1) заңсыз шығарылған мүлік қайтарылған және осындай мүлікті немесе мәмілелерді анықтау бойынша оңалтуды және банкроттықты басқарушы жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша мәмілелер жарамсыз деп танылған жағдайларда:
банкроттықты басқарушыға - қайтарылған мүлікті өткізуден түскен және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға бағытталған соманың екі пайызына дейін;
оңалтуды басқарушыға - қайтарылған мүліктің бағалау құнының үш пайызына дейін;
2) дебиторлық берешек өндіріп алынған жағдайда:
банкроттықты басқарушыға - өндіріп алынған және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға бағытталған соманың екі пайызына дейін;
оңалтуды басқарушыға - осындай берешектің өндіріп алынған сомасының үш пайызына дейін төленеді.
14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің оңалту және банкроттық саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңда көзделген функцияларды және өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
15-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
1) әкiмшiнiң қызметiн жүзеге асыру құқығы бар адамдарды тiркеудi және оларды тiркеуден шығаруды жүргiзедi;
2) кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны оңалтуды және банкроттықты басқарушы етіп тағайындайды;
3) оңалтуды және банкроттықты басқарушыны шеттетеді;
4) оңалту рәсiмiнің және банкроттық рәсiмiнің жүргiзiлуiн мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
5) оңалтуды басқарушының - оңалту рәсiмiнің жүзеге асырылу барысы туралы, уақытша басқарушының - борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинау мен банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы, банкроттықты басқарушының - банкроттық рәсiмiнің жүргiзілу барысы туралы ағымдағы ақпаратын қарайды;
6) оңалтуды және банкроттықты басқарушылардың қорытынды есебiнiң нысандарын бекiтедi;
7) санацияға қатысушыдан растайтын құжаттарды сұратады;
8) борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату бойынша электрондық аукционды өткізу тәртiбiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
9) осы Заңда көзделген жағдайда банкроттың мүлкін уақытша басқарушының сатуын келіседі;
10) жалған және әдейi банкроттық белгiлерiн анықтайды;
11) әкiмшiнiң iс-әрекеттерiне жасалған шағымдарды қарайды;
12) осы Заңның 7-бабында көрсетiлген мән-жайлар кезінде жасалған мәмiлелердi анықтау бойынша шаралар қолданады;
13) әкімшілерді есепке алу, оңалтуды және банкроттықты басқарушыларды тағайындау және шеттету тәртібін, сондай-ақ әкімшінің біліктілігін арттыру тәртібін айқындайды;
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14) оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы уақытша әкімші мен банкроттықты басқарушы қорытындысының үлгі нысандарын бекітеді;
15) мемлекеттiк органдардан, заңды тұлғалардан және олардың лауазымды адамдарынан төлемге қабiлетсіз және дәрменсiз борышкерлер туралы ақпаратты сұратады және алады;
16) уақытша және банкроттықты басқарушыларға банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы ақпаратты ұсынады;
17) осы Заңды бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшінің шешiмдерi мен әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) сотта даулайды;
18) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелердi қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi;
19) заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды және олар туралы iстердi қарайды, өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк жазалар қолданады;
20) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
21) өз құзыреті шегінде оңалту және банкроттық рәсімдерін енгізу, жүргізу және тоқтату жөнінде түсініктеме беру мен түсіндіруді жүзеге асырады және береді;
22) борышкердің қаржылық жағдайы туралы уақытша басқарушы қорытындысының үлгі нысандарын бекітеді;
23) уәкілетті органның интернет-ресурсында оларды банкрот деп тану туралы сот шешімдері заңды күшіне енген банкроттардың тізімін жариялайды;
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 23-1) және 23-2) тармақшалармен толықтырылды
23-1) тiркеуге, тiркеуден шығаруға, тiркелген тұлғаның деректерiне өзгерiстер енгiзуге арналған өтiнiштердiң нысандарын, сондай-ақ тiркелгендiгiн растау және тiркеуден бас тарту нысандарын әзірлейді;
23-2) біліктілік емтиханын өткізу тәртібін әзірлейді;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
16-бап. Уәкілетті органның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы
1. Уәкілетті орган мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік органдар оңалту және банкроттық саласындағы қызметті жүзеге асыру бойынша міндеттерді орындауда уәкілетті органға жәрдем беруге міндетті.
3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен электрондық тәсілмен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға құқылы.
17-бап. Оңалту және банкроттық рәсімдерінің жүргізілуін мемлекеттік бақылау
1. Оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Әкімшінің қызметін мемлекеттік бақылау:
1) тексерулер нысанында;
2) мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарына:
әкімшінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдарды есепке алу;
камералдық бақылау;
сұрау салуларды жіберу;
рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты қабылдау жатады.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
18-бап. Камералдық бақылау
1. Камералдық бақылау тәуекелдерді басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Камералдық бақылаудың мақсаты әкімшіге камералдық бақылау нәтижелері бойынша уәкілетті орган анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою мүмкіндігін беру болып табылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Камералдық бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады. Камералдық бақылауды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.
4. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша әкімшінің әрекетінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтардың сипаттамасы қоса беріле отырып, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама ресімделеді.
19-бап. Сұрау салуларды жіберу және рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты қабылдау
1. Әкімшілердің қызметін бақылауды жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган сұрау салулар жібереді.
2. Атына сұрау салу келіп түскен мемлекеттік орган, жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен уәкілетті органға кез келген құпия ақпаратты (банктік, салықтық, коммерциялық құпия) ашуға және борышкерге және әкімші жүзеге асыратын оңалту немесе банкроттық рәсіміне қатысты құпия ақпаратты қамтитын кез келген құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
3. Сұрау салуды орындау мерзімі орындаудың неғұрлым ұзақ мерзімі осы сұрау салуда көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сұрау салу келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.
4. Әкімші рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей, ұсынылатын ақпаратқа енгізілген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты әкімшінің ұсынған күні, оны ұсыну тәсіліне қарай:
1) өзі келу тәртібімен - уәкілетті орган рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты қабылдаған күн;
2) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен - пошта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгісі қойылған күн болып табылады.
20-бап. Хабарламалар
1. Әкімшіге мынадай:
1) қызметін тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар үшін шеттетілген алдыңғы әкімшінің осы бұзушылықтарын жою туралы;
2) әкімшінің қызметін камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жіберіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы бапта көрсетілген хабарламаларды жіберудің тәртібін, нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген хабарламаның орындалуы туралы есептің тәртібін, мерзімдері мен нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
3. Хабарлама әкімшіге қолын қойдыра отырып жеке өзіне немесе жөнелту мен алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Бұл ретте төменде тізбеленген тәсілдердің бірі арқылы жіберілген хабарлама әкімшіге мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - әкімші алғаны туралы хабарламада белгі қойған күннен бастап;
2) электрондық тәсілмен - әкімшіні уәкілетті органда тіркеу (қайта тіркеу) кезінде әкімшінің өтініште көрсетілген электрондық мекенжайына уәкілетті орган жөнелткен күннен бастап табыс етілген болып есептеледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Әкімшілердің ағымдағы және сұратылатын ақпаратты ұсыну және қабылдау тәртібі
Ағымдағы және уәкілетті орган сұрататын оңалту рәсімінің немесе банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты әкімші уәкілетті органға уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша, тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.
2-тарау. КРЕДИТОРЛАР
22-бап. Кредиторлардың жеделдетілген оңалту рәсіміне, оңалту рәсіміне, банкроттық рәсіміне қатысуы
1. Жеделдетілген оңалту рәсімі, оңалту рәсімі, банкроттық рәсімі барысында барлық кредиторлардың мүдделерін осы Заңға сәйкес құрылатын кредиторлар жиналысы білдіреді.
2. Жеделдетілген оңалту рәсімі туралы, оңалту, банкроттық туралы іс қозғалған кезден бастап кредиторлар осы Заңда белгіленген тәртіппен ғана өздерінің талаптарын қанағаттандыру мақсатында борышкерге және (немесе) әкімшіге жүгінуге құқылы.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Кредитор оңалту рәсімін немесе банкроттық рәсімін жүргізу барысында соттың шешіміне, әкімшінің әрекетіне, егер осы шешімдер немесе әрекеттер оның заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе, шағым жасауға құқылы.
23-бап. Кредиторлар жиналысы
1. Жеделдетілген оңалту рәсімі кезінде кредиторлар жиналысына қатысу құқығы оңалту жоспарына енгізілген барлық кредиторларға тиесілі.
2. Оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде кредиторлар жиналысына қатысу құқығы кредиторлар жиналысын өткізу күніне кредиторлар талаптарының тізіліміне талаптары енгізілген кредиторларға тиесілі.
Кредиторлар жиналысына борышкер мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшылар (қатысушылар) және уәкілетті органның өкілдері қатысуға құқылы.
3. Кредиторлар жиналысының өкілеттіктері осы Заңның 34, 75 және 93-баптарында көзделген.
24-бап. Кредиторлар жиналысын шақыру тәртібі
1. Кредиторлар жиналысын ұйымдастыруды және өткізуді осы Заңда көзделген жағдайларда борышкер немесе әкімші жүзеге асырады.
2. Кредиторлар жиналысы:
1) борышкердің;
2) әкімшінің;
3) кредиторлар комитетінің;
4) талаптары тізілімге енгізілген кредиторлар талаптарының жалпы сомасының кемінде он пайызын не кредиторлардың жалпы санының кемінде он пайызын құрайтын кредиторлардың бастамашылығы бойынша шақырылуы мүмкін.
25-бап. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы ақпараттық хабар
1. Осы Заңның мақсаттары үшін кредиторларға, сондай-ақ кредиторлар жиналысына қатысуға құқығы бар өзге де тұлғаларға кредиторлар жиналысы өткізілетіні туралы хабардың кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмей пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберілуі тиісінше хабардар ету болып танылады. Егер кредиторлар саны елуден астам болған жағдайда, кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмей, кредиторлар жиналысы өткізілетіні туралы хабарландырудың уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялануы тиісінше хабардар ету болып танылады.
Тұрақты немесе көбіне тұратын немесе орналасқан жері бойынша жеке хабардар ету үшін қажет мәліметтерді анықтау мүмкін болмаған кезде не мұндай хабардар ету мүмкін болмайтын өзге де мән-жайлар болған кезде кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы мәліметтерді осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен жариялау мұндай адамдарды тиісінше хабардар ету деп танылады.
Борышкерде интернет-ресурс болған кезде кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы хабарды кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей көрсетілген интернет-ресурста жариялау міндетті болып табылады.
Осы тармақтың күші оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі кезінде кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы кредиторларды хабардар етуге қолданылмайды. Кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы хабарламаны кредиторларға жіберу тәртібі:
оңалту рәсімі кезінде - осы Заңның 72-бабының 6-тармағында;
банкроттық рәсімі кезінде - осы Заңның 91-бабының 1-тармағында айқындалады.
Кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарлама кредиторларға жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкімші уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарламаны қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
2. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарда мынадай мәліметтер:
борышкердің атауы, заңды мекенжайы;
кредиторлар жиналысының өткізілетін күні, уақыты мен орны;
кредиторлар жиналысының күн тәртібі;
кредиторлар жиналысының қарауына жататын материалдармен танысу тәртібі қамтылуға тиіс.
3. Кредиторлардың алғашқы жиналысын қоспағанда, жиналысқа тікелей қатысу мүмкін болмаған жағдайда, кредитор сырттай, оның ішінде пошта арқылы тапсырыс хатпен немесе электрондық тәсілмен дауыс беруге құқылы.
Егер кредитор сырттай дауыс беретін болса, ол бұл туралы борышкерге, оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыға жиналыс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға тиіс.
Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы жиналыс өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей күн тәртібіне қатысты материалдарды осындай кредиторға танысу үшін жіберуге немесе ұсынуға міндетті.
26-бап. Кредиторлар жиналысының шешімдер қабылдауы
1. Борышкер немесе әкімші кредиторлар жиналысы ашылғанға дейін жиналысқа қатысушыларды тіркеуді жүргізеді.
2. Кредиторлар жиналысы оған сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген және кредиторлар жиналысын өткізу күніне қанағаттандырылмаған кредиторлар талаптары жалпы сомасының елуден астам пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Қайта шақырылған кредиторлар жиналысы кредиторлар жиналысының өткізілетін уақыты мен орны туралы кредиторлар тиісті түрде хабардар етілген жағдайда, оған кредиторлар талаптарының жалпы сомасының кемінде жиырма бес пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда заңды болып табылады.
3. Кредиторлар жиналысының шешімдері хаттамамен ресімделеді.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Кредиторлар жиналысының отырысын қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланған төрағалық етуші жүргізеді. Хаттаманы қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланатын хатшы жүргізеді. Төраға мен хатшы қарапайым көпшілік дауыспен сайланады. Хаттамаға төрағалық етуші, әкімші, хатшы жиналыс өткізілген күні қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Тәртібі осы Заңның 99-бабының 6-тармағында айқындалатын борышкердің мүлкін (активтерін) тікелей сату туралы шешімдер қабылданатын және оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін жағдайларды қоспағанда, кредиторлар жиналысының шешімдері сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысына қатысушы кредиторлардың дауыс санының көпшілік дауысымен қабылданады.
Әкімші кредиторлардың шешімдерді қабылдауы үшін әрбір кредитордың дауыс санын «талаптардың бір теңгесі - бір дауыс» қағидаты бойынша айқындайды.
Тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұл), жіберіп алған пайда түріндегі шығындар, сондай-ақ өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялар кредиторлар жиналысында дауыс санын айқындау мақсаттары үшін есепке алынбайды.
Кредиторлар жиналысы шешімдер қабылдаған кезде:
1) осы Заңның 72-бабының 3-тармағына немесе 90-бабының 4-тармағына сәйкес дауыс беру құқығынан айырылған кредиторлардың;
2) қалған кредиторлардың талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін борышкерге қатысты үлестес тұлғалар болып табылатын кредиторлардың дауыс беру құқығы болмайды.
Кредитор талаптарының қанағаттандырылуына қарай оның дауыс саны қанағаттандырылған талаптар сомасына азаяды.
Оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралған кезде дауыс беруге осындай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) кейінгі кезектер құрамында талаптары қанағаттандырылуға жататын кредиторларды қоса алғанда, осындай өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен мүдделері қозғалған кредиторлар қатысады.
Кредиторлар жиналысының оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешімі, талаптары осындай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) кейінгі кезектер құрамында қанағаттандырылуға жататын кредиторларды қоса алғанда, осы өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен мүдделері қозғалған кредиторлар дауыстары санының көпшілік дауысымен қабылданады.
6. Кредиторлар жиналысының хаттамасы үш данада жасалады, олардың біреуі оған қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, екіншісі кредиторлар комитетіне беріледі, үшіншісі әкімшіде қалады.
Кредиторлар жиналысының хаттамасына:
жиналысқа қатысушыларды тіркеу ведомосының;
жиналысқа қатысушыларға танысу және (немесе) бекіту үшін ұсынылған материалдардың;
кредиторлардың кредиторлар жиналысының өткізілетін күні мен уақыты туралы тиісінше хабардар етілгені туралы куәландыратын құжаттардың;
борышкердің немесе әкімшінің қалауы бойынша өзге де құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
27-бап. Кредиторлар комитеті
1. Кредиторлар комитеті жеделдетілген оңалту рәсімі, оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде осы Заңда белгіленген тәртіппен құрылады.
2. Кредиторлар комитетінің құрамын кредиторлар жиналысы қалыптастырады және бекітеді. Кредиторлар комитетінің құрамына біртекті кредиторлардың әрбір тобынан өкілдер кіреді. Кредиторлар комитетіндегі мүшелердің ең аз саны салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша жалғыз кредиторы бар борышкерге қатысты банкроттық рәсімін жүргізу жағдайларын қоспағанда, үш адамнан кем болмайды. Кредиторлар комитетінің мүшесі үлестес тұлға болмауға тиіс.
3. Қалыптастырылған және бекітілген кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер енгізудің негіздері:
1) кредиторлар комитетінің құрамына кіретін кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау;
2) кредиторға кредиторлар комитетінің құрамында болуға кедергі болатын мән-жайлар (заңды күшіне енген сот актілері, кредитордың таратылуы не қайтыс болуы және басқалар);
3) үлестес тұлғалардың анықталуы;
4) кредиторлар комитеті мүшесінің кредиторлар комитетінің отырыстарына дәлелсіз себеппен екі реттен артық қатыспауы болып табылады.
4. Кредиторлар комитетінің отырысын өткізу туралы хабарламаны әкімші отырыс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей пошта арқылы тапсырыс хатпен жібереді.
5. Кредиторлар комитетінің өкілеттіктері осы Заңның 76 және 94-баптарында көзделген.
28-бап. Кредиторлар комитетінің шешім қабылдауы
1. Кредиторлар комитетінің отырысы комитет мүшелерінің кемінде төрттен үші қатысқан кезде заңды болып табылады.
2. Кредиторлар комитетінің шешімі «комитеттің бір мүшесі - бір дауыс» қағидаты бойынша кредиторлар комитеті мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Дауыс беру рәсімінде дауыстар тең болған кезде кредиторлар комитетінің төрағасына шешуші дауыс құқығы беріледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Кредиторлар комитетінің отырысы хаттамамен ресімделеді.
Хаттамада отырыстың өткізілген күні мен орны, дауыс беруге қатысқан кредиторлар комитетінің мүшелері, күн тәртібі, дауыс беру нәтижелері мен қабылданған шешімдер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Хаттамаға дауыс беруге қатысқан кредиторлар комитетінің барлық мүшелері мен әкімші қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.
Әкімші хаттамаға қол қойылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органға, кредиторлар комитетінің мүшелеріне жібереді. Хаттаманың бір данасы әкімшіде болады.
4. Кредиторлардың, борышкер мүлкінің меншік иесінің (олар уәкілеттік берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) кредиторлар комитетінің отырысына қатысуға құқығы бар.
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 2-1-тараумен толықтырылды
2-1-тарау. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі
28-1-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы шешім қабылдау
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, борышкер осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында белгіленген бір немесе одан да көп шарттар басталған кезде борышкердің және (немесе) кредиторлардың оңалту рәсімін қолдану және (немесе) борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінгеніне дейін өзінің төлем қабілетсіздігін реттеу туралы шешім қабылдауға құқылы.
2. Борышкер төлем қабілетсіздігін дәлелдейтін құжаттарды қоса бере отырып, төлем қабілетсіздігін реттеу туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
Борышкер сотқа өтініш берген кезде бір мезгілде кредиторларды хабардар етеді.
Бұл ретте егер:
төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы соттың ұйғарымы шыққан;
төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасаспаған жағдайда осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жыл өтпесе, борышкердің сотқа осындай өтінішпен жүгінуге құқығы жоқ.
3. Сот борышкердің төлем қабілетсіздігін реттеу туралы өтінішін қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мына шешімдердің бірін шығарады:
1) төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы;
2) төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолданудан бас тарту туралы.
Осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында белгіленген төлем қабілетсіздігі белгілерінің борышкерде болмауы соттың төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолданудан бас тартуы үшін негіз болып табылады.
4. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімі дереу орындауға жатады.
5. Борышкер сот қабылдаған шешім туралы уәкілетті органды және кредиторларды дереу хабардар етеді.
6. Уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде борышкерге қатысты төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімі қолданылғаны туралы хабарландыруды орналастырады.
28-2-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану салдарлары
Борышкерге қатысты төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдарлар туындайды:
1) борышкердің барлық берешек түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептеу тоқтатылады;
2) кредиторға (кредиторларға) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасасу кезеңінде борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа өтініш беруге тыйым салынады;
3) борышкерге мүлікті (активтерді) иеліктен шығару бойынша қандай да бір мәмілелер жасасуға тыйым салынады.
28-3-бап. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім
1. Төлем қабілетсіздігін реттеу рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде борышкер барлық кредиторлармен төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім жасасуға міндетті.
2. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімде келісімнің шарттары, борышкердің кредитор (кредиторлар) алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібі, тәсілдері мен мерзімдері туралы ережелер қамтылуға тиіс.
Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісім үш жылдан аспайтын мерзімге жасалады.
3. Төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімде көзделген құқықтар мен міндеттерді өзіне қабылдайтын үшінші тұлғалардың төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімге қатысуына рұқсат беріледі.