрсетілген құжаттың тіркеу ісінде сақталатын көшірмесінен телнұсқа беру арқылы жүргізіледі.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ екінші бөлікпен толықтырылды (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Егер тіркеу ісінде электрондық құжаттың тек қағаздағы көшірмесі болса, құқық белгілеуші құжаттың телнұсқасын нотариус береді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда жоғалған немесе бүлінген құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
5-тарау. Жекелеген құқық түрлерін мемлекеттік тіркеу ерекшеліктері
37-бап. Мемлекеттік тіркеусіз танылатын бұрын туындаған құқықтарға қатысты ауыртпалықтарды өзгертуді, тоқтатуды немесе белгілеуді мемлекеттік тіркеу
1. Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз туындаған деп танылатын жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) өзгертуді, тоқтатуды немесе бұрын туындаған құқықтарға қатысты ауыртпалықты белгілеуді мемлекеттік тіркеуден осындай құқықты (құқық ауыртпалығын) тіркеудің болмауына байланысты бас тартуға болмайды.
2. Иеліктен айыру немесе өзге де заңдық фактілердің пайда болуы нәтижесінде бұрын туындаған құқық ауысқан кезде бұрын туындаған құқықтың туындауы және оның тоқтатылуы туралы жазба сатып алушыда құқық туындауын тіркеумен бір мезгілде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (оның уәкілетті өкілі), осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тіркеуші органға жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықты (құқық ауыртпалығын) растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс. Көрсетілген құжаттар құқық (құқық ауыртпалығы) туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Бұрын туындаған құқықтың құқық иесі (уәкілетті өкіл) тіркеуші органға мемлекеттік тіркеусіз танылатын осындай құқыққа бұрын туындаған ауыртпалықтар туралы жазбаша түрде мәліметтер ұсынуға тиіс. Осындай ауыртпалықтарды растайтын құжаттар болған кезде олар туралы жазба тіркеу парағында бұрын туындаған құқықтар туралы жазба тәріздес тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Соттардың, құқық қорғау, өзге де мемлекеттік органдардың шешімдері бойынша жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға қатысты белгіленетін ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу мақсатында және құқық иесінің ерік білдіруінсіз ауыртпалық салынған өзге де жағдайларда тіркеуші орган құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлік объектісі, оның құқық иесі туралы қандай да бір ақпарат болмаған, ал өтініш берушінің бұрын туындаған құқықты растайтын құжаттарды ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайларда субъектілік белгі бойынша ақпараттық базаны жүргізеді.
38-бап. Тіркелмеген жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Құқығы тіркелмеген жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге, егер мұндай учаскеге құқық жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгеннен кейін туындаса және мемлекеттік тіркеусіз туындаған деп танылмаса, жер учаскесіне құқықтарын тіркеусіз жол берілмейді. Жер учаскесіне және жылжымайтын мүліктің көрсетілген объектілеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеу бір мезгілде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Құқықтық кадастрда құқығы тіркелмеген және бұрын туындаған құқық ретінде мемлекеттік тіркеусіз жарамды жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге бұрын туындаған құқықтарды жүйелі тіркеу үшін осы Заңның 6-тарауында белгіленген ережелер бойынша жер учаскесіне құқықты есептік тіркеу бір мезгілде жүргізілген жағдайларда жол беріледі.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. «Байқоңыр» кешенінің мемлекеттік заңды тұлғаға бекітіліп берілген үйлеріне (құрылыстарына, ғимараттарына) құқықтарды мемлекеттік тіркеу жер учаскесіне байланыстырылмай жүзеге асырылады.
39-бап. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін кондоминиум қатысушылары немесе олардың уәкілетті өкілі мынадай құжаттарды:
1) белгіленген нысандағы жазбаша өтінішті;
2) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) егер кондоминиум объектісі тіркелген кезге дейін жер учаскесіне құқық тіркелмеген болса, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;
4) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актісінде көзделген тәртіппен айқындалған ортақ мүліктегі үлестердің мөлшерін;
5) кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілінің жеке басын және өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес кондоминиум объектісін тіркеу туралы өтінішті кондоминиум қатысушысы берген жағдайларда, оның кондоминиум объектісін тіркеуге өкілеттіктері өзіне меншік құқығында (өзге де заттай құқықта) тиесілі кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесімен айқындалады.
2. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілдері болып:
1) кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысында сайланған адам;
2) 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) егер ортақ мүліктегі үлестердің мөлшері тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіппен айқындалатын болса, кез келген кондоминиум қатысушысы танылады.
3. Кондоминиум қатысушылары келісімінің, ортақ мүлік мөлшері өзгеруінің негізінде кейінгі жылжымайтын мүлік объектілері аудандарының өзгеруіне байланысты ортақ мүліктегі үлестер мөлшерінің өзгеруі де тіркеуге жатады.
4. Кондоминиум объектісін тіркеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
40-бап. Пәтерлерге және кондоминиум объектісінің құрамына кіретін басқа да үй-жайларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Жеке (бөлек) меншіктегі (өзге де заттай құқықтағы) кондоминиум объектісінің құрамындағы әрбір кейінгі объект жылжымайтын мүліктің жекелеген объектісі ретінде қаралады, оған мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен дербес кадастрлық нөмір беріледі.
2. Кондоминиум объектісінің құрамына кіретін кейінгі объектілерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары талап етілмейді.
Кейінгі объектіге құқықтарды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кондоминиум объектісінің құрамына кіретін жер учаскесіне құқықтардағы үлес сатып алуға жататын жағдайларда немесе оны иеліктен айырған жағдайда кондоминиум қатысушысы жер учаскесіне құқығындағы үлесін сатып алғанын растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
41-бап. Сервитуттарды мемлекеттік тіркеу
1. Мемлекеттік тіркеуге осы Заңның 8-бабына сәйкес басым мүдделерге жатқызылған сервитуттардан басқа сервитуттар жатады.
