1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтiк зақымданудың әсерi;
2) әскери қимылдардың;
3) азамат соғысының, алуан түрлі халық толқуларының, жаппай тәртiп бұзушылықтардың немесе ереуiлдердiң салдарынан басталған болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
3. Мүлiктiк сақтандыру шартында өзгеше көзделмегендiктен, сақтандырушы алып қою, тәркілеу, реквизициялау, тұтқындау немесе мемлекеттік органдардың өкімімен сақтандырылған мүліктерді жою салдарынан болған залалдар үшін сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.
4. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн мыналар да:
1) сақтанушының сақтандырушыға, сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның зардаптары туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлауы;
2) сақтанушының сақтандыру жағдайынан болған залалдарды азайту жөніндегі шараларды қасақана қолданбауы (осы Кодекстiң 829-бабы);
3) сақтанушының залалдар келтiруге кiнәлi тұлғадан мүлiктiк сақтандыру бойынша залалдарға тиiстi өтем алуы;
4) сақтанушының сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайын тексеруде және одан келген залалдардың мөлшерiн белгiлеуде сақтандырушыға кедергi жасауы;
5) сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабарламау (осы Кодекстiң 835-бабы);
6) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталғандығы үшін жауапты адамға талап қою құқықтарынан бас тартуы, сондай-ақ сақтандырушыға талап ету құқығын өткізу үшiн қажеттi құжаттарды беруден бас тартуы (осы Кодекстiң 840-бабы). Егер сақтандыру өтемi ендiгi төленiп қойған болса, сақтандырушы оның толық немесе iшiнара қайтарылуын талап етуге құқылы;
7) заң актілерінде көзделген басқа да жағдайлар негiз болуы мүмкiн.
5. Сақтандырушыны сақтанушының алдындағы сақтандыру жауаптылығынан оның осы бапта көзделген заңсыз iс-қимылдарының себептерi бойынша босату, сақтандырушыны сонымен бiр мезгiлде сақтандырылған адамға немесе пайда алушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан да босатады.
6. Сақтандыру шартының талаптары бойынша, егер бұл заң актілеріне қайшы келмейтiн болса, сақтандыру төлемінен бас тартудың басқа да негiздерi көзделуi мүмкiн.
7. Сақтандыру төлемінен бас тарту туралы шешiмдi сақтандырушы қабылдайды және ол бас тартудың дәлелдi негiздерiмен жазбаша нысанда сақтанушыға хабарланады.
8. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүргізуден бас тартуына сақтанушы сотқа шағымдануы мүмкін.
ҚР 18.12.2000 № 128-II Заңына сәйкес 840-бап өзгерді
840-бап. Сақтанушының залалдарды өтеу құқықтарының сақтандырушыға ауысуы (суброгация)
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер мүлiктiк сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға сол төленген соманың шегiнде, сақтандыру нәтижесiнде өтелген залалдар үшiн жауапты адамға қоятын сақтанушының (сақтандырылған адамның) талап қою құқығы ауысады. Алайда қасақана залал келтiрген адамға талап қою құқығының сақтандырушыға ауысуын жоққа шығаратын шарт талабы маңызсыз болады.
2. Сақтандырушыға ауысқан талап қою құқығы сақтанушы (сақтандырылған адам) мен залалдар үшiн жауапты адамның арасындағы қатынасты реттейтiн ережелерді сақтай отырып жүзеге асырылады.
3. Сақтанушы (сақтандырылған адам) сақтандыру төлемiн алған кезде сақтандырушыға барлық құжаттар мен айғақтарды беруге және оған талап қою құқықтарын жүзеге асыру үшiн қажеттi барлық мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi.
