8) мәлiмделген бас тартуларды және өтiнiшхаттарды шешедi;
9) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы, ал қажет болған кезде істің өзге де материалдарын жария етеді;
10) өзiне қатысты iс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемелерiн, iс жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың айғақтарын, маманның түсiндiрмесiн және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді, ал iстi қарауға прокурор қатысқан жағдайда оның қорытындысын тыңдайды;
11) мыналарға: егер iсті қарайтын лауазымды адамға қарсылық білдіру iстi мәнi бойынша қарауға кедергi келтiрсе, оның өздiгiнен бас тартуы немесе оған қарсылық білдіру туралы мәлiмдеуіне; егер қорғаушының, уәкiлеттi өкiлдің, сарапшының немесе аудармашының қарсылық білдіруі iстi мәнi бойынша қарауға кедергi келтiрсе, олардың қарсылық білдіруіне; iстi қарауға қатысатын адамдардың келу немесе iс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажеттiгiне байланысты, сондай-ақ осы Кодекстiң 51-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда iсті қарауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады. Қажет болған жағдайда орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады;
12) осы Кодекстiң 816-бабында көзделген жағдайларда iстi мәнi бойынша қарауға беру туралы ұйғарым шығарады.
2. 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғаған лауазымды адам немесе өкілдерінің әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер қозғауға құқығы бар мемлекеттік органның өкілі істі қарауға қатысқан жағдайда, олар құқық бұзушылықтың мәні бойынша түсініктемелерді және оны жасауда адамның кінәлілігінің дәлелдемелерін бірінші болып ұсынады.
4. Қажет болған жағдайларда осы Кодексте көзделген басқа да процестік әрекеттер жүзеге асырылады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 819-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
819-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде анықтауға жататын мән-жайлар
1. Орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды ма, осы тұлға оны жасауға кiнәлi ме, ол әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады ма, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүлiктiк залал келтiрiлген бе, осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және осы Кодексте көзделген басқа да хаттамалар дұрыс жасалған ба, істің өзге де материалдары дұрыс ресімделген бе, іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар, сондай-ақ тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар бар ма, соны анықтауға, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi.
2. Орган (лауазымды адам) осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлардың анықталуын ескере отырып, өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлғаға салынған және осы Кодекстің 44-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес есептелетін әкімшілік айыппұл мөлшерін қысқартуға, бірақ айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызынан аспайтындай етіп қысқартуға құқылы.
820-бап. 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
820-1-бап. 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
821-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау нәтижелерi бойынша шешiмдердiң түрлерi
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап, мынадай қаулылардың бiрiн шығарады:
1) әкiмшiлiк жаза қолдану туралы;
2) іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптарымен тiркелген жағдайда, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша шешiм айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама түрінде ресімделеді, ол қысқартылған іс жүргізу тәртібімен мәні бойынша қаралған істерді қоспағанда, осы Кодекстің 817-бабына сәйкес қаралған деп саналады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Орган (лауазымды адам) істі қарау нәтижесінде жасалған әрекетке заңдық бағаның қате екенін мойындай отырып, құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкімшілік жазаны көздейтін бабына немесе бап бөлігіне өзгертуге міндетті.
3. Көлік құралы жүргізушісін жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберген кезде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулы шығарылады, оның көшірмесі емтихан тапсыруға жіберілген адамға беріледі.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды; 2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 3-1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3-1. Азаматтық және қызметтік қару иесін және (немесе) пайдаланушысын азаматтық және қызметтік қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберу кезінде азаматтық және қызметтік қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулы шығарылады, оның көшірмесі емтихан тапсыруға жіберілетін адамға беріледі.
4. 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы:
1) осы Кодекстiң 741-бабында көзделген іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар болған;
2) осы Кодекстiң 742-бабында көзделген әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар болған;
3) осы Кодекстiң 32-бабына сәйкес тұлғаны тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы мәселенi шешу үшiн iс материалдары тиiстi органдарға берілетiн жағдайларда шығарылады.
