2. Әкімшілік процеске қатысушылар жазбаша нысанда, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында соттың әкімшілік істі олардың қатысуынсыз қарауы және оларға сот актісінің көшірмелерін жіберуі туралы сұрауға құқылы.
115-бап. Әкімшілік істі келуге міндетті адамдардың қатысуынсыз қарау
1. Әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот қатысуы міндетті деп танылған адамдар келмеген жағдайда, сот оларға осы Кодекстің 18-тарауына сәйкес процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
2. Егер сот әкімшілік процеске қатысушылардың қайсыбірінің немесе олардың өкілдерінің келмеуі салдарынан әкімшілік істі осы сот отырысында қарау мүмкін емес деп таныса, талап қоюдың нысанасы мен негізі өзгерген, сондай-ақ әкімшілік процеске әкімшілік істің жаңа қатысушылары тартылған жағдайларда, әкімшілік істі талқылауды кейінге қалдыруға жол беріледі.
116-бап. Әкімшілік істер бойынша сот талқылауының шектері
1. Талап қоюдың нысанасын айқындау кезінде сот талап қою талаптарының тұжырымдамасымен, талап қою мәтінімен және оған қоса берілген немесе кейін ұсынылған құжаттармен байланысты болмайды.
Сот құқықтық салдарды алдын ала түсіндіре отырып, тарапқа талап қою талаптарын тұжырымдауда және (немесе) өзгертуде жәрдем көрсетуге құқылы.
Сот талап қоюдың мәлімделген негіздемесімен байланысты болмайды, бірақ талап қою талаптарының шегінен шығуға құқылы емес.
2. Сот талқылауы барысында сот әкімшілік қалау шектерінің артып кетпеуін және олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әкімшілік актіні қабылдау мақсаттарына сәйкестігін (мөлшерлестігін) тексеруге міндетті.
117-бап. Әкімшілік сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары
Әкімшілік сот ісі мынадай негізгі сатыларды рет-ретімен өтуді білдіреді:
1) талап қоюды сотта тіркеу;
2) соттың келіп түскен әкімшілік іс бойынша әрекеттері және алдын ала тыңдау;
3) сот талқылауы;
4) соттың шешімін шығару, оны жария ету және түсіндіру;
5) соттың шешімін орындау және сот бақылауы.
118-бап. Соттың ұйғарымы
1. Әкімшілік істі мәні бойынша шешпейтін сот актісі ұйғарым нысанында шығарылады. Сот ұйғарымдарды сот отырысында да, сот отырысынан тыс та шығаруы мүмкін.
2. Сот күрделі емес мәселелер бойынша сот отырысы залынан шықпастан ұйғарым шығарады, ол хаттамаға енгізіледі.
3. Жеке процестік құжат түрінде шығарылатын ұйғарымда мыналар көрсетілуге тиіс:
1) ұйғарымның шығарылған күні мен орны;
2) ұйғарымды шығарған соттың атауы, соттың құрамы мен сот отырысының хатшысының тегі мен аты-жөні;
3) әкімшілік процеске қатысушылар мен даудың нысанасы;
4) ұйғарым шығарылатын мәселе;
5) соттың өз қорытындыларына келу уәждері және сот басшылыққа алған Қазақстан Республикасының заңдарына сілтеме;
6) процестік шешім;
7) егер ұйғарым шағым жасалуға жататын болса, оған шағым жасау тәртібі мен мерзімі.
4. Сот отырысы залында шығарылатын ұйғарымда осы баптың үшінші бөлігінің 4), 5) және 6) тармақшаларында санамаланған мәліметтер қамтылуға тиіс.
5. Ауызша тыңдау барысында ұйғарым шығарылған кезде ұйғарым не оның қарар бөлігі шығарылғаннан кейін дереу жария етіледі. Түпкілікті нысандағы ұйғарым оның қарар бөлігі жария етілгеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әзірленуі мүмкін.
