1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функцияларының тізбесі;
2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының қандай нормативтік құқықтық актімен берілгені көрсетілген тізілім;
3) Комиссияның шешімі, мониторинг нәтижелері және мониторинг қорытындылары бойынша орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне қайтарылған орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар функцияларының қандай нормативтік құқықтық актімен қайтарылғаны көрсетілген тізбесі.
48-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын аутсорсинг арқылы бәсекелес ортаға беру
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес аутсорсинг арқылы жүзеге асыру үшін олар бәсекелес ортаға беріледі.
49-бап. Орталық атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік тапсырма арқылы бәсекелес ортаға беру
1. Орталық атқарушы органдардың функциялары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау тәртібіне сәйкес мемлекеттік тапсырма арқылы бәсекелес ортаға беріледі.
2. Мемлекеттік тапсырманы орындау онда нәтижелер көрсеткіштері көрсетіле отырып, республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісі мен мемлекеттік тапсырманы орындаушы арасында азаматтық-құқықтық мәміле жасасу арқылы бекітілген республикалық бюджеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.
50-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бәсекелес ортаға беру
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бәсекелес ортаға беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
51-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға пайдаланушылар есебінен беру
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функциялары орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен функцияларды алып тастау арқылы бәсекелес ортаға беріледі және пайдаланушылар есебінен жүзеге асырылады.
52-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын міндетті мүшелікке (қаты суға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу арқылы бәсекелес ортаға беру
1. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру өзін-өзі реттейтін ұйымдардың дайындығы расталғаннан кейін қамтамасыз етіледі.
2. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыруға дайындығы орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын пайдаланушылар, орындаушылар және мемлекет үшін пайда мен шығынды айқындау мақсатында реттеушілік әсерге талдау жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.
53-бап. Мониторинг
1. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуын байқау мониторингтің мақсаты болып табылады.
2. Мониторингтің нәтижелері орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының бәсекелес ортада жүзеге асырылуының басты көрсеткіштерін салыстыру және тиісті шешімдер мен шаралар қабылдау үшін пайдаланылады.
3. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жүзеге асырылуына мониторингті қоспағанда, мониторинг:
1) жеке және заңды тұлғалардың орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуы мәселелері жөніндегі жолданымдарын талдауға;
2) бәсекелес ортадан, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан алынатын, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуы мәселелері жөніндегі ақпаратты талдауға;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуы мәселелері жөніндегі деректерді жинау және талдау жүйесіне;
4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі тұлғалар жүргізетін нарықтың дайындығын талдауға негізделеді.
4. Мониторингті квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда, осы Кодекске сәйкес орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар мен мүдделі тұлғалар жүргізеді.
5. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуына тәуелсіз бағалауды алу үшін Комиссияның ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тартылады.
6. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мониторингі үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуына мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
7. Аутсорсингті, мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыру, пайдаланушылар есебінен беру мониторингі орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес нәтижелілік пен процесс өлшемшарттары негізінде жүргізіледі.
Нәтижелілік өлшемшарты орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуының орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар белгілеген басты көрсеткіштеріне қол жеткізуін айқындайды.
Процесс өлшемшарты орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуын бағалауды жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, бәсекелес ортадан, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан алынатын орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуы мәселелері жөніндегі ақпаратты талдаудың негізінде айқындайды.
8. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мониторинг жүргізу кезінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылардан, мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында олардың функцияларының жүзеге асырылуы саласына жататын ақпарат болмаған жағдайда, қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
54-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару
1. Егер мониторинг нәтижелері бойынша орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функциясының сапасыз жүзеге асырылуын анықтаған жағдайда, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар бес жұмыс күні ішінде бұл туралы мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органды және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын хабардар етеді.
2. Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган хабарлама алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функциясының сапасыз жүзеге асырылуы туралы мәселені Комиссияның қарауына шығарады.
3. Комиссия орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару туралы шешім қабылдаған кезде, мынадай:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың ішінара беруі шеңберінде - мұндай функцияларды қайтару орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген тәртіппен жасалған шартты бұзу арқылы қамтамасыз етіледі;
2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың толық беруі шеңберінде - мұндай функцияларды қайтару үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу жөнінде шаралар қабылданады.
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару үшін Комиссияның ұсынымдарынан кейін орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Үкіметіне функцияларды орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға қайтаруды қамтамасыз ету үшін қажетті нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу туралы ұсыныс енгізеді.
4. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жойылуға тиіс.
