2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда, микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде тіркелген заңды тұлға есептік тіркеуден бас тартуды алған күннен кейін отыз жұмыс күні ішінде микроқаржы ұйымдарының есептік тіркеуден өту, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының тізілімін жүргізу және тізілімнен шығару қағидаларына сәйкес қайтадан өтініш беруге құқылы немесе өзінің атауынан «микроқаржы ұйымы», «кредиттік серіктестік», «ломбард» деген сөздерді, олардан туындайтын сөздерді немесе микрокредиттерді беру қызметін жүзеге асыратынын болжайтын аббревиатураны алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
Уәкілетті орган қайта берілген өтінішті отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Осы баптың 1-тармағының 3) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда, микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде тіркелген заңды тұлға есептік тіркеуден бас тартуды алған күннен кейін отыз жұмыс күні ішінде өзінің атауынан «микроқаржы ұйымы», «кредиттік серіктестік», «ломбард» деген сөздерді, олардан туындайтын сөздерді немесе микрокредиттерді беру қызметін жүзеге асыратынын болжайтын аббревиатураны алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
Заңды тұлға осы тармақтың бірінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген әрекеттерді жүзеге асырмаған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп қайта ұйымдастыруға не таратуға жатады.
16-бап. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару үшін негіздер
1. Микроқаржы ұйымы микроқаржы ұйымдарының тізілімінен:
1) қызметін осы Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп) бұза отырып жүзеге асырған;
2) пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп) бұзған;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілікті ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп) ұсынбаған;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) анық емес қаржылық немесе өзге де есептілік бергені үшін екі реттен көп (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде) әкімшілік жауаптылыққа тартылған;
5) уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын ұдайы (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен көп рет) орындамаған;
6) осы Заңда көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа екі реттен көп рет тартылған;
7) микроқаржы ұйымы микроқаржы ұйымдарының тізіліміне қосылған күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай бойы қызметті жүзеге асырмаған;
8) микроқаржы ұйымының қызметін тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
9) микроқаржы ұйымы қайта ұйымдастыру немесе тарату жолымен өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда шығарылады. Бұл ретте, микроқаржы ұйымы микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы өтініш бергенге дейін өзінің барлық міндеттемелерін орындауға тиіс. Өтінішке бір мезгілде барлық міндеттемелерінің орындалғанын растау туралы хат қоса беріледі;
10) микроқаржы ұйымы тексеру жүргізуге, оны белгіленген мерзімдерде жүргізуге мүмкіндік бермейтін екі реттен көп рет кедергі жасаған жағдайларда шығарылады.
2. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылған жағдайда, шығарылған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде уәкілетті орган микроқаржы ұйымын бұл жөнінде жазбаша түрде хабардар етеді.
Хабарлама есептік тіркеуден өту үшін өтініште көрсетілген мекенжай бойынша жіберіледі.
3. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы уәкілетті органның шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығару туралы уәкілетті органның шешімдеріне шағым жасау осы шешімдердің орындалуын тоқтата тұрмайды.
4. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінен өзінің шығарылғаны туралы уәкілетті органның жазбаша хабарламасын алғаннан кейін микроқаржы ұйымының жаңа микрокредиттер беруіне тыйым салынады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Микроқаржы ұйымы уәкілетті органның микроқаржы ұйымдарының тізілімінен шығарылғаны туралы хабарламасын алғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде өзінің атауынан «микроқаржы ұйымы», «кредиттік серіктестік», «ломбард» деген сөздерді, олардан туындайтын сөздерді немесе көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттерді беру қызметін жүзеге асыратынын болжайтын аббревиатураны алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
17-бап. Микрокредиттер беру қағидалары
Микрокредиттер беру қағидаларында мынадай мәлiметтер:
1) микрокредит беруге арналған өтінішті беру тәртібі және оны қарау тәртібі;
2) микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі;
3) микрокредиттiң шекті сомалары және оны беру мерзiмдерi;
4) берiлетiн микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің шектi шамалары;
5) берiлген микрокредиттер бойынша сыйақы төлеу тәртiбi;
6) микроқаржы ұйымы қабылдайтын қамтамасыз етуге қойылатын талаптар;
7) берілетін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидалары;
8) микрокредитті өтеу әдістері қамтылуға тиіс.
Микрокредиттер беру қағидаларында микрокредит берудің өзге де шарттары және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін мәліметтер де қамтылуы мүмкін.
18-бап. Iшкi бақылау қызметi
1. Микроқаржы ұйымы өзiнiң қаржы-шаруашылық қызметiн бақылауды жүзеге асыруы үшiн iшкi бақылау қызметiн құруы мүмкін.
2. Iшкi бақылау қызметiнiң жұмыс тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ микроқаржы ұйымының iшкi қызметiн реттейтiн қағидаларда, ережеде және өзге де құжаттарда айқындалады.
19-бап. 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20-бап. Берiлген микрокредит бойынша құжаттама жүргiзу тәртiбi
1. Микроқаржы ұйымы қарыз алушыларды тiркеу журналында берiлген әрбiр микрокредиттi тiркейдi, оның жүргізілуі электрондық түрде немесе қағаз тасымалдағышта жүзеге асырылады.
2. Микрокредит алу үшiн өтініш беруші (қарыз алушы) осы баптың 3-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады.
3. Кредиттік дерекнама аталған микроқаржы ұйымында микрокредит беру туралы алғашқы шартқа қарыз алушы қол қойған күннен бастап қалыптастырылады.
Кредиттiк дерекнамада мыналар:
1) микрокредиттi пайдалану мақсаты туралы (мақсатты микрокредит берiлген жағдайда), қарыз алушының микрокредиттi өтеу және құнын көрсете отырып, сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге ұсынатын мүлкі туралы не қамтамасыз етудiң жоқ екендігі туралы мәлiметтері бар өтiнiш;
2) қарыз алушы - заңды тұлға органының микрокредит алу туралы шешімі;
3) кепіл беруші - заңды тұлға органының қарыз алушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге кепіл нысанасын беру туралы шешімі;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) қарыз алушының құрылтай құжаттарының көшiрмелерi (заңды тұлғалар үшiн);
5) қарыз алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi (жеке тұлғалар үшiн);
6) қарыз алушы өкiлiнiң микрокредит беру туралы шартқа қол қою өкiлеттiгiн растайтын құжаттар;
7) микрокредит беру туралы шарт;
8) егер берiлген микрокредит мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген жағдайда - кепiл туралы шарт, мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері, ал мүлік кепілі міндетті тіркелетін жағдайда - мүлік кепілінің тіркелу фактісін растайтын құжаттар қамтылады.
4. Мiндеттемесiнің орындалуы кепiлдiкпен немесе кепілгерлікпен қамтамасыз етiлген микрокредит бойынша кредиттiк дерекнамаға мынадай қосымша құжаттар:
1) кепiлдiк немесе кепілгерлік шарты;
2) өкiлдiң кепілдік беруші атынан кепiлдiк беру шартына немесе кепілгердің атынан кепілгерлік шартқа қол қоюға өкiлеттiгiн растайтын құжаттар;
3) қарыз алушының міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік немесе кепілгерлік беру туралы кепілдік беруші немесе кепілгер - заңды тұлға органының шешімі қоса беріледі.
5. Микрокредит бойынша берешектiң толық немесе iшiнара өтелгенiн растайтын құжаттар (немесе олардың көшірмелері) кредиттiк дерекнамаға қоса берiлуге және оларда микрокредиттi өтеу көзi (қарыз алушы аударған не кепiлдегі мүлiктi сатудан түскен ақша) көрсетілуге тиiс.
21-бап. Микрокредит беру құпиясы
1. Микрокредит беру құпиясы қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерлерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы және микроқаржы ұйымының операциялары туралы (микрокредиттер беру қағидаларын қоспағанда) мәлiметтердi қамтиды.
Тарату процесіндегі микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру туралы жасасқан шарттары жөнiндегi мәлiметтер микрокредит беру құпиясына жатпайды.
2. Микроқаржы ұйымдары микрокредит беру құпиясына кепiлдiк бередi.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Микрокредит беру құпиясы берілген микрокредиттер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарыз алушыға, микроқаржы ұйымында жеке өзінің қатысуымен берілген жазбаша келісімі негізінде кез келген үшінші тұлғаға, кредиттік бюроға ғана, сондай-ақ осы баптың 4, 5, 5-1 және 6-тармақтарында көрсетiлген тұлғаларға ашылуы мүмкiн.
4. Қарыз алушылар, микрокредиттердiң мөлшерлерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары туралы, микроқаржы ұйымы жүргiзген операциялар туралы мәлiметтер:
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) қылмыстық қудалау функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға: олар жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша мөрмен расталған және прокурор санкция берген жазбаша сұрау салу негiзiнде;
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
1-1) прокурордың санкциясымен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына және Мемлекеттік күзет қызметіне: барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу үшін қажетті ақпаратты беру туралы олардың талап етуі бойынша;
2) соттарға: олар жүргiзiп жатқан iстер бойынша соттың ұйғарымы, қаулысы, шешiмi және үкiмi негiзiнде;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді
3) мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына: олар жүргізіп жатқан атқарушылық іс жүргізу істері бойынша әділет органдарының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталған, сот орындаушысының прокурор санкциялаған қаулысы негізінде;
4) прокурорға: оның құзыретi шегiнде өзінің қарауында жатқан материал бойынша тексеру ісін жүргізу туралы қаулы негiзiнде;
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) салықтық әкімшілендіру мақсатында ғана мемлекеттік кіріс органдарына: тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша нұсқама негiзiнде;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 6) тармақша жаңа редакцияда
6) қарыз алушының өкiлдерiне: сенімхат негізінде, жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы бойынша нотариат куәландырған сенімхат негізінде;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды; 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға: өзі жөнінде соттың банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген шешімі бар тұлғаға қатысты, банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейін бес жыл ішіндегі кезең үшін прокурордың санкциясымен беріледі.
5. Қарыз алушы, микрокредит мөлшерi туралы, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары жөнiндегi мәлiметтер қарыз алушы қайтыс болған жағдайда, осы баптың 4-тармағында көзделген тұлғалардан басқа, жазбаша сұрау салу негiзiнде, сондай-ақ:
1) қарыз алушы өсиетте көрсеткен тұлғаларға;
2) нотариустарға: өздері жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша нотариустың мөрiмен расталған, оның жазбаша сұрау салуы негiзiнде беріледі.
Нотариустың жазбаша сұрау салуына қайтыс болу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiлуге тиiс;
3) шетелдiк консулдық мекемелерге: олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Микрокредит беру құпиясы банк омбудсманына оның қарауында жатқан, қарыз алушылардың - жеке тұлғалардың өзі бойынша құқық (талап ету) осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген тұлғаға берілген микрокредит беру туралы шарттан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі жүгінулері бойынша ашылуы мүмкін.
6. Мыналар:
1) кредиттік бюроларға микроқаржы ұйымдарының теріс ақпарат беруі және күнтізбелік жүз сексен күннен асатын мерзімі өткен берешегі жөнінде кредиттік тарих субъектісі туралы кредиттік бюролардың теріс ақпарат беруі;
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) микроқаржы ұйымдарының негізгі борыш және (немесе) есепке жазылған сыйақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар микрокредитке байланысты ақпаратты осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғаларға беруі;
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттікке осы коллекторлық агенттікпен берешекті өндіріп алу туралы жасасқан шарт шеңберінде микрокредит жөнінде ақпарат беруі;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен уәкілетті орган арасында ақпарат, оның ішінде микрокредит беру құпиясын құрайтын мәліметтер алмасу;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе микроқаржы ұйымында басқарушылық функцияларды орындайтын адамның қылмыстық қудалау органына қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабар жіберілген кезде растау құжаттары мен материалдары ретінде микрокредит беру құпиясын қамтитын құжаттар мен мәліметтерді ұсынуы микрокредит беру құпиясын ашу болып табылмайды.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
22-бап. Бухгалтерлiк есепті жүргiзу және қаржылық есептiлiкті жасау
Микроқаржы ұйымының бухгалтерлік есепті жүргізуі және қаржылық есептілікті жасауы, бухгалтерлік есептің жүргізілуін автоматтандыру Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
23-бап. Құжаттарды сақтау
Микроқаржы ұйымының қызметiне байланысты құжаттарды сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Микрокредиттер беру жөнiндегi қызметке және шындыққа сай келмейтiн жарнамаға тыйым салу
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар ретiнде тiркелмеген заңды тұлғалардың микрокредиттер беру жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Микроқаржы ұйымдарына:
1) өздерiнiң қызметі туралы жарнаманы жариялау күніне шындыққа сәйкес келмейтін жарнама жасауға;
2) Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес келмейтін шарттарда микрокредит ұсынумен байланысты жарнама жасауға тыйым салынады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымынан шындыққа сәйкес келмейтін жарнамаға өзгерістер енгізуді, оны тоқтатуды немесе оны теріске шығару туралы жариялауды талап етуге құқылы.
