Шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан аз уақытты құраған және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, жиынтықтаушы бұйымға кепілдік мерзімі негізгі бұйымға кепілдік мерзіміне тең болып есептеледі және негізгі бұйымға кепілдік мерзіммен бір мезгілде жүре бастайды.
Тауарды (жинақтаушы бұйымды) ауыстырған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі қайта есептеледі.
Шартта жиынтықтаушы бұйымдарға және тауардың құрамдас бөлігіне кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан аз болып белгіленген жағдайда, тұтынушы жиынтықтаушы бұйымдағы және тауардың құрамдас бөлігіндегі кемшіліктер туралы талаптарды олар негізгі бұйымның кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде қоюға құқылы.
Егер шартта жиынтықтаушы бұйымдарға кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан артық болып белгіленсе, егер негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің өтіп кетуіне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымның кемшіліктері оған белгіленген кепілдік мерзімі ішінде табылса, тұтынушы тауардың кемшіліктері туралы талаптар қоюға құқылы.
Тауарларды үлгілері бойынша, пошта арқылы, электрондық сауда жолымен сату кезінде, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасу кезі мен тауарды тұтынушыға беру кезі сәйкес келмейтін жағдайларда, кепілдік мерзімі не тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі - тауарды тұтынушыға берген (жеткізген) күнінен бастап, ал егер тауар арнайы орнатуды (қосуды) немесе жинауды қажет ететін болса, оны орнату (қосу) немесе жинау күнінен бастап есептеледі. Егер тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) байланысты мән-жайлар бойынша тауарды пайдалану мүмкіндігінен айырылса, кепілдік мерзімі не тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі сатушы (дайындаушы) осындай мән-жайларды жойғанға дейін есептелмейді. Егер тауарды беру (жеткізу), орнату (қосу) немесе жинау, соның салдарынан тұтынушы тауарды мақсаты бойынша пайдалана алмайтын сатушыға байланысты мән-жайларды жою күнін анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзім сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап есептеледі.
Егер берілген күнді анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзімдер тауар дайындалған күннен бастап есептеледі.
Егер тауардың дайындалу күнінде тауардың дайындалған айы мен жылы немесе жылы ғана көрсетілсе, оның дайындалу күні тиісті айдың немесе жылдың соңғы күні болып есептеледі.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Осы бапта көрсетілген мерзімдер тұтынушының назарына осы Заңның 25-бабына сәйкес тұтынушыға берілетін тауар туралы ақпаратта жеткізіледі.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18-бап. Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алу құқығы
1. Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға құқығы бар.
2. Тұтынушыда тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжаттың немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шарттың болмауы тауарды сатып алу фактісін растау үшін оны куәлардың айғақтарына, сондай-ақ құжаттарға және басқа да дәлелдеу құралдарына, оның ішінде фото- және (немесе) бейнетіркеуге сілтеме жасау құқығынан айырмайды.
19-бап. Тұтынушының ойын бастамашысына (ұйымдастырушысына) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, қызметтің) сапасы бойынша кінә қою құқығы
Егер ойын бастамашысы (ұйымдастырушысы) тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктердің оларды тұтынушыға бергеннен (орындағаннан, көрсеткеннен) кейін тұтынушының тауарды пайдалану немесе сақтау ережелерін бұзуы не үшінші бір тұлғалардың іс-әрекеттері немесе еңсерілмейтін күш салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктерді жою жөнінде сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) жүгіну жолымен күнтізбелік жиырма күн ішінде тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға тиіс.
20-бап. Тұтынушылардың тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерін құру құқығы
Тұтынушылар ерікті негізде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне бірігуге құқылы.
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Моральдық зиянды өтету құқығы
Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін сатушының (дайындаушының, орындаушының) бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтеуді, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сот немесе тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыруы мүмкін.
Моральдық зиянды өтеу тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалдарды (нұқсанды) өтеуге қарамастан жүзеге асырылады.
Тұтынушыға келтірілген моральдық зиянды өтеу мөлшерін, тұтынушыға келтірілген дене азабы мен адамгершілік күйзеліс сипатына қарай, моральдық зиян келтірілген нақты мән-жайларды және тұтынушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тұтынушылық даудың тараптары айқындайды.
