488-бап. Заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру тәртібі
1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына беріледі. Өтінішхатта, наразылықта, ұсынуда осы Кодекстің 423-бабында санамаланған мән-жайлардан басқа, іс бойынша іс жүргізу кезінде қандай заң бұзушылыққа жол берілгені және осы бұзушылықтар шығарылған сот шешімдерінде қалай көрініс тапқаны және шағым жасалып отырған сот актісін қайта қарау үшін осы Кодекстің 485-бабында санамаланған негіздердің қайсысы бар екені көрсетілуге тиіс. Өтінішхатта оны берген адамдардың қатысуымен немесе қатысуынсыз қаралатыны туралы көрсетілуге тиіс.
2. Өтінішхатқа, наразылыққа, ұсынуға өтінішхат, наразылық, ұсыну дәлелдерінің негізділігін растайтын материалдар қоса берілуге тиіс.
3. Заңды күшіне енген сот үкімдеріне, қаулыларына берілген, өзге мемлекеттік органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға жолданған өтінішхаттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының іс жүргізуіне қабылданбайды.
4. Осы Кодекстің 493-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттың, наразылықтың, ұсынудың берілуі олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Өтінішхат не наразылық, ұсыну берген адам сот отырысы басталғанға дейін өз өтінішхатын, наразылығын, ұсынуын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасаудың осы Кодекстің 487-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімі өткен соң берген қосымша өтінішхатында, егер бастапқы наразылықта, өтінішхатта сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап жазылмаған болса, осындай мәселе қойыла алмайды.
6. Өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды берген адам іс кассациялық сатыда қаралғанға дейін оларды кері қайтарып алуы мүмкін. Сотталған адам өзінің мүддесінде өз қорғаушысы немесе заңды өкілі берген өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы.»;
41) 489-бапта:
бірінші бөліктің 5) және 6) тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«5) өтінішхаттар осы Кодекстің 484-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық тәртіппен қайта қаралуға жатпайтын сот актiлерiне берiлсе;
6) осы Кодекстің 484-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, судьяның өтінішхатты іспен бірге бұған дейін қаралған нақ сол негіздер бойынша кассациялық сатыда қарауға беруден бас тарту туралы қаулысы болса, олар берген адамдарға қайтарылуға жатады.»;
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Өтінішхат немесе наразылық осы баптың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, үш тәулік ішінде хатпен кері қайтарылады.»;
42) 490, 491, 492 және 493-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«490-бап. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарау
1. Сот актісін қайта қарау туралы өтінішхатты кассациялық сатының судьясы зерделеп, он тәуліктен аспайтын мерзімде мынадай:
1) өтінішхатты осы Кодекстің 489-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша кері қайтаруға негіздердің бар-жоғы туралы;
2) сот ісін талап етіп алдыруға негіздердің бар-жоғы туралы мәселелерді шешеді.
2. Өтінішхат кассациялық сатыдағы сотқа келіп түскен күнінен бастап отыз тәулік ішінде, ал іс талап етіп алдырылған жағдайда іс келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қаралуға тиіс. Осы Кодекстің 486-бабында көрсетілген бірнеше адамның белгілі бір іс бойынша берілген өтінішхаттары біріктірілуі және бірге қаралуы мүмкін. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелді себептер болған кезде кассациялық сатыдағы соттың қаулысымен, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
3. Өтінішхатты алдын ала қарағанға дейін судья тиісті мамандарға қаралып отырған қылмыстық іс бойынша қолданылған заңдардың нормаларына қатысты ғылыми қорытынды дайындауды тапсыруға құқылы. Қажет болған жағдайларда мамандар кассациялық сот алқасының отырысында түсініктемелер бере алады.
4. Осы Кодекстің 490 және 491-баптарында көзделген қағидалар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуына, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығына, облыстық сот төрағасының осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігіне сәйкес енгізілетін ұсынуына, сондай-ақ өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың немесе олардың қорғаушыларының өтінішхаттарына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.
491-бап. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша қабылданатын шешімдер
1. Судья өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша:
1) сот актiлерiн қайта қарауға негіздер болған кезде, өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беру туралы;
2) сот актiлерiн қайта қарауға негіздердің болмауына байланысты өтінішхатты кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беруден бас тарту туралы;
3) осы Кодекстің 489-бабы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша өтінішхатты кері қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Судьяның өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша шығаратын қаулысында:
1) шығарылған датасы мен орны;
2) өтінішхатты қараған судьяның тегi мен аты-жөні;
3) дау туғызған сот актiсi көрсетіле отырып, қаулы шығарылған iс;
4) өтінішхатты берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
5) өтінішхатта келтiрiлген дәлелдер;
6) қабылданған процестік шешімнің уәждері;
7) өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша түйіндер көрсетiлуге тиiс.
3. Сот актілерін қайта қарауға негіздер болған кезде қаулы, өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар іспен бірге кассациялық сатыдағы сотқа алдын ала қаралған күнінен бастап бес тәуліктен кешіктірілмей беріледі.
4. Өтінішхатты алдын ала қараудың нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішхатты берген адамға жіберіледі. Өтінішхат кері қайтарылған жағдайда оған қоса берілген құжаттар кері қайтарылуға жатады.
5. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы шағым жасалуға жатпайды, бірақ ол нақ сол адамның немесе осы Кодекстің 486-бабында көрсетілген басқа адамдардың, бірақ басқа негіздер бойынша қайтадан өтінішхат беруіне кедергі болмайды.
492-бап. Кассациялық сатыдағы сот отырысын тағайындау
1. Кассациялық сатыдағы сот судьяның қаулысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бар істі алғаннан кейін үш тәулік ішінде тараптарға көрсетілген құжаттардың көшірмелерін, сот отырысы өткiзілетін датаны, уақытты, орынды көрсете отырып не олардың электрондық көшірмелерімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсы арқылы танысу мүмкіндігі туралы хабардар ете отырып, iстiң кассациялық сатыда қаралуы туралы хабарлама жiбередi.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты алқасының судьясы өтінішхатты сотта қарауға дайындау кезінде тиісті маманнан қаралып отырған қылмыстық іс бойынша қолданылған заңдардың нормаларына қатысты ғылыми қорытынды сұратуға және қажет болған кезде оны сот отырысына шақыртуға құқылы.
3. Іс кассациялық сатыдағы сотқа берілген күнінен не ұсыну, наразылық келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелді себептер болған кезде кассациялық сатыдағы соттың қаулысымен, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
493-бап. Соттың үкiмiн, қаулысын орындауды тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры кассациялық тәртiппен тексеру үшiн iстi талап етіп алдырумен бiр мезгiлде сот үкiмiнің, қаулысының орындалуын үш айдан аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.»;
43) 494-бапта:
тақырыбы, бірінші, бесінші және жетінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«494-бап. Істі кассациялық сатыда қараудың тәртібі, кассациялық сатыдағы соттың шешімдері
1. Кассациялық сатыдағы сот отырысы төрағалық етушінің қандай сот шешімі және кімнің өтінішхаты, ұсынуы, наразылығы бойынша қайта қаралып жатқанын, сот құрамына кімдердің кіретінін және сот отырысы залында процеске қатысушылардың қайсысы қатысып отырғанын хабарлауымен ашылады. Өтінішхатты берген, істі қараудың уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген адамның болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Жекеше айыптау істерін қоспағанда, прокурордың кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысуы міндетті. Тиісінше хабардар етілген тараптар келмеген не олардан тиісті арыз келіп түскен жағдайда, іс олардың қатысуынсыз қаралуы мүмкін. Осы Кодекстің 495-бабында көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы міндетті.»;
«5. Кассациялық сатыдағы сотқа қатысатын прокурор қаралып жатқан кассациялық өтінішхаттар бойынша пікірін айтады, наразылықта көрсетілген дәлелдерді баяндайды, іс бойынша жасалған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды береді.»;
«7. Істі кассациялық тәртіппен қараудың нәтижесінде сот осы Кодекстің 389-бабының талаптарын сақтай отырып, кеңесу бөлмесінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың үкімін, қаулысын, кассациялық сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз, ал оларды қайта қарау туралы өтінішхатты, ұсынуды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады;
2) бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың үкімін, қаулысын, кассациялық сатының қаулысын өзгертеді;
3) үкімнің және одан кейінгі барлық қаулылардың күшін жояды және істі тоқтатады;
4) егер іс бірінші сатыда алқабилердің қатысуымен қаралған болса, сондай-ақ осы Кодекстің 436-бабы үшінші бөлігінің 2), 5) және 9) тармақтарында көзделген процестік құқық нормаларын бұзушылықтар анықталған жағдайда үкімнің және одан кейінгі барлық қаулылардың күшін жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа немесе бірінші сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жібереді;
5) соттың үкімін өзгертіп немесе оны өзгеріссіз қалдыра отырып, апелляциялық және кассациялық тәртіппен шығарылған қаулылардың күшін жояды.
Егер тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдаған іс бойынша сот талқылауы басталып кеткен болса, істі жаңадан сот қарауына жіберу туралы қаулының күшін жоюға болмайды.»;
сегізінші бөлік алып тасталсын;
оныншы, он бірінші, он бесінші, он жетінші, он сегізінші және он тоғызыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың сот актілері, егер солар арқылы бірінші сатыдағы сот заңсыз және негізсіз шешім қабылдаған не жоғары тұрған сот іс бойынша осының алдындағы қаулылардың немесе үкімнің күшін заңсыз және негізсіз жойған немесе оларды өзгерткен деп танылса, не егер істі жоғары тұрған сотта қарау кезінде заңды елеулі түрде бұзуға жол беріліп, ол қабылданатын шешімнің дұрыстығына ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкін болса, олардың күші жойылуға немесе олар өзгертілуге жатады.
11. Егер істі апелляциялық, кассациялық сатыларда қарау кезінде істі заңсыз тоқтатуға немесе сотталған адамның жазасын жеңілдетуге жол берілген болса, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты апелляциялық, кассациялық қаулының күшін жоюға және бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп немесе өзгертпей, күшінде қалдыруға құқылы.»;
«15. Облыстық сот төрағасының осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда енгізілген ұсынуын қарау қорытындысы бойынша кассациялық саты апелляциялық алқаның екінші бір қаулысын қалдыра отырып, қаулыларының бірінің күшін жояды не екі қаулының да күшін жояды және істі жаңадан апелляциялық қарауға жібереді.»;
«17. Істі мәні бойынша қарау кассациялық алқа судьясының ұсынудың мән-жайлары мен негіздері туралы баяндамасынан не прокурордың наразылықтың мән-жайлары мен негіздері туралы баяндамасынан басталады. Істі одан әрі қарау осы бапта көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
18. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық саты қылмыстық істе бар және тараптар қосымша түрде ұсынған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың және қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығын, іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асырған кезде қылмыстық-процестік заң нормаларының сақталуын, бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы сот үкімінің немесе қаулысының заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексереді.
19. Кассациялық саты қарау қорытындысы бойынша осы баптың жетінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қаулы нысанында қабылдайды. Қаулы осы Кодекстің 496-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.»;
44) 495 және 496-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«495-бап. Қорғаушының кассациялық сатыдағы сотқа міндетті түрде қатысуының негіздері
Осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысуы міндетті.
Мұндай жағдайларда қорғаушыны шақыруға, тағайындауға, алмастыруға, оның еңбегіне ақы төлеуге байланысты мәселелер осы Кодекстің 68-бабында белгіленген тәртіппен шешіледі.
496-бап. Кассациялық сатыдағы сот қаулысының мазмұны
Кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық қаулы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысына төрағалық етуші және соттың құрамына кіретін барлық судьялар қол қояды.»;
45) 497-баптың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сот үкімінің немесе қаулысының күші кассациялық тәртіппен жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға жатады. Кассациялық сатыдағы соттың нұсқаулары істі төмен тұрған сатыдағы сот қайта қараған кезде міндетті болады.