119-бап. Преюдиция
1. Әкімшілік іс бойынша заңды күшіне енген соттың шешімі анықталған мән-жайларға да, өздері шығарылған адамға қатысты оларды құқықтық бағалауға да қатысты барлық әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті. Бұл ереже соттың шешімі мен басқа да сот актілерін аппеляциялық және кассациялық тәртіптермен тексеруге, күшін жоюға және өзгертуге кедергі келтірмейді.
2. Әкімшілік іс бойынша заңды күшіне енген соттың шешімі іс үшін маңызы бар фактілерді және дәлелдемелерсіз анықталатын нақты деректерді анықтау кезінде кез келген сот және орган үшін міндетті болады.
120-бап. Татуластыру рәсімдері
1. Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады.
Жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі.
2. Дауды медиация және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу сотта осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
3. Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды.
4. Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім мәжбүрлеу тәртібімен орындаушылық талаптарға сай келуге және тараптарды татуластыратын шарттарды, сондай-ақ сот шығыстарын, оның ішінде өкілдер көрсеткен қызметке ақы төлеуге арналған шығыстарды бөлу тәртібін қамтуға тиіс.
5. Сот тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қарайды.
Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша сот осындай келісімді бекіту не одан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
6. Сот тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіткен кезде сот талап қоюды толығымен немесе тиісті бір бөлігінде қайтару туралы ұйғарым шығарады.
7. Ерікті түрде орындалмаған татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім сот келісім жасаған адамның өтінішхаты бойынша берілетін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
8. Сот (судья) тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, оларға дауды процестің бүкіл сатысында реттеуге жәрдемдеседі.
9. Сот татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді, егер оның шарттары заңға қайшы келетін болса немесе басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, бекітпейді.
10. Егер тараптар татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
121-бап. Сотта медиация жүргізу тәртібі
1. Бірінші сатыдағы сотта медиация жүргізу үшін әкімшілік іс медиация туралы келісімді бекітетін басқа судьяға беріледі.
Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны әкімшілік іс өзінің іс жүргізуіндегі судья жүргізуі мүмкін.
Апелляциялық сатыдағы сотта медиация жүргізу үшін әкімшілік іс, әдетте, соттың алқалы құрамын судьялардың біріне беріледі.
Кассациялық сатыдағы сотта дауды (жанжалды) медиативті келісім жасасу арқылы реттеу туралы өтінішхатпен бір мезгілде тараптар аталған келісімді ұсынуға тиіс.
2. Медиация жүргізетін судья медиация жүргізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды.
Егер басқа адамдардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал ететін болса, сот оларды медиацияға шақыруға құқылы.
3. Медиация жүргізу хаттамасы сотта жүргізілмейді.
122-бап. Әкімшілік істер бойынша сот шығыстары
1. Сот шығыстарын бөлу жөніндегі мәселелер Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қаралады.
2. Талап қоюды осы Кодекстің 138-бабы екінші бөлігінің 5), 6), 12), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қайтару кезінде сот шығыстары өтелмейді.
18-тарау. ПРОЦЕСТІК МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫ
123-бап. Процестік мәжбүрлеу шараларының түрлері
Процестік мәжбүрлеу шараларына мыналар жатады:
1) ескерту;
2) сот отырысы залынан шығарып жіберу;
3) ақшалай өндіріп алу.
124-бап. Процестік мәжбүрлеу шараларын қолданудың негіздері мен тәртібі
1. Осы Кодекстің 123-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
2. Сот осы Кодекстің 123-бабының 3) тармақшасында көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұйғарым шығарады.
Осы ұйғарымға шағым жасау процестік мәжбүрлеу шараларының орындалуын тоқтата тұрмайды. Ақшалай өндіріп алуды қолдануға жекеше шағым беруге қолданылған өндіріп алу орындалғаннан кейін жол беріледі.
3. Егер таңдап алынған процестік мәжбүрлеу шарасы нәтижелер бермеген жағдайда, процестік мәжбүрлеудің өзге шарасын қолдануға жол беріледі. Процестік мәжбүрлеу шаралары қайталап қолданылуы мүмкін.
4. Адамға процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану бұл адамды осы Кодексте белгіленген тиісті міндеттерді орындаудан босатпайды.
