2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін:
1) «еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақ» (бұдан әрі - ЕЭА), «логистикалық ЕЭА», «порттық ЕЭА» және «ЕЭА резиденті (қатысушысы, субъекті)» ұғымдары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда пайдаланылады;
2) «дипломатиялық өкілдік басшысы», «дипломатиялық өкілдіктің дипломатиялық персонал мүшелері», «дипломатиялық өкілдіктің әкімшілік-техникалық персонал мүшелері», «дипломатиялық өкілдіктің қызмет көрсетуші персоналының мүшелері», «консулдық мекеме басшысы», «консулдық мекемелердің консулдық лауазымды адамдары», «консулдық мекемелердің консулдық қызметшілері», «консулдық мекемелердің қызмет көрсетуші персоналының жұмыскерлері», «отбасы мүшелері», «дипломатиялық өкілдік қызметкерлері», «консулдық мекеме жұмыскерлері» ұғымдары 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында айқындалған мағыналарда пайдаланылады.
3. Осы Кодексте:
1) ЕЭА аумағы деп өзінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еркін кеден аймағы кедендік рәсімі қолданылатын ЕЭА-ның бүкіл аумағы немесе ЕЭА аумағының бір бөлігі түсініледі;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер деп Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумақтарында орналасқан дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері түсініледі;
3) өзге де ұйымдар немесе олардың өкілдіктері деп Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын және Комиссия қалыптастыратын тізбеге енгізілген ұйымдар немесе олардың өкілдіктері түсініледі;
4) әкімшілік құқық бұзушылықтар деп Қазақстан Республикасының кеден органдары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес іс жүргізуді жүзеге асыратын әкімшілік құқық бұзушылықтар түсініледі;
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) қылмыстық құқық бұзушылықтар деп Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес экономикалық тергеп-тексеру қызметінің жүргізуіне жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтар түсініледі.
4. Комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер ұсынатын ақпарат негізінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше осы мемлекеттің халықаралық шарттарына сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің тізбесін қалыптастырады және оны Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында орналастыруды қамтамасыз етеді.
5. Осы Кодексте пайдаланылатын өзге де ұғымдар осы Кодекстің тиісті баптарында, сондай-ақ Одақ туралы шартта айқындалған мағыналарда қолданылады.
6. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының азаматтық және басқа да салалардағы заңнамасының ұғымдары, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады.
4-бап. Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және:
1) осы Кодекстен;
2) қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актілері арасында қайшылықтар болған кезде, кедендік реттеу мақсатында осы Кодекстің нормалары қолданылады. Осы Кодексте көзделгеннен басқа жағдайларда кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін нормаларды Қазақстан Республикасының кедендік емес заңнамасына енгізуге тыйым салынады.
5-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы туралы ақпарат беру
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасы туралы ақпарат беруді Комиссия және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдары оны тиісінше Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында және кеден органдарының интернет-ресурстарында орналастыру жолымен, сондай-ақ ол туралы ақпаратты телевидение мен радио, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жалпы жұртшылықтың назарына жеткізу жолымен, сондай-ақ ақпарат таратудың өзге де жалпыға бірдей қолжетімді тәсілдерімен жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы туралы ақпарат беруді Қазақстан Республикасының кеден органдары Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының нормативтiк құқықтық актiлерiн бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы туралы ақпарат беру ауызша түсіндіру және хабарландырулар, ақпараттық стендтер, табло, буклеттер және өзге де баспа материалдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы туралы ақпарат тарату үшін, оның ішінде мынадай жерлерде:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде;
2) әуежайларда, теміржол және автомобиль станцияларында, теңіз және өзен порттарында;
3) халықаралық тасымалдарды орындайтын көлік құралдарында;
4) осы Кодексте айқындалатын кедендік бақылау аймақтарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден органдары айқындайтын өзге де жерлерде жалпыға бірдей қолжетімді және тегін таныстыру үшін қолданылатын бейне-, аудио- және басқа да техникалық құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының кеден органдары өздерінің интернет-ресурстарында орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасы және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы туралы ақпаратқа тұлғалардың кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
6-бап. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленетін мерзімдерді есептеу тәртібі
1. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген мерзім күнтізбелік күн немесе жылдармен, айлармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетін уақыт кезеңінің өтуі бойынша айқындалады.
