3) өзіне қатысты тексеру жүргізу тағайындалған тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері;
4) тексерудің түрі;
5) тексеруге жататын мәселелер;
6) тексеруді жүргізу мерзімі;
7) тексерілетін кезең көрсетіледі.
2. Тексерілетін субъектінің басшысына (оның орынбасарына) тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесі табыс етілген күн тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі. Тексерілетін субъектіге тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесі табыс етілгеннен кейін оның түпнұсқасына тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны және онымен танысқаны туралы белгі қойылады.
Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған немесе бақылау және қадағалау органының тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда тиісті акт жасалады, оған бақылау және қадағалау органының тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы қол қояды. Тексерілетін субъектінің жұмыскері тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан кезде оған тиісті жазба жасалады. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді жүргізбеу үшін негіз болып табылмайды. Тексерілетін субъект тексеруші топтың сұрау салуларында көрсетілген мерзімдерде құжаттарды, ақпаратты беруден бас тартқан, тексеруді белгіленген мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік бермеуге алып келген, осы баптың шарттары орындалмаған жағдайларда, тексеруді тағайындау туралы актіні бекітуге уәкілеттік берілген лауазымды адаммен келісу бойынша тексеру басшысының шешімімен тексеру жүргізілмеді деп есептеледі.
Тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесі тексерілетін субъектінің жұмыскеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) табыс етілген кезде тексерілетін субъект басшысының (оның орынбасарының) оны алғаны туралы белгісі бар тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесі тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде бақылау және қадағалау органының лауазымды адамдарына ұсынылуға тиіс.
Тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесін тексерілетін субъектінің жұмыскеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) табыс ету мүмкін болмаған жағдайда ол тексерілетін субъектінің және (немесе) оның басшысының (оның орынбасарының) тіркелген жері бойынша хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі. Хат кері қайтарылған және тексеруді тағайындау туралы актіні оны жүргізу үшін белгіленген мерзімдерде табыс ету мүмкін болмаған кезде тексеру жүргізілмеді деп есептеледі. Бұл ретте тексеру басшысы бұл туралы тексеруді тағайындау туралы актіні бекітуге уәкілеттік берілген лауазымды адамды жазбаша хабардар етеді.
3. Тексерілетін субъект тексеру басталғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей тексеру басшысының немесе бақылау және қадағалау органы тексеруші жұмыскерінің атына:
1) тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ тексерудің аяқталғаны туралы актімен, аралық актімен және (немесе) тексерудің нәтижелері туралы актімен танысуға және оларға қол қоюға жауапты басшы және оны алмастыратын адам;
2) тексерілетін субъектінің қажетті құжаттарды (мәліметтерді) дайындауға, оларды тексеруші жұмыскерлерге уақтылы беруге және (немесе) тексеруші жұмыскерлерден аралық актілерді алуға жауапты мамандары туралы деректерді қамтитын хатты ұсынады.
4. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеруді, жоспардан тыс тексеруді жүргізу мерзімі отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. Тексеру көлемінің ауқымдылығына байланысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеруді, жоспардан тыс тексеруді жүргізу мерзімі бақылау және қадағалау органы басшысының орынбасары, бақылау және қадағалау органы аумақтық бөлімшелерінің басшылары не өзге де уәкілетті лауазымды адамдар тиісті бұйрық негізінде бекіткен тексеруді ұзарту туралы қосымша актінің негізінде - отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана, ал депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына не төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банкке қатысты отыз жұмыс күнінен асатын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
5. Тексерілетін субъект тексеруші жұмыскерлерге өзінің әкімшілік ғимараттарына (оның ішінде мереке және демалыс күндері) кіруге рұқсат беруге, жұмыс істеу үшін ұйымдастыру техникасымен және қалааралық байланыспен жабдықталған жеке үй-жай беруге, тексерілетін субъектінің қызметіне қатысты ақпаратқа, оның ішінде автоматтандырылған жүйелер мен дерекқорға деректерді түзету мүмкіндігінсіз нақты уақыт режимінде (деректерді қағаз жеткізгішке шығару мүмкіндігімен қарау режимінде) қол жеткізуді қамтамасыз етуге, тексеруші жұмыскерлерге қажетті құжаттардың көшірмелерін, оның ішінде электрондық түрде түсіріп алуға мүмкіндік беруге, сондай-ақ тексеруші жұмыскерлердің сұрақтарына түсініктемелер (ауызша және жазбаша) беруді қамтамасыз етуге және тексеруші жұмыскерлерге тексеруді уақтылы аяқтауға жәрдем көрсетуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің жұмыс істеу үшін ұйымдастыру техникасымен және қалааралық байланыспен жабдықталған жеке үй-жай беру міндеті бөлігіндегі талаптары шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын тексерілетін субъектілерге қолданылмайды.
