Сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін осы баптың үшінші бөлігінде белгіленген мерзім шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал етсе, оларды медиацияға шақыруға құқылы.
6. Сотта медиацияны өткізу хаттамасы жүргізілмейді.
7. Егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.
180-бап. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім және оны орындау
1. Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
2. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және осы Кодекстің 176, 177-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Егер тараптар медиация тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе келісімнің шартын сот бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
181-бап. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу
1. Тараптар осы Кодекстің 179-бабында көзделген қағидалар бойынша сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.
2. Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
182-бап. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім және оны орындау
1. Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және осы Кодекстің 177-бабына сәйкес оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
2. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім, келісімді бекіту туралы ұйғарым осы Кодекстің 176 және 177-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Егер тараптар партисипативтік рәсім тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісім шартын бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
18-тарау. СОТ ТАЛҚЫЛАУЫ
183-бап. Бірінші сатыдағы соттың азаматтық iстердi қарау және шешу мерзiмдерi
1. Азаматтық істі қарау мерзімі оның іс жүзіндегі күрделілігіне және іске қатысатын адамдардың мүдделеріне сәйкес келуге тиіс.
2. Сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде азаматтық iстерді қарайды және шешедi.
Жұмысқа қайтадан алу, әке болуды анықтау және алименттерді өндiріп алу туралы азаматтық істерді, сондай-ақ ерекше талап қою және ерекше іс жүргізу істерін сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір айға дейiнгi мерзiмде қарайды және шешедi. Ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істер талап қою арызы сотқа түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексерудің қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
3. Осы Кодексте азаматтық iстердiң жекелеген санаттары үшін оларды қараудың және шешудің өзге де мерзiмдері белгiленуi мүмкiн.
4. Қарсы талап қою берілген істерді қарау және шешу мерзімінің өтуі негізгі талап қою бойынша істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
Сот ақылға сыйымдылықты және жеткілілікті ескере отырып, мерзімді белгілеуге тиіс.
5. Негізгі істен бөліп алынған істі, сондай-ақ бірлесіп қарау үшін бір іске біріктірілген істерді қарау және шешу мерзімінің өтуі осы Кодекстің 167-бабының төртінші бөлігіне сәйкес есептеледі.
6. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен соттың ұйғарымына шағым жасалған кезде істі қарау және шешу мерзімінің өтуі, талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға шағым жасау жағдайларын қоспағанда, істі жоғары сатыдағы сотқа жіберген кезден бастап ол бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне түскенге дейін үзіледі.
184-бап. Сот отырысы
Сот азаматтық істі талқылауды іске қатысатын адамдарды міндетті түрде хабарландыра отырып, сот отырысында жүргізеді.
185-бап. Сот отырысында төрағалық етушi
1. Төрағалық етушiнiң мiндетiн судья атқарады. Төрағалық етушi азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарына сәйкес процестік әрекеттер жасаудың сабақтастықтығы мен тәртiбінiң сақталуын, процеске қатысушылардың процестік құқықтарын жүзеге асыруын және олардың процестік міндеттерді орындауын, процестің тәрбиелiк ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды.
2. Іске қатысатын қандай да бір тұлғаның төрағалық етушiнiң процестік әрекеттерiне қарсылық бiлдiруі сот отырысының хаттамасына енгiзiледi.
3. Төрағалық етушi сот отырысында тиiстi тәртiптi қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолданады. Сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптар іске қатысатын барлық тұлғалар және олардың өкілдері, мамандар, сарапшылар, аудармашылар үшiн, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшiн мiндеттi.
Төрағалық етушінің сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптарын орындамау осы Кодекстің 119 және 120-баптарының талаптарына сәйкес заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
186-бап. Сот талқылауының тікелей және ауызша болуы
1. Сот іс пен дауды қараған және шешкен кезде iс бойынша дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге міндетті.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді қоспағанда, сот тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың түсiнiктемелерiн, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелердi қарап шығуға, дыбысжазбаларды тыңдауға және бейнежазбаларды, киноматериалдарын, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты түрлендірудің өзге де құралдарының материалдарымен танысуға мiндеттi. Қажет болған жағдайларда iс бойынша дәлелдемелердi зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсiндiрмелерiн тыңдайды.
2. Сот отырысында істi талқылау ауызша жүргiзiледi. Істі қарау процесінде судья алмастырылған жағдайда талқылау басынан бастап жүргізілуге тиіс.
3. Сот іске қатысатын басқа да тұлғалар тараптарының түсініктемелерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауды бейнеконференцбайланыс арқылы жүзеге асыра алады.
