2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1074-бап өзгертілді
1074-бап. Мұрадан бас тарту құқығы
1. Мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты айдың iшiнде мұрадан бас тартуға құқылы. Дәлелдi себептер болған жағдайда бұл мерзімді сот ұзартуы мүмкін, алайда бұл екі айдан аспауға тиіс.
2. Мұрадан бас тарту мұрагердiң мұраның ашылған жерi бойынша нотариусқа арыз беруiмен жасалады.
Егер сенімхатты бас тартуға өкілеттік арнайы көзделсе, мұрадан өкiл арқылы бас тартуға болады.
3. Мұрадан бас тартуды кейiннен күшiн жоюға немесе қайтарып алуға болмайды.
4. Мұрагер өзiне сол үшiн берiлген мерзiм өткеннен кейiн мұрадан бас тарту құқығын жоғалтады. Егер ол мұраға қалдырған мүлiктi iс жүзiнде иеленуге кiрiссе не оған билiк етсе, не оның осы мүлiкке құқықтарын куәландыратын құжаттарды алуға өтiнiш жасаса, ол бұл құқықты аталған мерзiм өткенге дейiн де жоғалтады.
5. Мұрагер мұрадан бас тартқан кезде өзiнiң өсиет бойынша немесе кез келген кезектегi заң бойынша мұрагердiң қатарындағы басқа адамдардың пайдасына, оның ішінде ұсыну құқығы бойынша мұра алуға шақырылған адамдардың пайдасына бас тартатындығын көрсетуге құқылы.
Өсиет қалдырушы мұрадан айырған мұрагерлердiң пайдасына мұрадан бас тартуға жол берiлмейдi.
6. Егер мұрагер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлiкке шақырылса, ол осы негiздемелердiң бiреуi бойынша немесе екi негiздеме бойынша өзiне тиесiлi мұрадан бас тартуға құқылы.
7. Мұрагер мұраның басқа бөлiгi мұраға қалдырылуына қарамастан, үстелу құқығы бойынша өзiне тиесiлi мұрадан бас тартуға құқылы (осы Кодекстiң 1079-бабы).
8. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, мұраның бiр бөлігінен бас тартуға, мұрадан ескерту жасап немесе шарт қойып бас тартуға жол берiлмейдi.
1075-бап. Өсиеттiк бас тартуды алудан бас тарту құқығы
1. Бас тартылушы өсиеттiк бас тартудан бас тартуға құқылы. Ішiнара бас тартуға, ескерту жасап, шарт қойып немесе басқа адамның пайдасына бас тартуға жол берiлмейдi.
2. Осы бапта көзделген құқық бiр мезгiлде мұрагер болып табылатын бас тартылушының мұрадан бас тарту құқығына байланысты емес.
3. Егер бас тартылушы осы бапта көзделген құқықты пайдаланса, өсиеттiк бас тарту жүктелген мұрагер оны орындау мiндетiнен босатылады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 1076-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
1076-бап. Мұраны бөлу
1. Мұраны қабылдаған кез келген заң бойынша мұрагер мұраны бөлудi талап етуге құқылы.
Мұраны бөлу мұрагерлердiң келісімi бойынша оларға тиесiлi үлестерге сәйкес, ал келісімге қол жетпеген кезде - сот тәртібімен жүргiзiледi.
Егер мұраның құрамына мұраға қалдырушының құқықтары тіркелмеген және тіркелмесе туындаған деп есептелмейтін мүлік кірсе, мұрагерлер арасында мүлікті бөлу мұраға қалдырушының құқықтары заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелгеннен кейін жүргізіледі.
2. Осы баптың ережелерi барлық мұра немесе оның бiр бөлiгi мұрагерлерге нақты мүлiк көрсетiлмеген үлеспен өсиет етiлген жағдайда, мұрагерлердiң арасында мұраны өсиет бойынша бөлуге қолданылады.
1077-бап. Болмаған мұрагерлердiң құқықтары
1. Егер мұрагерлердiң арасында тұратын жерi белгiсiз адамдар болса, қалған мұрагерлер, өсиеттi орындаушы (мұраны басқарушы) және нотариус олардың тұратын жерiн анықтауға және оларды мұрагерлiкке шақыруға қисынды шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Егер тұратын жерi анықталған, мұрагерлiкке шақырылып, болмай қалған мұрагер осы Кодекстiң 1074-бабында көзделген мерзiм iшiнде мұрагерлiктен бас тартпаса, қалған мұрагерлер өздерiнiң мұраны бөлiсудi жүргiзу ниетi туралы хабардар етуге мiндеттi.
