2. Есеп комитетінің аппаратына мемлекеттік қызметке кіру Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
42-бап. Есеп комитеті мен оның лауазымды адамдары тәуелсіздігінің кепілдігі
1. Есеп комитетінің лауазымды адамдары өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Есеп комитетінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол берілмейді.
3. Мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторларын және өзге де лауазымды адамдарын мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесінде көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
4. Есеп комитетінің қаржылық қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
7-тарау. ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРМЕН, МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРМЕН ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҰЙЫМДАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ НЕГІЗДЕРІ
43-бап. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының Президентімен өзара іс-қимылы
1. Есеп комитетінің Төрағасы тоқсанына бір реттен сиретпей Қазақстан Республикасының Президентіне Есеп комитетінің жұмысы туралы ақпарат береді.
2. Есеп комитеті жыл қорытындылары бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жұмысының көрсеткіштері туралы ақпаратты ұсынады.
44-бап. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының Парламентімен өзара іс-қимылы
1. Есеп комитеті есепті жылдан кейінгі жылдың 15 мамырынан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Парламентіне есепті қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті талқылау және бекіту үшін енгізеді, ол өзінің мазмұны бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті есебіне қорытынды болып табылады.
2. Есеп комитетінің Төрағасы тоқсанына бір реттен сиретпей Қазақстан Республикасының Парламентіне Есеп комитетінің жұмысы туралы ақпарат береді.
45-бап 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
45-бап. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының Үкіметімен өзара іс-қимылы
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Есеп комитеті бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынғаннан кейін екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынылған ақпараттың объективтілігі бойынша қорытындыны белгіленген мерзімде ұсынады.
2. Қорытындыда бүкіл шоғырландырылған есеп бойынша да, бюджеттік бағдарламалардың жекелеген әкімшілері бойынша да тұжырымдар мен ұсынымдар көрсетіледі.
46-бап. Есеп комитетінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен өзара іс-қимылы
1. Өз қызметін үйлестіру мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында құқық қолдану практикасын, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтау мәселелерін қарау үшін Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесін құрады.
Үйлестіру кеңесін қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру Есеп комитеті бекітетін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесі туралы ережеде айқындалады.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің шешімдері мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары үшін міндетті болып табылады.
3. Есеп комитетінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен өзара іс-қимылы осы Заңға және Есеп комитеті мен ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган бірлесіп бекітетін нормативтік құқықтық актіге сәйкес жүзеге асырылады.
8-тарау. ТЕКСЕРУ КОМИССИЯЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
47-бап. Тексеру комиссиясының құрамы және оны қалыптастыру тәртібі
1. Тексеру комиссиясы басшылығының құрамы төраға мен оның төрт мүшесінен тұрады.
2. Тексеру комиссиясының төрағасын тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты Есеп комитетінің ұсынуы және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
3. Тексеру комиссияларының мүшелерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
48-бап. Тексеру комиссиясы төрағасының, тексеру комиссиясы мүшелерінің өкілеттіктері
1. Тексеру комиссиясының төрағасы:
1) жалпы басшылықты жүзеге асырады және тексеру комиссиясына жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады;
2) тексеру комиссиясының тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін бекітеді;
3) тексеру комиссиясы мен тексеру комиссиясының аппараты мүшелерінің жұмысын ұйымдастырады;
4) бекітілген штат саны мен жергілікті бюджетте көзделген қаражат шегінде тексеру комиссиясы аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекітеді.
Облыстың тексеру комиссиясы төрағасының шешімі бойынша тиісті мәслихатқа аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті беру облыстың тексеру комиссиясы мүшелерінің біріне жүктелуі мүмкін.
2. Тексеру комиссиясының мүшелері:
1) тексеру комиссиясының аудиторлық, сараптамалық-талдау, ақпараттық және өзге де қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
49-бап. Тексеру комиссияларының қызметін ұйымдастыру
1. Тексеру комиссиясының жұмыс тәртібі осы Заңда, ережеде және регламентте айқындалады.
Тексеру комисссиясы туралы ережені тексеру комиссиялары туралы үлгілік ереже негізінде тиісті мәслихат бекітеді.
Тексеру комиссиясының регламентін тексеру комиссиясы бекітеді.
2. Тексеру комиссияларының аудиторлық іс-шараларын өткізуді, сондай-ақ оның ақпараттық-талдау, құқықтық, консультациялық, ұйымдастырушылық және өзге де қызметін тексеру комиссиясының аппараты қамтамасыз етеді.
