1. Арнайы зерттеулер жүргiзу талап етiлмейтiн жағдайларда маман coтқa ауызша немесе жазбаша нысанда консультация (түсiндiрме) бередi.
Маманның жазбаша нысанда берген консультациясы сот отырысында жарияланады, зерттеледі және іске тіркеледі. Ауызша консультация тiкелей сот отырысының (процестік әрекеттің) хаттамасына енгiзiледi.
2. Консультацияны түсiндiру және толықтыру мақсатында маманға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бiрiншi болып өтінішхаты бойынша маманды қатыстырған тұлға және оның өкiлi, ал содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер сұрақтар қояды. Сот қатыстырған маманға бiрiншi болып талап қоюшы және оның өкiлi сұрақ қояды. Сот маманға кез келген сәтте сұрақтар қоюға құқылы.
215-бап. Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қорытындылары
Осы Кодекстiң 56-бабының негiзiнде сот iске қатысуға рұқсат берілген мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жазбаша қорытындылары сот отырысында жария етіледі және зерттеледі. Сот, сондай-ақ iске қатысатын тұлғалар мен олардың өкiлдері қорытындыларды түсiндiру және толықтыру мақсатында осы органдардың уәкiлеттi өкiлдерiне сұрақтар қоя алады.
216-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың аяқталуы
Барлық дәлелдемелер зерттелгеннен кейiн судья iске қатысатын тұлғалар мен өкiлдерден толықтырулардың бар-жоғын анықтайды. Төрағалық етуші мұндай мәлiмдемелер болмаған жағдайда iстi зерттеу аяқталды деп жариялайды және сот жарыссөздеріне көшеді.
217-бап. Сот жарыссөздерi
1. Сот жарыссөздері іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің сөздерінен тұрады.
Сот жарыссөздеріне қатысушылар өз сөздерінде сот анықтамаған мән-жайларға, сондай-ақ сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес.
2. Алдымен - талап қоюшы мен оның өкiлi, ал содан кейін жауапкер мен оның өкiлi сөйлейдi.
3. Басталып кеткен процесте даудың нысанасына өз бетінше талап қойған үшiншi тұлға мен оның өкiлi тараптар мен олардың өкiлдерiнен кейiн сөйлейдi. Даудың нысанасына өз бетiнше талаптар қоймаған үшiншi тұлға мен оның өкiлi үшiншi тұлға iске қатысатын жақтағы талап қоюшыдан немесе жауапкерден кейiн сөйлейдi.
4. Прокурор, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өкiлдерi, басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн сотқа жүгiнген заңды тұлғалар мен азаматтар сот жарыссөздерiнде соңында сөйлейдi.
218-бап. Репликалар
Сот жарыссөздеріне қатысушылардың барлығы сөйлеп болғаннан кейін олар айтылған сөздерге байланысты реплика айтып, сөз сөйлей алады. Соңғы реплика құқығы әрдайым жауапкер мен оның өкiлiне тиесілі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 219-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
219-бап. Прокурордың қорытындысы
Іс бойынша тарап болып табылмайтын және осы Кодекстiң 54-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртіппен процеске қатысқан прокурор сот жарыссөздері аяқталғаннан кейін тұтастай алғанда, даудың мәні бойынша қорытынды береді, ол азаматтық істің материалдарына қоса тіркеледі.
220-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың қайта басталуы
Сот істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды қосымша анықтау немесе дәлелдемелерді зерттеу қажет деп тапса, сот жарыссөздері кезінде немесе одан кейін істі мәні бойынша қарауды қайта б стау туралы хабарлайды. Істі мәні бойынша қарауды қайта бастау туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Істі мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін сот қайтадан сот жарыссөздерін, ал осы Кодекстің 219-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да тыңдайды.
221-бап. Соттың шешiм шығару үшiн шығып кетуi
Сот жарыссөздерiнен кейiн, ал осы Кодекстiң 219-бабында көзделген жағдайда, прокурор іс бойынша қорытынды бергеннен кейін сот актісін шығару үшін сот кеңесу бөлмесiне кетедi, төрағалық етушi бұл туралы сот отырысы залындағы адамдарға жариялайды және сот шешімі жария етілетін уақыт туралы хабарлайды.
222-бап. Шешiмдi жария ету
1. Соттың шешiмi қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейiн судья сот отырысы залында сот шешiмiнiң қарар бөлiгiн жария етедi.
2. Төрағалық етуші сот шешімінің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысаны дайын болатын және іске қатысатын адам оның көшірмесін ала алатын күнді жариялайды.
3. Төрағалық етушi осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер жасалғаннан кейiн сот отырысын жабық деп жариялайды.
19-тарау. СОТТЫҢ ШЕШІМІ ЖӘНЕ ОНЫ ОРЫНДАУ
223-бап. Шешiм шығару
1. Iстi мәнi бойынша шешетiн бiрiншi сатыдағы соттың сот актісі шешiм нысанында шығарылады.
2. Шешiм кеңесу бөлмесiнде шығарылады. Бұл бөлмеде өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, сондай-ақ жұмыс күнi iшiнде сот (судья) кеңесу бөлмесiнен шығып демалу үшiн үзiлiс жасауға құқылы.
3. Шешім іс талқыланғаннан кейін дереу шығарылады. Уәжді шешімді жасау кейінге қалдырылуы мүмкін, бірақ шешімнің қарар бөлігін сот істі талқылау аяқталған отырыста жария етуге тиіс. Шешімнің жария етілген қарар бөлігіне судья қол қоюға және ол іс материалдарына қоса тіркелуге тиіс.
4. Түпкілікті нысандағы шешім шешімнің қарар бөлігі жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде дайындалуға тиіс.
5. Істі мәні бойынша оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шешкен кезде сот кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын қысқаша шешім шығарады.
Тараптардың шешім заңды күшіне енгенге дейін мәлімдеген жазбаша өтінішхаты бойынша не өзінің қалауы бойынша сот кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын уәжделген шешім шығарады.
224-бап. Шешiмнiң заңдылығы және негiздiлiгi
1. Сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
225-бап. Шешiм шығару кезінде шешiлетiн мәселелер
1. Шешiм шығарған кезде сот дәлелдемелерді бағалайды, iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенiн, осы iс бойынша қандай заң қолданылуға тиiс екенiн және мәлімделген талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын айқындайды.
2. Сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.
3. Сот кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін iс үшiн маңызы бар мән-жайларды қосымша анықтауды немесе дәлелдемелердi зерттеудi қажет деп тауып, iстi мәнi бойынша қарауды қайта бастау туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Сот iстi мәнi бойынша қарау аяқталғаннан кейiн сот жарыссөздерiн, ал осы Кодекстiң 219-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да қайта тыңдайды.
226-бап. Шешiмнiң мазмұны
1. Шешiм Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Шешiм кiрiспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөлiктерiнен тұрады.
3. Шешiмнiң кiрiспе бөлiгiнде шешiмнiң шығарылған күнi мен орны; шешiм шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер; даудың нысанасы немесе мәлiмделген талап көрсетiледi.
4. Шешiмнiң сипаттау бөлiгiнде талап қоюшының талаптарының, жауапкердің түсініктемелерінің және iске қатысатын үшінші тұлғалардың түсініктемелерінің қысқаша мазмұны, олар дәлелдерін негіздеген дәлелдемелер көрсетіле отырып, баяндалуға тиіс.
5. Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде iстiң сот анықтаған мән-жайлары; соттың құқықтар мен міндеттер туралы түйіндері негізделген дәлелдемелер; соттың ол немесе өзге дәлелдемелерді қабылдамау дәлелдері және сот басшылыққа алған заңдар қысқаша көрсетіледі. Жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда уәждеу бөлігінде талап қоюдың мойындалғаны және оны соттың қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
6. Шешiмнiң қарар бөлiгiнде соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюдан толық немесе бір бөлігінде бас тарту туралы түйіні, сот шығыстарын бөлуді, шешімге шағым беру мерзімін көрсету және оның тәртібі, сондай-ақ өзге де түйіндер қамтылуға тиіс.
7. Сот шешімді орындаудың белгілі бір тәртібі мен мерзімін белгілеген немесе шешімді дереу орындауға жіберген немесе оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қолданған жағдайда, бұл туралы шешімде көрсетіледі.
8. Судья шешімді жазбаша түрде шығарады және оған қол қояды.
227-бап. Мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерiнің (әрекетсiздiгiнің) және шешiмдерiнің заңдылығын даулау туралы арыз бойынша шешім
1. Сот мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерiнің (әрекетсiздiгiнің) және шешімдерінің заңсыздығы туралы арызды негізді деп танып, арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Шешімде осы әрекеттің (әрекетсіздіктің), шешімнің қандай заңдарға қайшы келетіндігі және сот шешімі орындалуға тиісті мерзім көрсетіледі.
Сот мемлекеттік органды, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органын, қоғамдық бірлестікті, ұйымды, лауазымды адам мен мемлекеттік қызметшіні жол берілген бұзушылықты толық көлемде жоюға және азаматтың немесе заңды тұлғаның бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге, тұлғаға қолданылған жауаптылық шараларының күшін жоюға не бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді өзге де тәсілмен қалпына келтіруге міндеттейді.
2. Сот арызды қарау кезінде дауланып отырған әрекеттің (әрекетсіздіктің) құзыретке және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалғанын, шешімнің қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
228-бап. Нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы арыз бойынша шешім
1. Сот нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы арызды негізді деп тани отырып, арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Шешімде дауланып отырған нормативтік құқықтық актінің қай заңдарға және қай бөлігінде қайшы келетіні және нормативтік құқықтық актіні толық немесе оның жекелеген бөлігін акт қабылданған кезден бастап жарамсыз деп тану туралы көрсетіледі.
2. Соттың нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімі немесе ол туралы хабар нормативтік құқықтық акт жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарында оны қабылдаған (шығарған) органның қаражаты есебінен жариялануға тиіс. Жариялау соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап он күннен кешіктірмей жүзеге асырылуға тиіс.
3. Сот арызды негізсіз деп тани отырып, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
229-бап. Ақша сомаларын өндiрiп алу туралы шешiм
Сот ақша сомаларын өндiрiп алу туралы шешiм шығара отырып, шешiмнiң қарар бөлiгiнде өндiрiп алынатын ақша сомасының мөлшерiн цифрлармен және сөздермен, валюта түрiн және ақша өндіріп алу туралы шешім қай тараптың пайдасына шығарылғанын көрсетедi.
230-бап. Шартты жасасу немесе өзгерту туралы шешiм
Шартты жасасу немесе өзгерту кезiнде туындаған дау бойынша қарар бөлiгiнде шарттың әрбiр даулы жағдайы бойынша шешiм көрсетiледi, ал шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы дау бойынша шарттың түрi және тараптар шарт жасасуға мiндеттi талаптар көрсетiледi.
231-бап. Мүлiктi немесе оның құнын алып беру туралы шешiм
Мүлiкті заттай алып берген кезде сот шешiмде оның жеке белгілі бір белгiлерiн және, егер шешiмдi орындау кезiнде алып берiлетін мүлiк болмай қалса, жауапкерден өндiрiп алынуға тиiс мүлiктiң құнын көрсетедi.
232-бап. Жауапкердi белгiлi бiр әрекеттер жасауға мiндеттейтiн шешiм
Сот жауапкердi мүлiкті немесе ақша беруге байланысты емес белгiлi бiр әрекеттер жасауға мiндеттейтiн шешiм шығарған кезде азаматтың, заңды тұлғаның бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін жауапкер жасауға міндетті әрекеттер мен оларды жасау мерзімін көрсетеді.
Сот шешімі орындалмаған жағдайда, шешімнің қарар бөлігінде әрекеттерді жауапкер ғана жасауы мүмкін жағдайлардан басқа, талап қоюшы жауапкерден келтірілген шығыстарды өндіріп ала отырып, бұл әрекеттерді өз бетінше жүргізуге құқылы екендігі көрсетіледі.
233-бап. Бiрнеше талап қоюшының пайдасына немесе бiрнеше жауапкерге қарсы шешiм
1. Бiрнеше талап қоюшының пайдасына шешiм шығарған кезде сот шешiмнiң қарар бөлігінде олардың әрқайсысына қандай бөлігі қатысты екенiн немесе өндiрiп алу құқығы ортақ болып табылатындығын көрсетедi.
2. Бiрнеше жауапкерге қарсы шешiм шығарған кезде сот шешімнің қарар бөлігінде әрбір жауапкердiң талап қоюшының пайдасына қандай әрекеттер және қандай көлемде жасауға тиіс екенін немесе олардың жауаптылығы ортақ болып табылатындығын көрсетеді.
234-бап. Іске қатысатын адамдарға сот шешімінің көшірмелерін салып жіберу және беру
Сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа тұлғаларға шешімнің көшірмелері шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып, салып жіберіледі немесе беріледі.
235-бап. Шешiмдегi қате жазулар мен анық арифметикалық қателердi түзету
1. Iс бойынша шешiм жарияланғаннан кейiн шешiм шығарған сот өзі оның күшін жоюға немесе өзгертуге құқылы емес.
2. Сот шешiмде жiберiлген қате жазуларды немесе анық арифметикалық қателердi өз бастамасы бойынша немесе iске қатысатын тұлғалардың арызы бойынша түзете алады.