822-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда:
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қаулы шығарған лауазымды адамның лауазымы, тегі, аты-жөні;
2) iстiң қаралған күнi мен орны;
3) өзiне қатысты iс қаралған тұлға туралы мәлiметтер: жеке тұлғалар үшiн - тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), туған жылы, айы, күнi, тұрғылықты жерi, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, сәйкестендіру нөмiрi, тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, жұмыс орны; заңды тұлғалар үшiн - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жерi, заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнi, сәйкестендіру нөмiрi және банк деректемелерi;
4) қаралып жатқан iс бойынша iс жүргiзу тiлi;
5) осы Кодекстiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылық көзделетiн бабы;
6) iстi қарау кезiнде анықталған мән-жайлар;
7) iс бойынша шешiм;
8) қаулыға шағым жасаудың тәртiбi мен мерзімдері;
9) айыппұлды ерікті түрде төлеу немесе әкімшілік жазаның өзге түрін орындау мерзімдері көрсетілуге тиіс.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиiс.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген, алынып қойылған заттары мен құжаттары туралы, заңды тұлғаға тиесiлi алынып қойылған құжаттар мен мүлiк туралы мәселелер шешiлуге және көрсетілуге тиiс, бұл ретте:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралдары не нысанасы болған және әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған жеке немесе заңды тұлғаға тиесiлi заттар осы Кодекстiң 2-бөлiмiнің Ерекше бөлiгi нормаларының санкцияларында көзделген жағдайларда тәркiленедi не тиiстi мекемелерге берiледi немесе жойылады; қалған жағдайларда тиесiлiлігі бойынша қайтарылады;
2) айналысына тыйым салынған заттар тиiстi мекемелерге берiледi немесе жойылады;
3) құнды болып табылмайтын және пайдалануға келмейтін заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалар өтiнiшхат берген жағдайларда оларға берiлуi мүмкiн;
4) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар iсте оның бүкiл сақталу мерзiмi iшiнде қалады не мүдделi тұлғаларға берiледi.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы жазбаша ресімделеді және осындай қаулы шығарған лауазымды адам оған қол қояды не осындай қаулы шығарған лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделеді.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 822-1-баппен толықтырылды
822-1-бап. Айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама және оны жіберу тәртібі
1. Айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамада мыналар көрсетілуге тиіс:
1) айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы ресімдеген органның атауы, орналасқан жері;
2) өзіне қатысты айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама ресімделген көлік құралының меншік иесі (иесі) туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туған күні, тіркелген жері және басқа да қажетті дербес деректер; заңды тұлғалар үшін - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жері;
3) көлік құралы туралы мәліметтер: маркасы, моделі, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі;
4) әкімшілік құқық бұзушылықтың күні, уақыты, орны, мәні, осы Кодекстің әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін бабы;
5) автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралының және аспабының көрсеткіштері;
6) автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралының және аспабының атауы, нөмірі, метрологиялық тексеру күні;
7) айыппұл сомасы;
8) айыппұлды ерікті немесе қысқартылған іс жүргізу тәртібімен төлеу мерзімі;
9) нұсқамаға шағымдану тәртібі мен мерзімі;
10) электрондық цифрлық қолтаңба.
2. Жазбаша нысанмен қатар айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың электрондық нысаны пайдаланылуы мүмкін.
3. Белгіленген үлгідегі түбіртегі бар, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген күннен бастап он тәулік ішінде көлік құралының меншік иесіне (иесіне) жіберіледі.
823-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыны жариялау және қаулының көшiрмесiн тапсыру
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы iс қаралып бiткен соң дереу жарияланады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді; 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы 744, 745, 746, 747 және 748-баптарда көрсетілген тұлғаларға жарияланған күнінен бастап үш тәулік ішінде табыс етіледі және (немесе) жолданады.
3. 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 824-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
824-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша ұйғарым
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша ұйғарымда айыппұлды өз еркімен төлеу мерзімдерін немесе әкімшілік жазаның өзге де түрін орындауды қоспағанда, осы Кодекстің 822-бабының бірінші бөлігінде көзделген мәліметтер көрсетілуге тиіс.
825-бап. Жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді түзету
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы шығарған орган (лауазымды адам) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыны орындайтын сот орындаушысының, органның (лауазымды адамның) арызы бойынша немесе өз бастамашылығымен: қаулыда жіберілген жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді қаулының мазмұнын өзгертпей түзетуге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын, наразылығын қарау нәтижелері бойынша қабылданған қаулыдағы жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді түзету осы бапта белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Жаңылыс, қате жазуларды және арифметикалық қателерді түзетулер туралы арызды қарау арыз түскен күннен бастап үш тәулік ішінде жүргізіледі.