Егер осының алдындағы бөлiкте көзделген хабардар ету кезiнен бастап үш айдың iшiнде болмай қалған мұрагер мұраны бөлу туралы келісімге қатысу тiлегi туралы қалған мұрагерлердi хабардар етпесе, қалған мұрагерлер болмаған мұрагерге тиесiлi үлестi бөлек шығарып, өзара келісім бойынша бөлiстi жүргiзуге құқылы.
3. Егер мұра ашылған күннен бастап бiр жылдың iшiнде болмаған мұрагердiң тұратын жерi анықталмаса және оның мұрадан бас тартқандығы туралы мәлiметтер болмаса, қалған мұрагерлер бөлiстi осы баптың 2-тармағы екiншi бөлiгiнiң ережелерi бойынша жүргiзуге құқылы.
4. Iште қалған, бiрақ әлi тумаған мұрагер болған кезде мұраны бөлу тек мұндай мұрагер туғаннан кейiн ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
Егер iште қалған мұрагер тiрi туса, қалған мұрагерлер оған тиесiлi мұралық үлестi бөлiп шығару арқылы ғана мұра бөлудi жүргiзуге құқылы. Жаңа туған баланың мүдделерiн қорғау үшiн бөлiске қатысуға қорғаншылық және қамқоршылық органның өкiлi шақырылуы мүмкiн.
1078-бап. Жекелеген мұрагерлердiң мұраға кiретiн мүлiкке басым құқығы
1. Мұра ашылғанға дейiнгi бiр жыл iшiнде мұра қалдырушымен бiрге тұрған мұрагерлер тұрғын үйдi, сондай-ақ үй жабдықтары мен үй-iшi тұрмысы заттарын мұраға алуға басым құқыққа ие болады.
2. Мұра қалдырушымен бiрге мүлiкке ортақ меншiк құқығы бар мұрагерлер ортақ меншiкте болған мүлiктi мұраға алуға басым құқыққа ие болады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған басым құқықты жүзеге асырған кезде бөлiске қатысатын басқа да мұрагерлердiң мүлiктiк мүдделерi сақталуға тиіс. Егер өздерiне тиесiлi үлестердi беру үшiн мұраны құрайтын мүлiк жеткiлiксiз болса, басым құқықты жүзеге асыратын мұрагер оларға тиiсiнше ақшалай немесе мүлiктiк өтемақы беруге тиiс.
1079-бап. Мұралық үлестердiң үстелуi
1. Мұрагер мұрадан бас тартқан не ол осы Кодексте аталған мән-жайлар бойынша шығып қалған жағдайда мұраның мұндай мұрагерге есептелуге тиiс бөлiгi мұрагерлiкке шақырылған заң бойынша мұрагерлерге түседi және олардың арасында өздерiнiң мұралық үлестерiне бара-бар бөлiнедi.
Егер мұра қалдырушы барлық мүлiктi өзi тағайындаған мұрагерлерге өсиет етсе, мұрадан бас тартқан немесе шығып қалған мұрагерге тиесiлi мұра бөлiгi өсиет бойынша қалған мұрагерлерге түседi және өсиетте өзгеше көзделмегендiктен, олардың арасында өздерiнiң мұралық үлестерiне бара-бар бөлiнедi.
2. Осы баптың 1-тармағындағы ережелер:
1) егер бас тартқан немесе шығып қалған мұрагердің орнына мұрагер қосымша тағайындалса;
2) мұрагер белгiлi бiр тұлғаның пайдасына мұрадан бас тартқан кезде;
3) заң бойынша мұрагерлiк кезiнде мұрагердiң бас тартуы немесе шығып қалуы келесi кезектегi мұрагерлердi мұрагерлiкке шақыруға әкеп соққан жағдайларда қолданылмайды.
