лизингтік қызмет;
резидент немесе бейрезидент заңды тұлғаларға ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ұлттық валютамен ақшалай нысанда кредиттер беру;
Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызмет.
5. Қорды қорландыру мыналардың есебінен жүзеге асырылады:
бюджет қаражаты;
Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайтадан пайдалануға дайындауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақы түрінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы алған қаражат;
коммерциялық, меншікті және өзге де қаражат.
6. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен және шарттармен қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды одан әрі қаржыландыру үшін қорға қарыз түріндегі қаржыландыруды ұсынады.
Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жүзеге асыратын қаржыландыру банк және микроқаржы қызметіне жатпайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат беру құжаттарының болуын талап етпейді.
7. Қор:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына және (немесе) қордың ішкі актілеріне сәйкес меншікті және бюджеттен тыс қарыз қаражаты есебінен қаржыландыру саясатын айқындауға;
2) өңдеу өнеркәсібі жобаларының сараптамасын жүзеге асыру үшін сарапшылар мен консультанттарды тартуға;
3) мемлекеттік бюджеттен алынған қаражатты қоспағанда, бос қаражатты қордың ішкі актілеріне сәйкес қаржы құралдарының ішкі және сыртқы нарықтарына орналастыруға құқылы.
16-бап. Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесі
1. Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесі (бұдан әрі осы баптың мақсатында - жүйе) өнеркәсіп дамуының жай-күйі туралы ақпаратты көздейтін ақпараттық жүйе болып табылады.
2. Жүйені жүргізу мақсаттары бизнес жүргізу процесін оңайлату мақсатында өнеркәсіптің жай-күйі туралы ақпаратты қалыптастыру және онымен алмасу тиімділігін арттыру, өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілеріне өзекті ақпарат беру, сондай-ақ өнеркәсіптік саясат бойынша болжамдау және шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдарды толық және анық ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
3. Жүйе:
1) өнеркәсіптік саясатты іске асыру туралы;
2) өнеркәсіп салаларының дамуы туралы статистикалық деректер туралы;
3) өндірістік қызметке байланысты бағыттарды дамыту нәтижелері туралы;
4) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың іске асырылатын шаралары туралы;
5) өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру туралы ақпаратты;
6) Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесіне кіретін функционалдық және ақпараттық сервистердің тізбесіне сәйкес өзге де ақпаратты қамтиды.
4. Жүйені құру, қолдап отыру және оның жұмыс істеуі Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2-параграф. Өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылым
17-бап. Өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылым
Өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылым мынадай элементтерден тұрады:
1) «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен рет телетін арнайы экономикалық аймақтар;
2) «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін индустриялық аймақтар;
3) технологиялық парктер (бұдан әрі - технопарктер);
4) «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін тәуекелмен инвестицияланатын акционерлік инвестициялық қорлар;
5) «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін венчурлік қорлар;
6) технологияларды коммерцияландыру орталықтары;
7) конструкторлық бюролар;
8) технологиялар трансфертінің халықаралық орталықтары;
9) инновациялық кластерлер;
10) аумақтық кластерлер;
11) технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары;
12) осы Заңға сәйкес өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдары мен ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де элементтер.
18-бап 2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
18-бап. Технопарктер
1. Дербес білім беру ұйымы немесе дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалар және (немесе) өзге де заңды тұлғалар құрған не Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, өнеркәсіптік-инновациялық қызметті іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалатын бірыңғай материалдық-техникалық және (немесе) мүліктік кешені бар аумақты меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде иеленетін заңды тұлға технопарк болып табылады.
2. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы субъектілерге жұмыс істейтін бастапқы кезеңде оларға үй-жайлар, жабдықтар беру, бухгалтерлік есепке алуды жүргізу, заңдық, ақпараттық және консультациялық қолдап отыру, инвестицияларды тарту, жобаларды басқару бойынша қызметтерді, сондай-ақ өнеркәсіптік-инновациялық, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды іске асыру үшін қажетті өзге де қызметтер көрсетуді білдіретін бизнес- инкубациялау технопарктер қызметінің негізгі түрі болып табылады. «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ осындай көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау қағидаларын инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
19-бап. Технологияларды коммерцияландыру орталықтары
1. Жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, технологияларды, процестер мен көрсетілетін қызметтерді нарыққа шығару мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикалық тұрғыдан қолдануға байланысты, оң экономикалық әсер алуға бағытталған қызметті (технологияларды коммерцияландыру) жүзеге асыратын заңды тұлғалар, ғылыми ұйымның, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының немесе дербес білім беру ұйымының құрылымдық немесе оқшауланған бөлімшесі технологияларды коммерцияландыру орталықтары болып табылады.