Осы талап уәкілетті орган белгілеген мерзімде орындалмаған жағдайда, уәкілетті орган жарнамадағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні туралы ақпаратты жариялауға не осындай жарнаманы жариялаған микроқаржы ұйымы есебінен оларды нақтылауға құқылы.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Микроқаржы ұйымдарының тізілімінде тұрмаған заңды тұлғаларға микроқаржылық қызмет санатына жататын, жүзеге асырылатын қызметтер көрсетуді жарнамалауға тыйым салынады.
25-бап. Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату
Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
4-тарау. МИКРОҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
26-бап. Микроқаржы ұйымы үшін белгіленетін пруденциялық нормативтер және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер
Пруденциялық нормативтердің және сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердің құрамына:
1) жарғылық капиталдың ең төменгi мөлшерi;
2) меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері;
3) меншікті капиталдың жеткiлiктiлiгi;
4) бір қарыз алушыға тәуекелдің ең жоғарғы мөлшері;
5) левередж коэффициенті кіреді.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 27-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27-бап. Уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті
Уәкілетті орган:
1) есептік тіркеуді жүргізедi;
2) микроқаржы ұйымдарының тізілімін жүргізеді;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) тиісті микроқаржылық қызмет түріне қатысты пруденциялық нормативтердi және микроқаржы ұйымының сақтауы мiндеттi өзге де нормаларды және лимиттердi, оларды есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
4) 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-1) - 4-3) тармақшалармен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) микроқаржы ұйымы (кредиттік серіктестікті және ломбардты қоспағанда) қарыз алушысының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу тәртібін және шекті мәнін бекітеді;
4-2) микрокредит алу үшін қажетті құжаттардың тізбесін, сондай-ақ осы Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиттік дерекнама жүргізу тәртібін бекітеді;
4-3) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша ломбардта заттарды сақтау, ломбардтардың үй-жайларының қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды белгілеу мәселелерін қоса алғанда, ломбардтардың қызметін ұйымдастыру тәртібін бекітеді;
5) берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын әзірлейді және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша бекітеді;
6) микроқаржы ұйымының қызметіне тексеруді жүзеге асырады;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7) тармақша жаңа редакцияда
7) сотқа:
осы Заңның 16-бабының 5-тармағында көзделген талап орындалмаған жағдайда, микроқаржы ұйымдарын;
микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар ретінде тіркелген, осы Заңның 14-бабының 1-тармағына сәйкес есептік тіркеуден өтпеген, сондай-ақ осы Заңның 15-бабы 2-тармағының бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген талаптарды орындамаған заңды тұлғаларды;
қарыз беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын (кредиттік серіктестіктер, ломбардтар, сондай-ақ есептік тіркеуден өткен және микроқаржы ұйымдарының тізіліміне енгізілген микроқаржы ұйымдары ретінде тіркелген тұлғаларды қоспағанда), осы Заңға сәйкес микроқаржы ұйымы ретінде мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өтпеген заңды тұлғаларды;
осы Заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік қайта тіркеуден өтпеген микрокредиттік ұйымдарды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату туралы талап қою береді;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органмен келісу бойынша мыналарды бекітеді:
1) микроқаржы ұйымының пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормаларды және лимиттерді орындауы туралы есептіліктің тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі;
2) микроқаржы ұйымының қаржылық пен өзге де есептілігінің тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі.
28-бап. Микроқаржы ұйымына қолданылатын ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздері
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Уәкілетті орган микроқаржы ұйымы пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзған, микроқаржы ұйымының лауазымды адамдары мен жұмыскерлерінің заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған, Қазақстан Республикасы заңдарының және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптары сақталмаған кезде, осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады.
Ықпал ету шаралары деп шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар түсініледі.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шаралары ретінде микроқаржы ұйымына мынадай шектеулі шараларды қолдануға:
1) орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама беруге;
2) жазбаша ескерту шығаруға;
3) жазбаша келісім жасауға құқығы бар.
Анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы міндетті түзету шараларын қолдануға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) белгiленген мерзiмде ұсыну қажеттілігіне арналған микроқаржы ұйымына берілген нұсқау жазбаша нұсқама болып табылады.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралар тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
Уәкілетті орган жазбаша ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде осы ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасының заңнамасының нормалары қайтадан бұзылғанын анықтаған жағдайда, уәкiлеттi органның микроқаржы ұйымына осы баптың 4-тармағында көзделген санкцияларды қолдану мүмкiндiгi туралы хабарламасы жазбаша ескерту болып табылады.