1080-бап. Мұраның есебiнен төлеуге жататын шығындар
Мұра қалдырушының қайтыс болар алдындағы науқасы туғызған қажеттi шығындарды, мұра қалдырушыны жерлеуге арналған шығындарды, мұраны қорғауға, басқаруға, өсиеттi орындауға, сондай-ақ өсиеттi орындаушыға немесе мұраны сенімгерлiкпен басқарушыға сыйақы төлеуге байланысты шығындарды өтеу туралы талаптар ол мұрагерлер арасында бөлiнгенге дейiн мұра есебiнен қанағаттандырылуға тиiс. Бұл талаптар барлық басқа, оның iшiнде кепiлмен қамтамасыз етiлген талаптардың алдында мұраның құнынан басымдықпен қанағаттандырылуға тиiс.
1081-бап. Мұра қалдырушының борыштарын кредит берушiлердiң өндiрiп алуы
Мұра қалдырушының кредит берушiлерi өздерiнiң мұра қалдырушының мiндеттемелерiнен туындайтын талаптарын өсиеттi орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) немесе әрбір мұрагерге ауысқан мүлiк құнының шегiнде ортақ борышқорлар ретiнде жауап беретiн мұрагерлерге қоюға құқылы.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1082-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1082-бап. Шаруа немесе фермер қожалығындағы мұрагерлiк
Шаруа немесе фермер қожалығының мүшесi қайтыс болған жағдайда мұра жалпы ережелер бойынша ашылады. Мұрагердiң осы мүлiкке жалпы меншiктегi оның үлесiне мөлшерлес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.
24.12.01 № 276-II; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 1083-бап өзгертілді; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 1083-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
1083-бап. Иесiз қалған мүлік
1. Егер өсиет бойынша да заң бойынша да мұрагерлер болмаса не мұрагерлердiң ешқайсысының мұра алуға құқығы болмаса (осы Кодекстiң 1045-бабы), не олардың бәрi мұрадан бас тартса (осы Кодекстiң 1074-бабы), мұра иесiз қалған мүлік деп танылады.
2. Иесiз қалған мүлік мұраның ашылған жерi бойынша коммуналдық меншiкке ауысады.
Коммуналдық меншiкке түскен иесiз қалған мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және сату жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Коммуналдық меншiкке түскен иесiз қалған мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және сату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
3. Мұра ашылған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн мұра ашылған жер бойынша республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініші негiзiнде сот мұраны иесiз қалған мүлік деп таниды. Егер мұраны қорғауға және оны басқаруға байланысты шығындар оның құнынан асып түссе, мұра аталған мерзiм өткенге дейiн иесiз қалған мүлік деп танылуы мүмкiн.
4. Иесiз қалған мүлiктi қорғау және оны басқару осы Кодекстiң 1071-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Осы Кодекстің 1080 және 1081-баптарында көзделген қағидалар иесіз қалған мүлікке де қолданылады.
7 бөлім Халықаралық жеке құқық
61-тарау. Жалпы ережелер
1084-бап. Шетелдiк элемент шиеленiстiрген азаматтық-құқықтық қатынастарға қолданылуға тиiстi құқықты анықтау
1. Шетелдiк азаматтардың немесе шетелдiк заңды тұлғалардың қатысуымен не өзге де шетелдік элемент шиеленістірген азаматтық-құқықтық қатынастарға қолданылуға тиiстi құқық осы Кодекстiң, өзге де заң актілерінiң, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың және танылған халықаралық ғұрыптардың негiзiнде анықталады.
2. Егер осы баптың 1-тармағына сәйкес қолданылуға тиiстi құқықты анықтау мүмкiн болмаса, шетелдiк элемент шиеленiстiрген азаматтық-құқықтық қатынастармен неғұрлым тығыз байланысты құқық қолданылады.
3. Осы бөлiмнiң сот қолдануға тиiстi құқықты анықтау туралы ережелерiн тиiсiнше қолданылуға тиiстi құқық туралы мәселенi шешуге өкілеттік берілген басқа органдар да қолданады.
1085-бап. Заң ұғымдарын саралау (құқықтық саралау)
1. Сот заң ұғымдарын саралауды (құқықтық саралау), егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, оларға сот елiнiң құқығына сәйкес түсiнiк беруге негiздейдi.
2. Егер заң ұғымдары сот елiнiң құқығына белгiсiз болса немесе басқа атаумен немесе басқа мазмұнмен белгiлi болса және сот елiнің құқығы бойынша түсiндiру арқылы анықтау мүмкiн болмаса, заңдылық ұғымдарды саралау (құқықтық саралау) кезінде шет мемлекеттiң құқығы да қолданылуы мүмкiн.