Сот қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде сот отырысында қарайды. Iске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуi түзетулер енгiзу туралы мәселенi қарау үшін кедергi болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Түзетулер енгізу туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
236-бап. Қосымша шешiм
1. Iс бойынша шешiм шығарған сот iске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша мынадай жағдайларда:
1) егер iске қатысатын адамдар дәлелдемелер ұсынған және түсiнiктемелер берген қандай да бiр талап бойынша шешiм шығарылмаса;
2) егер сот құқық туралы мәселенi шешіп, алып берiлген соманың, берiлуге тиiстi мүлiктiң мөлшерін немесе жауапкер жасауға міндетті әрекеттердi көрсетпесе;
3) егер сот шығыстары туралы мәселенi сот шешпесе;
4) егер сот шешiмінiң орындалуын бұрып жіберу туралы мәселенi сот шешпесе, қосымша шешiм шығара алады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қосымша шешім шығару туралы мәселе шешімді орындау мерзімдері шегінде қойылуы мүмкін.
Сот қосымша шешім шығару туралы мәселені арыз сотқа келіп түскен күннен бастап не осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
Талаптарды қанағаттандыру туралы қосымша шешімді бірінші сатыдағы сот мәселені сот отырысында қарағаннан кейін шығарады. Іске қатысатын адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.
Қосымша шешімге апелляциялық шағым берілуі, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қосымша шешім шығарудан бас тарту туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
237-бап. Шешiмдi түсiндiру
1. Шешiм түсiнiксiз болған жағдайда істi қараған сот iске қатысатын тұлғалардың арызы бойынша, сондай-ақ сот орындаушысының өтінішхаты бойынша шешiмнің мазмұнын өзгертпей, оны түсiндiруге құқылы. Егер шешім әлi орындалмаса және оның мәжбүрлi түрде орындалуы мүмкiн мерзiмі өтпесе, шешiмді түсіндіруге жол беріледі.
Сот шешiмдi түсiндiру туралы арызды, өтінішхатты олар сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
2. Сот шешімді түсіндіру туралы мәселені сот отырысында шешеді. Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот орындаушысы, қарау және шешу нысанасы оның түсіндіру туралы өтінішхаты болған жағдайда, сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі шешімді түсіндіру туралы мәселені қарау үшін кедергі болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Шешiмді түсiндiру туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
238-бап. Шешiмдi орындауды кейiнге қалдыру және оның мерзiмiн ұзарту, шешімді орындатуға жібергенге дейін оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту
1. Iстi қараған және шешім шығарған сот iске қатысатын тұлғалардың арызы бойынша тараптардың мүлiктiк жағдайын немесе басқа дәлелді себептерді негiзге ала отырып, шешiмді орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзартуға, сондай-ақ оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгертуге құқылы.
Сот шешімді орындауды кейінге қалдыру, оның мерзімін ұзарту немесе орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы арызды, өтінішхатты арыз сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген арыздар сот отырысында қаралады. Iске қатысатын адамдарға отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады. Көрсетілген тұлғалардың келмеуi соттың алдына қойылған мәселенi шешуге кедергi болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Шешiмдi орындауды кейiнге қалдыру немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Осы баптың бірінші бөлігінің сот шешімін орындауды кейінге қалтыру бөлігіндегі қағидасы жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарызы бойынша жылжымайтын мүлік кепіліне өндіріп алуды қолдану туралы шешімге қатысты қолданылмайды.
239-бап. Алып берiлген ақша сомаларын индекстеу
1. Сот өндіріп алушының арызы бойынша сот шешімімен өндіріп алынған ақшалай сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң сот шешімі орындалған күнгi қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін негізге ала отырып, тиiстi индекстеу жүргiзе алады.
2. Сот алып берілген сомаларды индекстеу туралы арызды сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
Алып берiлген сомаларды индекстеу туралы арыз сот отырысында қаралады. Iске қатысатын тұлғалар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi соттың алдына қойылған мәселені шешуге кедергi болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Алып берiлген ақша сомаларын индекстеу туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
240-бап. Сот шешiмiнiң заңды күшiне енуi
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Бiрiншi сатыдағы соттың шешiмi, егер шешімге шағым жасалмаса немесе прокурор апелляциялық өтінішхат келтірмесе, апелляциялық шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхат келтіру мерзімі өткеннен кейін заңды күшіне енеді.
2. Қаржы ұйымдарын немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кiретiн және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдауды жүргiзу туралы сот шешiмі олар жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi және дереу орындалуға жатады.
3. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы соттың шешімі жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
4. Осы Кодекстің 28-бабында көрсетілген істер бойынша шығарылған сот шешімі ол жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Апелляциялық шағым берілген, прокурор апелляциялық өтінішхат келтірген жағдайларда шешім, егер оның күші жойылмаса және (немесе) ол өзгертілмесе, апелляциялық сатыдағы сот қаулысы жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді, ал осы Кодекстің 27-бабы төртінші бөлігінің қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шешімдер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының қаулысы жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.
6. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін тараптар және іске қатысатын басқа тұлғалар, сондай-ақ олардың құқық мирасқорлары сол талап қою талаптарын сол негіздер бойынша сотта қайтадан мәлімдей алмайды, сондай-ақ сот анықтаған фактілер мен құқықтық қатынастарды басқа процесте даулай алмайды.
7. Егер жауапкерден мерзімдік төлемдерді өндiріп алынатын шешiм заңды күшiне енгеннен кейiн төлемдердiң мөлшерiн анықтауға немесе олардың ұзақтығына ықпал ететiн мән-жайлар өзгерсе, тараптардың әрқайсысы жаңа талап қою арқылы мерзімді төлемдердiң мөлшерi мен мерзiмдерiн өзгертудi талап етуге құқылы.
241-бап. Соттың шешімін орындауға жіберу
1. Шешiм дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, заңды күшiне енгеннен кейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен орындауға жіберіледі.
2. Соттың шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылып беріледі.
Мүлiк тәркiленген, мемлекет кiрiсiне өндiрiп алынған, сондай-ақ қылмыспен келтірілген нұқсан өндіріліп алынған, алименттер өндіріліп алынған, тарапы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге зақым келуден, асыраушысынан айырылудан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда, сот өз бастамасымен ол жазылып берілген күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей атқару құжатын аумағы бойынша тиісті әділет органына орындауға жібереді.
3. Соттың дереу орындалуға тиiстi шешiмi бойынша атқару парағы шешiм шығарылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей жазылып беріледі және орындауға жiберiледi.
4. Атқару парағын (бұдан әрi - атқару құжаты) бiрiншi сатыдағы сот шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні iшiнде жазып береді. Атқару құжаты судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын электрондық атқару құжаты нысанында жазылып берілуі мүмкін.
Атқару құжатында:
шешім шығарған соттың атауы;
iстiң нөмiрi және шешiм шығарылған күн;
шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз);
шешiмнiң заңды күшiне енген күні;
атқару құжаты берiлген күн;
өндiрiп алушының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күнi, оның тұрғылықты немесе орналасқан жері, оның тұрғылықты жері бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер және жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе егер өндiрiп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, іс жүзінде орналасқан жерi, банктік деректемелері мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
борышкердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетiлсе), туған күнi, оның тұрғылықты немесе орналасқан жерi, оның тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, оның жұмыс орны және борышкер жұмыс істейтін заңды тұлғаның банктік деректемелері туралы мәлiметтер (егер iстiң материалдарында бар болса), банктік деректемелер мен жеке сәйкестендiру нөмiрi (егер iстiң материалдарында бар болса) немесе егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, іс жүзінде орналасқан жерi, банктік деректемелері мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi көрсетiлуге тиiс.
Атқару құжатының нысанын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi уәкiлеттi әділет органы бекiтедi.
5. Соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр атқару құжаты берiледi. Атқару құжаты өндіріп алушыға беріледі не оның арызы бойынша сот аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушысына орындау үшін жібереді.
Өндіріп алушының өтініші бойынша ортақ жауапкерлерден ақшалай сомаларды өндіріп алу туралы соттың шешімі немесе үкімі негізінде ортақ жауапкерлердің санына сәйкес келетін бірнеше атқару парағы берілуге тиіс. Әрбір атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сома, барлық жауапкерлер және олардың ортақ жауаптылығы көрсетілуге тиіс.
Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдаса, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданған шаралар және талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүліктің тұрған жерi және оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәлiметтердi қамтитын құжаттардың көшiрмелерi атқару құжатына қоса беріледі. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы құжаттар судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында қоса беріледі.