Сатушының (дайындаушының, орындаушының) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтетуді тараптардың келісімі болған кезде ғана тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыра алады.
22-бап. 2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4-тарау. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) құқықтары мен міндеттері
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кепілдік мерзімін белгілеу жөніндегі құқықтары мен міндеттері
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше айқындалмаса, дайындаушы (орындаушы) тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) кепілдік мерзімін белгілеуге құқылы, ол мерзім ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшілігі табылған жағдайда дайындаушы (орындаушы) тұтынушының осы Заңда белгіленген талаптарын қанағаттандыруға міндетті.
2. Дайындаушы (орындаушы) белгілеген кепілдік мерзімін сатушы ұзартуға құқылы, бірақ оны қысқартуға құқығы жоқ.
3. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардың кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін табылған кемшіліктеріне қатысты міндеттемелерді (қосымша міндеттемені) қабылдауға құқылы.
Дайындаушының қосымша міндеттемесінің мазмұнын, мұндай міндеттеменің қолданылу мерзімін және тұтынушының осындай міндеттеме бойынша құқықтарды жүзеге асыру тәртібін сатушы (дайындаушы, орындаушы) айқындайды.
4. Егер дайындаушы (орындаушы) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тауарға кепілдік мерзімін белгілеу жөніндегі міндеттемені орындамаса немесе оны тиісінше орындамаса, сатушы оны белгілеуге міндетті.
5. Осындай міндеттемені орындау үшін қажетті материалдардың, жиынтықтаушы немесе қосалқы бөлшектердің болмауына байланысты оны орындау мүмкін болмайтын жағдайда кепілдік міндеттеме тоқтатылмайды.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.08.01. № 215-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 24-бап өзгертілді
24-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) міндеттері
Сатушы (дайындаушы, орындаушы):
2021.29.12. № 94-VII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты беруге;
2) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
3) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз етуге;
4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасын қамтамасыз етуге;
5) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауардың ауыстырылып берілуін немесе қайтарылуын қамтамасыз етуге;
6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтеуге;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда бақылау-кассалық машиналарының болуына;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 94-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 8) тармақша жаңа редакцияда
8) бақылау-касса машиналары тұрған жерде тұтынушының бақылау (тауарлық) чегін алу қажеттігі туралы және бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібі бұзылған жағдайда оның мемлекеттік кіріс органына (тиісті мемлекеттік кіріс органының телефон нөмірі көрсетіле отырып) жүгіну құқығы туралы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты орналастыруға;
9) тауарларды сату (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) жөніндегі қызметті тікелей жүзеге асыратын жеке тұлғада оның тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) көрсетілген омырау карточкасының (бейджінің) болуын және оның санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерді сақтауын қамтамасыз етуге;
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) тауарды сату (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты беруге;
11) мәлімделген жұмыс режимін сақтауға;
12) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
Сатушы (дайындаушы) бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарына қойылған тауардың құнын теңгемен көрсетуге, сондай-ақ тауарды сақтау жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
Дайындаушы (орындаушы) жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің құнын теңгемен жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
Дайындаушы тауардың жарамдылық мерзімін, сақтау мерзімін белгілеуге міндетті.
Электрондық саудада сатушы сатып алу-сату шартын жасасу алдында тұтынушыға тауарға ақы төлеу рәсімі және оның құны туралы ақпарат беруге міндетті.
Тауардың бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарына қойылған, көрсетілген құнына сәйкес сатушы (дайындаушы) сатуға міндетті, ал тұтынушы сатып алуға құқылы.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) фото-, бейнетүсірілімді қолдануға қатысты тұтынушылардың құқықтарын шектеуге тыйым салынады.
