Бұл ретте шағым берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатқа осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңін растайтын құжат және шағым берген тұлғаның ұйымдық құрылымын белгілейтін құжат қоса берілуге тиіс.
4. Шағым берудің өткізіп алған мерзімін кеден ісі саласындағы уәкілетті органның қалпына келтіруі туралы өтінішхаты осы Кодекстің 173-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлға шағым мен өтінішхатты осы баптың 3-тармағында көрсетілген тұлғалардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда ғана қанағаттандырылады.
5. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органға шағым берген тұлға осы шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін оны өзінің жазбаша өтініші негізінде кері қайтарып ала алады.
Шағымды қайтарып алу осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімдер сақталған жағдайда оны қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.
Осы Кодекстің 173-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғалар көшпелі кедендік тексеру жүргізу тағайындалған күннен бастап шағым бойынша шешім шығарылған күнге дейінгі кезеңде шағымды кері қайтарып алуды жүргізуге құқылы емес.
176-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша нысанда беріледі.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Шағымда:
1) шағымға қол қойған күнi;
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) шағым берілетін кеден ісі саласындағы уәкілетті органның атауы;
3) шағым беретін тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
4) сәйкестендіру нөмірі;
5) хабарлама шығарған кеден органының атауы;
6) шағым беруші тұлға өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын мәліметтер;
7) қоса беріліп отырған құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Шағымда оны қарау үшін маңызы бар өзге мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
4. Шағымға оны берген тұлға, не оның өкілі қол қояды.
5. Шағымға:
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) актінің және шағым жасалған хабарламаның көшірмесі;
2) шағым берген тұлға өз талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;
3) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса беріледі.
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 177-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
177-бап. Шағымды қараудан бас тарту
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган:
1) шағым осы Кодекстің 175-бабында белгіленген шағым жасау мерзімі бұзыла отырып берілген;
2) шағымның нысаны мен мазмұны осы Кодекстің 176-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) шағымды осы Кодекстің 173-бабының 2-тармағында аталмаған тұлға берген;
4) осы Кодекстің 173-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлға шағымда жазылған мәселелер бойынша сотқа талап арыз берген жағдайларда шағымды қараудан бас тартады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шағымды берген тұлғаға шағым тiркелген күннен бастап он жұмыс күнi ішінде шағымды қараудан бас тарту туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда кеден ісі саласындағы уәкілетті орган тұлғаның сотқа жүгіну фактісі анықталған күннен бастап он жұмыс күнi ішінде шағымды берген тұлғаға шағымды қараудан бас тарту туралы мұндай бас тартудың себебiн көрсете отырып, жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда кеден ісі саласындағы уәкілетті органның шағымды қараудан бас тартуы тұлғаны осы Кодекстiң 175-бабында белгiленген мерзiм шегiнде шағымды қайта беру құқығынан айырмайды.
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 178-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
178-бап. Шағымды қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 180-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімдерін ұзарту және тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда, шағым бойынша шағым тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің шағымдары бойынша - шағым тіркелген күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде уәжді шешім шығарылады.
2. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шағымды қарау кезінде осы Кодекстің 221-бабында белгіленген тәртіппен жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру тағайындауға құқылы.
Шағымды қарау мерзімі осы Кодекстің 180-бабында айқындалған тәртіппен ұзартылуы және (немесе) тоқтатыла тұруы мүмкін.
Шағым жасалған мәселелер шегінде қаралады.
Осы Кодекстің 173-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғалар шағымды қарауға өздері тексеру барысында ұсынбаған құжаттарды ұсынған жағдайда кеден органы мұндай құжаттарды қарау кезінде тағайындалған көшпелі кедендік тексеру барысында олардың анықтығын айқындауға құқылы.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шағымды қарау кезiнде:
1) шағым берген тұлғаға және (немесе) кеден органына шағымда жазылған мәселелер бойынша қосымша ақпаратты не түсіндірмелерді жазбаша нысанда беру туралы сұрау салулар жіберуге;
2) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті органдарына мұндай органдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сұрау салулар жіберуге;
3) шағымда жазылған мәселелер бойынша шағым берген тұлғамен кездесулер өткізуге;
4) кеден органдарының тексеруді жүргізуге қатысқан лауазымды адамдарынан туындаған мәселелер бойынша түсіндірмелер сұратуға құқылы.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның шағымды қарау бойынша өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезiнде оның қызметiне араласуға және шағымды қарауға қатысы бар адамдарға қандай да бiр ықпал етуге тыйым салынады.