1086-бап. Шетел құқығы нормаларының мазмұнын анықтау
1. Шетел құқығын қолданған кезде сот оның нормаларының мазмұнын олардың ресми түсіндірілуіне, қолданылу практикасына және тиiстi шет мемлекеттегi доктринаға сәйкес анықтайды.
2. Шетел құқығы нормаларының мазмұнын анықтау мақсатында сот жәрдем және түсiнiк алу үшiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігіне және Қазақстан Республикасының өзге де құзыреттi органдары мен мекемелерiне, соның iшiнде шетелдерде орналасқандарына белгiленген тәртiппен жүгiнуi не сарапшылар тартуы мүмкiн.
3. Iске қатысушы тұлғалар өз талаптарын немесе қарсылықтарын негiздеуде сiлтеме жасаған шетел құқығы нормаларының мазмұнын растайтын құжаттар табыс етуге және осы нормалардың мазмұнын анықтауда сотқа өзге де түрде жәрдемдесуге құқылы.
4. Егер осы бапқа сәйкес қолданылған шараларға қарамастан, шетелдiк құқық нормаларының мазмұны орынды мерзiмдерде анықталмаса, Қазақстан Республикасының құқығы қолданылады.
1087-бап. Керi сiлтеме жасау және үшiншi елдiң құқығына сiлтеме жасау
1. Осы бөлiмнiң ережелерiне сәйкес кез келген шетел құқығына сiлтеме жасау, осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi елдiң коллизиялық емес, материалдық құқығына сiлтеме жасау ретiнде қарастырылуға тиiс.
2. Қазақстан Республикасының құқығына керi сiлтеме жасау және үшiншi елдiң құқығына сiлтеме жасау осы Кодекстiң 1094-бабына, 1095-бабының, 3, 5-тармақтарына, 1097-бабына сәйкес шетел құқығы қолданылған жағдайларда қолданылады.
1088-бап. Заңды айналып өтудiң салдары
Қатынастарға қатысушылардың осы Кодекспен реттелетiн, осы бөлiмнiң қолданылуға тиiстi құқық туралы ережелерiн айналып өтiп тiгiстi қатынастарды өзге құқыққа жатқызуға бағытталған келісімдерi мен өзге де iс-әрекеттерi жарамсыз болады. Бұл жағдайда осы бөлiмге сәйкес қолданылуға тиiстi құқық қолданылады.
1089-бап. Өзара түсiнiстiк
1. Шетел құқығын өзара түсiнiстiк негiзiнде қолдану Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiстi шет мемлекеттегi ұқсас қатынастарға Қазақстан Республикасының құқығын қолдануға болатын-болмайтындығына қарамастан, сот шетел құқығын қолданады.
2. Егер шетел құқығын қолдану өзара түсiнiстiкке байланысты болса, өзгеше дәлелденбегендiктен, ол бар деп ұйғарылады.
1090-бап. Жария тәртiп туралы ескерту
1. Шетел құқығы оны қолдану Қазақстан Республикасы құқықтық тәртібінiң негiздерiне (Қазақстан Республикасының жария тәртібіне) қайшы келерлiк жағдайларда қолданылмайды. Бұл жағдайларда Қазақстан Республикасының құқығы қолданылады.
2. Шетел құқығын қолданудан бас тартуды тиiстi шет мемлекеттiң саяси немесе экономикалық жүйесiнiң Қазақстан Республикасының саяси немесе экономикалық жүйесiнен айырмашылығына ғана негiздеуге болмайды.
1091-бап. Императивтiк нормаларды қолдану
1. Норманың өзiнде көрсетiлуi салдарынан немесе азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн олардың ерекше маңызы болуына байланысты, қолданылуға тиісті құқыққа қарамастан, Қазақстан Республикасы заңдарының тиiстi қатынастарды реттейтiн императивтiк нормаларының қолданылуына бұл бөлiм ережелерiнiң қатысы болмайды.
2. Осы бөлiмнiң ережелерiне сәйкес, қандай да болсын бiр елдiң құқығын қолданған кезде сот, егер сол басқа елдiң құқығына сәйкес мұндай нормалар, қолданылуға тиісті құқыққа қарамастан, тиiстi қатынастарды реттеуге тиiс болса, басқа ел құқықтарының қатынаспен тығыз байланысы бар императивтiк нормаларын қолдана алады. Бұл орайда сот мұндай нормалардың мақсаты мен сипатын, сондай-ақ оларды қолданудың салдарын назарға алуға тиіс.