Мерзім басталуға тиіс оқиғаны немесе жасалуға тиіс әрекетті көрсете отырып та айқындалуы мүмкін.
2. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында мерзімдерді есептеудің арнайы тәртібі белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында уақыт кезеңімен айқындалған мерзімдердің басталуын және аяқталуын айқындау үшін осы баптың 3, 4, 5, 6, 7, 8 және 9-тармақтарында көзделген қағидалар қолданылады.
3. Жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен айқындалған мерзімнің өтуі оқиғаның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе ол басталған күннен кейінгі келесі күні, ал сағатпен есептелетін мерзімнің өтуі - басталуы айқындалған оқиға басталған сағаттан кейінгі сағаттан басталады.
4. Жылдармен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді.
5. Айлармен есептелетін мерзім мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде бітеді.
Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді.
6. Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келетін болса, одан кейінгі жақын жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.
7. Егер мерзім қандай да бір әрекетті жасау үшін белгіленсе, ол осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мерзімнің соңғы күні сағат жиырма төртке дейін жасалуы мүмкін.
Егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиіс болса, онда мерзім осы ұйымда тиісті операциялар белгіленген қағидалар бойынша тоқтатылған сағатта бітеді.
Егер жазбаша өтініштер мен хабарламалар пошта байланысы мекемесіне (ұйымына) мерзімнің соңғы күні сағат жиырма төртке дейін тапсырылған болса, белгіленген мерзім өткізіп алынған болып есептелмейді.
8. Егер мерзім жұмыс күндерімен есептелетін болса, жұмыс күндері деп:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істемейтін күн деп жарияланған күндер тура келмейтін, аптаның дүйсенбіден жұмаға дейінгі күндері;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс күндері ауыстырылған демалыс күндері түсініледі.
9. Егер тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін жерлерде және кеден органдары орналасқан өзге де жерлерде кеден органдарының жұмыс істемейтін күндерде жұмыс істеу уақыты белгіленген жағдайда, осы кеден органдарының жұмыс күндерімен есептелетін кедендік операциялар жасау мерзімі жұмыс істемейтін күндерді қамтиды.
7-бап. Кедендік-тарифтік реттеу шараларын, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын қолдану
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік операциялар жасау және кедендік бақылау жүргізу кезінде Одақ туралы шартқа немесе Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес кедендік декларацияны немесе өзге де кедендік құжаттарды тіркеу күні қолданыста болатын кедендік-тарифтік реттеу шаралары, тыйым салулар мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, Қазақстан Республикасының салық заңнамасы қолданылады.
2. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген талаптарды бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты Одақ туралы шартқа немесе Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткен күні қолданыста болатын кедендік-тарифтік реттеу шаралары, тыйым салулар мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасы қолданылады.
Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, егер тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткен күн анықталмаса, Одақ туралы шартқа немесе Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бұзушылықтар анықталған күні қолданыста болатын кедендік-тарифтік реттеу шаралары, тыйым салулар мен шектеулер, ішкі нарықты қорғау шаралары, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасы қолданылады.
8-бап. Тыйым салулар мен шектеулерді сақтау
1. Тауарлар тыйым салулар мен шектеулер сақтала отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізіледі және (немесе) кедендік рәсімдермен орналастырылады.
2. Тарифтік емес реттеу шараларын, оның ішінде біржақты тәртіппен енгізілетін тарифтік емес реттеу шараларының және техникалық реттеу шараларының сақталуы - Одақ туралы шартқа сәйкес Комиссия айқындаған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған жағдайларда және тәртіппен, ал экспорттық бақылау шараларының, оның ішінде әскери мақсаттағы өнімге қатысты шаралардың сақталуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған жағдайларда және тәртіппен осындай шаралардың сақталуын растайтын құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну арқылы расталады.