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 179-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
179-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару
1. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарау үшін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган Апелляциялық комиссияны құрады.
Апелляциялық комиссияның құрамын және ол туралы ережені уәкілетті орган айқындайды.
Шағымды қарау аяқталғаннан кейін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган Апелляциялық комиссияның шешімін ескере отырып, жазбаша нысанда уәжді шешім шығарады.
2. Шағымды қарау қорытындылары бойынша кеден ісі саласындағы уәкілетті орган мына шешiмдердiң бiрiн шығарады:
шағым жасалған хабарлама - өзгерiссiз, ал шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын;
шағым жасалған хабарламаның толықтай немесе оның бір бөлігінің күші жойылсын.
3. Шағым бойынша шешім шағым берген тұлғаға жазбаша нысанда жіберіледі немесе табыс етіледі, ал көшірмесі хабарлама шығарған кеден органына жіберіледі.
4. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шағым жасалған хабарламаның бір бөлігінің күші жойылған жағдайда, хабарлама шығарған кеден органы хабарламаға шағымды қарау қорытындылары туралы хабарлама шығарады және оны шағым бойынша шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шағымды берген тұлғаға жібереді. Хабарламаға шағымды қарау қорытындылары туралы хабарламаның нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
Осы Кодексте белгіленген негізде және тәртіппен шығарылған кеден ісі саласындағы уәкілетті органның шешімі кеден органдарының орындауы үшін міндетті.
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 180-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
180-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту
1. Шағымды қарау мерзімі мынадай жағдайларда:
1) шағымды қарау барысында тағайындалған жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру жүргізілген жағдайда - кеден ісі саласындағы уәкілетті орган аяқталған тексеру актісін алған күннен бастап он бес жұмыс күніне;
2) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ осындай органдардың және ұйымдардың құзыретіндегі мәселелер бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарына және өзге де ұйымдарға сұрау салулар жіберілген жағдайда - жіберілген әрбір сұрау салу бойынша жауаптар алынған күннен бастап он бес жұмыс күніне тоқтатыла тұрады.
2. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шағымды қарау мерзiмiн тоқтата тұру туралы көрсетілген мерзімді тоқтата тұру себептерiн көрсете отырып, сұрау салу жіберілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шағымды берген тұлғаға жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Осы Кодекстің 178-бабының 1-тармағында белгіленген шағымды қарау мерзiмi мынадай жағдайларда:
1) осы Кодекстің 173-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлға шағымға толықтыруларды ұсынғанда - он бес жұмыс күніне ұзартылады.
Бұл ретте осы Кодекстің 178-бабының 1-тармағында белгіленген мерзім шағымға кейіннен толықтыруларды берудің әрбір жағдайында осы тармақшада көрсетілген мерзімге ұзартылады;
2) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шағым жасалған мәселені қосымша зерделеу қажет болған жағдайда - тоқсан жұмыс күніне дейін ұзартады.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шағымды қарау мерзімін ұзартқан жағдайда, шағымды қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шағым берген тұлғаға хабарлама жіберіледі.
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 181-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
181-бап. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шешімінің нысаны мен мазмұны
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелерi бойынша шешiмiнде:
1) шешім қабылданған күн;
2) шағым жіберілген кеден ісі саласындағы уәкілетті органның атауы;
3) шағымды берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не оның толық атауы;
4) сәйкестендіру нөмірі;
5) шағым жасалған хабарламаның қысқаша мазмұны;
6) шағымның мәні;
7) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган шағым бойынша шешiм шығару кезiнде басшылыққа алған Кеден одағы кеден заңнамасының және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сiлтеме жасалған негiздеме көрсетiлуге тиiс.
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 182-бап жаңа редакцияда (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
182-бап. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органға немесе сотқа шағым (арыз) берудің салдары
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органға немесе сотқа шағым (арыз) беру хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуын тоқтата тұрады.
2. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органға шағым берген кезде хабарламаның шағым жасалған бөлiгiнде орындалуы шағым бойынша жазбаша шешiм шыққанға дейiн тоқтатыла тұрады.