2. Iстi бірінші, апелляциялық сатылардағы сот қараған кезде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға, егер бастапқы үкiмнiң немесе қаулының күшi жазаның жеңілдігіне қарай немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттiгiне байланысты кассациялық тәртіппен жойылған болса ғана жол берiледi. Апелляциялық сатыдағы сот iстi жаңадан талқылау кезiнде шығарған үкiмге жалпы тәртiппен шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкiн.»;
46) 498-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«498-бап. Істі жаңадан қарау кезінде шығарған сот үкімін және қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық келтіру
Алдыңғы үкімнің немесе қаулының күші жойылуына байланысты шығарылған жаңа үкімді немесе қаулыны кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық соттың бірінші үкімінің немесе қаулысының күшін жою уәждеріне қарамастан, жалпы негіздерде берілуі мүмкін.»;
47) 504-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхаттарды бірінші сатыдағы соттың үкім, қаулы шығарған судьясы жеке-дара қарайды. Егер іс бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар қаулы шығарған болса, сот шешімдерін қайта қарау:
1) апелляциялық сатыда - егер істі апелляциялық саты жеке-дара қараған болса - жеке-дара, ал егер іс алқалы түрде қаралса - алқалы түрде;
2) кассациялық сатыда алқалы түрде жүзеге асырылады.»;
48) 505-баптың бесінші бөлігіндегі «, кассациялық» деген сөз алып тасталсын;
49) 507-баптың бірінші бөлігіндегі «, кассациялық» деген сөз алып тасталсын;
50) 529-баптың тоғызыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша соттың шешіміне осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жалпы негіздерде шағым, наразылық жасауға болады.»;
51) 627-баптың төртінші бөлігінің үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша соттың үкіміне осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жалпы негіздерде шағым, наразылық жасауға болады.»;
52) 631-баптың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 170 (төртiншi бөлiгiнде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртiншi бөлiгiнде), 263 (бесінші бөлiгiнде), 286 (төртiншi бөлiгiнде), 297 (төртiншi бөлiгiнде), 298 (төртiншi бөлiгiнде), 299 (төртiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру туралы, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы, сондай-ақ 125 (үшінші бөлiгiнде), 128 (төртiншi бөлiгiнде), 132 (бесiншi бөлiгiнде), 135 (төртiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстердi алқабилердiң қатысуымен қарайды.
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң бiрнеше бабында көзделген қылмыстар жасады деп айыпталса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 170 (төртiншi бөлiгiнде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртiншi бөлiгiнде), 263 (бесiншi бөлiгiнде), 286 (төртiншi бөлiгiнде), 297 (төртiншi бөлiгiнде), 298 (төртiншi бөлiгiнде), 299 (төртiншi бөлiгiнде) - баптарында көзделген қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру туралы, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстардың ең болмағанда бiреуi кiрсе, сондай-ақ 125 (үшінші бөлiгiнде), 128 (төртiншi бөлiгiнде), 132 (бесiншi бөлiгiнде), 135 (төртiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстердi айыпталушының өз iсiн сотқа алқабилердiң қатысуымен қаратуға құқығы бар.»;
53) 656-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-бөлікпен толықтырылсын:
«1-1. Төрағалық етуші айыптаудың мазмұнын келтіреді; қылмыстық заңның мазмұнын хабарлайды; мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының ұстанымдарын баяндайды; бюллетеньдерді толтыру тәртібін, сондай-ақ жазалауды тағайындауға арналған дауыс беру тәртібін түсіндіреді.»;
үшінші, төртінші, бесінші және он үшінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Негiзгi және қосымша сұрақтар бойынша дауыс беру жасырын және жазбаша жүргiзiледi. Судья мен алқабилердiң дауыс беру кезiнде қалыс қалуға құқығы жоқ. Судья мен алқабилердiң дауыстары тең.
4. Судья мен алқабилер сотталушылардың саны бойынша және олар жауап беруге тиіс сұрақтардың саны бойынша соттың мөртабаны басылған, дауыс беруге арналған таза бюллетеньдi алады, олардың әрқайсысында мынадай: «Өзiмнiң абыройым, ар-ожданым бойынша және iшкi нанымым бойынша менiң түйінім…» деген сөздер болады. Олардың әрқайсысы дауыс беру құпиясын қамтамасыз ете отырып, сұрақ парағында қойылған және шешiлуге жататын әрбір сұраққа бюллетеньге жауап жазады. Жауап міндетті түрде жауаптың мәнiн ашатын («ия, дәлелдендi», «жоқ, дәлелденген жоқ», «ия, кiнәлi», «жоқ, кінәсiз») түсiндiрме сөзі немесе сөз тiркестерi болатын мақұлдаған «ия» немесе құптамаған «жоқ» дегенді білдіруге тиiс. Судья мен алқабилер өз бюллетеньдерiн дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
5. Қойылған сұрақтардың ішінен біріншісі бойынша дауыс беру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң қатысуымен жәшiктi ашады және әрбiр бюллетеньдегi дауыстарды санайды, дауыстарды санау нәтижесiн сұрақ парағында көрсетiлген негiзгi үш сұрақтың біріншісінің тұсына дереу жазады.
Алқабилер мен судьялар сұрақ парағында қойылған сұрақтардың әрқайсысы бойынша негізгі, одан кейін қосымша сұрақтарға сол тәртіппен рет-ретімен дауыс береді.»;
«13. Өмір бойы бас бостандығынан айыру мен айрықша жазалау шарасы - өлiм жазасы судья мен алқабилердің бiрауызды шешiмі болған кезде ғана тағайындалуы мүмкiн.»;
54) 662-баптың бесінші бөлігі алып тасталсын;
55) 664-бап алып тасталсын;
56) 665 және 666-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«665-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарау
Алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша шығарылған үкімдерді, қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы осы Кодекстің 485-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағында және екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша не жаза тағайындалған кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Жалпы және Ерекше бөліктері нормаларының дұрыс қолданылмағанына байланысты жүзеге асырады.
666-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген үкімін, қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау кезінде сотталған адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу
Соттың айыптау үкiмiн, сондай-ақ қаулысын жазаның жеңiлдiгiне орай неғұрлым ауыр қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану қажеттiгiне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негiздер бойынша кассациялық тәртіппен қайта қарауға, сондай-ақ соттың ақтау үкiмiн не қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулысын қайта қарауға жол берiлмейдi.»;
57) 673-бапта:
тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күні айыптау қорытындысымен, айыптау хаттамасымен, сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасымен, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін сотқа жіберілмеген қылмыстық істер осы Кодекстің ережелеріне сәйкес тергеледі, сотқа жіберіледі және оларды бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттар осы Кодекстің ережелеріне сәйкес қарайды.»;
мынадай мазмұндағы он алтыншы бөлікпен толықтырылысын:
«16. 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шығарылған сот актілеріне осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы не наразылық білдірілуі мүмкін.
Осы Кодекстің 484-бабының екінші бөлігінде көзделген істер бойынша 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шығарылған сот актілеріне 2016 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кассациялық сатысына шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.».
9. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2014 ж., № 18-I, 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 52-құжат; № 14, 71-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат):
1) мазмұнында:
мынадай мазмұндағы 820-1-баптың тақырыбымен толықтырылсын:
«820-1-бап. Сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріп алу»;
45 және 46-тараулардың тақырыптары мынадай редакцияда жазылсын:
«45-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларды қайта қарау»;
«46-тарау. Соттардың заңды күшіне енген қаулыларын қайта қарау»;
847 және 849-баптардың тақырыптары алып тасталсын;
851-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«851-бап. Заңды күшіне енген қаулыларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері бойынша оларды қайта қараудың кассациялық тәртібі».
9-тармақтың 2) тармақшасы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілді
2) 54-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацындағы «442» деген цифрлар «442 (үшінші бөлігінде)» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 683-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Кәмелетке толмағандар немесе өзінің дене бітімі немесе психикалық жағдайы бойынша құқықтарын өз бетінше жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылғандар болып табылатын: әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамның немесе жәбірленушінің заңды өкілінің жазбаша арызы бойынша не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы арызы бойынша іс мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттарда, мұндай болмаған кезде - жалпы юрисдикциядағы соттарда қаралуы мүмкін.»;
9-тармақтың 4) тармақшасы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілді
4) 684-баптың екінші бөлігінің 1) тармақшасындағы «442» деген цифрлар «442 (үшінші бөлігінде)» деген сөздермен ауыстырылсын;