4. Мүдделі адамдар құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
5. Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
6. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары Қазақстан Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
7. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану Қазақстан Республикасының осы Заңына және өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын есепке алу орталық атқарушы органдар айқындаған тәртіппен олардың құзыреті шегінде жүзеге асырылады.
24-бап. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға негіздер
1. Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға мына мән-жайлардың бірі:
1) жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе өтініштері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар;
2) құқық бұзушылық жасау не жасауға әрекет ету фактісін уәкілетті лауазымды адамның тікелей анықтауы;
3) мемлекеттік органдардан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан түскен материалдар негіз болып табылады.
2. Құқық бұзушылық жасау туралы немесе оны жасау қатері туралы өтініштер мен хабарламаларды мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
25-бап. Профилактикалық әңгімелесу
1. Профилактикалық әңгімелесудің негізгі міндеттері құқыққа қарсы мінез-құлықтың себептері мен жағдайларын анықтау, құқық бұзушылықтың әлеуметтік және құқықтық салдарларын түсіндіру және заңға мойынсынушылық мінез-құлықтың қажеттігіне сендіру болып табылады.
2. Профилактикалық әңгімелесуді құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану құзыретіне жататын құқық бұзушылық субъектісі құқық бұзушылық жасаған немесе оған қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға негіз бар адаммен өткізеді.
3. Профилактикалық әңгімелесу құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ тұратын жері, оқу, жұмыс орны бойынша не тікелей құқық бұзушылық анықталған жерде өткізіледі және оның ұзақтығы бір сағаттан аспауға тиіс.
4. Профилактикалық әңгімелесу өткізілетін адамға құқыққа қарсы іс-әрекеттерді тоқтату қажеттілігі туралы ескертіледі.
5. Кәмелетке толмаған адаммен профилактикалық әңгімелесу оның ата-анасының, педагогтарының немесе басқа да заңды өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.
26-бап. Құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс
1. Құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайлар анықталған жағдайда мемлекеттік органдар тиісті ұйымның басшысына немесе лауазымды адамына оларды жою туралы ұсыныс жібереді.
2. Тиісті ұйымның басшысы немесе лауазымды адамы ұсынысты алған күннен бастап бір ай мерзім ішінде мемлекеттік органға ұсынысты қарау нәтижелері және қолданылған шаралар туралы жазбаша түрде ақпарат беруге міндетті.
27-бап. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу
1. Сот құқық бұзушының мінез-құлқына оның жаңа құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында ерекше талаптар белгілеуі мүмкін.
2. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу әкімшілік-құқықтық ықпал ету шарасы болып табылады және ол әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамға әкімшілік жаза қолданылумен қатар және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды әкімшілік жауаптылықтан босатқан кезде оның орнына да қолданылады.
3. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның белгілі бір құқықтарын шектеуге және оған белгілі бір міндеттер жүктеуге әкеп соғады.
4. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу тәртібі, оның қолданылу мерзімі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен айқындалады.
5. Мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамды ішкі істер органдары профилактикалық есепке қояды және оған профилактикалық бақылауды жүзеге асырады.
28-бап. Профилактикалық есепке алу және бақылау
1. Профилактикалық есепке, оған қатысты:
1) қорғау нұсқамасы шығарылған;
2) оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген;
3) жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылданған;
4) әкімшілік қадағалау белгіленген;
2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес, сондай-ақ шартты түрде немесе жазасын өтеу кейінге қалдырылған жаза белгіленген;
2014.18.02. № 175-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтегеннен кейін бас бостандығынан айыру орындарынан босату туралы шешім қабылданған немесе қасақана қылмыстары үшін бас бостандығынан айыруға екі немесе одан да көп рет сотталған адам қойылады.
Адамдарды профилактикалық есепке қою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де негіздер көзделуі мүмкін.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Профилактикалық есепке алуды ішкі істер органдары жүргізеді.
3. Профилактикалық бақылау профилактикалық есепте тұратын адамның белгіленген шектеулерді сақтауын және жүктелген міндеттерді орындауын жүйелі түрде байқау болып табылады. Бұл адамдардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ оларға профилактикалық бақылауды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
4. Мүдделі адамдар профилактикалық есепке қоюға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Ішкі істер органдары адамға қорғау нұсқамасы шығарылған күні не соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде профилактикалық есепке қойылғаны туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
6. Профилактикалық бақылау профилактикалық есепке алу қолданылатын мерзім ішінде жүзеге асырылады. Белгіленген шектеулердің қолданылу және жүктелген міндеттердің орындалу мерзімі біткеннен кейін адам профилактикалық есептен шығарылып, оған бұл туралы үш тәулік ішінде жазбаша нысанда хабарланады.
7. Профилактикалық есептегі қамтылған мәліметтер құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі міндеттерді шешу шеңберінде ғана пайдаланылуы мүмкін.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Профилактикалық есепке алуды жүргізу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
29-бап. Жүріп-тұру еркіндігін алдын-ала шектеу
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жүріп-тұру бостандығын алдын ала шектеу белгілі бір тұрғылықты жері және (немесе) жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамға қатысты, оның әрекеттерінде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілері болмаған және оның жеке басын өзге тәсілдермен анықтау мүмкін болмаған кезде, жеке профилактика шарасы болып табылады.
2. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді соттың санкциясымен ішкі істер органдары қолданады және адамды ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінде отыз тәулікке дейінгі мерзімге уақытша оқшаулаудан тұрады.
3. Жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеуді қолданудың тәртібі мен шарттары, сондай-ақ ішкі істер органдарының арнаулы мекемесінен босатудың негіздері Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
30-бап. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2010 жылғы сәуірдің 29-ы.
№ 271-IV