187-бап. Сот отырысындағы тәртiп
1. Судья сот отырысы залына кiрген кезде залдағы қатысып отырған адамдар орындарынан тұрады. Шешiм шығармай аяқталатын істегі сот шешiмiн немесе ұйғарымын сот отырысы залында қатысып отырғандар түрегеп тұрып тыңдайды.
2. Іске қатысатын адамдар мен сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар судьяға «Құрметті сот» деп сөйлейді.
Түсініктемелер мен айғақтарды, сұрақтар мен оларға жауаптарды процеске қатысушылар төрағалық етушінің рұқсатымен түрегеп тұрып береді. Бұл қағидадан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен ғана жол берілуі мүмкiн.
3. Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар сот отырысы залындағы тәртіпті сақтауға міндетті.
188-бап. Сот отырысындағы тәртiпті бұзушыларға қолданылатын шаралар
1. Iстi талқылау кезiнде тәртiпті бұзған адамға төрағалық етушi соттың атынан ескерту жасайды.
2. Тәртiптi қайталап бұзған жағдайда iске қатысатын адам сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымы бойынша сот талқылауының барлық уақытына немесе оның бiр бөлiгiне сот отырысы залынан шығарып жiберiлуi мүмкiн. Төрағалық етушi соңғы жағдайда сот отырысы залына қайта жiберiлген адамды ол болмаған кезде жасалған процестік әрекеттермен таныстырады. Сот отырысы залына қайта оралған адамдар олар болмаған кезде зерттелген мән-жайлар бойынша түсініктеме беруге және іске қатысатын басқа адамдарға сұрақтар қоюға құқылы.
3. Іске қатыспайтын және сот отырысы залында қатысып отырған адамдар қайталап тәртіп бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарып жіберіледі.
4. Iстi талқылау барысында оған қатысушылар жаппай тәртiп бұзған жағдайда сот iске қатыспайтын адамдардың барлығын сот отырысы залынан шығарып жіберуі және iстi жабық отырыста қарауы немесе iстi талқылауды кейiнге қалдыруы мүмкiн. Істі жабық сот отырысында қарау және шешу туралы ұйғарым шығарылады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
5. Процеске қатысушы тұлға тарапынан тікелей сот талқылауы барысында сотты құрметтемеу фактісі анықталған кезде сот кінәлі адамға осы Кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға құқылы.
6. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, бұл адам осы Кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
189-бап. Сот отырысын ашу
1. Төрағалық етушi сот отырысын ашады және қаралуға жататын іс туралы, сондай-ақ сот отырысында аудио-, бейнежазба құралдары пайдаланылатыны туралы хабарлайды.
Жабдықтың техникалық ақауы болған, оның болмауы немесе оны техникалық себептер бойынша қолдану мүмкін болмаған жағдайларда сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жазып алу жүзеге асырылмайды.
2. Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкіндігінің болмауы сот отырысы жалғаспайды дегенді білдірмейді.
Аудио-, бейнежазба құралдары пайдаланылмауының себептері сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
190-бап. Процеске қатысушылардың келуiн тексеру
1. Сот отырысының хатшысы осы iс бойынша шақырылған тұлғалардан кiмнiң келгенiн, келмеген тұлғаларға хабар берiлгенін не берiлмегенiн және олардың келмеу себептерi туралы қандай мәлiметтердiң бар екенiн сотқа баяндайды.
2. Төрағалық етушi келгендердiң жеке басын анықтайды, сондай-ақ өкiлдердiң өкiлеттiктерiн тексередi.
191-бап. Аудармашыға оның мiндеттерiн түсiндiру
1. Төрағалық етушi аудармашыға сот ісі жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмейтiн адамдардың түсiндiрмелерiн, айғақтарын, мәлiмдемелерiн, ал осы адамдарға iске қатысатын тұлғалар мен куәлардың түсiндiрмелерiнiң, айғақтарының, мәлiмдемелерiнiң, жария етiлетiн және iсте бар құжаттардың, дыбысжазбалардың, сарапшылар қорытындыларының, мамандар консультацияларының, сондай-ақ судья өкiмдерiнiң, сот шығарған сот актілерінің мазмұнын аудару мiндетiн түсiндiредi.
2. Төрағалық етушi аудармашыға көрiнеу қате аударма жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген жауаптылық туралы ескертедi. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi. Аудармашы сотқа келуден немесе өз мiндеттерiн орындаудан дәлелді себептерсіз жалтарған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкiмшiлiк жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Осы баптың қағидалары сурдоаударма жасау дағдыларын меңгерген және сот процеске қатысуға тартқан адамға қолданылады.