2. Технологияларды коммерцияландыру орталықтары қызметінің негізгі бағыты коммерцияландыру үшін технологияларды іздестіруді және бағалауды, маркетингтік зерттеулерді, зияткерлік меншікті қорғау саласында консультациялық қызметтер көрсетуді, технологияларды коммерцияландыру стратегиясын әзірлеуді, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің технологияларды коммерцияландыру саласында шарттар жасасуы мақсатында олардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруды қоса алғанда, технологияларды коммерцияландыру жөніндегі қызметтер кешенін көрсету болып табылады.
Технологияларды коммерцияландыру орталықтарын әдіснамалық, консультациялық және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қолдауды инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты жүзеге асырады.
3. Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу, оның ішінде өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің қажеттіліктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
20-бап. Конструкторлық бюролар
1. Материалдық-техникалық кешенді иеленетін және өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне жаңа немесе жетілдірілген тауарлар өндірісін ұйымдастыруға жәрдемдесу үшін құрылған заңды тұлға конструкторлық бюро болып табылады.
2. Конструкторлық бюролардың негізгі міндеті өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне жаңа немесе жетілдірілген тауарларды жасауға, оның ішінде технологиялар трансферті, конструкторлық-технологиялық құжаттаманы сатып алу, бейімдеу, әзірлеу, оны кейіннен өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне өтеулі негізде беру және соның негізінде тауарлар өндірісін ұйымдастыру үшін қажетті қызметтер көрсету арқылы жәрдем көрсету болып табылады.
21-бап. Технологиялар трансфертінің халықаралық орталықтары
Технологиялар трансфертінің халықаралық орталықтарын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері шетелдік әріптестермен бірлесіп іске асыратын жобаларды іске асыруға жәрдем көрсету мақсатында инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты құрады.
22-бап. Инновациялық кластерлер
Өзара іс-қимыл жасау және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, зерттеулер жүргізу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы өнеркәсіпті ынталандыруға және инновацияларды қолдауға арналған, инновациялық кластерге қатысушылардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, тәуекелмен инвестициялайтын акционерлік инвестициялық қорлардың, венчурлік қорлардың, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бірлестігі инновациялық кластер болып табылады.
23-бап. Аумақтық кластерлер
1. Аумақтық кластерге қатысушылар болып табылатын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оларды ілгерілету және өндірістерді технологиялық қайта жарақтандыру мақсатында бір-бірімен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
2. Аумақтық кластерлерді мемлекеттік ынталандыру мыналарға:
1) аумақтық кластерлердің дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға;
2) аумақтық кластерлерге қатысушылар болып табылатын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға;
3) өңірлерді экономикалық дамытуға бағытталған.
3. Мемлекет осы Заңның 40-бабында көзделген өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну арқылы аумақтық кластерлердің дамуын қамтамасыз етеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілгеннен бөлек, аумақтық кластерлерді дамыту үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында мыналар көзделеді:
1) кластерлік саясаттың бағыттары мен құралдарын қалыптастыру;
2) аумақтық кластерлерге қатысушылар болып табылатын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне ақпараттық-консультациялық, талдамалық және өзге де қызметтер көрсету;
3) кластерлік бастамаларды диагностикалау және ілгерілету.
4. Өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты кластерлердің даму деңгейін және олардың алдағы перспективаларын айқындай отырып, аумақтық кластерлердің өңірлердің, салалардың, тұтастай алғанда, елдің экономикасына әсерін бағалай отырып, аумақтық кластерлердің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес өңірлердегі кластерлік бастамалардың диагностикасын жүзеге асырады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
24-бап. Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары
Тиісті саланы технологиялық дамыту мақсаттары үшін мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің ұсынымы бойынша айқындайтын, салалық және салааралық сипаттағы тиісті құзыреттерге ие сарапшылары бар заңды тұлғалар технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары болып табылады.
Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарының негізгі міндеттері жеделдетілген технологиялық даму, әдіснамалық қамтамасыз ету, цифрландыруды қолдап отыру үшін әлемдік технологиялық трендтерді мониторингтеу, ағымдағы жағдайлар мен бәсекелік артықшылықтарды, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қажеттіліктерін айқындау болып табылады.
Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары мемлекеттік технологиялық саясаттың сабақтастығы мен саланың технологиялық дамуының институционалдық жадын да қамтамасыз етеді.
3-параграф. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру
25-бап. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шарттары
1. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары осы Заңға сәйкес айқындалады.
Қазақстан Республикасының заңдарында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру мен өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерін қолдаудың өзге де шаралары көзделуі мүмкін.
2. Қызметін Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінде жүзеге асыратын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік ынталандыру «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
3. Қазақстан Республикасында инвестицияларды ынталандыру және инновацияларды қолдау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі.
4. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган, өзге де мемлекеттік органдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын әзірлеу, қарау және келісу кезінде мынадай өлшемшарттарды көздейді:
1) инновациялылық - жаңа немесе айтарлықтай жақсартылған өнімдерді (тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді), технологияларды немесе процестерді одан әрі енгізуді және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ескере отырып, оларды жасау арқылы қызметтің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталу;
2) бәсекеге қабілеттілік - шығарылатын өнімнің, көрсетілетін жұмыстардың және (немесе) ұсынылатын қызметтердің төмен өзіндік құнынан, жоғары сапасынан, өсіп келе жатқан сұранысынан және өзге де қасиеттерінен көрініс табатын ұқсас өнеркәсіптік-инновациялық жобалармен салыстырғандағы бәсекелік артықшылықтар;
3) ауқымдылық - Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік дамуы үшін өнеркәсіптік-инновациялық жобаны іске асыру маңыздылығы;
4) экспортқа бағдарлану - шығарылатын өнімнің, көрсетілетін жұмыстардың және (немесе) ұсынылатын қызметтердің кемінде бір шет елге орнықты экспортында әлеуеттің болуы;
5) еңбек өнімділігі - өндіріс көлемі мен өндіріске жұмсалған еңбек ресурстарының, жұмыс уақытының арақатынасы.
5. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне мынадай шарттармен ұсынылады:
өңдеу өнеркәсібі кәсіпорнының басым тауарлар тізбесіне кіретін тауарлар өндіруге бағдарлануы;
өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын алушының қарсы міндеттемелерді қабылдауы;
өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектісінің және өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын алу үшін ұсынылған құжаттардың өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келуі.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес келмеу өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
7. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, өнеркәсіптік-инновациялық қызметті мемлекеттік ынталандыруға қатысатын өнеркәсіптік-инновациялық жүйе субъектілерінің өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну мәселелері бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимылы өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органның жалпы үйлестіруі кезінде жүзеге асырылады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілеріне өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шеңберінде жүзеге асырылады.
26-бап. Басым тауарлар тізбесі
1. Басым тауарлар тізбесіне өндірісі ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын орташа және жоғары деңгейде өңдеп жасау тауарлары енгізіледі.
2. Тауарды өңдеп жасау деңгейі өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган бекітетін басым тауарлар тізбесіне енгізу үшін тауарды өңдеп жасау деңгейін бағалау әдістемесіне сәйкес айқындалады, ол мынадай өлшемшарттарды көздейді:
өндірілетін тауардың технологиялық күрделілігі;
экспорттық әлеует;
ішкі нарықта тұтыну әлеуеті.
3. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары басым тауарлар тізбесіне енгізілген өнім өндіруге бағдарланған өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне ғана ұсынылады.
4. Өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында басым тауарлар тізбесіне сәйкес инвестицияларды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі.
27-бап. Қарсы міндеттемелер
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну кезінде тараптар арасындағы келісімде мемлекеттің - өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну жөніндегі, ал алушының қарсы міндеттемелерді орындау жөніндегі міндеттемелері көзделеді.
2. Қарсы міндеттемелерді қолдану заңдылық, транспаренттілік, теңдік, адалдық және мемлекет пен өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің өзара жауапкершілігі және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу негізінде жүзеге асырылады.
3. Қарсы міндеттемелер өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың алынатын шарасының түрі мен көлемі ескеріле отырып, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезіндегі қарсы міндеттемелерді айқындау және қолдану жөніндегі қағидаларға сәйкес айқындалады және мынадай бағыттар бойынша жиынтығында немесе жеке-жеке қолданылады:
еңбек өнімділігін арттыру;
экспортқа бағдарланған тауарлар өндірісін ұлғайту;
ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету.
4. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері қарсы міндеттемелерді орындамаған жағдайда, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары шеңберінде олар алған ақша өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету кезіндегі қарсы міндеттемелерді айқындау және қолдану жөніндегі қағидаларға сәйкес қарсы міндеттемелерді орындаудың қол жеткізілген деңгейі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып қайтарылуға жатады.