25-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат беру жөніндегі міндеті
1. Тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат міндетті түрде мыналарды:
1) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауын;
2) ұсынылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) түрлері мен ерекшеліктерін;
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда және өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестікті растау рәсіміне жататын жағдайда сәйкестік белгісін;
4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, азық-түліктің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтерді, сондай-ақ кейбір аурулар мен сырқаттану кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен оларды қолдануға болмайтындығы туралы мәліметтерді;
2015.27.11. № 424-V ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) егер өнім Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес органикалық өнім болып табылса, оған жатқызу туралы мәліметтерді;
5) тауардың құрамын, тамақ өнімдеріне қатысты - олардың құрамы, оның ішінде тамақ қоспаларының, азықтардың және азық қоспаларының, тамаққа биологиялық активті қоспалардың болуы және олардың мөлшері туралы мәліметтерді;
6) егер мұндай компоненттегі генетикалық түрлендірілген организмдер құрамы 0,9 және одан да көп процентті құрайтын болса, тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген организмдерден тұратын немесе соларды қолдана отырып алынған компоненттердің болуы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс. Бұл ретте, оралған өнімдерде - заттаңбада, оралмаған өнімдерде - өнім туралы нұсқамаларда «Осы өнімнің құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер бар» деген сөздер жеке сөйлем ретінде көрсетілуге тиіс;
7) дайындаушының тауарлық белгісін;
8) тауарды шығарған елді;
2019.08.01. № 215-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) теңгемен құнын және сатып алу шарттарын;
10) кепілді мерзімнің болуын немесе болмауын;
11) егер бұл тауарлардың ерекшелігіне байланысты талап етілсе, тамақ өнімдерін дайындау жөніндегі ұсынымдарды;
12) тауардың дайындалған күні мен орнын, қызмет ету мерзімін және (немесе) жарамдылық мерзімін және (немесе) сақтау мерзімін, егер тауарды сақтаудың талаптары тиісті тауарды сақтаудың әдеттегідей жағдайларынан ерекшеленетін не арнайы сақтау талаптарын қажет ететін болса, оларды сақтау талаптарын көрсетуді, сондай-ақ, егер тауар көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндіретін болса немесе мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болса, көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының қажетті іс-әрекеттері және мұндай іс-әрекеттерді орындамаған кездегі ықтимал салдарлар туралы мәліметтерді;
13) сатушының (дайындаушының, орындаушының) атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын), сатушы (дайындаушы) тұтынушыдан қойылған кінәларды қабылдауға уәкілеттік берген және тауарды жөндейтін әрі оған техникалық қызмет көрсететін дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің) орналасқан жерін;
14) егер мұның жұмыс (көрсетілетін қызмет) сипатымен байланысты мәні болса, жұмысты орындайтын (қызмет көрсететін) нақты тұлғаны көрсетуді және ол туралы ақпаратты;
15) музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсетуі кезінде фонограммаларды, дыбыс-бейне жазбаны пайдалануын көрсетуді;
16) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) массасының шамасын (нетто), көлемін, санын және (немесе) жиынтықталымын;
17) тауардың мақсаты туралы және тиімді әрі қауіпсіз қолданылу жағдайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұтынушыға ұсынылуы міндетті болып табылатын не тұтынушы мен сатушы (дайындаушы, орындаушы) арасында жасалған шартта көзделген өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
Егер тұтынушы иеленетін тауар пайдалануда болса немесе ондағы кемшілік жойылған болса, тұтынушыға ол жөнінде ақпарат берілуге тиіс. Мұндай тауарды иеленген жағдайда кемшіліктің болуы туралы мәліметтер иелену фактісін растайтын құжатта көрсетілуге тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сатушы (дайындаушы) осы Заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес айырбастауға немесе қайтарып беруге жатпайтын тиісті сападағы азық-түлікке жатпайтын тауар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 94-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат тұтынушының назарына тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілетін құжаттамада, тұтыну ыдысында, затбелгілерде немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге тәсілмен қазақ және орыс тілдерінде жеткізіледі.
Ақпарат мәтіні «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Тауарды электрондық сауда арқылы өткізу кезінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауы, тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құны мен шарттары туралы ақпарат, сондай-ақ тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, өнімнің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтер, сондай-ақ оларды жекелеген аурулар кезінде қолдануға қарсы көрсетілімдер туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен тұтынушының назарына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жеткізіледі.
Сатушы электрондық сауда мақсатында пайдаланатын интернет-ресурста тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы мәліметтер қамтылған интернет-ресурстарға сілтемелерді орналастыруға жол беріледі.