4. Егер сақтанушы (сақтандырылған адам) сақтандырушы төлеген шығындар үшiн жауап беретiн адамға талап қою құқықтарынан бас тартса немесе сақтанушының (сақтандырылған адамның) кiнәсiнен бұл құқықты жүзеге асыру мүмкiн болмаса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн толық немесе тиiсiнше оның бiр бөлiгiн жүзеге асырудан босатылады және артық төлеген соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 841-бап өзгертілді; 2009.30.12 № 234-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 841-бап өзгертілді
841-бап. Сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату
1. Осы Кодексте көзделген мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздерiнен басқа, сақтандыру шарты мынадай жағдайларда:
1) сақтандыру объектiсi өмiр сүруiн тоқтатқан;
2) сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адам қайтыс болғанда, ол ауыстырылмаған (осы Кодекстiң 815-бабының 8-тармағы);
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) сақтанушы мүлiктiк сақтандыру объектiсiн өз иелiгiнен шығарған, егер сақтандырушы сақтанушыны ауыстыруға қарсылық білдірсе, ал шартта немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмеген осы Кодекстiң 836-бабының 1-тармағы);
4) өзiнiң кәсiпкерлiк тәуекелiн немесе осы қызметке байланысты азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандырған сақтанушы белгiленген тәртiппен кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан;
5) сақтандыру жағдайының басталу мүмкiндiгi жойылған және сақтандыру жағдайынан басқа жағдайлар бойынша сақтандыру тәуекелiнiң болуы тоқтатылған;
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6) тармақша жаңа редакцияда
6) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, соттың сақтандырушыны мәжбүрлеп тарату туралы (қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы) шешімі заңды күшіне енген, уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған;
7) 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) сақтандырушы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен ресімдеген сақтандыру полисіне енгізілген талаптар мен мәліметтер өзгертілген;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Аталған жағдайларда шартты тоқтату үшiн негiз ретiнде көзделген мән-жайлар туындаған кезден бастап шарт тоқтатылған болып есептеледi, бұл туралы мүдделi тарап дереу екiншiсiн хабардар етуге тиiс.
1-1. 2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру шартынан кез келген уақытта бас тартуға құқылы.
ҚР 18.12.00 ж. № 128-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 842-бап өзгертілді; 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 842-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
842-бап. Сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатудың салдары
1. Жинақтаушы емес сақтандыру шарты осы Кодекстiң 841-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының осы сақтандыру қолданылған уақытқа барабар бөлiгiне құқығы бap. Сақтандырушыны тарату кезiнде сақтандыру сыйлықақыларын (жарналарын) қайтару Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында белгiленген кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес жүзеге асырылады.
Жинақтаушы сақтандыру шарты осы Кодекстің 841-бабының 1-тармағының 6) тармақшасында және осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде сатып алу сомасы шартта белгіленген мөлшерде ғана және Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес қайтарылуға тиіс.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сақтанушы шарттан бас тартқан кезде (осы Кодекстің 841-бабының 2-тармағы), егер бұл осы Кодекстің 841-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде, осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген мән-жайларға байланысты болмаса, сақтандырушыға төленген сақтандыру сыйлықақысы не сақтандыру жарналары, егер шартта өзгеше көзделмесе, қайтарылуға жатпайды.
Сақтанушы-жеке тұлға, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған аннуитеттік сақтандыру шартын қоспағанда, сақтандыру шартынан бас тартқан кезде, ол жасалған күнінен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сақтандырушы сақтанушы-жеке тұлғаға сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) сақтандыру қолданыста болған уақытқа пропорционалды бөлігін және сақтандыру шартын бұзуға байланысты, алынған сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) он пайызынан аспайтын шығасыларды шегере отырып, алынған сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру жарналарын) қайтаруға міндетті.
Сақтанушы-жеке тұлға өзінің (қарыз алушының) қарыз шарты бойынша қарыз беруші алдындағы міндеттемелерін орындау себебінен қарыз шартына байланысты сақтандыру шартынан бас тартқан кезде, сақтандырушы сақтанушы-жеке тұлғаға сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) сақтандыру қолданыста болған уақытқа пропорционалды бөлігін және сақтандыру шартын бұзуға байланысты, алынған сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) он пайызынан аспайтын шығасыларды шегере отырып, алынған сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру жарналарын) қайтаруға міндетті.
3. Сақтандыру шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы шарт талаптарының сақтандырушының кiнәсiне байланысты орындалмауынан болған жағдайда, сақтандырушы сақтанушының төлеген сақтандыру сыйлықақысын не сақтандыру жарналарын оған толық қайтаруға мiндеттi.