2. Сервитутты тіркеу туралы жазба жер учаскесіне немесе сервитутпен ауыртпалық салынған өзге де жылжымайтын мүлік объектісіне жатқызылған тіркеу парағында жүзеге асырылады.
Сервитуттар үстемдікке ие жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектісінің пайдасына белгіленген жағдайларда, тіркеу жазбасы пайдасына сервитут туындаған жылжымайтын мүлік объектісіне жататын тіркеу парағында да жүзеге асырылады.
3. Біртектес сервитуттарды белгілеу туралы бір немесе бірнеше құқық белгілейтін құжаттар негізінде кезегімен орналасқан бірнеше жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты туындаған сервитуттарды (адамдардың жаяу жүріп өтуі, көлік құралдарының өтуі, әуе, жерүсті және жерасты желілерін қоса алғанда, тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің инженерлік коммуникациялар жүйелерінің төсемдері, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және бөлшектеу үшін) тіркеу кезінде өтініш беруші тіркеуге бір өтініш беруге құқылы. Бұл ретте тіркеуші орган әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты уәкілетті орган белгілеген тәртіппен сервитуттар белгілеу туралы жазба енгізеді.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сервитутты қолдану аясы құқық белгілейтін құжатта сипаттау арқылы айқындалады не қажет болған жағдайларда, осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарға сервитуттың қолданылу аясы көрсетілген жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының көшірмесі қоса беріледі.
Егер сервитуттың қолданылу аясы оны сипаттау немесе жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының көшірмесінде көрсету арқылы анықталмаса, сервитут бүкіл жылжымайтын мүлік объектісіне қолданылады.
42-бап. Мемлекеттік меншік құқығын мемлекеттік тіркеу
1. Мемлекеттік меншік құқығын тіркеу мемлекеттік заңды тұлғалардың шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқығын немесе мемлекеттік және мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың жер пайдалану құқығын тіркеумен бір мезгілде жүргізіледі.
2. Мемлекеттік заңды тұлғалар арасында бекітіліп берілмеген мүлікке мемлекеттік меншік құқығы мемлекеттік тіркеуді қажет етпейді.
Мемлекеттік заңды тұлғалар арасында бөлінбеген бастапқы және кейінгі жылжымайтын мүлік объектілерін жалға, өтеусіз пайдалануға, сенімгерлік басқаруға беру туралы мәмілелер жасау кезінде және мәміле жасау осындай мүліктің жеке меншікке өтуіне әкеп соқпайтын басқа да жағдайларда құқықтық кадастрдың тіркеу парағында ауыртпалықты тіркеу туралы жазба енгізілгенге дейін бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығы туралы жазба енгізіледі. Бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығына құқық белгілейтін құжаттар болған кезде осындай құқықтың туындауы туралы мәліметтер көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі. Мұндай құжаттар болмаған кезде бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығы туралы жазбаны тіркеуші орган мемлекеттік меншікте осындай мүліктің барын растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжаты негізінде енгізеді.
3. Тіркеуші орган Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтердің сақталуына жауапты болады.
43-бап. Мемлекеттік емес мекемелердің құқықтарын тіркеу ерекшеліктері
1. Мемлекеттік емес мекемелердің өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде бір мезгілде құрылтайшылардың осы мүлікке тиісті құқықтары тіркелген болып есептеледі.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік емес мекемеге оралымды басқару құқығында тіркелген жылжымайтын мүлік құрылтайшылардың салымдарының мөлшеріне қарай ортақ үлестік меншігі болып танылады.
3. Мемлекеттік емес мекеменің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде бірнеше құрылтайшылар болған кезде, тіркеу үшін қажетті басқа құжаттармен бірге құрылтай шарты және әрбір құрылтайшының ортақ меншіктегі немесе өзге де ортақ құқықтағы үлесінің мөлшерін растайтын мәліметтер ұсынылуға тиіс. Осындай құжаттардың негізінде тіркеу парағына құрылтайшылардың құрамы, олардың үлестерінің мөлшерлері туралы мәліметтер және өзге де қажетті деректер енгізіледі.
4. Мұраға қалдыру, шығу, үлесті иеліктен айыру нәтижесінде құрылтайшылар құрамының өзгеруі кезінде, сондай-ақ мемлекеттік емес мекеменің мүлкіндегі үлесті кепілге салу кезінде сатып алушылырдың және кепіл ұстаушылардың тиісті құқықтары немесе үлестердің өзгеруі мемлекеттік тіркеуге жатады.
44-бап. Құқықтық кадастрда сот актілерінің негізінде мемлекеттік тіркеу
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот актiсiмен белгiленген жылжымайтын мүлiкке құқық (құқық ауыртпалығы) осы бапта белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, жалпы негiздерде тiркелуге жатады.
Тіркеуші орган, сот актісі негізінде туындаған ауыртпалықтардың болуын қоспағанда, сот шешімімен белгіленген құқықтарды тіркеуден бас тартуға құқылы емес.
2. Заңды күшіне енбеген сот актілерінің негізінде заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылады.
3. Жылжымайтын мүлікке қатысты сот актілеріне шағымдану немесе наразылық білдіру фактілері де құқықтық кадастрда тіркелуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен сот актісінің күші жойылған кезде құқықтық кадастрдағы тіркеу туралы жазбаның уәкілетті орган белгілеген ережелер бойынша күші жойылуға тиіс. Көрсетілген жағдайларда жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы) туындады деп есептелмейді.
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 44-1-баппен толықтырылды (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
44-1-бап. Сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен сатып алынған мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу