1. Аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерациялары:
1) тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге;
2) спорт түрі (түрлері) бойынша спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіруге;
3) құзыреті шегінде спортшылардың бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқасына ауысуын ұйымдастыруға қатысуға;
4) тиісті халықаралық жарыстарды өткізетін халықаралық спорт ұйымдарының нормаларына сәйкес спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар) үшін қатысуға құқығы жоқ спортшылардың тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстарға қатысуына шектеулер белгілеуге;
5) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) нышандарын пайдаланудың барлық құқықтарын иеленуге;
6) спорт салаларын спорт түрлерінің тізіліміне қосу туралы ұсыныстар енгізуге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған әртүрлі көздерден тиісті спорт түрлерін дамыту үшін ұсынылған қаржылық және өзге де қолдауды қабылдауға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Аккредиттелген республикалық және өңірлік спорт федерациялары:
1) спорт түрлерін дамытуға және кеңінен таратуға;
2) халықаралық спорт ұйымдарының (болған кезде) талаптарына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша спорт түрлері бойынша қағидаларды әзірлеуге және бекітуге;
3) спорт түрлері бойынша кешенді нысаналы бағдарламаларды және спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) спортшыларын даярлаудың жеке жоспарларын әзірлеуге;
4) республикалық спорт федерациясы өткізетін жарыстар туралы ережелерді (регламенттерді) әзірлеуге және оларды дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісуге;
5) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) халықаралық спорттық жарыстарға даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;
6) халықаралық және республикалық спорттық жарыстарға тиісті спорт түрлері бойынша ардагер спортшылардың даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;
7) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға тиісті спорт түрлерін дамыту жөнінде ақпарат беруге;
8) спорттағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген нысандарының көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға;
9) спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесін әзірлеуге және іске асыруға;
10) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға бірыңғай спорттық сыныптамаға енгізу мақсатында спорттың тиісті түрлерiне қойылатын талаптар мен нормаларды және жаттықтырушыларды аттестаттау бойынша біліктілік талаптарын белгіленген тәртіппен ұсынуға;
11) спорт түрлері бойынша спорт төрешілерін даярлауды жүзеге асыруға;
12) жаттықтырушыларды қайта даярлауды, жаттықтырушыларды, спорт төрешілерін және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандарды аттестаттауды жүзеге асыруға;
13) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спортшылар мен жаттықтырушыларға спорттық атақтар мен разрядтар, нұсқаушы-спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға, спорт төрешілеріне санаттар беру үшін құжаттар ұсынуға;
14) спортшыларды тіркеуді жүргізуге;
15) спортшылардың, аттестатталған спорт төрешілерінің, жаттықтырушылардың тізілімін жүргізуге;
16) Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауға;
17) Қазақстан Республикасының және тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорт федерацияларының допингке қарсы қағидаларын қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға немесе өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруға;
18) жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеу өткізу мақсатында спортшылардың тізімін қалыптастыру үшін ұлттық допингке қарсы ұйымға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес беруге;
19) спортшыларды Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес оларды жарыс кезеңінде де, сондай-ақ жарыстан тыс кезеңде де тестілеуге жататын спортшылардың тізіміне енгізілгені туралы хабардар етуге;
20) допингке қарсы қағидаларға сәйкес спортшыларды тестілеуден өткізуге жәрдемдесуге;
21) спортшылардың, сондай-ақ жаттықтырушылардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға және спорттық жарыстарға қатысатын жануарларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзғаны туралы тиісті допингке қарсы ұйымның шешімі негізінде және оны орындау үшін санкциялар қолдануға (оның ішінде спорттық жарыстан шеттету);
22) қолданылған санкциялар туралы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға, ұлттық допингке қарсы ұйымға, тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясына ақпарат беруге;
23) әдістемелік жұмыс нәтижелерінің негізінде дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға спорт түрін дамыту жөнінде ұсынымдар беруге;
24) егер осы шарттар халықаралық спорт федерацияларының талаптарында көзделсе, кәсіпқой спортты дамыту жөніндегі міндеттерді орындауға;
25) Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғыларына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары:
1) тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге;
2) құзыреті шегінде спортшылардың бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан басқасына ауысуын ұйымдастыруға қатысуға;
3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына спорт түрінің (түрлерінің) дамуы туралы ақпарат жіберуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған әртүрлі көздерден тиісті спорт түрлерін дамыту үшін ұсынылған қаржылық және өзге де қолдауды қабылдауға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
4. Аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары:
1) спорт түрін дамытуға және кеңінен таратуға;
2) спортшыларды тиісті спорт түрі (түрлері) бойынша даярлау жоспарларын әзірлеуге;
3) аккредиттелген жергілікті спорт федерациясы өткізетін спорттық жарыстар туралы ережелерді (регламенттерді) әзірлеуге және оларды жергілікті уәкілетті органмен келісуге;
4) спортшылардың спорттық жарыстарға даярлығын және оларға қатысуын қамтамасыз етуге;
5) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға тиісті спорт түрлерін дамыту жөнінде ақпарат ұсынуға;
6) спорттағы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген нысандарының көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға;
7) спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесін әзірлеуге және іске асыруға қатысуға;
8) Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес допингті пайдалануға қарсы іс-қимыл жасауға;
9) Қазақстан Республикасының және тиісті спорт түрлері бойынша халықаралық спорт федерацияларының допингке қарсы қағидаларын қазақ және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға немесе өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруға;
10) жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеу өткізу мақсатында спортшылардың тізімін қалыптастыру үшін ұлттық допингке қарсы ұйымға қажетті ақпаратты Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес беруге;
11) спортшыларды Қазақстан Республикасының допингке қарсы қағидаларына сәйкес оларды жарыс кезеңінде де, жарыстан тыс кезеңде де тестілеуге жататын спортшылардың тізіміне енгізілгені туралы хабардар етуге;
12) допинг-бақылау жүргізу тәртібіне сәйкес тестілеу өткізуге жәрдемдесуге;
13) спортшылардың, сондай-ақ, жаттықтырушылардың, дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандардың спортшыларға және спорттық жарыстарға қатысатын жануарларға қатысты допингке қарсы қағидаларды бұзғаны туралы тиісті допингке қарсы ұйымның шешімі негізінде және оны орындау үшін санкциялар қолдануға (оның ішінде спорттық жарыстан шеттету);
14) қолданылған санкциялар туралы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органға, ұлттық допингке қарсы ұйымға, тиісті спорт түрі бойынша халықаралық спорт федерациясына ақпарат беруге;
15) әдістемелік жұмыс нәтижелерінің негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына спорт түрлерін дамыту жөнінде ұсынымдар беруге;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасына және өз жарғыларына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
13-бап. Ұлттық олимпиадалық қозғалыс. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi
1. Ұлттық олимпиадалық қозғалыс мақсаты олимпиадалық қозғалыс қағидаттарын насихаттау және енгізу, дене шынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесу, халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайту, Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу болып табылатын халықаралық олимпиадалық қозғалыстың құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Ұлттық олимпиадалық қозғалысты қызметін Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасына, Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес және Халықаралық олимпиада комитетінің тануы негізінде, сондай-ақ өзінің жарғысына сәйкес жүзеге асыратын қоғамдық бірлестік - Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi басқарады. Мемлекет ұлттық олимпиадалық қозғалысты таниды және Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне өзінің жарғылық мақсаттарын іске асыруына жан-жақты жәрдем көрсете отырып, қолдайды.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi:
1) мемлекетте олимпиадалық қозғалыс қағидаттарын насихаттайды, жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді;
2) Олимпиада ойындарында және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес Қазақстан Республикасын білдіреді;
3) Халықаралық олимпиада комитетінде Қазақстан Республикасын білдіреді;
4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен өзара iс-қимыл жасау кезiнде жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамытудың бiрыңғай саясатын жүргiзедi;
5) Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитеті аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысу үшiн Қазақстан Республикасының спортшыларын қажетті даярлық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлеу мен жүзеге асыруға қатысады;
6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша Халықаралық олимпиада комитетіне Қазақстан Республикасының Олимпиада ойындарын өткізуге кандидат қаласы туралы өтінім беруге құқылы.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi Халықаралық олимпиада комитетінің Олимпиадалық хартиясына сәйкес Халықаралық олимпиада комитетіне тиесілі олимпиадалық рәмізді, девизді, туды және гимнді, «Олимпиадалық ойындар», «Олимпиада ойындары» деген атауларды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану құқықтарын қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетiнің олимпиадалық эмблемасына, девизіне, туына және өзге де ұлттық олимпиадалық нышанға айрықша құқықтарды иеленеді.
5. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) Олимпиада ойындарында және Халықаралық олимпиада комитетінiң қамқорлығы аясында өткiзiлетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы астында жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетiнің жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы спортшыларының Олимпиада ойындарына және Халықаралық олимпиада комитетінің аясында өткiзілетiн басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы үшін қажетті даярлық деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыруы дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және республикалық спорт федерацияларымен өзара іс-қимыл жасау арқылы жүзеге асырылады.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi өзінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды өзінің қаржыландыру көздері, қайырымдылық көмек, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бөлінетін бюджет қаражаты есебінен іске асырады.