843-бап. Сақтандыру шартының жарамсыздығы
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мәмілелер жарамсыздығының осы Кодексте көзделген жалпы негіздерінен басқа, сақтандыру шарты, егер:
1) соттың заңды күшіне енген тиісті шешімі негізінде тәркілеуге жататын мүлік не қылмыстық жолмен табылған немесе қылмыстық құқық бұзушылық нысанасы болып табылатын мүлік сақтандыру объектісі болып табылса;
2) сақтандыру жағдайы ретінде осы Кодекстің 817-бабының 3-тармағында көзделген белгілерден айырылған оқиға көзделсе;
3) шарт талаптары сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемін жүзеге асыру мүмкіндігін болғызбаса;
4) сақтанушы шарт жасасу кезінде құқыққа сыйымсыз, оның ішінде сақтандыру жағдайы басталғаннан кейін шарт жасасу арқылы пайда табуды көрінеу мақсат еткен болса;
5) сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) сақтандыру мүддесі болмаса;
6) тараптар арасында шарттың осы Кодекстің 826-бабының 1-тармағында көзделген елеулі талаптары туралы келісім болмаса, жарамсыз деп танылады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сақтандыру шарты мына жағдайларда:
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) егер құқыққа қайшы мүліктік мүдделер сақтандыру (қайта сақтандыру) объектісі болса (осы Кодекстің 807-бабының 2-тармағы, 824-бабы 1-тармағының үшінші бөлігі);
2) сақтандырылған адамның келiсiмiн алу мiндеттi болып табылатын жағдайларда оның келiсiмi болмаса;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) шарттың жазбаша нысаны сақталмаса (осы Кодекстің 825-бабының 3-тармағы);
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) объектісі болмаса, маңызсыз болады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде сақтандырудың жекелеген түрлерiне қатысты шартты жарамсыз деп танудың өзге де негiздерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 18.12.2000 № 128-II Заңына сәйкес 844-бап өзгерді
844-бап. Сақтандыру шартын жарамсыз деп танудың салдары
1. Сақтандыру шарты жарамсыз деп танылған жағдайда сақтандырушы сақтанушыға одан алған сақтандыру сыйлықақыларын не сақтандыру жарналарын қайтаруға, ал сақтанушы (пайда алушы) сақтандырушыға одан алған сақтандыру төлемiн қайтаруға мiндеттi.
Егер шарт сақтанушының заңсыз iс-әрекеттерiнiң салдарынан туындаған негіздер бойынша жарамсыз деп танылса, ол туралы сақтандырушы шарт жасалған кезде, оны орындау процесiнде де бiлмесе және бiлуге тиiстi болмаса, сақтандырушы шыққан шығындарды шегере отырып, сақтанушыға шарттың аяқталмаған мерзiмi үшiн сақтандыру сақтандыру сыйлықақыларын не сақтандыру жарналарын қайтарады, ал егер сақтандыру төлемi жүргiзiлген жағдайда оның төленген соманы қайтаруды талап етуге құқығы бар.
Сақтандырушыға сақтандыру төлемiнен бас тартуда негiз беретiн себептер бойынша сақтандыру шарты жарамсыз деп танылған жағдайда (осы Кодекстiң 839-бабы) нақ сондай салдар туындайды.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер сақтандыру шарты қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталса, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленсе, онда осы Кодекстiң 157-1-бабының 5-7-тармақтарында көзделген салдарлар туындайды.
845-бап. Өзара сақтандыру
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді ( бұр. ред. қара)
1. Азаматтар мен заңды тұлғалар қажеттi қаражатты өзара сақтандыру қоғамдарына бiрiктiру жолымен өзара негiзде осы Кодекстің 807-бабының 1-тармағында аталған өзінің мүліктік мүдделерін сақтандыра алады.
ҚР 2006.20.02. № 128-III (бұр. ред.қара); 2006.05.07. № 164-III (бұр.ред.қара) Заңдарымен 2-тармақ өзгертілді
2. Өзара сақтандыру қоғамдары өз мүшелерінің мүлiктiк мүдделерiн сақтандыруды жүзеге асырады және коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.
Өзара сақтандыруды жүзеге асырудың, өзара сақтандыру қоғамдарының құқықтық жағдайының ерекшелiктерi мен олардың қызметiнiң шарттары осы Кодекске және өзара сақтандыру туралы заң актілеріне сәйкес айқындалады.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді ( бұр. ред. қара); 2006.05.07. № 164-III (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Өзара сақтандыру қоғамдары өз мүшелерінің мүліктік мүдделерін сақтандыруды мүшелік және сақтандыру шарттары негізінде жүзеге асырады.