192-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығарып жіберу
1. Келген куәлар сот отырысы залынан шығарып жіберіледі.
2. Төрағалық етушi жауап алынған куәлардың жауап алынбаған куәлармен сөйлеспеуі үшін шаралар қолданады.
193-бап. Сот құрамын жария ету және қарсылық бiлдiру құқығын түсiндiру
1. Төрағалық етушi сот құрамын жариялайды, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы ретiнде кiмдердiң қатысып отырғанын хабарлайды және iске қатысатын тұлғаларға олардың қарсылық бiлдiру құқығын түсiндiредi.
2. Қарсылықтар бiлдiру үшiн негiздер, мәлiмделген қарсылықты шешу тәртiбi және осындай мәлiмдеулердi қанағаттандырудың салдары осы Кодекстiң 38, 39, 40, 41 және 42-баптарында айқындалады.
194-бап. Iске қатысатын тұлғаларға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етуші іске қатысатын адамдардың процестік құқықтарымен және міндеттерімен танысқандығына көз жеткізеді, ал таныспаған жағдайда оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
Төрағалық етуші тараптарға дауды татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен шешу немесе дауды заңда белгіленген басқа тәсілмен реттеу не дауды шешу үшін төрелікке жүгіну құқығын және олардың құқықтық салдарын түсіндіреді.
195-бап. Соттың iске қатысатын тұлғалардың өтiнiшхаттарын шешуi
Iске қатысатын тұлғалардың және өкiлдердiң iстi талқылауға байланысты мәселелер бойынша өтiнiшхаттары iске қатысатын тұлғалардың пiкiрлерi тыңдалғаннан кейін шешіледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда соттың ұйғарымы шығарылады.
196-бап. Iске қатысатын тұлғалардың және өкiлдердiң сот отырысына келмеуінің салдары
1. Iске қатысатын тұлғалар сот отырысына келмеу себептерi туралы сотқа алдын ала хабарлауға және осы себептердiң дәлелдi екендiгiне дәлелдемелердi ұсынуға мiндеттi.
2. Iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрі сот отырысына келмеген жағдайда, олардың тиiстi түрде хабарландырылғаны туралы мәлiметтер жоқ болса, iстi талқылау кейiнге қалдырылады.
3. Егер iске қатысатын тұлғалар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарландырылса, олардың келмеу себептерi тек дәлелдi деп танылған жағдайда ғана сот iстi талқылауды кейiнге қалдырады.
4. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарландырылған iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрi келмеген жағдайда, егер олардың келмеу себептерi дәлелсiз деп танылса, сот iстi қарауға құқылы.
5. Сот істі осы Кодекстің 256-бабында көзделген негіздер бойынша сырттай iс жүргiзуде қарауға құқылы.
6. Тараптар соттан iстi олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешiмнiң көшiрмелерiн жiберу туралы жазбаша нысанда өтiнуге құқылы.
7. Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылған iске қатысатын тұлға өкiлiнiң келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды. Талап қоюшының, жауапкердің не үшінші тұлғаның өтінішхаты бойынша оның өкiлiнің сот отырысына дәлелдi себеппен келмеуiне байланысты сот iстi талқылауды кейiнге қалдыруы мүмкін.
197-бап. Сот отырысына куәның, сарапшының, маманның, аудармашының келмеуінің салдары
1. Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот iске қатысатын тұлғалардың iстi олар жоқта қарау мүмкiндiгi туралы пiкiрiн тыңдайды және сот талқылауын жалғастыру немесе оны кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны алмастыру мүмкiн болмаса, сот iстi талқылауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
3. Егер куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша келмесе, олар сотты құрметтемегені үшін осы Кодекстің 119 және 120-баптарында көзделген тәртіппен әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
198-бап. Iстi талқылауды кейiнге қалдыру
1. Егер сот іске қатысатын адамдардың қайсыбiрінің келмеуi, осы Кодекстің 73-бабының қағидалары бойынша қосымша дәлелдемелерді ұсыну немесе талап ету қажеттігі, осы Кодекстің 153-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда қарсы талап қойылған кезде, өзге де процестік әрекеттер жасау қажеттігі салдарынан осы сот отырысында істі қарау мүмкін емес деп тапса, iстi талқылауды кейiнге қалдыруға жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының уәкілетті органынан оның баланы Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткендігі немесе баланың Қазақстан Республикасында ұсталып отырғандығы туралы арыз алғаны туралы жазбаша хабарлама келіп түскен жағдайда сот осы бала туралы дауға байланысты істі талқылауды отыз күнге кейінге қалдыруға міндетті. Егер бала көрсетілген халықаралық шарт осы балаға қатысты қолданылуға жатпайтын жасқа толмаса, хабарламаға арыздың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Iс кейiнге қалдырылған кезде iстiң жаңа сот отырысында қаралуын және шешiлуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн уақыт ескерiле отырып, жаңа сот отырысының күнi белгiленедi, бұл туралы келген адамдарға қол қойдыру арқылы хабарланады. Келмеген және процеске қатысуға жаңадан тартылған тұлғаларға жаңа сот отырысының уақыты мен орны туралы шақыру қағазы (хабар) жiберiледi.