4. Жаңылыс, қате жазуларды немесе арифметикалық қатені түзету ұйғарым түрінде жүргізіледі.
5. Ұйғарымның көшірмесі ол шығарылған күннен бастап үш тәулік ішінде іс бойынша іс жүргізуге қатысушыларға, қаулыны орындайтын сот орындаушысына, органға (лауазымды адамға), сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған органға (лауазымды адамға) жіберіледі.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 826-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
826-бап. Жекеше ұсыну
1. Заңдылықты бұзу жағдайлары анықталған, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлар белгіленген кезде орган (лауазымды адам) тиісті ұйымға және лауазымды адамдарға бұларды жою бойынша шаралар қолдану туралы ұсыну енгізеді.
Органның (лауазымды адамның) ұсынуына жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) оны алған күннен бастап он тәулік ішінде шағым берілуі мүмкін. Ұсынуға шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған жоғары тұрған органның шешіміне мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотқа оны алған күннен бастап он тәулік ішінде шағым жасалуы мүмкін, оның шешімі шағымдалуға жатпайды. Органның (лауазымды адамның) шешімі ұйғарым түрінде шығарылады.
2. Ұйымдардың басшылары және басқа да лауазымды адамдар жекеше қаулыны алған күннен бастап бір ай ішінде қарауға және қолданған шаралар туралы ұсыну енгізген органға (лауазымды адамға) хабарлауға міндетті.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен Кодекс 43-1-тараумен толықтырылды
43-1-тарау. Жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаларға шағым жасау, наразылық білдіру тәртібі
826-1-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым жасау құқығы
Осы Кодекстің 744, 745, 746, 747, 748 және 753-баптарында көрсетілген тұлғалар жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға - шағым жасауы, ал прокурорлар наразылық білдіруі мүмкін.
826-2-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым жасау, наразылық білдіру тәртібі мен мерзімдері
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық іс бойынша қаулы шығарған, нұсқама ресімдеген органға (лауазымды адамға) жіберіледі, ол шағым, наразылық келіп түскен күннен бастап үш тәулік ішінде оларды істің барлық материалдарымен бірге тиісті жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) жіберуге міндетті.
Шағым, наразылық оларды қарауға уәкілетті жоғары тұрған органға (лаузымды адамға) тікелей берілуі мүмкін.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық - қаулының көшірмесі табыс етілген күннен бастап он тәулік ішінде, ал осы Кодекстің 744, 745, 746, 747, 748 және 753-баптарында көрсетілген тұлғалар істі қарауға қатыспаған жағдайда, қаулыны алған күннен бастап беріледі.
Айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық осы Кодекстің 817-бабында көзделген мерзім өткен соң он тәулік ішінде берілуі мүмкін.
3. Салықтық тексеру нәтижелері бойынша анықталған, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген салықтық міндеттемені немесе Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға байланысты шығарылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық қаулының көшірмесі табыс етілген немесе алынған күннен бастап отыз тәулік ішінде берілуі мүмкін.
4. Шағымның, наразылықтың осы бапта белгіленген мерзімде берілуі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың орындалуын шағым, наразылық бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтата тұрады.
5. Жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) берілетін шағымда мәліметтер қамтылуға және ол осы Кодекстің 833-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Егер келтірілген шағым осы Кодекстің 833-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген талаптарға сәйкес келмесе, ол берілген деп есептеледі, бірақ толық ресімдеу үшін мерзімі көрсетіле отырып, қайтарылады. Егер көрсетілген мерзім ішінде шағым қайта жасалғаннан кейін органға (лауазымды адамға) ұсынылмаса, ол берілмеген деп есептеледі.
826-3-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарау
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық олар келіп түскен күннен бастап он тәулік ішінде қаралуға тиіс.
2. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарауға кіріскенде:
1) шағымды, наразылықты кім қарайтынын, қандай шағым, наразылық қаралуға жататынын; шағымды, наразылықты кім бергенін жариялайды; шағымды, наразылықты қарау оның құзыретіне жата ма, соны анықтайды; егер шағымды, наразылықты қарау оның құзыретіне жатпайтын болса, оларды барлық іс материалдарымен бірге ведомстволық бағыныстылығы бойынша жібереді;
2) өзіне қатысты іс бойынша қаулы шығарылған, нұсқама ресімделген тұлғаның немесе оның өкілінің, сондай-ақ шағымды, наразылықты қарауға қатысу үшін шақырылған тұлғалардың келгеніне көз жеткізеді;
3) іс жүргізуге қатысушылардың және олардың заңды өкілдерінің өкілеттіктерін тексереді;
4) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың келмеу себептерін анықтайды және олар келмеген кезде шағымды, наразылықты қарау туралы не шағымды, наразылықты қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;
5) шағымды, наразылықты қарауға қатысатын тұлғаларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
6) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты, ал қажет болғанда істің өзге де материалдарын жария етеді;
7) мәлімделген қарсылықтар мен өтінішхаттарды шешеді, шағымды, наразылықты толық, жан-жақты және объективті қарау үшін қажетті өзге де мән-жайларды анықтайды.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарау кезінде істе бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған қаулының, нұсқаманың заңдылығы мен негізділігі тексеріледі. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерттеуге құқылы.
Орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған ба, осы тұлға оны жасауға кінәлі ме, ол әкімшілік жауаптылыққа жата ма, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүліктік залал келтірілген бе, соны анықтауға, осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайларды, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға міндетті.
4. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) іс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыруға, сараптаманың тағайындалуына байланысты және шағымды, наразылықты толық, жан-жақты және объективті қарау үшін қажет болатын басқа жағдайларда шағымды, наразылықты қарауды кейінге қалдыруға құқылы.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардан өтінішхаттар келіп түскен не істің мән-жайларын қосымша анықтау қажеттігі болған жағдайда шағымды, наразылықты қарау мерзімін істі қарайтын жоғары тұрған орган (лауазымды адам) ұзартуы, бірақ он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін. Орган (лауазымды адам) азаматтық, қылмыстық немесе әкімшілік сот ісін жүргізуде қаралып жатқан басқа істі шешкенге дейін шағымды, наразылықты қарау мүмкін болмаған кезде, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіз болған салықтық және (немесе) кедендік тексерулер нәтижелеріне жоғары тұрған органға шағым жасалған жағдайда не мемлекеттік органға іс үшін маңызы бар мәселелер бойынша сұрау салу жіберілген кезде оларды қарау мерзімін тоқтата тұруға міндетті. Мерзімді тоқтата тұру не ұзарту бойынша шешім ұйғарым түрінде шығарылады.
6. Егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық сотқа және жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) бір уақытта келіп түссе, онда жоғары тұрған органға берілген шағым, наразылық сотқа жіберілуге тиіс.
826-4-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық бойынша шешім және оны жария ету
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарап, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
1) қаулыны, нұсқаманы өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) қаулыны өзгерту туралы;
3) қаулының, нұсқаманың күшін жою және істі тоқтату туралы;
4) қаулының, нұсқаманың күшін жою және іс бойынша жаңа қаулы шығару туралы.
2. Іс бойынша қаулыға, нұсқамаға шағым, наразылық бойынша шешім ол қабылданғаннан кейін дереу жария етіледі және осы Кодекстің 822-бабына сәйкес жазбаша не электрондық құжат нысанында ресімделген шағым, наразылық бойынша қаулы түрінде шығарылады.
3. Іс бойынша қаулыға, нұсқамаға шағым, наразылық бойынша қаулы ол шығарылғаннан кейін үш тәулікке дейінгі мерзімде өзіне қатысты іс бойынша қаулы шығарылған, нұсқама ресімделген тұлғаға немесе оның өкіліне, шағым берген жағдайда жәбірленушіге, сондай-ақ наразылық келтірген прокурорға табыс етіледі немесе жолданады.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық бойынша жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысына қаулы табыс етілген немесе алынған күннен бастап он тәулік ішінде осы Кодекстің 44-1-тарауында көзделген тәртіппен сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
826-5-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жою немесе өзгерту не айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күшін жою
Қаулының, нұсқаманың күшін жою және істі қысқарту туралы шешім осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулы шығаруға, нұсқама ресімдеуге негіз болған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қабылданады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жою немесе өзгерту не айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың күшін жою осы Кодекстің 841, 842, 843, 844 және 845-баптарында көрсетілген негіздер бойынша да жүзеге асырылады.