55-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
56-бап. Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) жыл сайынғы негізде Қазақстан Республикасының Үкіметін орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері туралы хабардар етеді;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар функцияларының аутсорсингін жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
5) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін іріктеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
6) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функцияларының құнын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
7) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
8) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылу мониторингін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
9) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жөніндегі әдістемелік көмекті және орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
10) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар жүргізген нарықтың дайындығын талдауға олардың сараптамалық қорытындыларын дайындайды және береді;
11) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар бәсекелес ортаға беру үшін ұсынатын орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын іріктеу нәтижелеріне өз құзыреті шегінде сараптама жүргізеді;
12) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар жүргізген оңтайландыру нысанасына ұсынылған есеп-қисап бойынша қорытынды дайындайды және береді;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
57-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Орталық атқарушы органдар:
1) жыл сайынғы негізде мүдделі тұлғалармен, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы (аясындағы) бәсекелес ортаға беру үшін іріктеуді жүзеге асырады;
2) мүдделі тұлғалармен, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізеді;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға бәсекелес ортаға беру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы (аясындағы) бәсекелес ортаға беру, сондай-ақ орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;
5) пайдаланушылардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;
6) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушыларды мониторинг нәтижелерімен таныстыруға міндетті;
7) орталық атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру кезінде оңтайландыру нысанасына есеп-қисап жүргізеді және оны мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға келісуге жібереді;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Жергілікті атқарушы органдар:
1) жыл сайынғы негізде мүдделі тұлғалармен, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін іріктеуді жүзеге асырады;
2) мүдделі тұлғалармен, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізеді;
3) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) пайдаланушылардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;
5) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушыларды мониторинг нәтижелерімен таныстыруға міндетті;
6) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру кезінде оңтайландыру нысананына есеп-қисап жүргізеді және оны мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға келісуге жібереді;
7) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
58-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыреті
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің және олардың бірлестіктерінің ұсыныстарын жинауды, талдауды және жариялауды жүзеге асырады;
2) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының сапасыз жүзеге асырылуы туралы мәселелерді қарауға қатысады;
4) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
59-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзара іс-қимылы
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның ішінде:
1) жыл сайынғы негізде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін іріктеуге;
2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізуге;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмысқа қатысу арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
60-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат үшін орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға сұрау салумен жүгінуге;
2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығының баламалы талдауын жүргізуге;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар енгізуге;
4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізуге қатысуға;
5) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін жыл сайынғы негізде іріктеу жүргізуге қатысуға;
6) мониторинг нәтижелерімен танысуға;
7) мониторинг нәтижелерін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, мониторингтің нәтижелерімен келіспеу туралы жазбаша түсініктемелер не Комиссияның қарауына жататын ескертулерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға құқылы.
2. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын сапалы жүзеге асыру үшін жағдай жасауға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдар орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілетін функцияларын алған кезде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) осы Кодексте көзделген жағдайда, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мониторинг жүргізу үшін қажетті ақпаратты және (немесе) құжаттарды беруге;
4) пайдаланушыларға орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын жүзеге асыру тәртібі туралы толық және анық ақпарат беруге;
5) пайдаланушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылдауға міндетті.
61-бап. Комиссияның қызметі мен функциялары
1. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу мақсатында консультативтік-кеңесші орган - Комиссия құрылады.
Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік субъектілерінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіруі мүмкін.
2. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;
2) мемлекеттік басқаруды жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары негізінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді.
3. Комиссияның қызметі туралы ақпарат мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында кемінде жарты жылда бір рет орналастырылады және жаңартылады.
3-БӨЛІМ. ӘКІМШІЛІК РӘСІМ
9-тарау. ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІ ҚОЗҒАУ
62-бап. Әкімшілік рәсімді қозғау үшін негіздер
1. Мыналар әкімшілік рәсімді қозғау үшін негіздер болып табылады:
1) жолданым;
2) әкімшілік органның, лауазымды адамның бастамасы.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, әкімшілік рәсім жолданым қабылданған кезден бастап қозғалды деп есептеледі.
3. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасының талабы немесе әкімшілік қалау осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес әкімшілік рәсімді қозғау үшін негіз болып табылады.
63-бап. Жолданымға қойылатын жалпы талаптар
1. Ауызша нысанда берілген жолданымды әкімшілік органның жолданымды қабылдаған лауазымды адамы немесе жұмыскері жекелеген хаттамаға енгізеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда берілген жолданымда, хаттамада:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);
2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;
3) жолданымның мәні;
4) жолданымның берілген күні;
5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік рәсім ақылы негізде жүзеге асырылса, арыз иесі төлемді растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
64-бап. Жолданымды қабылдау, тіркеу, қайтару және кері қайтарып алу
1. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.
Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
2. Жолданым мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға берілген жағдайда арыз иесіне күні мен уақыты, жолданымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, лауазымы көрсетілген бірегей нөмірі бар талон беріледі.
3. Жолданым келіп түскен күні тіркеледі.
Егер жолданым жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі.
4. Жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер бойынша келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
5. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым беру тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6. Жолданым осы Кодекстің 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді.
7. Егер арыз иесі жолданымды әкімшілік орган, лауазымды адам белгілеген мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келтірмесе, әкімшілік орган, лауазымды адам оны қайтарады.
8. Жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.
9. Арыз иесі әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанға дейін жолданымды өзінің жазбаша арызы негізінде кері қайтарып ала алады.
Арыз иесінің жолданымды кері қайтарып алуы мерзімдер сақталған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оны қайта жолданым беру құқығынан айырмайды.
65-бап. Жолданымды уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға әрі қарай жолдау
1. Жолданымды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға келіп түскен жолданым, келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданады.