391-бап. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіруге байланысты сот актілерін даулау тәртібі
1. Жоғалған сот ісін жүргізуді қалпына келтіруге байланысты сот актілері осы Кодексте белгіленген тәртіппен дауланады.
2. Көрінеу жалған арыз берілген кезде жоғалған сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз бойынша іс қозғауға байланысты сот шығыстары арыз берушіден өндіріп алынады.
6-КІШІ БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТЫ НЕГІЗІНДЕ БАЛАНЫ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАРДЫ ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
51-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТЫ НЕГІЗІНДЕ БАЛАНЫ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАРДЫ ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
392-бап. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде баланы қайтару туралы немесе балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз беру
1. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған баланы қайтару немесе осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды (бұдан әрі - баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз) оның қорғаншылық құқықтарын немесе қол жеткізу құқықтарын жауапкер бұзды деп пайымдаған ата-ана немесе өзге де тұлға сотқа береді не прокурор сотқа береді.
2. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа беріледі.
3. Егер баланың Қазақстан Республикасының аумағында болу орны белгісіз болса, баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз баланың Қазақстан Республикасындағы соңғы белгілі болған болу орны бойынша немесе жауапкердің Қазақстан Республикасындағы соңғы белгілі болған орны бойынша осы баптың екінші бөлігінде көзделген сотқа беріледі.
4. Баланың болу орны өзгерген жағдайда баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз осы бапта белгіленген соттылық қағидаларын сақтай отырып, арызды өзінің іс жүргізуіне қабылдаған соттың қарауына жатады.
5. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызда тиісті талап Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде қойылатыны көрсетілуге тиіс.
393-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыздарды қарау тәртібі
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыздар бойынша істер (бұдан әрі - баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта және осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен, талап қою ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қаралады және шешіледі.
394-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету
Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі басқа шаралармен қатар қажет болған жағдайларда осы Кодекстің 15-тарауына сәйкес судья баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін жауапкерге баланың болу орнын өзгертуге және оның Қазақстан Республикасынан кетуін уақытша шектеуге тыйым сала алады.
395-бап. Талап қою талаптарын біріктіруге және қарсы талап қою беруге жол берілмеушілік
Талап қоюшының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған екі немесе одан да көп баланы қайтару туралы немесе екі және одан да көп балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы талаптарын біріктіру жағдайын қоспағанда, бірнеше талап қою талаптарын біріктіруге және баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша қарсы талап қоюға жол берілмейді.
396-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды қарау
1. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның міндетті түрде қатысуымен қаралады.
2. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды сот, істі сот талқылауына дайындауға және уәжді шешім жасауға арналған мерзімді қоса алғанда, соттың арызды қабылдаған күнінен бастап қырық екі күннен аспайтын мерзімде қарайды.
397-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімі
1. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған баланы қайтару туралы іс бойынша соттың шешімі осы Кодекстің 19-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуге және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес баланы тұрақты тұратын мемлекетіне қайтару қажеттігінің негізділігін, баланы қайтару тәртібін, сот шығыстарын және баланы қайтаруға байланысты шығыстарды бөлуге арналған нұсқауды немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес баланы тұрақты тұратын мемлекетіне қайтарудан бас тартудың негізділігін және сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды қамтуға тиіс.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткен немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешімі осы Кодекстің 19-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуге және талап қоюшының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес қол жеткізу құқықтарын жүзеге асырудың негізділігін, талап қоюшының қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларын, сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес қол жеткізу құқықтарын жүзеге асырудан бас тартудың негізділігін және сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды қамтуға тиіс.
398-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешіміне апелляциялық шағымдар беру, наразылық келтіру мерзімі және істі апелляциялық сатыдағы сотта қарау мерзімі
1. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешіміне апелляциялық шағым, наразылық осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес түпкілікті нысанда сот шешімі қабылданған күннен бастап он күн ішінде берілуі мүмкін.
2. Апелляциялық шағым, наразылық бойынша келіп түскен баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес апелляциялық сатыдағы сотқа келіп түскен күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қаралады.
399-бап. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша соттың ұйғарымына жеке шағымды, наразылықты беру және қарау мерзімі
1. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша соттың ұйғарымына осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес ұйғарым шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жеке шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкін.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жеке шағым, наразылық осы Кодекстің 429-бабында көзделген қағидаларға сәйкес іс апелляциялық сатыға берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей қаралады.
400-бап. Сот қаулыларының көшірмелерін жіберу
1. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы, қайтару туралы, қараусыз қалдыру туралы, баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, қайта бастау немесе тоқтату туралы сот ұйғарымдарының көшірмелері, бірінші сатыдағы соттың көрсетілген ұйғарымдарына жеке шағым немесе наразылық бойынша апелляциялық сатыдағы сот шығарған ұйғарымның көшірмесі тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының халықаралық шарты бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында тағайындалған уәкілетті органға (бұдан әрі осы бапта - орталық орган), сондай-ақ осы бала туралы дауға байланысты іс, егер мұндай іс туралы ұйғарым шығарған сотқа мәлім болса, іс жүргізуінде жатқан сотқа жіберіледі.
2. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша осы Кодекстің 151-бабының екінші бөлігінде, 152-бабының екінші бөлігінде көзделген сот ұйғарымдарының көшірмелері тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей арыз берушіге табыс етіледі немесе өзіне жіберіледі.
3. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша осы Кодекстің 271-бабында көзделген сот ұйғарымдарының көшірмелері іске қатысатын адамдарға, егер олар сот отырысына келмесе, тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жіберіледі.
4. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімдерінің көшірмелері іске қатысатын, бірақ сот отырысында болмаған тұлғаларға және орталық органға түпкілікті нысанда сот шешімі қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жіберіледі. Егер көрсетілген іс бойынша осы Кодекстің 236-бабына сәйкес қосымша шешім қабылданған болса, оның көшірмесі іске қатысатын адамдарға және орталық органға қосымша шешім қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жіберіледі.
5. Егер баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешіміне шағым жасалмаса, апелляциялық шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енген шешімнің көшірмесі орталық органға және осы бала туралы дауға байланысты іс бойынша, егер мұндай іс туралы шешім қабылдаған сотқа мәлім болса, іс жүргізуді тоқтата тұрған сотқа жіберіледі.
6. Баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша апелляциялық ұйғарымның көшірмесі шығарылған күнінен бастап үш күн мерзімде орталық органға және осы бала туралы дауға байланысты іс, егер мұндай іс бойынша ұйғарым шығарған сотқа мәлім болса, іс жүргізуінде жатқан бірінші немесе екінші сатыдағы сотқа жіберіледі.
7. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімін түсіндіру туралы сот ұйғарымының көшірмесі іске қатысатын, бірақ сот отырысында болмаған тұлғаларға және орталық органға тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей жіберіледі.
3-БӨЛІМ. СОТ АКТІЛЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
52-тарау. СОТ АКТІЛЕРІНЕ АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ ЖАСАУ, НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУ
401-бап. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау және наразылық білдіру құқығы
1. Осы тарауда көзделген қағидаларға сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
2. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.
3. Сот шешіміне апелляциялық наразылық білдіру құқығы істі қарауға қатысатын прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары істі қарауға қатысу-қатыспауына қарамастан, өздерінің құзыреті шегінде шешімге наразылық білдіруге құқылы.
4. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасауға құқылы.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 402-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
402-бап. Апелляциялық шағымдарды, наразылықтарды қарайтын соттар
Аудандық және оларға теңестірілген соттар шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды.
Осы Кодекстің 27-бабы төртінші бөлігінің қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды.
Судья аудандық және оларға теңестірілген соттар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты, жеке шағымды, ұйғарымға наразылықты жеке-дара қарайды.
403-бап. Апелляциялық шағымдар, наразылықтар беру тәртібі мен мерзімдері
1. Апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарған сот арқылы беріледі. Тікелей апелляциялық сатыға келіп түскен шағым немесе наразылық шешім шығарған сотқа осы Кодекстің осы бабы екінші бөлігінің және 405-бабының талаптарын орындау үшін жіберілуге жатады.
2. Апелляциялық шағым, наразылық іске қатысатын адамдардың санына қарай көшірмелерімен қоса сотқа беріледі. Қажет болған жағдайларда судья шағымды немесе наразылықты берген тұлғаны шағымға немесе наразылыққа қоса берілген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін іске қатысатын адамдардың санына қарай беруге міндеттей алады.
3. Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық шағым, наразылық - шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап берілуі, ал сот талқылауына қатыспаған тұлғалар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.
4. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алудың өткізілуін тексеру қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер бойынша апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарылған күннен бастап он күн ішінде берілуі мүмкін.
5. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты беру үшін мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен қарайды.
404-бап. Апелляциялық шағымның, наразылықтың мазмұны
1. Апелляциялық шағымда, наразылықта:
1) шағым, наразылық жіберілетін соттың атауы;
2) шағым, наразылық беретін тұлғаның атауы;
3) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;
4) әдетте қолданылуға жататын заңдарға және іс материалдарына сілтеме жасай отырып, сот шешімінің заңсыздығы немесе негізсіздігі неден көрінетіндігіне нұсқау;
5) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешімнің заңдылығын қандай бөлігінде тексеру керек екендігі және шағым, наразылық беретін тұлғаның қандай өзгерістер енгізуін талап ететініне нұсқау;
6) шағымға, наразылыққа қоса берілген құжаттардың тізбесі;
7) шағымды, наразылықты беру күні және шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның қолтаңбасы қамтылуға тиіс. Өкіл қол қойған шағымға сенімхат немесе істе ондай құжат болмаса, өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын өзге құжат қоса берілуге тиіс.
Шағымды, наразылықты электрондық құжат нысанында берген кезде олар оны беретін тұлғаның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанындағы шағымға, наразылыққа құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.
2. Апелляциялық шағымда, наразылықта бірінші сатыдағы сотқа мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс.
Егер шағымда, наразылықта жаңа дәлелдемелерді бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға жол беріледі.
405-бап. Бiрiншi сатыдағы соттың апелляциялық шағымды, наразылықты алғаннан кейiнгi әрекеттерi
1. Мерзімінде берілген және осы Кодекстің 403 және 404-баптарының талаптарына сәйкес келетін апелляциялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейін бірінші сатыдағы соттың судьясы мынадай әрекеттерді жасайды:
1) шағым немесе наразылық келіп түскен күннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей іске қатысатын адамдарға шағымның, наразылықтың көшірмелерін және оларға қоса берілген жазбаша дәлелдемелерді не соттың интернет-ресурсы арқылы бұлардың электрондық көшірмелерімен танысу мүмкіндігі туралы хабарлау жібереді.
Тараптарға, ұсынылу мерзімі көрсетіле отырып, олардың шағымға, наразылыққа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында қарсылық білдіру құқығы түсіндіріледі;
2) шағым жасау, наразылық білдіру үшін белгіленген мерзім өткен соң істі апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді.
2. Апелляциялық шағым жасау, наразылық білдіру үшін белгіленген мерзім өткенге дейін азаматтық істі соттан ешкім талап етіп ала алмайды. Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ іске қатысуға тартылмаған, бірақ құқықтары мен міндеттеріне қатысты сот шешім қабылдаған тұлғалар сотта іс материалдарымен, сондай-ақ келіп түскен шағымдармен және оларға берілген қарсылықтармен танысуға құқылы.
406-бап. Апелляциялық шағымды, наразылықты қозғаусыз қалдыру
1. Осы Кодекстің 403-бабының екінші бөлігінде және 404-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін апелляциялық шағым, наразылық берілген кезде судья ұйғарым шығарады, онда шағымды, наразылықты қозғаусыз қалдырады және шағым, наразылық берген тұлғаға кемшіліктерді түзету үшін мерзім тағайындайды.
2. Егер апелляциялық шағым берген, наразылық келтірген тұлға ұйғарымда қамтылған нұсқауларды белгіленген мерзімде орындаса, шағым немесе наразылық сотқа алғашқы ұсынылған күні берілген деп есептеледі.
3. Апелляциялық шағымды, наразылықты қозғаусыз қалдыру туралы ұйғарым шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
407-бап. Апелляциялық шағымды, наразылықты қайтарып алу
1. Апелляциялық шағым, наразылық оларды берген тұлғаға мынадай жағдайларда:
1) судьяның шағымды, наразылықты қозғаусыз қалдыру туралы ұйғарымындағы нұсқаулары белгіленген мерзімде орындалмағанда;
2) шағымды, наразылықты берген тұлғаның өтінуі бойынша;
3) егер шағым жасау немесе наразылық білдіру мерзімі өтіп кетсе және шағымда немесе наразылықта оны қалпына келтіру туралы арыз болмаса немесе оны қалпына келтіруден бас тартылса;
4) егер шағымды, наразылықты оны беруге немесе оған қол қоюға құқығы жоқ тұлға берсе, қайтарылады.
2. Апелляциялық шағымды, наразылықты қайтарып алу туралы ұйғарымды сот:
1) осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда - сот белгілеген мерзім өткен күннен бастап;
2) қалған жағдайларда - шағым, наразылық келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.
Апелляциялық шағымды, наразылықты қайтарып алу туралы ұйғарымға шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
408-бап. Апелляциялық шағымға, наразылыққа пікір
1. Іске қатысатын адам апелляциялық шағымға, наразылыққа қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды қоса бере отырып, апелляциялық шағымға, наразылыққа пікірді апелляциялық сатыдағы сотқа, іске қатысатын басқа да тұлғаларға жібереді.
Апелляциялық сатыдағы сотқа жіберілетін пікірге іске қатысатын басқа да тұлғаларға пікірдің жіберілгенін растайтын құжат та қоса беріледі.
2. Пікір сот белгілеген, апелляциялық сатыдағы сотта сот отырысы басталғанға дейін іске қатысатын адамдардың онымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін мерзімде жіберіледі.
3. Пікірге іске қатысатын адам немесе оның өкілі қол қояды. Пікірді электрондық құжат нысанында берген кезде ол оны берген тұлғаның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Өкіл қол қойған пікірге сенімхат немесе оның өкілеттігін растайтын өзге құжат қоса берілуге тиіс. Электрондық құжат нысанында берілген пікірге осы бапта көрсетілген құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.
409-бап. Апелляциялық шағымнан, наразылықтан бас тарту және оларды кері қайтарып алу
1. Апелляциялық шағым берген тұлға, оның ішінде іс бойынша тарап ретінде апелляциялық шағым берген прокурор апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарғанға дейін одан бас тартуға немесе сот осы Кодекстің 405-бабында көзделген әрекеттерді орындаған кезде оны бірінші сатыдағы сотта кері қайтарып алуға құқылы.
Прокурор апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарғанға дейін наразылықты кері қайтарып алуға құқылы.
Апелляциялық шағымнан бас тарту, шағымды, наразылықты кері қайтарып алу бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сотқа жазбаша арыз беру арқылы ресімделеді.
2. Апелляциялық шағымнан бас тартуды қабылдау туралы апелляциялық сатыдағы сот, егер шешімге басқа тұлғалар шағым жасамаса және жоғары тұрған прокурор наразылық білдірмесе, апелляциялық іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады. Ұйғарым шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды. Шағымды қайтадан беруге жол берілмейді, ал берілген жағдайда шағым қайтарып алынады.
3. Шағым, наразылық кері қайтарылып алынған жағдайда сот оны қайтару туралы ұйғарым шығарады, ол шағым беруге және наразылық келтіруге жатпайды. Шағым, наразылық осы Кодекстің 403-бабының үшінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде қайта берілуі мүмкін.
4. Егер бірінші сатыдағы соттың шешіміне апелляциялық шағымды басқа тұлғалар берсе, ол осы тарауда белгіленген тәртіппен мәні бойынша қаралуға тиіс.
410-бап. Тараптардың дауды апелляциялық сатыдағы сотта ерікті түрде реттеуі
1. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы, апелляциялық шағым берілгеннен кейін жасалған тараптардың татуласу келісімі, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім апелляциялық сатыдағы сотқа жіберілген арыздарда көрсетілуге тиіс.
2. Апелляциялық сатыдағы сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша арыздарды осы Кодекстің 170-бабында және 17-тарауында көзделген тәртіппен қарайды.
3. Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюдан бас тартуды қабылдаған жағдайда сот шешімінің күшін жояды және осы Кодекстің 277-бабының 4) тармақшасында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Апелляциялық сатыдағы сот татуласу келісімі, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілген жағдайда сот шешімінің күшін жояды және осы Кодекстің 277-бабының 5), 6) тармақшаларында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
4. Егер апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдамаса, татуласу келісімін, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін немесе партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісімді бекітпесе апелляциялық шағым мәні бойынша қаралады.
411-бап. Шешімнің орындалуын тоқтата тұру
Апелляциялық сатыдағы сот іс қаралғанға дейін апелляциялық шағым, наразылық берген тұлғаның арызы бойынша бірінші сатыдағы сот қабылдаған және осы Кодекстiң 243-бабында санамаланған істер бойынша шешімдерден басқа, осы Кодекстің 244-бабында көзделген тәртіппен дереу орындауға жіберілген шешімнің орындалуын тоқтата тұруға құқылы.
Шешімнің орындалуын тоқтата тұру қажеттілігі өткен соң тоқтата тұру туралы қаулының күші жойылады.
Шешімнің орындалуын тоқтата тұру туралы немесе тоқтата тұрудың күшін жою туралы қаулы сот орындаушысына және тараптарға жіберіледі (табыс етіледі).
53-тарау. АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ, НАРАЗЫЛЫҚ БОЙЫНША ІСТЕРДІ ҚАРАУ
412-бап. Апелляциялық қараудың нысанасы
Апелляциялық шағым, наразылық бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабының екінші бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.