1092-бап. Көп құқықтық жүйелерi бар елдiң құқығын қолдану
Бiрнеше аумақтық немесе құқықтық жүйелер қолданылатын елдiң құқығы қолданылуға тиiс болған жағдайларда, осы елдiң құқығына сәйкес құқықтық жүйе қолданылады.
1093-бап. Реторсиялар
Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарына арнайы шектеулерi бар мемлекеттердiң азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарына қатысты Қазақстан Республикасы қарсы шектеулер (реторсиялар) белгiлеуi мүмкiн.
62-тарау. Коллозиялық нормалар
1. Тұлғалар
1094-бап. Жеке тұлғаның жеке заңы
1. Жеке тұлға азаматы болып табылатын елдiң құқығы оның жеке заңы болып саналады. Адамның екi немесе одан көп азаматтығы болған жағдайда адам неғұрлым тығыз байланысты елдiң құқығы оның жеке заңы болып саналады.
2. Азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елдiң құқығы, ол адамның жеке заңы болып саналады.
3. Баспана берген елдiң құқығы босқынның жеке заңы болып саналады.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1095-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1095-бап. Жеке адамның құқық қабiлеттілігi мен әрекетке қабiлеттілігi
1. Жеке тұлғаның азаматтық құқық қабілеттілігі оның жеке заңында анықталады. Бұл ретте шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында азаматтық құқық қабілеттілігін, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.
2. Жеке адамның әрекетке қабiлеттілігi оның жеке заңымен анықталады.
3. Жеке адамның мәмiлелер мен зиян келтiру салдарынан пайда болатын мiндеттемелерге қатысты азаматтық әрекетке қабiлеттілігi мәмiле жасалған немесе зиян келтiруден туындайтын мiндеттемелер пайда болған жердегi елдiң құқығы бойынша анықталады.
4. Жеке адамның жеке кәсiпкер болуға және соған байланысты құқықтары мен мiндеттерiнiң болуға қабiлетi жеке адам жеке кәсiпкер ретiнде тiркелген елдiң құқығы бойынша анықталады. Тiркелген елi болмаған жағдайда жеке кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын негiзгi орнындағы елдiң құқығы қолданылады.
5. Жеке адамды әрекетке қабiлетсiз немесе қабiлетi шектеулi деп тану сот елiнiң құқығына бағынады.
1096-бап. Жеке адамды хабар-ошарсыз кеттi деп тану және оны қайтыс болды деп жариялау
Жеке адамды хабар-ошарсыз кеттi деп тану және оны қайтыс болды деп жариялау сот елiнiң құқығына бағынады.
1097-бап. Жеке адамның есімі
Жеке адамның есiм алу оны пайдалану және қорғау құқығы, егер осы Кодекстiң 15-бабының 5 және 7-тармақтарында, 1103 және 1120-баптарында көзделген ережелерден өзгеше туындамаса, оның жеке заңымен белгiленедi.
1098-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тiркеу
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін тiркеу Қазақстан Республикасының консулдық мекемелерінде жүзеге асырылады. Бұл орайда Қазақстан Республикасының заң актілері қолданылады.
1099-бап. Шет мемлекет органдары азаматтық хал актілерін куәландыруға берген құжаттарды тану
Шет мемлекеттердiң құзыреттi органдары тиістi мемлекеттердің заңы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасаған азаматтың хал актілерін куәландыруға берген құжаттар жария етілген жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
1100-бап. Заңды тұлғаның заңы
Заңды тұлға құрылған елдің құқығы осы заңды тұлғаның заңы болып саналады.
1101-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлігi
1. Заңды тұлғаның азаматтық құқық қабiлеттілігi осы заңды тұлғаның заңымен анықталады.
2. Шетелдiк заңды тұлға өз органының немесе өкiлiнiң мәмiле жасауға өкiлеттiгiн шетелдiк заңды тұлғаның органы немесе өкiлi мәмiле жасаған елдiң құқығына белгiсiз шектеуге сiлтеме жасай алмайды.
3. Шетел құқығы бойынша заңды тұлға болып табылмайтын шетел ұйымдарының азаматтық құқық қабiлеттілігi ұйым құрылған елдiң құқығы бойынша анықталады.
