2) - 5) 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
1. Қоршаған ортаны қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингті жүзеге асыратын орталық атқарушы орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган болып табылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) осы Кодексте көзделген жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
2) өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті жүзеге асыруы бөлігіндегі қызметін үйлестіруді жүргізу;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті лицензиялау;
4) өз құзыреті шегінде осы Кодексте белгіленген экологиялық рұқсаттар беру;
5) осы Кодексте көзделген жағдайларда, кәсіпкерлік қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдау;
6) осы Кодексте белгіленген өз құзыреті шегінде мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу;
7) мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру;
8) республикалық деңгейде маңызы бар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастыру;
9) парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру;
10) Жердің озон қабатын қорғау саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру;
11) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын келісу;
12) қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
12-1) Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттары бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыру;
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13) өзіне осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындау арқылы бірыңғай мемлекеттік экологиялық саясатты қалыптастырады және іске асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) - 7) тармақшаларында көзделген функциялар мен өкілеттіктерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері арасында бөлуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
28-бап. Бірыңғай мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыру
1. Қазақстан Республикасының бірыңғай мемлекеттік экологиялық саясаты Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттар бойынша іске асырылады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қоршаған орта сапасының бекітілген нысаналы көрсеткіштерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті деңгейде мемлекеттік экологиялық саясаттың іске асырылуы үшін жауапты болады.
3. Мемлекеттік экологиялық саясатты орталық және жергілікті деңгейлерде іске асыру кезінде осы Кодекске сәйкес мүдделі жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысу құқығының сақталуы қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғаларды экологиялық ағарту және олардың экологиялық мәдениетін арттыру жөніндегі шараларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыруға олардың ерікті негізде тартылуы үшін қажетті жағдай жасайды.
29-бап. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар
1. Қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтік және экономикалық шаралар кешені қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар болып табылады.
2. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленетін бағыттарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес айқындалады.
3. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды:
1) жергілікті деңгейде - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
2) республикалық деңгейде - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
4. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға:
1) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған;
2) қоршаған ортаның сапалық сипаттамаларын арттыру арқылы қоршаған орта құрамдастарының жай-күйін жақсартатын;
3) экологиялық жүйелердің жай-күйін тұрақтандыру мен жақсартуға, биоәртүрлілікті сақтауға және орнықты пайдалануға, табиғи ресурстарды молықтыруға ықпал ететін;
4) қоршаған ортаның ластануының, табиғи ортаның тозуының, кез келген нысанда экологиялық залал келтірудің және осыған байланысты адамның өміріне және (немесе) денсаулығына қатердің алдын алатын және оларды болғызбайтын;
5) төзімді органикалық ластағыштарды қоса алғанда, қауіпті химиялық заттарды қауіпсіз басқаруды қамтамасыз етуге, қоршаған ортаға антропогендік те, табиғи сипатта да химиялық, биологиялық және физикалық әсер ету деңгейін төмендетуге бағытталған;
6) қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды орнықты пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауды басқарудың халықаралық стандарттарын ендіруге бағытталған әдістер мен технологияларды жетілдіретін;
7) өндірістік экологиялық бақылаудың тиімділігін арттыратын;
8) қоршаған ортаны қорғау саласында ақпараттық жүйелерді қалыптастыратын және экологиялық ақпарат беруге ықпал ететін;
9) орнықты даму үшін экологиялық білімді насихаттауға, экологиялық білім беруге және ағартуға ықпал ететін;
10) парниктік газдардың шығарылу көлемін қысқартуға және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған іс-шаралар жатады.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралары қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының негізінде және соған сәйкес жүргізіледі.
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы осы Кодекске 4-қосымшада көзделген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың үлгілік тізбесін негізге ала отырып, үш жылдық перспективаға әзірлейді.
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде мүдделі жұртшылықтың қатысуы қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілгеннен кейін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органы бекітеді.
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын, есепті кезең аяқталғаннан кейін 1 ақпаннан кешіктірмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органына және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есеп ұсынады.
7. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың бекітілген жоспары осы іс-шаралар жоспары әзірленген және бекітілген жылдың алдындағы үш жыл ішінде жергілікті бюджетке түскен, қоршаған ортаға жағымсыз әсер үшін төлем сомаларынан кем емес көлемде бюджет қаражаты есебінен іске асырылады.
Қоршаған ортаға жағымсыз әсер үшін келіп түскен төлем сомаларынан қалыптастырылатын және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға жіберілетін қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың бекітілген жоспары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ғана өзгертілуі мүмкін.
8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қосымша жүзеге асырылуы мүмкін.
30-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл
Мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өз функцияларын жүзеге асыру кезінде жәрдемдесуге міндетті.
3-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
31-бап. Экологиялық қатынастарды мемлекеттік реттеу нысандары мен құралдары
Экологиялық қатынастарды мемлекеттік реттеу мемлекеттің осы Кодексте реттелетін қатынастарды субъектілердің орындауы міндетті экологиялық талаптарды белгілеу және осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
32-бап. Экологиялық талаптар туралы жалпы ережелер
Экологиялық талаптар деп Қазақстан Республикасының экология заңнамасында белгіленген, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қағидалар, талаптар, шектеулер мен тыйымдар түсініледі.
33-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу құралдарының түрлері
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу құралдары деп экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың, іс-қимылдар мен рәсімдердің жиынтығы түсініледі.
2. Мыналар қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу құралдары болып табылады:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті лицензиялау;
2) экологиялық нормалау;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық реттеу;
4) экологиялық бағалау;
5) мемлекеттік экологиялық сараптама;
6) экологиялық рұқсаттар және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялар;
7) қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі;
8) мемлекеттік экологиялық бақылау;
9) қалдықтарды жинау, сұрыптау және (немесе) тасымалдау жөніндегі қызметтің хабарлама жасау тәртібі;
10) парниктік газдардың шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеу құралдары.
34-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті лицензиялау
1. Жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензиялануға жататын жұмыстары мен көрсететін қызметтерінің түрлері «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы лицензияланатын қызмет түрі бойынша біліктілік талаптарын олардың кіші түрлері бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5-тарау. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ НОРМАЛАУ
35-бап. Жалпы ережелер
1. Экологиялық нормалау сапаның экологиялық нормативтерін, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін және қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін белгілеуді білдіреді.
2. Мемлекет қолайлы қоршаған ортаның кепілдік беріліп сақталуы және адам қызметінің қоршаған ортаға және адамның денсаулығына жағымсыз әсерін болғызбау және (немесе) азайту үшін оны мемлекеттік реттеудің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында экологиялық нормалауды жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік орган іске асырылуы нәтижесінде қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін және (немесе) әсер етуі мүмкін нормативтік құқықтық актіні әзірлеу және бекіту немесе нормативтік емес құқықтық актіні қабылдау кезінде интеграция қағидатын негізге ала отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер үшін белгіленген сапаның экологиялық нормативтері мен қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу қажеттігін ескеруге міндетті.
Аумақтарды дамыту мен оларға құрылыс салудың қала құрылысын жоспарлауды жүзеге асыру кезінде адам денсаулығын сақтауға бағытталған сапаның экологиялық нормативтерінің сақталуы қамтамасыз етілмейтін аймақтар шегінде жаңа қоныстану аумақтарын орналастыруға жол берілмейді.
4. Мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның осы баптың 3-тармағының талаптарын бұзатын шешімдерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дау айтылуы мүмкін.
36-бап. Сапаның экологиялық нормативтері
1. Сапаның экологиялық нормативтері деп қоршаған ортаның жекелеген құрамдастары жай-күйіне қатысты сандық және сапалық сипаттамалардың мемлекет белгілеген жиынтығы түсініледі, оларға қол жеткізу және қолдау көрсету қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету үшін қажет болып табылады.
2. Сапаның экологиялық нормативтері негізінде қоршаған ортаның ағымдағы жай-күйін бағалау жүзеге асырылады және оған жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтері белгіленеді.
3. Сапаның экологиялық нормативтері осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаның мына құрамдастарының әрқайсысы:
1) атмосфералық ауа;
2) жерүсті және жерасты сулары;
3) топырақ және жер үшін жеке әзірленеді және белгіленеді.
4. Сапаның экологиялық нормативтеріне:
1) қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің химиялық көрсеткіштері үшін белгіленген нормативтер;
2) қоршаған ортаның физикалық факторлары үшін белгіленген нормативтер;
3) қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің биологиялық көрсеткіштері үшін белгіленген нормативтер жатады.
5. Қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің химиялық көрсеткіштеріне арналған сапаның экологиялық нормативтері ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы түрінде белгіленеді.
Ластағыш заттар тізбесіне енгізілген ластағыш заттың атмосфералық ауа, жерүсті немесе жерасты сулары, топырақ көлемінің немесе массасының бірлігіндегі немесе жер беті алаңының бірлігіндегі адамға тұрақты немесе уақытша әсер ету кезінде оның денсаулығына әсер етпейтін және ұрпақта қолайсыз тұқым қуалаушылық өзгерістер, сондай-ақ табиғи орта объектілерінің тозуын туғызбайтын, экологиялық жүйелердің орнықтылығын және биоәртүрлілікті бұзбайтын ең көп мөлшері (массасы) ластағыш заттың шекті жол берілетін концентрациясы деп түсініледі.
Қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің химиялық көрсеткіштеріне арналған сапаның экологиялық нормативтері адам денсаулығына және табиғи ортаға (экожүйелер, жануарлар дүниесі және өсімдіктер әлемі) әсер ету тұрғысынан жеке белгіленеді.
6. Қоршаған ортаның физикалық факторлары үшін сапаның экологиялық нормативтері қоршаған ортаға жағымсыз физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейлері түрінде белгіленеді.
Жағымсыз физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейі деп физикалық әсер етудің жекелеген түрлерінің (шу, діріл, электр, электрмагнит, магнит өрістері, радиация, жылу) ең жоғары деңгейі түсініледі, онда жануарлардың, өсімдіктердің, экологиялық жүйелер мен биоәртүрліліктің жай-күйіне зиянды әсер болмайды.
7. Қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің биологиялық көрсеткіштеріне арналған сапаның экологиялық нормативтері өсімдіктердің, жануарлардың және табиғи орта сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын басқа да организмдердің жекелеген түрлері мен топтарына қатысты олардың табиғи көрсеткіштері деңгейінде не табиғи ортаның қасиеттері мен оның өз сапасын ұстап тұру және қалпына келтіру жөніндегі қабілетін ескере отырып, осындай табиғи көрсеткіштерден жол берілетін ауытқу аралығы түрінде белгіленеді.
8. Сапаның экологиялық нормативтері табиғи ортаға әсер ету тұрғысынан нақты аумаққа немесе акваторияға тән табиғи факторлардың әсерінен қалыптасқан табиғи жағдайларды, сондай-ақ осындай аумақтарды немесе акваторияларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген пайдалану мақсаты ескеріле отырып белгіленеді.
9. Трансшекаралық су айдындары мен ағын су сулары сапасының экологиялық нормативтерін белгілеу кезінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған тиісті халықаралық шарттардың талаптары ескерілуге тиіс.
10. Табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының табиғи ресурстардың тиісті түрін пайдалану туралы заңнамасына сәйкес белгіленетін нормалар мен нормативтер экологиялық нормативтерге жатпайды.
11. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау және жақсарту мақсатында осы аумақтар үшін олардың осы Кодекске сәйкес ерекше табиғат қорғау мәртебесі ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы үшін белгіленгеннен неғұрлым қатаң сапаның экологиялық нормативтері әзірленуі және бекітілуі мүмкін.
12. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган зертханалық сынақтардың, ғылыми зерттеулердің нәтижелері және халықаралық тәжірибе негізінде, сондай-ақ нақты аумақтар мен акваториялар үшін - осындай аумақтар мен осындай акваториялардағы қоршаған ортаның жай-күйін көпжылдық (кемінде бес жыл) байқаудың деректері негізінде сапаның экологиялық нормативтерін әзірлейді.
13. Сапаның экологиялық нормативтері өздерінің сақталуын бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген бақылау-өлшеу жабдығының және тиісті өлшеу әдістемелерінің (әдістерінің), индикациялау, тесттеу және (немесе) бақылау тәсілдерінің болуымен қамтамасыз етілетін көрсеткіштер бойынша белгіленеді.
14. Сапаның экологиялық нормативтері табиғи ортаның тиісті құрамдасының табиғи фонының мәндері ескеріле отырып әзірленеді және белгіленеді. Табиғи орта құрамдасының табиғи фоны эталондық учаскелерде қоршаған ортаның жай-күйін көпжылдық (кемінде бес жыл) байқау және табиғи орта құрамдасының химиялық, биологиялық және физикалық көрсеткіштері бойынша сынамаларды және (немесе) өлшемдерді іріктеу нәтижелері негізінде айқындалады.
15. Эталондық учаске ретінде репрезентативтік ерекше қорғалатын табиғи аумақ (акватория) шегінде, ал мұндай ерекше қорғалатын табиғи аумақ (акватория) болмаған кезде, ұқсас табиғи ерекшеліктері бар және жай-күйі табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтеріне (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) қысымшылық белгілерінің болмауымен сипатталатын аумақта немесе акваторияда орналасқан аумақ, акватория немесе оның бір бөлігі қабылданады.
Аумақты, акваторияны немесе оның бір бөлігін эталондық учаске ретінде таңдау өлшемшарттары мен тәртібі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеу және қайта қарау қағидаларында айқындалады.
