2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Медиация соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда, тараптар кейіннен сотқа бірлескен жазбаша хабарлама жібере отырып, медиацияны жүргізу мерзімін күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ ол жиынтығында күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
3. Соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.
4. Азаматтық процесс шеңберінде жүргізілген медиация тоқтатылған жағдайда тараптар іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан сотқа тез арада:
1) дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда - аталған келісімді;
2) өзге жағдайларда - осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті.
24-бап. Қылмыстық сот ісі барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері
1. Тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрмайды.
2. Медиацияға қатысу фактісі медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қатысушының кінәні мойындауының дәлелі бола алмайды.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Егер медиацияны жүргізу кезінде тараптардың бірі кәмелетке толмаған адам болса, педагогтің немесе психологтің немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің қатысуы міндетті.
4. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс.
5. Дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қоюдан бас тарту медиация тарапы болып табылатын сот ісін жүргізуге қатысушының жағдайын нашарлата алмайды.
6. Қылмыстық процесс шеңберінде жүргізілген медиация тоқтатылған жағдайда тараптар іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға дереу:
1) дау-шарды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда - аталған келісімді;
2) өзге жағдайларда - осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті.
25-бап. Медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшеліктері
1. Некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге салымына қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешілуі мүмкін.
2. Медиацияны жүргізген кезде медиатор баланың заңды құқықтарын ескеруге тиіс.
3. Егер медиация барысында баланың қалыпты өсуіне және дамуына қауіп төндіретін немесе төндіруі мүмкін немесе оның заңды мүдделеріне елеулі залал келтіретін фактілер белгілі болса, медиатор баланың құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттікті жүзеге асыратын органға жүгінуге міндетті.
26-бап. Медиацияны тоқтату
Медиация:
1) тараптар дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімге қол қойған жағдайда - мұндай келісімге қол қойылған күннен бастап;
2) медиатор дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайларды анықтаған жағдайда;
3) тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешудің мүмкін еместігіне байланысты медиациядан жазбаша бас тартқан жағдайда - тараптар жазбаша бас тартуға қол қойған күннен бастап;
4) тараптардың біреуі медиацияны жалғастырудан жазбаша бас тартқан жағдайда - медиатор жазбаша бас тартуды жіберген күннен бастап;
5) медиацияны жүргізу мерзімі аяқталған жағдайда - осы Заңның 23 және 24-баптарының ережелерін ескере отырып, ол аяқталған күннен бастап тоқтатылады.
27-бап. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім
1. Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.
2. Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс.
3. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс.
4. Азаматтық істі сотта қарағанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді.
Бұл ретте төленген мемлекеттік баж «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген жанжалды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен жанжалды реттеу туралы келісімді білдіреді.
7. Аталған келісім дереу іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады.
8. Дау-шарды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
9. Келісімді орындаудан жалтарған жағдайда мүдделі тарап келісім бойынша міндеттемені оңайлатылған жазбаша іс жүргізу тәртібімен орындау туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
4-тарау. Қорытынды ережелер
28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қаңтардың 28-і.
№ 401-IV ҚРЗ