Сотқа арыз берілген жағдайда хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуы сот арызды іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
3-БӨЛІМ. КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУ
20-тарау. Кедендік бақылау туралы жалпы ережелер
183-бап. Кедендік бақылау жүргізудің принциптері
1. Кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдары іріктеу принципін негізге алады және орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген Кеден одағы кеден заңнамасының және Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті кедендік бақылаудың нысандарымен ғана шектеледі.
2. Кедендік бақылаудың объектілері мен нысандарын таңдаған кезде тәуекелдерді басқару жүйесі қолданылады.
3. Кедендік бақылауды жетілдіру мақсатында кеден органдары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шет мемлекеттердің кеден органдарымен ынтымақтасады.
4. Кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында кеден органдары басқа бақылаушы мемлекеттік органдармен, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен, уәкілетті экономикалық операторлармен, кеден өкілдерімен, кедендік тасымалдаушылармен және қызметтері сыртқы сауданы жүзеге асыруға байланысты тұлғалармен және олардың қауымдастықтар (одақтар) түріндегі кәсіби бірлестіктерімен өзара іс-қимыл жасайды.
5. Кеден органдары өз құзыреті шегінде, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылаудың өзге де түрлерін, оның ішінде экспорттық, валюталық және радиациялық бақылауды жүзеге асырады.
6. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік бақылауды жүргізу кезінде оны жүргізуге қандай да бір рұқсаттар, ұйғарымдар не қаулылар, сондай-ақ оларды өзге де бақылаушы органдарда тіркеу талап етілмейді.
184-бап. Кедендік бақылау жүргізу
1. Кеден органдары кедендік бақылауды Кеден одағының кеден заңнамасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізеді. Кеден органдарының атынан кедендік бақылауды өздерінің лауазымдық (функционалдық) міндеттеріне сәйкес кедендік бақылауды жүргізуге уәкілетті кеден органдарының лауазымды тұлғалары жүргізеді.
2. Кеден органдарының лауазымды адамдары кедендік бақылауды:
1) Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және (немесе) осы Кодекске сәйкес декларациялауға жататын тауарларға, оның ішінде көлік құралдарына;
2) Кеден одағының кеден заңнамасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табыс ету көзделген кедендік декларацияға, тауарлар туралы құжаттар мен мәліметтерге;
3) Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге, кеден ісі саласында қызметтер көрсетуге байланысты тұлғалардың қызметіне, сондай-ақ жеке кедендік рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтерге;
4) Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өтетін тұлғаларға қатысты жүргізеді.
3. Кедендік бақылау кедендік бақылау аймағында, сондай-ақ тауарлар, көлік құралдары және олар туралы мәліметтері, оның ішінде электрондық нысандағы мәліметтері бар құжаттар орналасқан, кеден органдары белгілейтін басқа да жерлерде жүргізіледі.
185-бап. Кедендік бақылаудағы тауарлар
1. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасынан өткен кезден бастап кедендік бақылауда болады.
Қазақстан Республикасының аумағында пайда болған және орналасқан, осы Кодекске сәйкес шетелдік тауарлар мәртебесін иеленген тауарлар пайда болған кезден бастап кедендік бақылаудағы тауарлар болып есептеледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлар:
1) шартты түрде шығарылған тауарларды немесе кері импортты қоспағанда, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырғанға;
2) шартты шығарылған тауарлар осы Кодекстің 301-бабының 5-тармағына сәйкес Кеден одағының тауары мәртебесін иеленгенге;
3) осы Кодекске және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырғанға немесе жойылғанға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының меншігіне айналдырылғанға;
5) Қазақстан Республикасының аумағынан іс жүзінде әкетілгенге;
6) шетелдік тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу операциялары нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз затқа жатқызғанға;
7) кедендік аумақта қайта өңдеу немесе ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдерімен орналастырылған шетелдік тауарлардың бөлігін өндірістік шығындар деп танығанға дейін кедендік бақылаудағы тауарлар болып есептеледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлар аварияның салдарынан немесе еңсерілмейтін күштің әсерінен не тасымал (көлікпен тасымалдау) мен сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи азаю нәтижесінде жойылу (қайтарымсыз жоғалу) фактісін кеден органдары танығаннан не Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және (немесе) заңнамасында белгіленген жағдайларда өзге де мән-жайлар туындағыннан кейін кедендік бақылаудағы тауарлар деп есептелмейді.
