Егер қайтыс болған адам кейіннен танылған болса, ол туралы жетіспейтін мәліметтер қайтыс болу туралы медициналық куәліктің және мәлімдеме жасаушының жазбаша өтінішінің негізінде қайтыс болу туралы актінің жазбасына қорытынды жасалмастан енгізіледі.
Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың мемлекеттік тіркелгені туралы жергілікті атқарушы органдардың тиісті қызметіне Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша қайтыс болу туралы анықтама беріледі.
272-бап. Қайтыс болу туралы акт жазбасының мазмұны
Қайтыс болу туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) қайтыс болған адамның аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, туған күні, айы, жылы мен туған жері, соңғы тұрғылықты жері, жынысы, азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе, ұлты, қайтыс болған күні мен орны;
2) қайтыс болу фактісін растайтын құжаттың негізінде қайтыс болу себебі;
3) қайтыс болу фактісін растайтын құжат;
4) қайтыс болу туралы мәлімдеме жасаған мәлімдеме жасаушының аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, тұрғылықты жері не органның, ұйымның атауы және заңды мекенжайы;
5) қайтыс болу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 273-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
273-бап. Қайтыс болу туралы куәлік беру
Қайтыс болу мемлекеттік тіркелгеннен кейін қайтыс болған адамның мұрагерлерінің аясына кіретін жақын туыстарына, басқа адамдарға не қайтыс болған адам қамқорлықтарында болған азаматтарға, сондай-ақ қайтыс болған адам тұрған немесе жазасын өтеген мемлекеттік ұйымдар әкімшілігінің өкілдеріне қайтыс болу туралы куәлік беріледі.
Басқа туыстарына қайтыс болу туралы куәлік мұрагерлік іс қарауында жатқан нотариустың хабарламасы бойынша беріледі.
Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуы туралы куәлік қайтыс болу туралы акт жазбасына барлық қажетті мәліметтер енгізілгеннен кейін ғана беріледі.
274-бап. Қайтыс болу туралы куәлік
Қайтыс болу туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) қайтыс болған адамның атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін, туған күні, айы, жылы мен туған жерін, жасын, қайтыс болған күні мен орнын;
2) қайтыс болу туралы акт жазбасының жасалған күні мен нөмірін;
3) құжаттың берілген күнін және оны берген тіркеуші органның атауын;
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) қайтыс болу туралы куәліктің сериясы мен нөмірін;
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) қайтыс болуды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған тіркеуші органның атауын қамтиды.
7-бөлім. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы нормаларының қолданылуы
32-тарау. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы нормаларының шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылуы
275-бап. Ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері
Ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері аумағында өздері бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен, ал бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде аумағында олардың соңғы бірге тұратын тұрғылықты жері болған мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Бұрын бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
276-бап. Әке (ана) болуды анықтау және оны даулау
1. Әке (ана) болуды анықтау және оған дау айту бала туған кезде азаматы болған мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.
2. Әке (ана) болуды анықтаудың және оған дау айтудың тәртібі Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тіркеуші органдарда әке (ана) болуды анықтауға жол берілсе, баланың Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұратын ең болмаса біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын ата-аналары әке (ана) болуды анықтау туралы Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерiне өтініш беруге құқылы.
277-бап. Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері
Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде ата-аналардың балаларын күтіп-бағу жөніндегі міндеті аумағында олардың бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Ата-аналар мен балалардың бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері бала азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Талапкердің талап етуі бойынша алименттік міндеттемелерге және ата-аналар мен балалардың арасындағы басқа да қатынастарға аумағында бала тұрақты тұрып жатқан мемлекеттің заңнамасы қолданылуы мүмкін.
278-бап. Кәмелетке толған балалардың, сондай-ақ отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері
Ата-аналардың пайдасына алименттік міндеттемелер, сондай-ақ отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері аумағында олардың бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде мұндай міндеттемелер алимент алуға құқығы бар адам азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.
279-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi жүргізеді және олар жасаған акт жазбалары Қазақстан Республикасының астанасы әкімдігінің тіркеуші органына беріледі.
2. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерiнде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кезінде, егер мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылса, Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
280-бап. Азаматтық хал актілерінің жасалуын растайтын шет мемлекеттердің құжаттарын тану
Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты тиісті мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары берген Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде азаматтық хал актілерінің жасалғанын растайтын құжаттар, егер олар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, сондай-ақ консулдық ресмилендірілген не арнайы мөртаңба (апостиль) болған кезде Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
Қазақстан Республикасының құзыретті органдары босқындар мен мәжбүрлеп қоныс аударушыларға бұрынғы тұрған жері бойынша неке қию (ерлі-зайыпты болу), туу туралы куәліктерді және азаматтық хал актілерінің басқа да құжаттарын алуға жәрдем көрсетуге міндетті.
33-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
281-бап. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 282-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
282-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
1. Осы Кодекс оны қолданысқа енгізгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
2. Осы Кодекстің 112-бабы 2-тармағының 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелері қолданысқа енгізілген күнге дейін Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттеуді алған бала асырап алу жөніндегі агенттіктер көрсетілген тармақшалардың ережелері қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органына тиісті міндеттемелер ұсынуға міндетті.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім өткен соң осы Кодекстің 112-бабының 2-тармағы 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелеріне сәйкес міндеттемелер ұсынбаған бала асырап алу жөніндегі агенттіктер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін тоқтатады.
283-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 23, 430-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы желтоқсанның 26-ы.
№ 518-ІV