5. Егер сот отырысы тәртібін бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, сот материалдарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы мәселені шешу үшін прокурорға жібереді.
125-бап. Ескерту
Төрағалық етуші сот отырысының залында тәртіп бұзушы адамға ескерту жариялауға құқылы. Сонымен бірге төрағалық етуші қайталанған жағдайда, оған қатысты неғұрлым қатаң мәжбүрлеу шарасын қолдануы мүмкін екендігін түсіндіреді.
126-бап. Сот отырысы залынан шығарып жіберу
1. Әкімшілік процеске қатысатын адам өзіне жасалған ескерту жарияланғаннан кейін сот отырысының залында тәртіп бұзған жағдайда, төрағалық етуші оны әкімшілік істі қараудың барлық кезеңінде немесе оның бір бөлігінде шығарып жіберуге құқылы.
2. Тәртіп бұзушы басқа да қатысушы адамдар сот отырысында төрағалық етушінің өкімімен оларға алдын ала ауызша ескерту жарияланбастан шығарып жіберілуі мүмкін.
127-бап. Ақшалай өндіріп алу
1. Сот осы Кодексте белгіленген жағдайларда ақшалай өндіріп алуды қолданады.
2. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады. Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі.
Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі.
3. Сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
4. Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақтылы бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
5. Соттың шешімін, соттың тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін сот осы сот актісінде ол бір айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататын мерзімді көрсете отырып, жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
6. Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады.
7. Ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы.
Арыз сот отырысында арыз иесін шақырта отырып қаралады.
8. Ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде сот ұйғарымның орындалуын кейінге қалдыруға немесе екі айға дейінгі мерзімге бөліп төлеуді беруге құқылы.
9. Осы баптың үшінші және төртінші бөліктерінде көрсетілген сот актісін немесе соттың талаптарын орындамаған кезде сот тұлғаға он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
19-тарау. ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ДӘЛЕЛДЕУ
128-бап. Дәлелдемелерді және дәлелдеу процесін құқықтық реттеу тәртібі мен ерекшеліктері
Дәлелдемелерді, дәлелдемелер ретінде алынбайтын нақты деректерді, дәлелдеу нысанасы мен дәлелдемелердің дереккөздерін құқықтық реттеу, сондай-ақ дәлелдемелерді (дәлелдеуді) жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану тәртібі және дәлелдемелер мен дәлелдеу туралы басқа да ережелер осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің нормаларында айқындалады.
129-бап. Дәлелдеу міндеті
1. Талап қоюшы өз мүмкіндіктеріне сәйкес дәлелдемелерді жинауға қатысуға міндетті. Берілген талап қою түріне қарамастан, талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өзіне мәлім болған уақытты, сондай-ақ келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеуге міндетті.
2. Дәлелдеу ауыртпалығын:
1) дау айту жөніндегі талап қою бойынша - ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер;
2) мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша - сұратылып отырған әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы әкімшілік актінің қабылдануы негізделетін фактілер бөлігінде талап қоюшы көтереді.
Егер жауапкер нақты жағдайда талап қоюшы қалаған әкімшілік актіні шығаруды болғызбайтын іс жүзіндегі шарттардың болуына сілтеме жасаса, мұндай шарттарды дәлелдеу жөніндегі міндет осы жауапкерге жүктеледі;
3) әрекет жасау туралы талап қою бойынша - сұратылып отырған әрекет жасаудан (әрекетсіздік танытудан) бас тарту үшін негіз болып табылған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы фактілер бөлігінде талап қоюшы;
4) тану туралы талап қою бойынша қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын растайтын фактілер бөлігінде талап қоюшы және бұдан былай заңды күші жоқ ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің, сондай-ақ қандай да бір жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) құқыққа сыйымдылығын негіздейтін фактілер бөлігінде жауапкер көтереді.
3. Жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.
4. Егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негізделген қандай да бір факт дәлелденбей қалса, онда әкімшілік істі қарау және шешу нәтижелерінің теріс салдарларын осы фактіні дәлелдеудің ауыртпалығын көтеретін тарап көтереді.