6. Тексеруші жұмыскерлер тексерілетін субъектінің басшысына, тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшыға не тексерілетін субъектінің өзге де уәкілетті жұмыскеріне көрсетілген мерзімдерде орындауға жататын жазбаша сұрау салулар жібереді.
Тексерілетін субъект тексеруші жұмыскерлерден сұрау салуды алған күні не сұрау салуда белгіленген мерзімдерде барлық қажетті мәліметтер мен құжаттарды, оның ішінде олардың көшірмелерін тексеру материалдарына қосып тіркеу үшін ұсынуға міндетті.
7. Тексеруші жұмыскер ауыстырылған (тексеруші топтың құрамы өзгертілген) кезде қосымша акт ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы бұрын жасалған актінің нөмірі мен күні және тексеруші жұмыскерді ауыстыру (тексеруші топтың құрамын өзгерту) негіздері көрсетіледі.
8. Тексерілетін субъектіге тексерудің аяқталғаны туралы акт табыс етілген күн тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерудің, жоспардан тыс тексерудің аяқталған күні деп есептеледі. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерудің, жоспардан тыс тексерудің аяқталғаны туралы актіге тексеру басшысы және оның тікелей басшысы қол қояды және ол тексерілетін субъектіге тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру жүргізу мерзімі аяқталуынан кешіктірмей табыс етіледі.
15-4-бап. Құжаттық тексеруді жүргізу ерекшеліктері
1. Құжаттық тексеру оны тағайындау туралы актіні ресімдеуді талап етпейді.
2. Құжаттық тексеру кезінде қосымша мән-жайларды анықтау мақсатында тексерілетін субъектінің атына уәкілетті лауазымды адам қол қойған сұрау салу жіберіледі, онда:
1) тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері;
2) құжаттық тексерудің негізі;
3) тексерілетін субъект бақылау және қадағалау органына ұсынуға міндетті құжаттардың тізбесі;
4) сұратылып отырған материалдарды ұсыну мерзімі;
5) қажет болған кезде, тексерілетін субъект тарапынан түсініктер беру талап етілетін мәліметтер көрсетіледі.
3. Егер сұрау салуда өзгеше белгіленбесе, тексерілетін субъект сұратылған құжаттар мен түсініктерді сұрау салуды алған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.
4. Тексерілетін субъект тарапынан қол қоюды талап етпейтін құжаттық тексерудің нәтижелері туралы қорытындыға уәкілетті лауазымды адам қол қойған күн оның аяқталуы болып табылады.
15-5-бап. Тексерулердің өзге де мәселелері
1. Бақылау және қадағалау органының тексеруші жұмыскерлері қажет болған кезде аралық актілер жасайды, олар тексерілетін субъектіге танысу үшін ұсынылады.
2. Тексерілетін субъект аралық актіні алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде басшы (оның орынбасары) не тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшы қол қойған аралық актінің бір данасын қайтарады және аралық актінің мазмұнына ескертпелері болған жағдайда тексеру басшысына өзінің жазбаша қарсылықтарын ұсынады.
Аралық актілерде жазылған қорытындылар алдын ала қорытындылар болып табылады және тексерілетін субъектіден, оның ішінде үшінші тұлғалардан алынған қарсылықтар мен қосымша ақпарат ескеріле отырып, тексеру нәтижелері туралы актіде қайта қаралуы мүмкін.
3. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру аяқталған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тексерілетін субъект басшысының атына бақылау және қадағалау органының тексеруші жұмыскерлері, тексеру басшысы және оның тікелей басшысы қол қойған тексеру нәтижелері туралы актінің екі данасы жіберіледі.
Тексеру нәтижелері туралы актіде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні мен орны;
2) тексеруді жүргізген органның атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты-жөні және лауазымы;
5) тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (болған кезде), тексерілетін субъект басшысының не оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде);
6) тексеруді жүргізу орны және кезеңі;
7) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер;
8) тексерілетін субъект басшысының (оның орынбасарының) не тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшысының не осы баптың 7-тармағында аталған өзге де адамның тексеру нәтижелері туралы актімен танысқаны туралы мәліметтер;
9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы.
Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелерімен байланысты қажетті құжаттар, мәліметтер немесе олардың көшірмелері қоса берілуі мүмкін.
4. Тексерілетін субъектінің басшысы (оның орынбасары) не тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшысы тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасын қабылдайды, актінің екінші данасының әрбір парағына қол қояды, оның соңғы парағына лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (болған кезде) көрсете отырып, алған күні туралы белгі қояды және тексеру нәтижелері туралы актіні алғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей оны бақылау және қадағалау органына жібереді. Тексерілетін субъект тексеру нәтижелері туралы актіде жазылған тексеру нәтижелерін тексерілетін субъектінің атқарушы және басқа да басқарушы органдарының назарына жеткізеді.
5. Тексеру нәтижелері бойынша қарсылықтары болған кезде оларды тексерілетін субъект тексеру нәтижелері туралы актіні алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бақылау және қадағалау органына жазбаша түрде ұсынады.
6. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіде жазылған, тексерілетін субъектіні тексеру нәтижелері, қажет болған кезде, тексерілетін субъектінің басшылары шақырыла отырып, бақылау және қадағалау органы басшысының (оның орынбасарларының), бақылау және қадағалау органы бөлімшелері басшыларының, тексеруге басшылық ету жүктелген адамдардың төрағалық етуімен өтетін кеңесте қаралады.
Кеңес нәтижелері кеңес төрағасы қол қойған хаттамамен ресімделеді және қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тексерілетін субъектінің басшысына танысуға жіберіледі. Қарсылықтары болған жағдайда тексерілетін субъект кеңес хаттамасын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды жазбаша түрде бақылау және қадағалау органына ұсынады.
Бақылау және қадағалау органы тексерілетін субъектінің кеңес хаттамасына қарсылықтарымен келіспеген кезде түпкілікті шешімді бақылау және қадағалау органының басшысы не оның орынбасары қабылдайды және ол тексерілетін субъект басшысының назарына жеткізіледі.
7. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіге тексерілетін субъект тарапынан басшы, оның орынбасары не тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшы қол қояды.
Тексерілетін субъектінің басшысы, оның орынбасары не тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшысы болмаған кезде тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіге тексерілетін субъект тарапынан оның құрылтайшысы (құрылтайшыларының бірі) не тексерілетін субъектінің атынан, оның ішінде тиісті бұйрық және (немесе) сенімхат негізінде әрекет ететін өзге де жұмыскер қол қоюы мүмкін.
8. Осы баптың 7-тармағында аталған адамдар болмаған және оларға тексеру нәтижелері туралы актіні қол қою үшін табыс ету мүмкін болмаған жағдайларда, тексеруші адамдар тексеру нәтижелері туралы актіге қол қойған күннен бастап тексеру нәтижелері туралы акт ресімделді деп есептеледі.
9. Тексеру нәтижелері бақылау және қадағалау органының құзыреті шегінде өз функцияларын орындауы мақсатында ғана пайдаланылуға тиіс.
10. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіні тексерілетін субъект жарнамалық немесе өзге де мақсаттарда өзінің қаржылық дәрменділігін растау үшін пайдалана алмайды, сондай-ақ бұл Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органының келісімінсіз үшінші тұлғаларға берілмейді.