199-бап. Iстi талқылау кейiнге қалдырылған кезде куәлардан жауап алу
Істі талқылау кейінге қалдырылған кезде, егер тараптар сот отырысында қатысып отырса, сот келген куәлардан жауап алуға құқылы. Осы куәларды қажет болған жағдайда ғана жаңа сот отырысына екінші рет шақыруға жол беріледі.
200-бап. Сарапшы мен маманға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi сарапшыға оның процестік құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, сарапшыға көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi, ол туралы сарапшыдан қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi.
Маманға оның қажетті процестік әрекеттерді орындауда сотқа жәрдем көрсетудің процестік құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі.
201-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың басталуы
Істі мәні бойынша қарау төрағалық етушінің талап қоюшының өзінің талаптарын қолдайтынын не қолдамайтынын, талап қоюшының талаптарын жауапкердің мойындайтынын не мойындамайтынын және тараптардың істі татуласу келісімімен аяқтауды немесе істі төреліктің қарауына беруді не дауды (жанжалды) медиация тәртібімен не партисипативтік рәсім тәртібімен немесе заңда белгіленген басқа тәсілмен шешуді қалайтынын не қаламайтынын анықтауынан басталады.
202-бап. Iске қатысатын тұлғалардың түсiнiктемелерi және дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілеу
1. Сот талап қоюшының және оның тарапынан қатысатын үшiншi тұлғаның, олардың өкілдерінің, сондай-ақ жауапкердiң және оның тарапынан қатысатын үшiншi тұлғаның, олардың өкілдерінің түсiнiктемелерiн тыңдайды.
Осы Кодекстің 54-бабының үшінші бөлігіне және 55-бабына сәйкес талап қоюшының мүдделері үшін талап қойған тұлғалар істің мән-жайлары бойынша түсініктемелер береді және дәлелдемелерді бірінші болып ұсынады.
Іске қатысатын адамдар төрағалық етуші белгілейтін тәртіппен және кезектілікпен бір-біріне сұрақтар қоюға құқылы. Қойылатын сұрақтардың санына шектеу болмайды, бірақ төрағалық етуші талап қоюшының талаптары мен жауапкердің қарсылығы негізделген даудың нысанасы мен мән-жайларға қатысы жоқ сұрақтарды алып тастауға құқылы.
2. Іске қатысатын, дәлелді себептермен сот отырысына келмеген тұлғалардың жазбаша түсініктемелерін, сондай-ақ осы Кодекстің 69, 71, 74, 75-баптарында көзделген тәртіппен алынған дәлелдемелерді төрағалық етуші жария етеді және олар сот отырысында зерттеледі.
3. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін тыңдап, олардың пікірлерін ескере отырып, өзге де дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілейді.
4. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін осы тұлғалардың немесе дәлелдемелердің тұрған жеріндегі сот арқылы бейнеконференцбайланыс құралдарының көмегімен алуы, ал дәлелдемелерді зерттеуі мүмкін.
203-бап. Айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін куәға жауаптылық туралы ескерту
1. Куәдан жауап алынғанға дейiн төрағалық етушi куәның жеке басын анықтайды, оның мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiредi және оған айғақтар беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi. Куәға, оның ішінде он алты жасқа толмаған куәға өзіне, өзінің жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден, сондай-ақ діни қызметшіге - тәубаға келіп, өзіне сырын ашқандарға қарсы айғақтар беруден бас тарту құқығы түсіндіріледі.
2. Он алты жасқа толмаған куәға судья оған iс бойынша белгілі болғанның бәрiн шынайы түрде айтып беру мiндетiн түсiндiредi, бiрақ оған айғақтар беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлмейдi.
204-бап. Куәдан жауап алу тәртiбi
1. Әрбiр куәдан жауап жеке-жеке алынады. Әлi айғақтар бермеген куәлар iстi талқылау кезiнде сот отырысы залында қала алмайды.