Тексеру комиссиясының аппараты мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылатын лауазымды адамдардан тұрады, оны тексеру комиссиясының төрағасы тағайындайтын аппарат басшысы басқарады.
50-бап. Тексеру комиссиясы және оның лауазымды адамдары тәуелсіздігінің кепілдіктері
1. Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторлары өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Тексеру комиссиясының қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол берілмейді.
3. Мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторларын және өзге де лауазымды адамдарын мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесінде көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
4. Тексеру комиссиясының жергілікті бюджет қаражатын пайдалануын мемлекеттік бақылау және қадағалау мәслихаттың келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
9-тарау. ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРМЕН
ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАСУ НЕГІЗДЕРІ
51-бап. Тексеру комиссиясының мәслихаттармен өзара іс-қимылы
1. Тексеру комиссиясы мәслихаттың қарауына:
1) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатына ағымдағы жылғы 20 мамырға дейiн;
2) тиісті облысқа кіретін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатына ағымдағы жылғы 20 сәуiрге дейiн жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынады, ол өзінің мазмұны бойынша жергілікті атқарушы органның тиісті есебіне қорытынды болып табылады.
2. Аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты тексеру комиссиясынан тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің атқарылу мәселелері бойынша жүргізілген мемлекеттік аудит, сараптамалық-талдау іс-шаралары туралы ақпаратты сұратуға құқылы.
52-бап. Тексеру комиссиясының Есеп комитетімен өзара іс-қимылы
1. Тексеру комиссиясы Есеп комитетіне есепті кезеңдегі өз жұмысы туралы ақпаратты тоқсан сайын ұсынады. Ұсынылатын ақпараттың нысаны мен құрылымы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандартымен регламенттеледі.
2. Тексеру комиссиясы Есеп комитетімен келісу бойынша Есеп комитетімен қатарлас (бірлескен) тексеру жүргізуге қатысуға құқылы.
10-тарау. ІШКІ АУДИТ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛЕТТІ ОРГАН
53-бап. Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның прокуратура және қылмыстық қудалау органдарымен өзара іс-қимылы
1. Прокуратура немесе қылмыстық қудалау органдарының сұрау салуы келіп түскен кезде ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган:
1) мемлекеттік аудиттің тиісті объектісі бойынша бұрын жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері болған жағдайда, қайта мемлекеттік аудит жүргізбей осы нәтижелерді ұсынады;
2) егер бұрын жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелерінде сұрау салуда қойылған мәселелер көрініс таппаған жағдайда, бұл мәселелер ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның келесі жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесінде ескеріледі.
2. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторлары мамандар ретінде тексеруге қатысу және құзыреті шегінде қорытынды беру үшін тиісті талап ету немесе сұрау салу бойынша прокуратура органының қарамағына, қозғалған қылмыстық іс шеңберінде шығарылған тиісті қаулы бойынша қылмыстық қудалау органының қарамағына жіберілуі, сондай-ақ соттың тиісті ұйғарымы бойынша соттың тартуы мүмкін.
54-бап. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган және оның лауазымды адамдары тәуелсіздігінің кепілдіктері
1. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторлары өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады.
2. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың құқыққа сыйымсыз араласуына жол берілмейді.
3. Осы Заңның 53-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың сұрау салулары бойынша ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторларын және өзге де лауазымды адамдарын мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесінде көзделмеген тексерулерді жүргізу үшін тартуға жол берілмейді.
11-тарау. ІШКІ АУДИТ ҚЫЗМЕТТЕРІ
55-бап. Ішкі аудит қызметтерінің жұмысын ұйымдастыру
Ішкі аудит қызметтері орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен құрылады және осы Заң мен орталық мемлекеттік органның бірінші басшысы, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бекіткен ішкі аудит қызметтері туралы ереже негізінде әрекет етеді.
Ішкі аудит қызметтері туралы ереже ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ереже негізінде әзірленеді.
56-бап. Ішкі аудит қызметі тәуелсіздігінің кепілдіктері
Ішкі аудит қызметі ішкі мемлекеттік аудитті жүргізуде және ішкі аудит нәтижелері туралы есептер дайындауда тәуелсіз болады.
Ішкі аудит қызметі басқа құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіз, орталық мемлекеттік органның бірінші басшысына, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне бағынады және есеп береді.
Ішкі аудит қызметін орталық мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын жұмыстарға, сондай-ақ оның өкілеттіктеріне жатпайтын бағдарламалар мен жобаларды дайындауға немесе орындауға тартуға болмайды.
57-бап. Ішкі бақылау жүйесі
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Ішкі аудит қызметі мемлекеттік органда, оның ведомстволарында, аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында және (немесе) тиісті бюджеттен қаржыландырылатын және (немесе) қаражат алатын, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімшілік бағыныстылығының аумағындағы жергілікті атқарушы органдарда, олардың бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмыста консультациялық көмек көрсетеді.
2. Мемлекеттік органның ішкі бақылау жүйесі мынадай өзара байланысты құрауыштардан тұрады:
1) бақылау ортасы - мемлекеттік органның ішкі (корпоративтік) мәдениеті, ұйымдық құрылымы және есептілік сапасы мен қызметінің тиімділігін алдын ала айқындайтын саясат пен рәсімдердің ішкі жиынтығы;
2) тәуекелдерді бағалау - мемлекеттік органның өз мақсаттарына қол жеткізуіне әсер ететін тәуекелдерді анықтау, талдау және олардың алдын алу процесі. Тәуекелдерді бағалау бақылау рәсімдерін жасау және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі іс-шараларды жоспарлау үшін негіз болып табылады;
3) бақылау рәсімдері - лауазымды адамдар (құрылымдық бөлімшелер) өз функцияларын орындауы кезінде жүзеге асыратын бақылау рәсімдерінің (техниканың) үйлесімі;
4) ақпарат пен байланыс - мемлекеттік орган қызметінің барлық салаларын қамтитын деректердің уақтылы және тиімді анықталуы, оларды тіркеу және оларды алмасу. Мемлекеттік орган ақпаратқа санкциясыз қол жеткізуден қорғау үшін шаралар қабылдайды;
5) ішкі бақылау жүйесі тиімділігінің мониторингі және оны бағалау - мемлекеттік органның мақсаттарға қол жеткізуіне және есептілігінің анықтығына әсер ететін қателердің туындау ықтималдығын айқындау, бұл қателердің елеулілігін анықтау және алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге ішкі бақылау жүйесінің қабілетін айқындау.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 58-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
58-бап. Мемлекеттік орган басшысының ішкі аудит қызметімен өзара іс-қимылы
Мемлекеттік органның басшысы ішкі аудит қызметімен өзара іс-қимылды:
1) жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын және ішкі аудит қызметін оқыту жөніндегі жоспарларды бекіту;
2) мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестің ұсынымдарын іске асыру туралы шешімді қарау және қабылдау;
3) ішкі мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша жылдық есепті қарау арқылы жүзеге асырады.
Орталық мемлекеттік орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ішкі аудит қызметінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын, сондай-ақ ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын сақтау мәселелері жөніндегі басшысының хаттарды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жіберген кезде қол қою құқығы бар.
Қол қою құқығы бірінші басшының (әкімнің) тиісті бұйрығымен ресімделеді.
12-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
59-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 60-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
60-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының құқықтық актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібі
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының және (немесе) олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы баптың 3-тармағында көзделген талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының бюджеттік қаражатты мақсатсыз және (немесе) негізсіз пайдаланудың анықталған фактілеріне байланысты құқықтық актілеріне шағым жасау оларды орындауды тоқтата тұрмайды.
3. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарына және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларына шағым жасаған кезде туындайтын дауларды апелляциялық реттеу осы Заңда көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда дауларды апелляциялық реттеу міндетті болып табылады.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 60-1-баппен толықтырылды
60-1-бап. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарына және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларына шағым жасаған кезде туындайтын дауларды апелляциялық реттеу тәртібі мен мерзімдері
1. Құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, мемлекеттік аудит объектісі ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарына және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасына (бұдан әрі - шағым) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган жанындағы Дауларды апелляциялық реттеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі - Комссия) осы бапта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде шағым жасауға құқылы.
2. Шағым ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға мынадай мерзімдерде:
1) мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын қол қойылған құжаттар ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні;
2) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі.
3. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға берілу тәсіліне қарай мыналар шағым беру күні болып табылады:
1) келу тәртібімен - ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган шағымды алған күн;
2) пошта арқылы - пошта немесе өзге байланыс ұйымының қабылдау туралы белгісі қойылған күн.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 60-2-баппен толықтырылды
60-2-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша нысанда беріледі.
2. Шағымда мыналар көрсетілуге тиіс:
1) шағымға қол қойылған күн;
2) шағым берілетін ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның атауы;
3) шағым беріп отырған тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер бұл жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса) не толық атауы, оның тұрған жері (орналасқан жері);
4) сәйкестендіру нөмірі;
5) мемлекеттік аудит жүргізген ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның атауы;
6) шағым беріп отырған мемлекеттік аудит объектісі өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
7) қоса берілетін құжаттардың тізбесі.
3. Шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге мәліметтер де көрсетілуі мүмкін.
4. Шағымға мемлекеттік аудит объектісінің басшысы не оның өкілі болып табылатын адам қол қояды.
5. Шағымға мыналар қоса беріледі:
1) мемлекеттік аудит объектісі өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
2) іске қатысы бар өзге де құжаттар.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 60-3-баппен толықтырылды
60-3-бап. Шағымды қараудан бас тарту
1. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган мынадай жағдайларда шағымды қараудан бас тартады:
1) осы Заңның 60-1-бабының 2-тармағында белгіленген шағым жасау мерзімін өткізіп шағымды беру;
2) шағымның нысаны мен мазмұны осы Заңның 60-2-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) шағымды мемлекеттік аудит объектісінің өкілі болып табылмайтын адамның беруі;
4) мемлекеттік аудит объектісінің шағымда баяндалған мәселелер бойынша сотқа талап қою арызын беруі.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган шағым келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде шағымды қараудан бас тарту туралы мемлекеттік аудит объектісіне жазбаша нысанда хабарлайды.
Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда, мемлекеттік аудит объектісінің сотқа жүгіну фактісі анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бас тарту себебін көрсете отырып, шағымды қараудан бас тарту туралы мемлекеттік аудит объектісіне жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның шағымды қараудан бас тартуы мемлекеттік аудит объектісінің, егер ол жол берілген бұзушылықтарды жоятын болса, осы Заңның 60-1-бабының 2-тармағында белгіленген мерзім шегінде шағымды қайта беру құқығын жоққа шығармайды.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 60-4-баппен толықтырылды
60-4-бап. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жіберілген шағымды қарау тәртібі
1. Шағымды қарау мерзімдерін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту жағдайларын қоспағанда, Комиссия шағым тіркелген күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде шағым бойынша ұсыным шығарады.
2. Шағымды қарау мерзімі осы Заңның 60-6-бабында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұруы және (немесе) ұзартылуы мүмкін.
3. Шағым мемлекеттік аудит объектісі шағым жасап отырған мәселелер шегінде қаралады.
4. Комиссия шағымды қарау кезінде қажет болған жағдайда:
1) мемлекеттік аудит жүргізген ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органына шағымда баяндалған мәселелер бойынша қосымша ақпаратты не түсіндірмені жазбаша нысанда беру туралы сұрау салулар жіберуге;
2) мемлекеттік органдарға және заңды тұлғаларға, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарына осындай органдар мен заңды тұлғалардың құзыретіндегі мәселелер бойынша сұрау салулар жіберуге;
3) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның басшысына шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы ұсыным жасауға;
4) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның басшысына тиісті негіздемемен шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұсыным жасауға құқылы.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 60-5-баппен толықтырылды
60-5-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару
1. Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін Комиссия жазбаша нысанда ұсыным шығарады және оны ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның басшысына ұсынады.
2. Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның басшысы шағымды қарау қорытындысы бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;
2) осындай шешімнің қабылдануын негіздей отырып, шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы.
Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган басшысының осы Заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен шығарған шешімі ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органдарының орындауы үшін міндетті.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 60-6-баппен толықтырылды
60-6-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту
1. Мемлекеттік органдарға және заңды тұлғаларға, сондай-ақ шет мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салу жіберілген жағдайда, осы Заңның 60-4-бабының 1-тармағында белгіленген шағым қарау мерзімі жауап алынған кезге дейін тоқтатыла тұрады.
2. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру туралы ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган тоқтата тұру себептерін көрсете отырып, мемлекеттік аудит объектісіне жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Осы Заңның 60-4-бабының 1-тармағында белгіленген шағым қарау мерзімі мемлекеттік аудит объектісі шағымға толықтырулар ұсынған жағдайда он бес жұмыс күніне ұзартылады.
61-бап. Өтпелі ережелер
Мемлекеттік аудитор болып табылатын мемлекеттік әкімшілік қызметшілер 2017 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде осы Заңның 39-бабында айқындалған тәртіппен тиісті сертификаттаудан өтуге міндетті.
62-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 8) тармақшасын, 27-бапты;
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 12-баптың 3-тармағын, 13-баптың 3-тармағын және 45-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 1-бабының 8) тармақшасы осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«8) мемлекеттік аудитор - мемлекеттік аудитті және (немесе) қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік әкімшілік қызметші;».
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 12-і.
№ 392-V