11. Тексерілетін субъект бақылау және қадағалау органына ұсынған қаржылық және өзге де есептіліктің құжаттық деректері тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіде келтірілген мәліметтерден алшақ болған кезде тексерілетін субъект бақылау және қадағалау органының нұсқауы бойынша өзінің есептілігін тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген нақты деректерге, оның ішінде алдыңғы есепті күндерге сәйкес келтіреді.
12. Тексерілетін субъект бақылау және қадағалау органы белгілеген мерзімде жоспарланған шаралар, жауапты орындаушылар және тексеру кезінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспарын келісуге ұсынады.
Іс-шаралар жоспарын бақылау және қадағалау органымен келіскеннен кейін тексерілетін субъект бұзушылықтар мен кемшіліктердің жойылғаны туралы есептерді не іс-шаралар жоспары бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындамау себептері туралы түсіндірулерін ұсынады.
13. Тексерілетін субъектінің осы Заңның 15-3-бабы 2-тармағының төртінші бөлігінде, 3, 5 және 6-тармақтарында, 15-4-бабының 3-тармағында, сондай-ақ осы баптың 2, 4 және 12-тармақтарында көрсетілген талаптарды бұзуы тексерілетін субъектіге не оның басшысына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шектеулі ықпал ету шараларын, қадағалап ден қою шараларын және санкцияларды қолдану үшін негіз болып табылады.
14. Бақылау және қадағалау органының жұмыскерлеріне тексерілетін субъектінің қызметін тексеру барысында алынған мәліметтерді жария етуге не үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады.
15. Тексеруді жүзеге асыратын адамдар тексерілетін субъектінің қызметін тексеру барысында алынған және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
15-6-бап. Бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандары
1. Уәкілетті орган бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес берілетін ақпарат пен есептілікті талдау;
2) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
2) қаржы ұйымдарына, олардың ірі қатысушыларына, банк және сақтандыру холдингтеріне, банк конгломератына және сақтандыру тобына кіретін ұйымдарға, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қашықтықтан қадағалау, оның ішінде шоғырландырылған негізде қашықтықтан қадағалау;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсат беру құжаттарын келісу, беру және кері қайтарып алу, келісулер, лицензиялау, бағалы қағаздар шығарылымдарын тіркеу, бағалы қағаздарды орналастыру (өтеу) қорытындысы туралы есептерді бекіту, бағалы қағаздар шығарылымдарының күшін жою мәселелері бойынша құжаттарды, үлестес тұлғалар туралы ақпаратты қарау;
4) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалдарының қаржы өнімдерін бекіткені туралы уәкілетті органды хабардар ету тәртібін, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттардың тізбесін, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиттер беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді бекіткені туралы уәкілетті органды хабардар ету тәртібін, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттардың тізбесін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде көзделген құжаттарды қарау;
5) кредиттік тарих жүйесіне және сақтандыру жөніндегі дерекқорға қатысушылардың қауіпсіздік жүйесін және үй-жайларына, электрондық және өзге де жабдықтарына қойылатын талаптарды орындауын қарап-тексеру;
6) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен қаржы ұйымдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына өз өкілін жіберу;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар және бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтау тұрғысынан эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің мониторингі;
8) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
8) банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының уақытша әкімшіліктері (уақытша әкімшілері), тарату комиссиялары беретін есептілік пен өзге де ақпаратты қарау;
9) мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары мен өкілдіктерін ескере отырып, тарату комиссияларының төрағасы мен мүшелерін тағайындау және босату;
10) мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аралық тарату балансын және кредиторлары талаптарының тізілімін, ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратылатын банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының кредиторлар комитетінің құрамын бекіту;
11) мәжбүрлеп таратылатын банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы есепті және олардың тарату балансын келісу;
