5. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуына тәуелсіз бағалауды алу үшін Комиссияның ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тартылады.
6. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру мониторингі үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуына мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
7. Аутсорсингті, мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыру, пайдаланушылар есебінен беру мониторингі орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес нәтижелілік пен процесс өлшемшарттары негізінде жүргізіледі.
Нәтижелілік өлшемшарты орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуының орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар белгілеген басты көрсеткіштеріне қол жеткізуін айқындайды.
Процесс өлшемшарты орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуын бағалауды жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын, бәсекелес ортадан, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан алынатын орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылуы мәселелері жөніндегі ақпаратты талдаудың негізінде айқындайды.
8. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мониторинг жүргізу кезінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылардан, мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында олардың функцияларының жүзеге асырылуы саласына жататын ақпарат болмаған жағдайда, қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
54-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару
1. Егер мониторинг нәтижелері бойынша орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функциясының сапасыз жүзеге асырылуын анықтаған жағдайда, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар бес жұмыс күні ішінде бұл туралы мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органды және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын хабардар етеді.
2. Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган хабарлама алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функциясының сапасыз жүзеге асырылуы туралы мәселені Комиссияның қарауына шығарады.
3. Комиссия орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару туралы шешім қабылдаған кезде, мынадай:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың ішінара беруі шеңберінде - мұндай функцияларды қайтару орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген тәртіппен жасалған шартты бұзу арқылы қамтамасыз етіледі;
2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың толық беруі шеңберінде - мұндай функцияларды қайтару үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу жөнінде шаралар қабылданады.
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару үшін Комиссияның ұсынымдарынан кейін орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Үкіметіне функцияларды орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға қайтаруды қамтамасыз ету үшін қажетті нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу туралы ұсыныс енгізеді.
4. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жойылуға тиіс.
55-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
56-бап. Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) жыл сайынғы негізде Қазақстан Республикасының Үкіметін орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері туралы хабардар етеді;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар функцияларының аутсорсингін жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
5) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін іріктеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
6) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функцияларының құнын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
7) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
8) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының жүзеге асырылу мониторингін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
9) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру жөніндегі әдістемелік көмекті және орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
10) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар жүргізген нарықтың дайындығын талдауға олардың сараптамалық қорытындыларын дайындайды және береді;
11) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар бәсекелес ортаға беру үшін ұсынатын орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын іріктеу нәтижелеріне өз құзыреті шегінде сараптама жүргізеді;
12) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар жүргізген оңтайландыру нысанасына ұсынылған есеп-қисап бойынша қорытынды дайындайды және береді;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
57-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Орталық атқарушы органдар:
1) жыл сайынғы негізде мүдделі тұлғалармен, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы (аясындағы) бәсекелес ортаға беру үшін іріктеуді жүзеге асырады;
2) мүдделі тұлғалармен, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізеді;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға бәсекелес ортаға беру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы (аясындағы) бәсекелес ортаға беру, сондай-ақ орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;
5) пайдаланушылардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;
6) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушыларды мониторинг нәтижелерімен таныстыруға міндетті;
7) орталық атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру кезінде оңтайландыру нысанасына есеп-қисап жүргізеді және оны мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға келісуге жібереді;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Жергілікті атқарушы органдар:
1) жыл сайынғы негізде мүдделі тұлғалармен, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін іріктеуді жүзеге асырады;
2) мүдделі тұлғалармен, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізеді;
3) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) пайдаланушылардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды;
5) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушыларды мониторинг нәтижелерімен таныстыруға міндетті;
6) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру кезінде оңтайландыру нысананына есеп-қисап жүргізеді және оны мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға келісуге жібереді;
7) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
58-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыреті
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің және олардың бірлестіктерінің ұсыныстарын жинауды, талдауды және жариялауды жүзеге асырады;
2) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларының сапасыз жүзеге асырылуы туралы мәселелерді қарауға қатысады;
4) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
59-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзара іс-қимылы
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның ішінде:
1) жыл сайынғы негізде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін іріктеуге;
2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізуге;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмысқа қатысу арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
60-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат үшін орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға сұрау салумен жүгінуге;
2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығының баламалы талдауын жүргізуге;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар енгізуге;
4) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға беру үшін ұсынылатын функциялары бойынша нарықтың дайындығына талдау жүргізуге қатысуға;
5) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру үшін жыл сайынғы негізде іріктеу жүргізуге қатысуға;
6) мониторинг нәтижелерімен танысуға;
7) мониторинг нәтижелерін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, мониторингтің нәтижелерімен келіспеу туралы жазбаша түсініктемелер не Комиссияның қарауына жататын ескертулерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға құқылы.
2. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын сапалы жүзеге асыру үшін жағдай жасауға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдар орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілетін функцияларын алған кезде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) осы Кодексте көзделген жағдайда, орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мониторинг жүргізу үшін қажетті ақпаратты және (немесе) құжаттарды беруге;
4) пайдаланушыларға орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын жүзеге асыру тәртібі туралы толық және анық ақпарат беруге;
5) пайдаланушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылдауға міндетті.
61-бап. Комиссияның қызметі мен функциялары
1. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөніндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу мақсатында консультативтік-кеңесші орган - Комиссия құрылады.
Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік субъектілерінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіруі мүмкін.
2. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;
2) мемлекеттік басқаруды жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары негізінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын қайтару жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді.
3. Комиссияның қызметі туралы ақпарат мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында кемінде жарты жылда бір рет орналастырылады және жаңартылады.
3-БӨЛІМ. ӘКІМШІЛІК РӘСІМ
9-тарау. ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІ ҚОЗҒАУ
62-бап. Әкімшілік рәсімді қозғау үшін негіздер
1. Мыналар әкімшілік рәсімді қозғау үшін негіздер болып табылады:
1) жолданым;
2) әкімшілік органның, лауазымды адамның бастамасы.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, әкімшілік рәсім жолданым қабылданған кезден бастап қозғалды деп есептеледі.
3. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасының талабы немесе әкімшілік қалау осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес әкімшілік рәсімді қозғау үшін негіз болып табылады.
63-бап. Жолданымға қойылатын жалпы талаптар
1. Ауызша нысанда берілген жолданымды әкімшілік органның жолданымды қабылдаған лауазымды адамы немесе жұмыскері жекелеген хаттамаға енгізеді.
2. Жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілген жолданымда, хаттамада:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);
2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;
3) жолданымның мәні;
4) жолданымның берілген күні;
5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік рәсім ақылы негізде жүзеге асырылса, арыз иесі төлемді растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
64-бап. Жолданымды қабылдау, тіркеу, қайтару және кері қайтарып алу
1. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.
Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
2. Жолданым мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға берілген жағдайда арыз иесіне күні мен уақыты, жолданымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, лауазымы көрсетілген бірегей нөмірі бар талон беріледі.
3. Жолданым келіп түскен күні тіркеледі.
Егер жолданым жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі.
4. Жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер бойынша келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
5. Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым беру тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6. Жолданым осы Кодекстің 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді.
7. Егер арыз иесі жолданымды әкімшілік орган, лауазымды адам белгілеген мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келтірмесе, әкімшілік орган, лауазымды адам оны қайтарады.
8. Жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.
9. Арыз иесі әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанға дейін жолданымды өзінің жазбаша арызы негізінде кері қайтарып ала алады.
Арыз иесінің жолданымды кері қайтарып алуы мерзімдер сақталған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оны қайта жолданым беру құқығынан айырмайды.
65-бап. Жолданымды уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға әрі қарай жолдау
1. Жолданымды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға келіп түскен жолданым, келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданады.
2. Жолданымда қамтылған бір немесе бірнеше өтінішхатты, талаптарды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға олар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға одан әрі жолданады.
3. Одан әрі жолданған жолданым немесе оның бөлігі бойынша уәкілетті әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімді қозғайды.
66-бап. Әкімшілік рәсімдегі хабарлама (хабархат)
1. Әкімшілік рәсімге қатысушы тыңдау немесе әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де іс-шаралар өткізілетін уақыт пен орын туралы хабардар етіледі.
