Жеке тұлға кедендік құнды айқындау үшін табыс етілген мәліметтердің дұрыстығын дәлелдеуге құқылы.
Осы бапты қолдану мақсаты үшін ұқсас тауар деп әкелінетін тауардың сипаттамаларына жақын, яғни өзінің мақсаты, қолданылуы, сапасы, техникалық және өзге де сипаттамалары бойынша әкелінетін тауармен сәйкес келетін сипаттамалары бар тауар түсініледі.
474-бап. Жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін өткізетін көлік құралдарына арналған қосалқы бөлшектер мен отын
1. Жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын жөндеу үшін қажетті қосалқы бөлшектер кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, мұндай көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімінен аспайтын мерзімге уақытша әкелінуі мүмкін.
2. Жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының конструкциясында көзделген бактардағы отын кедендік баждар, салықтар төленбей, Кеден одағының кедендік аумағына әкелінуі немесе тиісінше осы аумақтан әкетілуі мүмкін.
57-тарау. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
475-бап. Осы тараудың қолданылу аясы
1. Керек-жарақтарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу осы тараудың ережелеріне сәйкес, ал осы тараумен реттелмеген бөлігінде, - Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2. Керек-жарақтарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кедендік баждар, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай жүзеге асырылады.
3. Осы тараудың ережелері жеке тұлғалардың жеке пайдалану үшін қолданатын көлік құралдарындағы тауарларға қатысты қолданылмайды.
476-бап. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде керек-жарақтарға қатысты кедендік операциялар келу орындарында, Кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде - халықаралық тасымалдауды бастау орындарында не кету орындарында жүргізіледі.
2. Керек-жарақтар тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырмай кедендік декларациялауға жатады.
Керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде кедендік декларация ретінде тауарларға арналған декларация, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттар пайдаланылуы мүмкін.
Керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтердің тізбесі Комиссияның шешімімен айқындалады.
3. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операциялар тіркелген еліне немесе су, әуе кемелерінің немесе поездардың ұлттық тиесілігіне қарамастан, бірдей жасалады.
477-бап. Керек-жарақтарды пайдалану
1. Жолаушылардың және су кемелерінің экипаж мүшелерінің тұтынуына арналған керек-жарақтар және осы кемелерді қалыпты пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті керек-жарақтар, егер экипаж осы уақытта кемені тастап кетпесе, жолаушылардың және экипаж мүшелерінің санына, сондай-ақ аялдау ұзақтығына тиісті мөлшерде олардың Кеден одағының кедендік аумағында болуы, соның ішінде су кемелерін докта, верфьте немесе кеме жөндеу зауытында жөндеу кезінде осы кемелерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.
2. Әуе кемелерінің Кеден одағының кедендік аумағында орналасқан бір әуежайға немесе бірнеше әуежайға жоспарланған қонуы кезінде осы кемелерді қалыпты пайдалануға және техникалық қызмет көрсетуге арналған керек-жарақтар және әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде экипаж мүшелерінің және жолаушылардың тұтынуына арналған керек-жарақтар әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде пайдаланылуы мүмкін.
3. Әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаж мүшелеріне сатуға арналған керек-жарақтар, оларды осы кемелердің борттарында пайдалану мақсатынсыз сату осы кемелердің борттарында жүзеге асырылған жағдайда әуе кемелерінің Кеден одағының кедендік аумағында болуы кезінде сатылуы мүмкін.
4. Поездар жолаушыларының және поезд бригадалары жұмыскерлерінің пайдалануына арналған керек-жарақтар және осы поездарды қалыпты пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті керек-жарақтар осы поездардың жүру жолында немесе аралық тоқтау не Кеден одағының кедендік аумағында тұру пункттерінде жолаушылардың және поезд бригадалары жұмыскерлерінің санына, сондай-ақ тұру ұзақтығына және жолда болу уақытына сәйкес мөлшерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.
5. Кеден органдары тасымалдаушыны су кемелерінің, әуе кемелерінің немесе поездардың Кеден одағының кедендік аумағында болуы кезінде осы тарауда көзделген керек-жарақтарды пайдаланудың шарттарын сақтауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолдануға міндеттеуге құқылы. Кеден органының шешімі бойынша керек-жарақтар сақталатын орын кедендік пломбалар мен мөрлерді қою жолымен мөрленуі мүмкін.
6. Егер осы тарауда көзделген шарттар сақталса, кеден органының рұқсатымен керек-жарақтар уақытша түсірілуі, тиісінше жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын басқа да кемелерге немесе басқа да поездарға берілуі мүмкін.
7. Керек-жарақтарды осы тарауда көзделмеген мақсатта пайдалануға олар ішкі тұтыну немесе экспорт үшін шығарудың кедендік рәсімдерімен орналастырылған кезде жол беріледі.
8-бөлім. 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 30-ы.
№ 296-IV