4. Дайындалған жерінен басқа жерде тұтыну ыдысына бөлшектеп салынған және оралған азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларда осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа, бөлшектеп салушы және ораушы (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда), сондай-ақ бөлшектеп салынған және оралған күні мен уақыты туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды; 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Тауарды үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сату кезінде, сондай-ақ тауарды электрондық саудада өткізу кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге және (немесе) сипаттамаға сәйкес келетін тауарды беруге міндетті.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Тұтынушыға сәйкестіктің тиісті сертификаттары немесе сәйкестік туралы декларация, оның ішінде сәйкестігі міндетті расталуға жататын импорттық тауарға берілуге тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Бір тілде не шет тілінде берілген ақпарат берілмеген болып есептеледі.
26-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат беру жөніндегі міндеттері
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.29.12. № 94-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі өзінің атауын (фирмалық атауын), тұрған жерін (заңды мекенжайын) және жұмыс режимін тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында орналастыра отырып, көрсетілген ақпаратты тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Дара кәсіпкер болып табылатын сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға өзінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болғанда) туралы, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткені және оны дара кәсіпкер ретінде тіркеуді жүзеге асырған органның атауы туралы ақпаратты да ұсынуға тиіс.
2021.29.12. № 94-VII ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) жүзеге асыратын қызметтің түрі лицензиялауға жатса, тұтынушыға лицензия, оның қолданылу мерзімі, оны берген мемлекеттік орган туралы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпарат берілуге, сондай-ақ тұтынушының талап етуі бойынша лицензияның түпнұсқасымен немесе нотариат куәландырған көшірмесімен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат сауда-саттық, тұтынушыларға көрсетілетін тұрмыстық және өзге де қызмет түрлері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұрақты орналасқан жерінен тысқары жерде, уақытша үй-жайларда, жәрмеңкелерде, сөрелерден және басқа да жағдайларда жүзеге асырылған кезде тұтынушының назарына жеткізілуге тиіс.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда; 2021.29.12. № 94-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі өзінің байланыс деректерін (мекенжайы мен телефон нөмірін) және уәкілетті органның байланыс деректерін (мекенжайы мен телефон нөмірін), тауарларды өткізу (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) шарттарын, сондай-ақ сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауарды сату (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты беру міндеті туралы ақпаратты тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында орналастыра отырып, көрсетілген ақпаратты тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Осы баптың 1-тармағында және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар осы Заңның 33-2-бабы 2-тармағының талаптары ескеріле отырып, электрондық коммерциядағы сатушыларға (дайындаушыларға, орындаушыларға) қолданылады.
27-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
2020.25.06. № 346-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) белгіленген кепілдік мерзімі, сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде оның қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға ықтимал тәуекел туралы және тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдаланудың шарттары туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдалану, оны сақтау, тасымалдау немесе кәдеге жарату үшін арнаулы ережелерді сақтау қажет болса, онда дайындаушы (орындаушы) оларды тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілген құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен көрсетуге міндетті.
3. Сәйкестігі міндетті расталуға жататын тауарды, оның ішінде импорттық тауарды сәйкестіктің тиісті сертификаттарынсыз немесе сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді.
4. Тұтынушы тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың немесе кәдеге жаратудың белгіленген ережелерін сақтаған кезде тауар тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтірсе немесе келтіруі мүмкін болса, сатушы (дайындаушы) зиянның себептері жойылғанға дейін оны өндіруді (өткізуді) дереу тоқтата тұруға міндетті. Егер зиянның себептерін жою мүмкін болмаса, сатушы (дайындаушы) мұндай тауарды өндірістен (өткізуден) алуға және ол жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға уақтылы хабарлауға, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға ықтимал қауіп туралы уақтылы хабарлау, тауарды айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тауарлар туралы хабарлау сатушының (дайындаушының) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. Сатушы (дайындаушы) осы баптың 4-тармағында көзделген міндеттерін орындамаған кезде тауарды өндірістен алу, оны айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу тиісті мемлекеттік органның нұсқамасы бойынша жүргізіледі. Тиісті мемлекеттік органның нұсқамасын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Тауарды қайтарып алуға байланысты тұтынушыға келтірілген залалды сатушы (дайындаушы) толық көлемде өтеуге тиіс.
28-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)