28-бап. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім
1. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган мен өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектісі арасында жасалатын, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары кешенінің түрлері мен ұсыну шарттарын және өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектісі қабылдайтын қарсы міндеттемелерді көрсететін шарт бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім болып табылады.
2. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісімді жасасу және бұзу тәртібі, шарттары, сондай-ақ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларының кешенін қабылдау шарттары бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісімдерді жасасу және бұзу қағидаларында белгіленеді.
3. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы жасалған келісімнің орындалу мониторингін өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
4. Бұрын бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім жасалған және, қарсы міндеттемелерді орындамау өзіне байланысты емес мән-жайлар болған жағдайларды қоспағанда, мұндай орындамауға жол берген өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектісімен осындай келісім жасасуға жол берілмейді.
29-бап. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары
Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларына мыналар жатады:
1) өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қоса қаржыландыруды қоса алғанда, қаржыландыру, лизингтік қаржыландыру;
2) қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелер мен кепілгерліктерді ұсыну;
3) қаржы институттары арқылы кредит беру;
4) қаржы институттары беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау;
5) жарғылық капиталдарға инвестицияларды жүзеге асыру;
6) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;
29-баптың 7) тармақшасының қолданысы 2023 ж. 29 маусымға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 68-баптың 1) тармақшасының редакциясында қолданылады
7) жер учаскелерін беру;
8) ішкі нарықта ынталандыру;
9) өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерінің экспортын дамыту және ілгерілету, оларды өткізуге жәрдем көрсету;
10) еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру;
11) аумақтық кластерлерді дамытуды ынталандыру;
12) берешекті қайта құрылымдау;
13) өнеркәсіптік гранттар беру;
14) осы Заңға сәйкес өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдары мен ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де шаралар.
30-бап. Өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қоса қаржыландыруды қоса алғанда, қаржыландыру, лизингтік қаржыландыру
1. Өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қоса қаржыландыруды қоса алғанда, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге қаржыландыруды, лизингтік қаржыландыруды Қазақстанның Даму Банкі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын басқа да ұлттық даму институттары жүзеге асырады.
2. Қоса қаржыландыруды қоса алғанда, қаржыландыру басым тауарлар тізбесіне сәйкес жаңа өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға, оның ішінде өнеркәсіптің цифрлық трансформациясына, Индустрия 4.0 мен цифрлық технологияларды енгізуге) және кеңейтуге бағытталған өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды жасау үшін жүзеге асырылады.
3. Өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды қоса қаржыландыруды қоса алғанда, мемлекеттік бюджеттен берілетін қаражат шеңберінде қаржыландыру, лизингтік қаржыландыру шарттары мен тетіктерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
31-бап. Қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелер мен кепілгерліктерді ұсыну
1. Қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелер мен кепілгерліктерді ұсынуды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенті өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру үшін өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне берілетін екінші деңгейдегі банктердің қарыздары бойынша жүзеге асырады.
2. Қаржы агентінің қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелер мен кепілгерліктерді ұсыну шарттары мен тетіктерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
32-бап. Қаржы институттары арқылы кредит беру
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агентінің қаржы институттарында қаражатты шартты түрде орналастыруы арқылы жүзеге асырылады.
2. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне кредит беру олар өздерінің жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкін, оның ішінде ақшасын ұсыну арқылы қатысқан жағдайда жаңа өндірістерді құруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және (немесе) тоқтап тұрған өндірістерді қаржылық-экономикалық сауықтыру, олардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшін жүзеге асырылады.
3. Қаржы институттары арқылы кредит беру шарттарымен тетіктерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
33-бап. Қаржы институттары беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің қаржы институттары беретін кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау олар меншікті жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкін, оның ішінде ақшасын ұсыну арқылы қатысқан жағдайда жаңа өндірістерді құруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және (немесе) тоқтап тұрған өндірістерді қаржылық-экономикалық сауықтыру, олардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшін жүзеге асырылады.
Қаржы институттары беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялар бойынша купондық сыйақыны айналым қаражатын толықтыруға субсидиялау жүзеге асырылмайды.
2. Қаржы институттары өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері эмиссиялайтын облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялауды өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенті жүзеге асырады.
3. Қаржы институттары беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін және облигациялар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау шарттары мен тетіктерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.