14-бап. Паралимпиадалық қозғалыс, Сурдлимпиадалық қозғалыс, Арнайы олимпиадалық қозғалыс, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер
1. Паралимпиадалық қозғалыс, Сурдлимпиадалық қозғалыс, Арнайы олимпиадалық қозғалыс мақсаты мүгедектердің дене шынықтыру мен спортын дамытуға жәрдемдесу, көрсетілген салада халықаралық ынтымақтастықты нығайту, Паралимпиадалық ойындарға, Сурдлимпиадалық ойындарға, Халықаралық арнайы олимпиадалық ойындарға қатысу болып табылатын тиісінше халықаралық паралимпиадалық қозғалыстың, халықаралық сурдлимпиадалық қозғалыстың, халықаралық арнайы олимпиадалық қозғалыстың бір бөлігі болып табылады.
2. Паралимпиадалық қозғалысты, Сурдлимпиадалық қозғалысты, Арнайы олимпиадалық қозғалысты қызметін Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасына, тиісті халықаралық спорт ұйымдарының жарғыларына сәйкес және халықаралық спорт ұйымдарының тануы негізінде, сондай-ақ өздерінің жарғыларына сәйкес жүзеге асыратын паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер басқарады.
3. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер тиісінше Паралимпиадалық ойындарда, Сурдлимпиадалық ойындарда, Халықаралық арнайы олимпиадалық ойындарда, Халықаралық паралимпиадалық комитет, Халықаралық сурдлимпиадалық комитет және Халықаралық арнайы олимпиадалық комитет аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) білдіреді.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер өздерінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды өзінің қаржыландыру көздері, қайырымдылық көмек, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары есебінен, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бөлінетін бюджет қаражаты есебінен іске асырады.
15-бап. Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесi және спорт
1. Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына және үлгілік оқу жоспарларына сәйкес оқу уақытында және оқудан тыс уақытта жүзеге асырылады.
2. Дене тәрбиесi: мектепке дейiнгi ұйымдарда - аптасына кемiнде үш сағат, жалпы бiлiм беретiн мектептерде - аптасына кемiнде үш сағат, колледждерде - аптасына кемiнде төрт сағат, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындарында бірінші және екінші оқу жылдарында білім алушылар үшін аптасына кемінде төрт сағат көлемінде жүргiзiледi.
Денсаулығы нашар білім алушылар мен тәрбиеленушілер арнайы медициналық топтар мен емдiк дене шынықтыру топтарында айналысады.
Дене мүмкіндіктері шектеулі білім алушылар мен тәрбиеленушілер бейімдік дене шынықтыру мен спорт құралдарын пайдалана отырып айналысады.
3. Мектепке дейiнгi білім беру ұйымдары, жалпы бiлiм беретiн мектептер мен басқа да білім беру ұйымдары білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дене тәрбиесiмен айналысу мақсатында дене шынықтыру машықтарын қалыптастырады, оларды спортпен айналысуға тартады, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шаралар өткiзедi және қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да заңды тұлғаларға мектеп жасына дейiнгi балалардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің қатысуымен спорттық iс-шараларды ұйымдастыруға және өткiзуге жәрдемдеседi.
4. Сабақтан тыс уақытта спортпен айналысу үшiн спорт клубтары, секциялар мен мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдары құрылады, олардың қатарына әртүрлі спорт мектептерi, балалар-жасөспiрiмдердің дене шынықтыру даярлығы клубтары, тұрғылықты жерi бойынша балалар мен жеткіншектер клубтары және қызметi мектеп жасына дейiнгi балалардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дене тәрбиесi мен спорттық даярлығына бағытталған басқа да заңды тұлғалар кiредi.
5. Дене шынықтыру-спорт ұйымдарында спорт резервін даярлау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша жалпы білім беретін мектептер базасында тереңдетілген оқу-жаттығу процесі негізінде әртүрлі спорт түрлері бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілердің спорттық даярлығын жүзеге асыратын мамандандырылған спорт сыныптары мен топтары құрылады.
6. Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттарда, олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінде спортшыларды даярлау білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Білім беретін оқу орындарында спортшыларды даярлау дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға, бағдарламалар мен нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
8. Мектеп жасына дейінгі білім беру ұйымдарында, мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында және басқа да білім беру ұйымдарында дене тәрбиесі үшін қажетті жағдайлар жасау жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.