4. Өзара сақтандыру жолымен мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыруға өзара сақтандыру туралы заң актілерінде көзделген жағдайларда жол берiледi.
5. 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 845-1-баппен толықтырылды
845-1-бап. Исламдық сақтандыру
1. Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған сақтандыру шарты (осы Кодекстің 803-бабы) исламдық сақтандыру шарты болып табылады.
2. Сақтандырушы исламдық сақтандыру шарты бойынша сақтанушы төлеген сақтандыру сыйлықақысын, сондай-ақ сақтандыру сыйлықақыларын инвестициялау нәтижесінде алынған кірістерді сақтандырушы исламдық сақтандыру шарттары бойынша сақтанушыларға (пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру үшін қалыптастыратын исламдық сақтандыру қорына аударуға тиіс.
3. Сақтандырушы исламдық сақтандыру шарты бойынша алған сақтандыру сыйлықақылары, сондай-ақ исламдық сақтандыру қорын құрайтын өзге де мүлік сақтандырушыға меншік құқығымен тиесілі болмайды.
4. Сақтандырушы исламдық сақтандыру шарты бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға және жасалған исламдық сақтандыру шартына сәйкес исламдық сақтандыру қорының қаражаты есебінен исламдық сақтандыру қорын басқарғаны үшін сыйақы алуға құқылы.
5. Исламдық сақтандыруды жүзеге асырудың, исламдық сақтандыру қорын қалыптастырудың, есепке алудың, пайдаланудың және бөлудің, исламдық сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушылардың құқықтық жағдайының ерекшеліктері және олардың қызмет ету шарттары осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі туралы заңнамалық актілеріне сәйкес айқындалады.
41-тарау. Тапсырма
846-бап. Тапсырма шарты
1. Тапсырма шарты бойынша бiр тарап (сенім бiлдiрiлген өкiл) екiншi тараптың (сенім бiлдiрушiнiң) атынан және соның есебiнен белгiлi бiр заңды iс-әрекет жасауға мiндеттенедi. Сенім білдірілген өкiл жасаған мәмiле бойынша құқықтар мен мiндеттер тiкелей сенім бiлдiрушiде пайда болады.
2. Тапсырма шарты жазбаша нысанда жасалады.
847-бап. Тапсырманы сенім бiлдiрушiнiң нұсқауларына сәйкес орындау
1. Сенім бiлдiрiлген өкiл өзiне берiлген тапсырманы сенім бiлдiрушiнiң нұсқауларына сәйкес орындауға мiндеттi. Сенім бiлдiрушiнiң нұсқаулары нақтылы, заңды және жүзеге асырыла алатын болуы тиiс.
2. Егер iстiң мән-жайы бойынша ол сенім бiлдiрушiнiң мүдделерi үшiн қажет болса және сенім бiлдiрiлген өкіл сенім бiлдiрушiден алдын ала сұрай алмаса не өзiнiң сауалына дер кезiнде жауап алмаса, сенім бiлдiрiлген өкiл сенім бiлдiрушiнiң нұсқауларынан бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда сенім бiлдiрiлген өкiл, хабарлау мүмкiн болысымен жол берiлген ауытқулар туралы сенім бiлдiрушiнi хабардар етуге мiндеттi.
3. Тараптардың келiсуiмен коммерциялық өкiл осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындаудан босатылуы мүмкiн.
848-бап. Сенім бiлдiрiлген өкiлдiң мiндеттерi
Сенім бiлдiрiлген өкiл:
1) өзiне берiлген тапсырманы өзi орындауға;
2) сенім бiлдiрушiге оның талап етуi бойынша тапсырманың орындалу барысы туралы барлық мәлiметтердi хабарлауға;
3) сенім бiлдiрушiге жасалған мәмiле бойынша алынғандардың бәрiн дереу берiп отыруға;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) тапсырманы орындаған соң қолдану мерзiмi аяқталмаған сенімхатты кешiктiрмей сенім бiлдiрушiге қайтаруға және егер ол тапсырманың сипаты бойынша талап етiлетiн болса, ақтайтын құжаттарды қоса отырып есеп беруге;
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға мiндеттi.