12) тексерілетін субъектілердің қызметін бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша олардың кездесулері мен талқылауларын өткізу;
13) депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін, қаржылық жағдайы орнықсыз банктер санатына, төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банктің қаржылық және мүліктік жай-күйін бағалау (талдау), оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық ұйымдарды және басқа да тұлғаларды тарта отырып және (немесе) банкке бара отырып бағалау (талдау);
14) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
14) банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының уақытша әкімшілігінің (уақытша әкімшісінің) орындалған жұмыс туралы есебін бекіту;
15) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың пруденциялық нормативтерді, өзге де көрсеткіштер мен өлшемшарттарды (нормативтерді) сақтауын сипаттайтын көрсеткіштердің есеп-қисаптарын қарау;
16) Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан коллекторлық агенттіктердің қызметін талдау, сондай-ақ «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес коллекторлық агенттік ұсынған мәліметтерді, құжаттар мен аудио- және (немесе) бейнежазба материалдарын (болған кезде) талдау;
17) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің тізілімдерін жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес берілетін ақпарат пен есептілікті талдау;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсат беру құжаттарын беру және кері қайтарып алу, лицензиялау мәселелері бойынша құжаттарды қарау;
3) уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінің біліктілік талаптарына сәйкестігін қарап-тексеру;
4) валюталық бақылау агенттеріне валюталық бақылауды тиісінше жүзеге асыру мақсатында олардың орындауы үшін міндетті тапсырмалар беру;
5) тексерілетін субъектілердің қызметін бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша олардың кездесулері мен талқылауларын өткізу;
6) төлем жүйелерінің жұмыс істеуін, сондай-ақ көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер көрсететін қызметтерді талдау және бағалау;
7) жүйелік маңызы бар төлем жүйелерін байқауды жүзеге асыру шеңберінде жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне қатысушылардың төлем жүйелеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ұйымдастыру шаралары мен бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарға сәйкестігін қарап-тексеру;
8) төлем жүйелерінің, төлем ұйымдарының, көрсетілетін төлем қызметтерін маңызды берушілердің тізілімдерін жүргізу арқылы жүзеге асырады.
15-7-бап. Қашықтықтан қадағалау
1-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтардан 2020 ж. 16 желтоқсанға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңның 2-бабының 2-тармағының редакциясында қолданылды
1. Қашықтықтан қадағалау бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарының бірі болып табылады және оны уәкілетті орган өз құзыреті шегінде қаржы ұйымдарына, олардың ірі қатысушыларына, банк және сақтандыру холдингтеріне, банк конгломератына және сақтандыру тобына кіретін ұйымдарға, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарына, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға (бұдан әрі - қашықтықтан қадағалау субъектілері) қатысты жүзеге асырады.
2. Қашықтықтан қадағалауды уәкілетті орган қашықтықтан қадағалау субъектілерінің қызметін талдау және қашықтықтан қадағалау субъектілерінің органдарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы тұрақты негізде:
1) Қазақстан Республикасының банк заңнамасы, Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар рыногы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, пошта, Қазақстан Даму Банкі, инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау және қадағалау;
2) қаржы ұйымдарының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау, орын алған және ықтимал тәуекелдерді, олардың қашықтықтан қадағалау субъектілерінің орнықты қызметіне ықпал ету дәрежесін анықтау және бағалау мақсатында жүзеге асырады.
3. Қашықтықтан қадағалау субъектілерінің қызметін талдауды уәкілетті орган қашықтықтан қадағалау субъектілері ұсынатын есептілік және басқа да ақпарат, оның ішінде ведомствоаралық және халықаралық ынтымақтастық шеңберінде алынған ақпарат негізінде жүзеге асырады.
4. Қашықтықтан қадағалауды жүргізу шеңберінде уәкілетті орган қашықтықтан қадағалау субъектілерінен және олардың лауазымды адамдарынан мәліметтер мен құжаттарды, оның ішінде қашықтықтан қадағалау субъектілерінің қаржылық есептілігі мен органдары отырыстарының (сырттай өткізілгендерді қоса алғанда) материалдарын жазбаша нысанда сұратуға құқылы.