9. Білім беру ұйымдарында студенттік және мектеп спортын дамыту мақсатында спорт клубтары, студенттер және оқушылар лигалары, білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында спорт түрлері бойынша федерациялар құрылуы мүмкін.
10. Студенттік және мектеп спорты саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар студенттік және (немесе) мектеп спорты лигасының мүшелері болуы мүмкін.
11. Студенттер және оқушылар лигаларын қалыптастыру, студенттер және оқушылар лигалары арасында спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
16-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы және басқа да спорт түрлерін дамыту
1. Әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің бір немесе бірнеше мемлекеттік органдар қызметінің шеңберінде дамитын қызметтік міндеттерін орындауына байланысты арнайы іс-қимылдары (оның ішінде тәсілдері) әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің негізі болып табылады.
2. Әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру даярлығы қоршаған ортаның физикалық факторларының өзгерістері ескеріле отырып, әскери қызметтің, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметінің ерекшеліктері мен жауынгерлік және жедел-қызметтік міндеттерді орындауға байланысты әртүрлі жағдайларға әскери қызметшілер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлері организмінің төзімділігін арттыру мақсатында өткізілетін даярлықтың негізгі нысанасы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында дене шынықтыру даярлығы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары бекітетін дене шынықтыру даярлығы бойынша бағдарламалар негізінде қызметкерлердің қызметтік міндеттерді табысты орындауы мақсатында жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында әскери қызметшiлер мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін спортпен тұрақты түрде айналысуға тарту мақсатында тиісті әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлерін дамытуды, спортшылар даярлауды жүзеге асыратын, сондай-ақ құрама командаларды жасақтайтын спорт клубтары, дене шынықтыру-спорт ұйымдары құрылуы және жұмыс істеуі мүмкін.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген ұйымдар оқу-жаттығу процесін жүзеге асырады, барлық санаттағы әскери қызметшiлердің және Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің спортпен айналысуы үшін жағдайлар жасайды, спортшылардың спорттық жарыстарға, оның ішінде оқу-жаттығу және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды, медициналық қызмет көрсетуді, спортшылардың қарқынды дене шынықтыру жүктемелерінен, аурулары мен жарақаттануынан кейін қалпына келтіру іс-шараларын, олардың тамақтануын, тұруын және жол жүруін қамтамасыз етуді, сондай-ақ спорттық жарақпен, спорттық мүкәммалмен және жабдықпен қамтамасыз етуді, жаттықтырушылар мен дене шынықтыру және спорт саласындағы басқа да мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар өткізуді көздейтін, Дүниежүзілік армия ойындарына, Достас армиялардың спартакиадасына, әлем чемпионаттарына және Полицейлер мен өрт сөндірушілердің дүниежүзілік ойындарына қатысуына даярлығын жүзеге асырады.
6. Әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлерін дамытуға басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары спорттық іс-шараларға қатысу үшін тиісті спорт түрлері бойынша құрама командаларды жасақтайды, әскери қызметшiлер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің дене шынықтыру даярлығына үнемі тестілеу жүргізіп отырады, республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырады, өткізеді және қамтамасыз етеді, әскери-қолданбалы, қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық сыныптаманы әзірлейді және оған уақтылы өзгерістер енгізеді, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жаттықтырушыларға, әдіскерлерге, спорт төрешілеріне, нұсқаушы-спортшыларға спорттық разрядтар мен дәрежелер, біліктілік талаптарын береді.
7. Әскери қызметшiлер мен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері арасында өткізілетін әскери-қолданбалы және қызметтік-қолданбалы, техникалық және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары бекітеді.
17-бап. Еңбек ұжымдарындағы дене шынықтыру және спорт
1. Заңды тұлғалар жұмыскерлердi сауықтыру бойынша дене шынықтыруды дамыту үшін қаражат көздей алады және жеке адамдардың дене шынықтырумен және спортпен айналысу құқықтарын iске асыруына жағдайлар жасайды.
2. Жұмыскерлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң жеке және ұжымдық дене шынықтыру-спорт сабақтарын ұйымдастыру үшiн материалдық база құру, оны пайдалану, қаржыландыру, мамандармен қамтамасыз ету ұжымдық шарттарда және (немесе) заңды тұлғаның басқару органының шешімімен айқындалады және (немесе) оны дара кәсіпкер айқындайды.
3. Еңбек ұжымдарында ерікті негізде және салалық қағидат бойынша спортпен айналысу үшін жеке адамдарды біріктіретін ведомстволық дене шынықтыру-спорт қоғамдары құрылуы мүмкін.