849-бап. Сенім бiлдiрушiнiң мiндеттерi
1. Сенім бiлдiрушi, егер шартта өзгеше көзделмесе:
1) сенім бiлдiрiлген өкiлдi тапсырманы орындау үшiн қажеттi қаражатпен қамтамасыз етуге;
2) сенім бiлдiрiлген өкiлдiң тапсырманы орындау үшiн қажет болған шығындарының орнын толтыруға мiндеттi.
2. Сенім бiлдiрушi шартқа сәйкес сенім бiлдiрiлген өкiл орындағанының барлығын кешiктiрмей қабылдауға мiндеттi.
3. Сенім бiлдiрушi тапсырманың орындалуы бойынша сенім бiлдiрiлген өкiлге осы Кодекстiң 850-бабының ережелерiне сәйкес сыйақы төлеуге мiндеттi.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде сенім бiлдiрушiнің өзге де міндеттері көзделуі мүмкін.
850-бап. Тапсырма шартындағы сыйақы
1. Егер заң актілерінде немесе шартта көзделген болса, сенім бiлдiрушi сенім бiлдiрiлген өкiлге сыйақы төлеуге мiндеттi.
Егер тапсырма шарты тараптардың екеуiнiң немесе олардың бiрiнiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруына байланысты болса, шартта өзгеше көзделмесе, сенім бiлдiргiшi сенім бiлдiрiлген өкiлге сыйақы төлеуге мiндеттi.
2. Егер шартта немесе заң актілерінде шартты орындаудың өтелуi көрсетiлсе, бiрақ сыйақының мөлшерi көрсетiлмесе, онда ол осыған ұқсас қызметтер үшін әдетте қабылданған баға ескеріле отырып айқындалады.
3. Сенім бiлдiрiлген өкiл барлық талап етiлген iс-әрекеттердi тиiстi түрде атқарғанын, бiрақ тапсырма оның кiнәсiнсiз орындалмай қалғанын дәлелдеген кезде сыйақы төленуге тиiс.
851-бап. Сенім ауысуы
1. Сенім бiлдiрiлген өкiл, егер бұл шартта көзделген болса не сенім бiлдiрiлген өкiл осыған сенім бiлдiрушiнiң мүдделерiн қорғау мақсатындағы мән-жайлармен мәжбүр болса, тапсырманы орындауды басқа адамға (орынбасарға) беруге құқылы.
2. Орындау сенімiн басқа адамға ауыстырған бойда сенім бiлдiрiлген өкiл бұл туралы сенім бiлдiрушiге дереу хабарлауға тиiс. Сенім бiлдiрушi, шартта мұндай орынбасар атап көрсетiлетiн жағдайларды қоспағанда, сенім бiлдiрiлген өкiл таңдаған орынбасардан бас тартуға құқылы.
3. Егер сенім бiлдiрiлген өкiлдiң орынбасары шартта атап айтылған болса, сенім бiлдiрiлген өкiл өзiнiң орынбасары жүргiзген iс үшiн жауап бермейдi.
4. Егер орынбасардың iс жүргiзуi шартта көзделсе, бiрақ онда орынбасардың аты атап көрсетiлмесе, сенім бiлдiрiлген өкiл өзiнiң орынбасарының кiнәлi iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi.
5. Егер орынбасардың iс жүргiзуi шартта көзделмесе, сенім бiлдiрiлген өкiл өз орынбасарының кез келген iс-әрекетi үшiн жауап береді.
852-бап. Тапсырма шартын тоқтату
1. Тапсырма шарты міндеттердi тоқтатудың жалпы негiздерiмен қатар:
1) сенім бiлдiрушiнiң тапсырманы ауыстыруы;
2) сенім бiлдiрiлген өкiлдiң бас тартуы;
3) сенім бiлдiрушiнiң немесе сенім бiлдiрiлген өкiлдiң қайтыс болуы, олардың бiреуiн әрекетке қабiлетсiз, әрекетке қабiлетi шектеулi немесе хабарсыз кеттi деп танудың салдарынан тоқтатылады.
2. Егер сенім бiлдiрiлген өкiл тапсырма шартының тоқталғаны туралы бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса, онда сенім бiлдiрушiнiң нұсқауы бойынша жасалған оның iс-әрекетi сенім бiлдiрушiнi (оның құқықтық мирасқорын) үшiншi тұлғаға және сенім бiлдiрiлген өкiлге қатысты мiндеттейдi.