130-бап. Дәлелдеу ерекшеліктері
1. Сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті.
2. Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды.
Әкімшілік процеске қатысушылар сотқа әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеуге және дәлелдемелерді жинауға жәрдем көрсетуге міндетті.
Сот тараптардың түпкілікті шешім шығару кезінде рұқсат етілетін дәлелдемелердің жарамдылығы туралы арызымен байланысты емес.
3. Әкімшілік процеске қатысушылар сот талап еткен құжаттарды, сондай-ақ қажетті мәліметтерді беруге міндетті. Сот бұл құжаттарды белгілі бір мерзімге талап ете алады.
Әкімшілік процеске қатысушылар осы құжаттарға өздері сілтеме жасайтын электрондық құжаттарды, құжаттарды не олардан үзінді-көшірмелерді қоса беруге міндетті.
4. Әкімшілік іске қатысатын адамдар қандай да бір дәлелдемені жоюға немесе жасыруға не дәлелдемелерді алуға мүмкіндік тудырмай немесе оны қиындата отырып, оны зерттеу мен бағалауға өзге тәсілмен кедергі келтіруге құқылы емес. Мұндай жағдайда сот дәлелдеу ауыртпалығын осы Кодекстің 129-бабының екінші бөлігінде белгіленген қағидаларға қарамастан, кедергі келтіруші тарапқа жүктеуі мүмкін.
5. Сот өзі белгілеген мерзімде дәлелдемелерді ұсынудың мүмкін еместігі туралы хабардар етілмеген, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот талап еткен дәлелдемені ұсыну міндеті орындалмаған жағдайда, сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
6. Егер осы құжаттар немесе актілер мазмұнының ашылуы заңмен қорғалатын мүдделерге нұқсан келтірілуі мүмкін болса не олар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қамтитын болса, сот осы құжаттарды немесе актілерді, сондай-ақ мәліметтерді жабық сот отырысында зерттеу туралы ұйғарым шығарады.
20-тарау. ӘКІМШІЛІК ТАЛАП ҚОЮ, ОНЫҢ НЫСАНЫ, МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ ТҮРЛЕРІ
131-бап. Әкімшілік талап қою, оның нысаны мен мазмұны
1. Әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сотқа өзге де жолданымдар да талап қоюлар деп түсініледі.
Мыналар сотқа берілетін талап қоюлар болып табылады:
1) дау айту туралы талап қою;
2) мәжбүрлеу туралы талап қою;
3) әрекет жасау туралы талап қою;
4) тану туралы талап қою.
2. Талап қою сотқа жазбаша нысанда не талап қоюшының және (немесе) оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.
Талап қоюда мыналар көрсетілуге тиіс:
1) талап қою берілетін соттың атауы;
2) егер талап қоюшы жеке тұлға болса, талап қоюшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрғылықты жері, оның туған күні мен жері, егер талап қоюды өкіл берсе, өкілдің атауы мен оның мекенжайы; талап қоюшының, оның өкілінің телефон нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайлары;
егер талап қоюшы заңды тұлға немесе өзге ұйым болса, талап қоюшының атауы, оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және банктік деректемелері;
3) жауапкердің атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер олар талап қоюшыға мәлім болса) және бизнес-сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға мәлім болса). Егер олар талап қоюшыға мәлім болса, талап қоюда жауапкердің телефондарының нөмірлері мен электрондық мекенжайы көрсетілуге тиіс;
4) талап қою талаптарының мазмұны (талап қою нысанасы) және талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды баяндау (талап қою негіздері), талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылуының немесе бұзылу қаупінің мәні. Талап қою бірнеше жауапкерге берілген жағдайда, жауапкерлердің әрқайсысына қатысты талап қою талаптарының мазмұны;
5) егер бұл заңда белгіленген болса, жауапкерге сотқа дейін жүгіну тәртібінің сақталуы туралы мәліметтер;
6) құжаттардың және басқа да қоса берілетін материалдардың тізбесі (болған кезде).