Техникалық реттеу шараларының сақталуын растау мақсаттары үшін техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган мен уәкілетті органның әкелінетін тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар туралы мәліметтерді, сондай-ақ осындай құжаттардан алынған мәліметтерді алмасу жөніндегі ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібі бірлескен актімен айқындалады.
3. Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар мен радиациялық талаптардың сақталуы Одақ туралы шартта және оған сәйкес қабылданған Комиссияның актілерінде белгіленген тәртіппен және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, карантиндік фитосанитариялық, радиациялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру нәтижелері бойынша расталады.
4. Жеке тұлғалардың Одақ туралы шартта көзделген, өздеріне Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету ерекшеліктерін Комиссия айқындайды.
5. Егер тыйым салулар мен шектеулерді белгілейтін актілерде олардың сақталуын растау жағдайлары және (немесе) тәртібі айқындалмаған болса, осындай тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде, сондай-ақ тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен немесе экспорт кедендік рәсімімен орналастыру кезінде расталады.
6. Егер халықаралық пошта жөнелтілімдері:
1) келу орнынан халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарлармен кедендік операциялар жасау орнына дейін;
2) келу орнынан кету орнына дейін тасымалданса, оларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде декларанттарға тыйым салулар мен шектеулерді сақтау жөніндегі міндет жүктелмейді.
9-бап. Кедендік құжаттар
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік құжаттар қазақ тілінде немесе орыс тілінде толтырылады.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағында толтырылатын және кедендік операциялар жасау кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органдарына ұсынылуға жататын кедендік құжаттар орыс тілінде толтырылады.
2. Кедендік құжаттарда кодталған түрде көрсетілуге жататын мәліметтер Комиссия бекітетін сыныптауыштар пайдаланыла отырып, ал Комиссия оларды бекіткенге дейін - уәкілетті орган бекітетін сыныптауыштар пайдаланыла отырып көрсетіледі.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес электрондық құжаттар түріндегі кедендік құжаттардың құрылымы мен форматын Комиссия айқындайтын жағдайларды қоспағанда, электрондық құжаттар түріндегі кедендік құжаттардың құрылымы мен форматын уәкілетті орган бекітеді.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында көзделмеген кедендік құжаттарды, олардың нысандарын, осы нысандарды толтыру, осындай кедендік құжаттарға өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
5. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында кедендік құжаттардың нысандарын толтыру тәртібін және (немесе) кедендік құжаттарға өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін айқындау көзделмесе, мұндай тәртіпті уәкілетті орган айқындайды.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КЕДЕН ОРГАНДАРЫ
10-бап. Қазақстан Республикасының кеден органдары жүйесі
1. Қазақстан Республикасының кеден органдары (бұдан әрі - кеден органдары) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасындағы кеден ісін іске асыруды жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік кірістер органдары болып табылады.
2. Кеден органдары жүйесі:
1) уәкілетті органнан;
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша аумақтық кеден органдарынан (бұдан әрі - аумақтық кеден органдары);
3) кедендерден;
4) кеден бекеттерінен;
5) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы бақылау-өткізу пункттерінен және (немесе) кедендік операциялар жасалатын орындардан;
6) мамандандырылған мемлекеттік мекемелерден тұрады.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ақпараттық-есептеу орталығы, кедендік зертханалар, кинологиялық, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және басқа да мамандандырылған мекемелер, жоғары кәсіптік және қосымша білім беретін білім мекемелері, сондай-ақ қызметі осы Кодекске сәйкес кеден органдарына жүктелген міндеттерді шешуге ықпал ететін мемлекеттік кәсіпорындар құрылады.
4. Кеден органдарының танымдық туы мен танымдық белгісі болады, олардың сипаттамасы мен қолданылу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Кедендердің, кеден бекеттерінің, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы бақылау-өткізу пункттерінің және (немесе) кедендік операциялар жасалатын орындардың жұмыскерлері погонсыз нысанды киіммен қамтамасыз етіледі.