2. Хабарлама (хабархат) тапсырыс хаттың табыс етілгендігі туралы хабарламамен тапсырыс хатпен, телефонограммамен немесе телеграммамен, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша мәтіндік хабармен немесе электрондық мекенжай бойынша не хабархаттың немесе шақырудың тіркеліп-бекітілуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланылып жіберіледі.
3. Егер әкімшілік рәсімге қатысушы көрсетілген мекенжайда іс жүзінде тұрмаса, хабарламалар (хабархаттар) заңды мекенжай бойынша немесе оның жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін.
Заңды тұлғаға арналған хабарламалар (хабархаттар) оның орналасқан жері бойынша жіберіледі.
4. Әкімшілік рәсімге қатысушы өзі көрсеткен тұрғылықты жерінің (орналасқан жерінің) мекенжайы, жұмыс орны, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі, электрондық мекенжайы дұрыс екендігін, ал көрсетілген контактілерге жіберілген хабарлама (хабархат) тиісті және жеткілікті деп саналатындығын өзінің қолтаңбасымен растайды.
5. Әкімшілік рәсімге қатысушы хабарламаны (хабархатты) қабылдаудан бас тартқан кезде, оны жеткізетін немесе табыс ететін адам хабарламаға (хабархатқа) тиісті белгі жасайды, ол әкімшілік органға, лауазымды адамға қайтарылады.
67-бап. Лауазымды адамға қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту)
1. Егер лауазымды адам:
1) әкімшілік рәсімге қатысушы немесе оның өкілі ретінде осы әкімшілік рәсімге қатысқан болса;
2) әкімшілік рәсімге қатысушының жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылса;
3) әкімшілік рәсімге қатысушыға қызметтік немесе өзге де тәуелді болса;
4) әкімшілік істің нәтижесіне жеке-дара, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса не оның объективтілігі мен әділдігі туралы күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, ол әкімшілік рәсімді жүзеге асыра алмайды.
2. Тұлғаның лауазымды адам ретінде әкімшілік рәсімді бұрын жүзеге асыруы оның әкімшілік рәсімге тиісті дәрежеде одан әрі қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
3. Лауазымды адамға мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) ол мәлімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде рұқсат беріледі.
4. Әкімшілік рәсімді жүзеге асыратын лауазымды адамға мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) жоғары тұрған лауазымды адам рұқсат береді.
5. Әкімшілік органның алқалы құрамы әкімшілік істі қарау кезінде лауазымды адамдардың біріне мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) әкімшілік органның алқалы құрамының басқа лауазымды адамдары рұқсат береді.
6. Әкімшілік органның басшысына мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) жоғары тұрған әкімшілік орган рұқсат береді.
7. Жоғары тұрған әкімшілік органы жоқ әкімшілік органның басшысына мәлімделген қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) Қазақстан Республикасының заңында аталған тұлға рұқсат береді.
Егер заңда тиісті тұлға көзделмесе, қарсылық білдіруге (өздігінен бас тартуға) әкімшілік орган басшысының орынбасары, ал ол болмаған кезде басқа лауазымды адам рұқсат береді.
8. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз қанағаттандырылса, әкімшілік рәсімді Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа лауазымды адам жүзеге асырады.
9. Бұрын мәлімделген мән-жайларға байланысты қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы қайта арыз беруге жол берілмейді.
10. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қарау нәтижелері бойынша шешім шағым жасауға жатпайды.
68-бап. Әкімшілік рәсімде өкілдік ету
1. Әкімшілік рәсімге қатысушы өзінің әкімшілік істерін жеке өзі, өкіл арқылы немесе онымен бірге жүргізуге құқылы.
2. Әкімшілік рәсімде өкілдік ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Әкімшілік рәсімге қатысушы өзінің әкімшілік істерін басқа адамның жүргізуіне уәкілеттік беруге құқылы, бұл туралы әкімшілік органға, лауазымды адамға ауызша нысанда хабарлайды. Бұл жағдайда әкімшілік орган, лауазымды адам өкілдің өкілеттігін жазбаша нысанда ресімдейді, оған өкілдік беруші қол қояды.