Мұндай ұйымдардың қызметiне, егер Қазақстан Республикасының құқығын қолдануға болса, осы Кодекстiң ережелерi қолданылады, егер Қазақстан Республикасының заңдарынан немесе мiндеттеменiң мәнiнен өзгеше туындамайтын болса, олар коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметiн реттейдi.
2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен 1102-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1102-бап. Мемлекеттің шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуы
1. Мемлекет қатысатын шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарға, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, осы бөлімнің ережелері жалпы негіздерде қолданылады.
2. Қазақстан Республикасы шетелдік элементі бар азаматтық-құқықтық қатынастарда, егер:
Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келісімде;
сотта мәлімдеме жасау немесе нақты іс қарау шеңберінде жазбаша хабардар ету арқылы өзгеше белгіленбесе, соттық иммунитетті, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитетті және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитетті қоса алғанда, басқа мемлекет соттарының юрисдикциясынан өзіне және өзінің меншігіне қатысты юрисдикциялық иммунитетті пайдаланады.
2. Жеке мүлiктiк емес құқықтар
1103-бап. Жеке мүлiктiк емес құқықтарды қорғау
Жеке мүлiктiк емес құқықтарға мұндай құқықтарды қорғау туралы талап ету үшін негіз болған іс-әрекет немесе өзге де мән-жайлар орын алған елдiң құқығы қолданылады.
3. Мәмiлелер, өкiлдiк, талап мерзiмi
1104-бап. Мәмiленiң нысаны
1. Мәмiленiң нысаны ол жасалған жердiң құқығына бағынады. Алайда шетелде жасалған мәмiленi, егер Қазақстан Республикасы құқығының талаптары сақталса, нысанның сақталмауы салдарынан жарамсыз деп тануға болмайды.
2. Қатысушыларының кем дегенде бiреуi Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы немесе Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын сыртқы экономикалық мәміле мәміленің жасалған жеріне қарамастан, жазбаша нысанда жасалады.
3. Қозғалмайтын мүлiкке қатысты мәмiленiң нысаны - осы мүлік орналасқан жердегі елдің құқығына, ал Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiзілімге енгiзiлген қозғалмайтын мүлiкке қатысты болса, Қазақстан Республикасының құқығына бағынады.
1105-бап. Сенімхат
Сенімхаттың нысаны мен қолданылу мерзiмi осы сенімхат берiлген елдiң құқығы бойынша анықталады. Алайда сенімхат Қазақстан Республикасы құқықтарының талаптарын қанағаттандырса, оны нысаны сақталмауының салдарынан жарамсыз деп тануға болмайды.
1106-бап. Талап мерзiмi
1. Талап мерзiмi тиiстi қатынастарды реттеу үшiн қолданылатын елдің құқығы бойынша анықталады.
2. Талап мерзiмi қолданылмайтын талаптар, егер тиiстi қатынасқа қатысушылардың кем дегенде біреуі Қазақстан Республикасының азаматы немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы болса, Қазақстан Республикасының құқығы бойынша анықталады.
4. Заттық құқықтар
1107-бап. Заттық құқықтарға қолданылатын құқық туралы жалпы ережелер
1. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерiнде өзгеше көзделмесе, меншiк құқығы мен басқа да қозғалмайтын және қозғалатын мүлiкке заттық құқықтар осы мүлік орналасқан елдің құқығы бойынша анықталады.
2. Мүлiктiң қозғалмайтын немесе қозғалатын заттарға жататындығы, сондай-ақ мүлiктiң өзге де заңдық саралануы осы мүлiк орналасқан елдiң құқығы бойынша анықталады.
1108-бап. Заттық құқықтардың пайда болуы және тоқтатылуы
1. Мүлiкке заттық құқықтардың пайда болуы және тоқтатылуы, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, заттық құқықтың пайда болуы не тоқтатылуы үшiн негiз болған iс-әрекет немесе өзге де мән-жайлар орын алған кезде сол мүлiк болған елдiң құқығы бойынша анықталады.
2. Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, мәмiленiң нысанасы болып табылатын мүлiкке заттық құқықтардың пайда болуы және тоқтатылуы, елдiң осы мәмiле бағындырылған құқығы бойынша анықталады.
3. Алыну мерзiмiнiң ескiруi салдарынан мүлiкке меншiк құқығының пайда болуы аяқталған алу мерзiмiнiң ескiрген кезiнде болған елдiң құқығымен анықталады.