4. Тауарлар оларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде кедендік декларацияны немесе кедендік декларация ретінде пайдаланылатын өзге де құжаттар тіркелген, не тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкетуді жүзеге асыруға тікелей бағытталған әрекет жасалған кезден бастап, олар Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткенге дейін кедендік бақылауда болады.
5. Қазақстан Республикасының аумағынан іс жүзінде әкетілмеген, осы баптың 4-тармағында көрсетілген тауарлар осы Кодекстің 290-бабына сәйкес кедендік декларация қайтып алынған күннен бастап кедендік бақылаудағы болып саналмайды.
6. Кеден органдары тұлғалардың тауарларды, оның ішінде тауарларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған тауарларды, егер осындай тауарлар осы Кодексте белгіленген кедендік рәсімдерге сәйкес міндетті кері әкелу немесе әкетуге жататын болса, кері әкелу немесе әкету туралы міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асырады.
7. Кеден органдары көлік құралдарын тоқтатуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан кеден органының рұқсатынсыз шығып кеткен теңіз және әуе кемелерін мәжбүрлеп қайтаруға құқылы. Бұл ретте, шетелдік кемелер мен басқа мемлекеттердің аумағындағы кемелерді ұстау (қайтару) жөніндегі әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүргізіледі.
Тауарлар мен оларға жасалған құжаттарға кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында автомобиль көлік құралдарын кедендік бақылау аймағынан тыс жерде тоқтатқан жағдайда мұндай бақылаудың уақыты екі сағаттан аспауға тиіс. Мұндай бақылауды жүзеге асыру туралы Комиссияның шешімімен айқындалатын нысанда акт жасалады, оның бір данасы тасымалдаушыға беріледі.
186-бап. Кедендік бақылау аймақтары
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде көлік-логистика орталықтарында, сондай-ақ кедендік декларациялау және өзге де кедендік операциялар жүргізу орындарында кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсаттары үшін кеден органдары кедендік бақылау аймақтарын құрады. Уақытша сақтау орындары мен қоймаларының, кедендік және еркін қоймалардың, арнайы экономикалық аймақтардың, бажсыз сауда дүкендерінің аумақтары да кедендік бақылау аймақтары болып табылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кедендік бақылау аймақтары кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі немесе кеден басшысының (оны алмастыратын адамның) өткізу пункттерінің, көлік-логистика орталықтарының аумақтарында, кедендік декларациялау және осы Кодексте көзделген, өзге де кедендік операциялар жүргізу орындарында кедендік бақылау аймақтарын құру туралы бұйрығының негізінде құрылады.
3. Кедендік бақылау аймақтарының шекаралары шартты сызықпен шектеледі және:
1) кедендік рәсімдер өткізу орындарында - өлшемдері: биіктігі - 50 сантиметр, ені - 100 сантиметр болатын белгілермен белгіленеді. Белгінің көк түсті тақтасына биіктігі 10 сантиметр және ені 3,7 сантиметр ақ түсті әріптермен, үш жолға, үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) «Кедендік бақылау аймағы» деген жазу жазылады;
2) суда жарық шағылыстырғыш бояудың көмегімен орындалған «Кедендік бақылау аймағы» деген жазуы бар қызыл түсті қалтқылармен белгіленеді.
4. Кедендік бақылау аймақтарына жіберу:
1) кедендік бақылау аймақтарында қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының тиісті бақылаушы органдарының лауазымды адамдары үшін, қызметтік куәлікті ұсынған кезде, тұрақты рұқсат қағазы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық қорғау және арнайы органдардың лауазымды адамдары үшін қаулы;
3) лауазымдық міндеттерін орындау тікелей кедендік бақылау аймағында болумен байланысты ұйымдардың лауазымды адамдары үшін рұқсат қағазы негізінде жүзеге асырылады.
Тұрақты рұқсат қағаздары тиісті бақылаушы органдардың, ұйымдардың немесе кәсіпорындардың жазбаша өтініші негізінде күнтізбелік бір жыл мерзімге беріледі және оған кеден ісі саласындағы уәкілетті орган аумақтық бөлімшесінің не кеденнің басшысы немесе оны алмастыратын адам қол қояды. Рұқсат қағаздарын арнайы журналда тіркеуді аталған рұқсат қағазын берген кеден органы жүргізеді.