3. Сенім бiлдiрiлген өкiлмен жасалған шарттан бас тартқан, кәсiптер ретiнде iс-әрекет жасайтын тарап, егер шартта бұдан да ұзақ мерзiм көзделмесе, екiншi тарапқа шарттың тоқтатылғаны туралы бiр ай көлемiнде хабарлауы тиiс.
853-бап. Тапсырма шартын тоқтатудың зардабы
1. Егер тапсырма шарты сенім бiлдiрiлген өкiл тапсырманы толық орындағанға дейiн тоқтатылған болса, сенім бiлдiрушi сенім бiлдiрiлген өкiлдiң тапсырманы орындау кезiнде шыққан шығынын төлеуге, сенім бiлдiрiлген өкiлге сыйақы тиесiлi болған жағдайда, оның орындаған жұмысының көлемiне мөлшерлес сыйақы төлеуге мiндеттi. Сенім бiлдiрiлген өкiл тапсырманы оның тоқтатылғаны туралы бiлген соң немесе бiлуi тиiс болғанда орындаған болса, бұл ереже қолданылмайды.
2. Сенім бiлдiрушiнiң тапсырманы өзгертуi, кәсiпкер ретiнде iс-әрекет жасайтын сенім бiлдiрiлген өкiлмен шарт тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, сенім бiлдiрiлген өкiлге шарттың тоқтатылуымен келтiрiлген залалдардың өтелуi үшiн негiз болып табылмайды.
3. Сенім бiлдiрiлген өкiлдiң сенім бiлдiрушiнiң тапсырмасын орындаудан бас тартуы, сенім бiлдiрiлген өкiлдiң сенім бiлдiрушi өз мүдделерiн өзгеше қамтамасыз ету мүмкiндiгiнен айрылған кезде бас тартуы жағдайларын, сондай-ақ кәсiпкер ретiнде қызмет жасайтын сенім бiлдiрiлген өкiлдiң шартты тоқтатуы жағдайларын қоспағанда, шарттың тоқтатылуынан сенім бiлдiрушiге келтiрiлген залалдардың орнын толтыру үшiн негiз болып табылмайды.
854-бап. Тапсырма шартындағы құқықтық мирасқорлық
1. Сенім бiлдiрiлген өкiл қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерi немесе мұрагерлiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету жүктелген өзге де тұлғалар сенім бiлдiрушiге тапсырма шартының тоқтатылғандығы туралы хабарлауға және сенім бiлдiрушiнiң мүлкiн қорғау үшiн қажеттi шаралар қолдануға, атап айтқанда, сенім бiлдiрушiнiң заттарын, сондай-ақ құжаттарын сақтауға және бұдан соң оларды өзiне беруге мiндеттi.
Сенім бiлдiрiлген өкiл болып саналатын заңды тұлғаның таратушысына да нақ осындай мiндет жүктеледi.
2. Өкiл ретiнде iс-әрекет ететiн заңды тұлғаны қайта құру кезiнде, сенім бiлдiрушi бұл туралы осы Кодекстiң 48-бабына сәйкес дереу хабардар етiлуге тиiс. Аталған жағдайда мұндай заңды ұйымның құқықтары мен мiндеттерi, егер сенім бiлдiрушi өзiнiң шарттан бас тартқандығы туралы қисынды мерзімде хабарламаса, оның құқықтық мирасқорына ауысады.
42-тарау. Басқаның мүддесіне тапсырмасыз іс-әрекет жасау
855-бап. Басқаның мүддесiне iс-әрекет жасау талаптары
1. Мүдделi тұлғаның тапсырмасынсыз, өзге де нұсқауынсыз немесе алдын ала уәде берiлген келісімiнсiз оның жеке басына немесе мүлкiне зиян келтiрiлуiн болдырмау, оның мiндеттемесiн орындау немесе оның өзге де заңға қарсы емес мүдделерi (басқаның мүддесi үшiн iс-әрекет жасау) мақсатындағы iс-әрекеттер iстiң мән-жайлары бойынша қажеттi қамқорлықпен және сақтықпен, мүдделi тұлғаның айқын олжасына немесе пайдасына және iс жүзіндегі немесе ықтимал ниеттерiне сүйенiп жасалуы тиiс.