16. Сапаның экологиялық нормативтерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган он жыл мерзімге бекітеді және олар көрсетілген мерзім өткеннен кейін қоршаған орта, оның сапасына әсер ететін табиғи және антропогендік факторлар туралы жаңартылған ғылыми білімдер негізінде, сондай-ақ мониторинг пен бақылау әдістерінің, техникалары мен технологияларының дамуы ескеріле отырып, қайта қаралуға жатады. Сапаның экологиялық нормативтері сондай-ақ Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша неғұрлым қатаң сапаның экологиялық нормативтерін енгізу жөнінде шаралар қабылдауды талап ететін халықаралық міндеттемелері күшіне енгеннен кейін бірінші жылдан кешіктірілмей қайта қаралуға жатады.
37-бап. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері
1. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері (бұдан әрі - сапаның нысаналы көрсеткіштері) деп қоршаған ортаның жекелеген құрамдастары жай-күйінің сандық және сапалық сипаттамаларының және қоршаған ортаны қорғау және белгілі бір уақыт кезеңінде қол жеткізілуге тиіс қалдықтарды тиімді басқару жөніндегі шаралардың қамтамасыз етілу деңгейін сипаттайтын өзге де көрсеткіштердің жиынтығы түсініледі.
2. Сапаның нысаналы көрсеткіштері әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейінде белгіленеді.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әрбір бес жылдық кезеңге арналған сапаның нысаналы көрсеткіштерін әзірлеуге міндетті.
4. Әзірленген сапаның нысаналы көрсеткіштері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілуге жатады және оларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті өкілді органдары бекітеді.
5. Әрбір облыс үшін әзірленетін және бекітілетін сапаның нысаналы көрсеткіштері тұтас облыс үшін де, облыс шегіндегі мына аумақтар:
1) аудандар;
2) халық саны 100 000 адамнан асатын елді мекендер;
3) өздерінің шегінде қоршаған орта жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сапаның экологиялық нормативтерінің бұзылуы анықталған өзге де елді мекендер;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
5) өздерінің шегінде қоршаған орта жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сапаның экологиялық нормативтерінің бұзылуы анықталған өзге де аумақтар (акваториялар) үшін де тиісті көрсеткіштерді қамтуға тиіс.
6. Сапаның нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қағидаларын, оның ішінде өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің ережелерін ескере отырып бекітеді.
7. Өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін ең төмен индикаторлар тізбесіне міндетті түрде:
1) атмосфералық ауаның сапасы;
2) жерүсті және жерасты суларының сапасы;
3) жердің және топырақтың сапасы;
4) әрбір жеке өңірдің климаты мен топырақ жағдайлары ескеріле отырып, ормандардың және жасыл екпелердің жиынтық алаңдары;
5) жердің тозуын және шөлейттенуін қысқарту;
6) ластағыш заттардың түрлері бойынша шығарындылардың жиынтық көлемі;
7) ластағыш заттардың түрлері бойынша және әрбір жеке су объектісі мен бассейні бойынша төгінділердің жиынтық көлемі;
8) коммуналдық қалдықтардың түрлері бойынша - оларды бөлек жинау, қайта пайдалануға дайындау, қайта өңдеу, кәдеге жарату және жою (құрту және (немесе) көму) үлесі;
9) парниктік газдардың шығарылуын қысқартудың жиынтық көлемі енгізіледі.
8. Сапаның экологиялық нормативтері сақталмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктер, аумақтар (акваториялар) үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері он жылдан аспайтын мерзімде сапаның экологиялық нормативтеріне кезең-кезеңмен қол жеткізуді қамтамасыз ететіндей етіп белгіленуге тиіс.
9. Сапаның экологиялық нормативтері сақталатын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарында сапаның экологиялық нормативтерімен салыстырғанда қоршаған орта сапасының неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ететін, оның ішінде өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін ең төмен индикаторлар тізбесіне кірмейтін индикаторлар үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленуі мүмкін.
38-бап. Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтері
1. Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтері - антропогендік қызметтің қоршаған ортаға әсер ету көрсеткіштері үшін белгіленген экологиялық нормативтер.
2. Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтеріне:
1) эмиссиялар нормативтері;
2) технологиялық нормативтер;
3) қалдықтардың жинақталу лимиттері, қалдықтарды көму лимиттері;
4) табиғи ортаға жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері;
5) күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттері;
6) қоршаған ортаға жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтері жатады.
3. Технологиялық нормативтерді қоспағанда, қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін сақтау қоршаған орта сапасы нормативтерінің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Көлік құралдарының және іштен жанатын қозғалтқыштардың әртүрлі экологиялық сыныптары үшін шығарындыларға және отын түрлеріндегі ластағыш заттардың болуына қойылатын талаптар Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленеді.
39-бап. Эмиссиялар нормативтері
1. Эмиссиялар нормативтері деп экологиялық рұқсатта белгіленетін эмиссиялардың шекті сандық және сапалық көрсеткіштерінің жиынтығы түсініледі.