Нысанды киімнің үлгілерін, нысанды киім киюге құқығы бар кеден органдары жұмыскерлерінің тізбесін, онымен қамтамасыз етудің заттай нормаларын және айырым белгілерін, сондай-ақ оны тағып жүру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
11-бап. Кеден органдары қызметінің қағидаттары
Кеден органдарының қызметі:
1) заңдылық;
2) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін тұлғалардың, сондай-ақ кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету;
3) баршаның заң алдындағы теңдігі;
4) жариялылық қағидаттарында құрылады.
12-бап. Кеден органдарының міндеттері мен функциялары
1. Мыналар кеден органының міндеттері болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін, адамның өмірі мен денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, қоршаған ортаны қорғау;
2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының егемендігін қорғауды және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуін жеделдету мен жеңілдетуге жағдайлар жасау;
4) сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасының (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасы), Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету;
5) осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындау.
2. Кеден органдарына жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету мақсаттарында кеден органдары өз құзыреті шегінде:
1) кедендік операциялар жасау және кедендік бақылау жүргізу, оның ішінде өзара әкімшілік көмек көрсету шеңберінде кедендік операциялар жасау және кедендік бақылау жүргізу;
2) кедендік төлемдер мен салықтарды, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы баждарды және өтемақы баждарын алу, олардың дұрыс есептелуі мен уақтылы төленуін бақылау, оларды есепке жатқызу (қайтару) және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдау;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік-тарифтік реттеу шараларының, тыйым салулар мен шектеулердің, ішкі нарықты қорғау шараларының сақталуын қамтамасыз ету;
4) тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізген кезде осындай тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауар айналымын жеделдетуге жағдай жасау;
5) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің валюталарын, бағалы қағаздарды және (немесе) валюталық құндылықтарды, жол чектерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге бақылауды жүзеге асыру кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық шартына сәйкес қамтамасыз ету;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу;
7) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың қорғалуын қамтамасыз ету;
8) кедендік статистиканы жүргізу;
9) Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеуді жетілдіруге және іске асыруға қатысу;
10) Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай сауда саясатын іске асыруға жәрдемдесу;
11) кедендік декларациялауды, кедендік бақылауды жүзеге асыру және жетілдіру, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік операциялардың жүргізілуін жеңілдетуге ықпал ететін жағдайлар жасау;
12) тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпинге қарсы баждар, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдау;
13) кеден ісі саласындағы Қазақстан Республикасы халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын әзірлеуге қатысу;
14) кеден органдарының материалдық-техникалық және әлеуметтік базасын дамытуға қатысу;
15) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде және тауарлар өткізілетін өзге орындарда радиациялық бақылау жүргізу;
16) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізу;
17) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль, теңіздегі өткізу пункттерінде және тауарлар өткізілетін өзге де орындарда көліктік бақылау жүргізу;
18) зертханалық бақылау мен зертханалық сараптаманы қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу арқылы басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының және карантинді объектілердің әкелінуінен Қазақстан Республикасының аумағын қорғауды қамтамасыз ету;
19) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің кеден органдарымен және өзге де органдарымен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экспорттық бақылауды жүзеге асыру;
21) кеден органдарының кадрларын даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыру және жүргізу функцияларын;
22) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды орындайды.
13-бап. Кеден органдарының құқықтары
1. Кеден органдарының құқықтары:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және шет мемлекеттердің органдарынан, декларанттардан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан және тексерілетін тұлғалардан қажетті ақпаратты, сондай-ақ кеден ісі саласына қатысты құжаттар мен мәліметтерді сұрату және алу;
2) кедендік бақылау жүргізу кезінде әртүрлі білім салаларының мамандарын тарту;
3) көлік құралдарын тоқтату, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеден органдарының рұқсатынсыз шығып кеткен су және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтару;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талап қоюды беру;
5) кеден ісі саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұстап алу және Қазақстан Республикасының кеден немесе өзге органдарының қызметтік үй-жайларына жеткізу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес фактілер мен оқиғаларды құжаттау, олардың бейне- және аудиожазбасын, кино- және фототүсірілімін жүргізу;
7) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес кеден органдарының ресми өкілдерін шет мемлекеттерге жіберу;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді, байланыс жүйелерін және деректерді беру жүйелерін, кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, сондай-ақ ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу, құру, иелену және пайдалану;