4) мемлекеттік органдардың және ұйымдардың лауазымды адамдары кедендік бақылау аймағында қысқа уақыт болуымен тікелей байланысты өздеріне жүктелген функцияларды орындау мақсатында оларға берілетін уақытша рұқсат қағазы негізінде жүзеге асырылады.
Уақытша рұқсат беру қағаздары адамның кедендік бақылау аймағында уақытша болу мерзіміне, оның жазбаша өтініші негізінде беріледі.
5. Рұқсат қағаздарын ресімдемей, кедендік бақылау аймағына жіберу:
1) қызметтік куәлікті ұсынған кезде - кедендік бақылау аймағында өздеріне жүктелген функцияларды өз жұмыс уақыты кезеңінде орындайтын кеден органдарының лауазымды адамдарына;
2) кедендік бақылау аймағындағы тауарлар мен көлік құралдарына өкілдік ететін адамдарға, сондай-ақ Кеден одағының кедендік шекарасынан кесіп өтетін жеке тұлғаларға қатысты жүзеге асырылады.
Кеден органының лауазымды адамдарының өз жұмыс уақытынан тыс кезде кеден органы басшысының рұқсатынсыз кедендік бақылау аймағында болуына жол берілмейді.
6. Кедендік бақылау аймағының шекарасы арқылы және оның шегінде тауарлар мен көлік құралдарының өтуіне кеден органының рұқсатымен жол беріледі.
7. Өндірістік және өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, аталған қызмет уақытша сақтау орнының немесе қоймасының, еркін қойманың, кеден қоймасының және бажсыз сауда дүкенінің мақсатына сәйкес келген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ режимдік объектілердің кедендік бақылау аймақтарында болуына жол берілмейді.
187-бап. Кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсыну
1. Декларант, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар және өзге де мүдделі тұлғалар кеден органдарына кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ауызша, жазбаша және (немесе) электронды нысанда табыс етуге міндетті.
2. Кеден органы кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді жазбаша және (немесе) электронды нысанда сұратуға және оларды табыс ету мерзімін белгілеуге құқылы.
Кеден органы белгілейтін мерзім сұратылған құжаттар мен мәліметтерді ұсыну үшін жеткілікті болуға тиіс.
3. Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан жүзеге асырылатын сыртқы экономикалық мәмілелер бойынша ақша операциялары туралы құжаттар мен мәліметтерді алуға құқылы.
4. Тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылау жүргізу мақсатында кеден органдары коммерциялық және бухгалтерлік құжаттарды, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге, оларды шығаруға және Кеден одағының кедендік аумағында немесе одан тыс жерде пайдалануға қатысты өзге де ақпаратты, соның ішінде электрондық нысанда сұратуға және алуға құқылы.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге мерзім белгіленбесе, тұлғалар және кеден органдары кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттарды тауарлардың кедендік бақылауда болуы аяқталған кезден бастап бес жыл бойы сақтауға тиіс.
Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар кедендік бақылау үшін қажетті құжаттарды кедендік операциялар жүргізілген жылдан кейін бес жыл бойы сақтауға тиіс.
188-бап. Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау
Кеден органдары тауарлар шығарылғаннан кейін тауарлардың кедендік бақылауда болуы аяқталған кезден бастап бес жыл бойы кедендік бақылау жүргізеді.
Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау осы Кодекстің 21 және 24-тарауларында белгіленген нысандарда және тәртіппен жүргізіледі.
189-бап. Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тауарлардың айналымы кезіндегі кедендік бақылау
Кеден органдары кедендік бақылауды аумағына әкелінген тауарлардың айналымы кезінде мұндай тауарлардың Кеден одағы кеден заңнамасының талаптары мен шарттарына сәйкес шығарылу фактісін растайтын мәліметтерді тексеру, оның ішінде Кеден одағының кедендік аумағына тауарларды әкелудің заңдылығын растау үшін тауарларда пайдаланылатын таңбалаудың немесе өзге де сәйкестендіру белгілерінің болуын тексеру мақсатында жүргізеді.
190-бап. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде маманның қатысуы
1. Қажетті жағдайларда кедендік бақылауды жүргізу кезінде нақты әрекеттер жасауға қатысу үшін, мұндай әрекеттердің нәтижесіне мүдделі емес, кеден органдарына жәрдем ету үшін, оның ішінде техникалық құралдарды қолдану кезінде қажет болатын арнайы білімі мен дағдылары бар маман тартылуы мүмкін.