3. Талап қоюда, әдетте, мыналар да көрсетіледі:
1) талап қоюшының жауапкердің оның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны туралы, оларды жүзеге асыруға кедергілердің белгіленгені туралы не өзіне қандай да бір міндеттің заңсыз қолданылғаны туралы негізделген пікірі;
2) қажет болған жағдайда - мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру, оны бөліп төлеу, төлеуден босату туралы; сот сараптамасын тағайындау туралы; дәлелдемелерді талап ету туралы; куәларды шақыру туралы; талап қоюды қамтамасыз ету туралы жазбаша өтінішхат және басқа да өтінішхаттар.
4. Талап қою талаптары негізделетін мән-жайларды растау үшін талап қоюшы дәлелдемелерді ұсынады, ал мүмкін болмаған жағдайда тиісті себептерді көрсете отырып, өзі дербес бере алмайтын дәлелдемелерді көрсетеді.
5. Талап қоюға талап қоюшы немесе оған қол қоюға өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қояды. Егер талап қоюды өкіл берсе, онда өкілдің аты, оның пошталық мекенжайы, сондай-ақ егер ондайлар бар болса, телефондарының нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайы көрсетіледі.
6. Прокурор азаматтың мүддесінде жүгінген жағдайда, талап қоюда адамның талап қоюды өзінің бере алмау себептерінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
7. Талап қоюға қоса берілетін құжаттар, әдетте, төлнұсқаларда ұсынылады. Құжаттарды төлнұсқаларда ұсыну мүмкін болмаған кезде олар заңда белгіленген тәртіппен куәландырылған көшірмелерде ұсынылуы мүмкін. Егер төлнұсқаның болмауы себебінен құжаттың көшірмесін куәландыру мүмкін болмаса, талап қоюда мұндай әрекеттерді жасаудың мүмкін болмау себебі жазылуға тиіс.
8. Талап қоюға мыналар қоса беріледі:
1) әкімшілік процеске қатысушылардың саны бойынша талап қоюдың және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері;
2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
3) сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге де құжат;
4) талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
5) егер бұл тәртіп заңда белгіленсе, дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібінің сақталуын растайтын құжаттар;
6) егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері және басқа да құжаттар;
7) егер талап қою осы Кодекстің 102-бабы үшінші бөлігінің тәртібімен берілсе, инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарттың көшірмелері, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар.
132-бап. Дау айту туралы талап қою
Ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы.
133-бап. Мәжбүрлеу туралы талап қою
1. Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін.
Мұндай жағдайларда бас тартуға дау айту туралы жеке талап ету қажет етілмейді.
2. Мәжбүрлеу туралы талап қою жауапкердің ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндеті туралы талапты қамтуы мүмкін.
134-бап. Әрекет жасау туралы талап қою
1. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерден қалыс қалуды талап етуі мүмкін.
2. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы заңда белгіленген мерзімде әкімшілік актінің қабылданбауы салдарынан әкімшілік акт қабылданды деп танылған жағдайда заңда көзделген сол нысана бойынша тиісті құжатты беруді де талап етуі мүмкін.
135-бап. Тану туралы талап қою
1. Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы, егер ол осы Кодекстің 132, 133 және 134-баптарына сәйкес талап қоюды бере алмаса, қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі мүмкін.
2. Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап етуі де мүмкін.
3. Талап қоюшы осы қатынастарды қысқа мерзімдерде орнатуға жеткілікті дәрежеде мүдделі болған жағдайда тану туралы талап қою берілуі мүмкін. Талап қоюшының құқықтық қатынастарды орнатуға мүдделілігінің құқықтық, моральдық немесе материалдық сипаты болуы мүмкін.
136-бап. Талап қоюды беруге арналған мерзім
1. Дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
2. Әрекет жасау туралы талап қою адамға әрекеттің жасалғаны туралы мәлім болған, сондай-ақ әрекет жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
3. Тану туралы талап қою сотқа тиісті құқықтық қатынас туындаған кезден бастап бес жыл ішінде беріледі.
Бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тану туралы талап адамға осы акт арқылы оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы мәлім болған күннен бастап үш ай ішінде мәлімделуі мүмкін.
4. Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.