2. Төрағалық етушi куәның iске қатысатын тұлғаларға қатысын анықтайды және куәға iс бойынша жеке өзiне белгілінiң бәрiн сотқа хабарлауды ұсынады.
3. Ерікті нысанда айғақтар бергеннен кейiн куәға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бiрiншi болып өзінің арызы бойынша куәны шақырған тұлға мен оның өкiлi, содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен олардың өкiлдері сұрақ қояды. Судья куәдан жауап алудың кез келген сәтiнде оған сұрақ қоюға құқылы.
4. Қажет болған жағдайда сот нақ сол немесе келесi отырыста куәдан екiншi рет жауап ала алады, сондай-ақ олардың айғақтарындағы қайшылықтарды анықтау үшiн куәлар арасында беттестiру жүргiзе алады.
5. Егер сот ертерек кетуге рұқсат бермесе, жауап алынған куә iстi талқылау аяқталғанға дейiн сот отырысы залында қалады.
205-бап. Куәның жазбаша материалдарды пайдалануы
1. Айғақтар қандай да бір цифрлармен немесе басқа деректермен байланысты болған кезде куә айғақтар беру кезiнде жазбаша материалдарды пайдалана алады. Куә осы құжаттарды сотқа және iске қатысатын тұлғаларға ұсынады және ол iске қоса тiркелуi мүмкiн, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
2. Куәға оның айғақтарына қатысты қолында бар құжаттарды жария етуіне рұқсат етiледi, олар іске қоса тiркелуi мүмкiн, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
206-бап. Кәмелетке толмаған куәдан жауап алу
1. Он төрт жасқа толмаған куәдан жауап алу, ал соттың қалауы бойынша он төрттен он алты жасқа дейінгі куәдан жауап алу сотқа шақырылатын педагогтың және заңды өкілдердің қатысуымен жүргізіледі. Көрсетілген адамдар төрағалық етушiнiң рұқсатымен куәға сұрақтар қоя алады, сондай-ақ куәның жеке басына және оның берген айғақтарының мазмұнына қатысты өз пiкiрiн айта алады.
2. Iстiң мән-жайларын анықтау үшiн қажет болатын ерекше жағдайларда, кәмелетке толмаған куәдан жауап алынған уақытта iске қатысушы қандай да өзге адам сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарып жіберілуі мүмкiн. Осы адам отырыс залына қайта келгеннен кейін оған кәмелетке толмаған куәның айғақтарының мазмұны хабарлануға және куәға сұрақтар қою мүмкiндiгi берiлуге тиiс.
3. Он алты жасқа толмаған куә, сот бұл куәны сот отырысы залында болуы қажет деп таныған жағдайларды қоспағанда, одан жауап алу аяқталған соң сот отырысы залынан шығарылады.
207-бап. Куәның айғақтарын жария ету
Куәлардың осы Кодекстiң 69, 71, 74, 75 және 199-баптарында көзделген тәртiппен жиналған айғақтары сот отырысында жария етiледi, iске қатысатын тұлғалар осыдан кейін олар бойынша түсiнiктемелер беруге құқылы.
208-бап. Құжаттарды зерттеу
Осы Кодекстiң 71, 75-баптарында және 165-бабының 12) тармақшасында көзделген тәртiппен жасалған құжаттар немесе оларды қарап-тексеру хаттамалары сот отырысында жария етiледi және iске қатысатын тұлғаларға, өкiлдерге, ал қажет болған жағдайларда сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетiледi. Іске қатысатын адамдар осыдан кейін құжаттар мен хаттамалардың мазмұны бойынша түсiнiктемелер бере алады.
209-бап. Азаматтардың жеке хат жазысуын және телеграфтық хабарларын жария ету және зерттеу
Азаматтардың жеке хат жазысу және жеке телеграфтық хабарлар беру құпиясын қорғау мақсатында хат жазысу мен телеграфтық хабарлар тек олардың арасында жүрген тұлғалардың келiсiмiмен ғана ашық сот отырысында жария етiлуi және зерттелуi мүмкiн. Осы тұлғалардың жеке хат жазысулары мен жеке телеграфтық хабарламалары жабық сот отырысында олардың келісімінсіз жария етiледi және зерттеледi. Іске қатысатын адамдар осыдан кейін олар бойынша түсiнiктемелер бере алады.
210-бап. Заттай дәлелдемелердi зерттеу
1. Сот заттай дәлелдемелердi қарайды және олар iске қатысатын тұлғаларға, өкiлдерге, ал қажет болған жағдайларда - сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетiледi. Заттай дәлелдемелер ұсынылған тұлғалар қарап-тексеруге байланысты мән-жайларға сот назарын аудара алады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.