1. Мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі сотқа жүгінгенге дейін апелляциялық комиссияға тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды қарау туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.
2. Апелляциялық комиссияның құрамына қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері міндетті түрде кіреді.
3. Апелляциялық комиссия қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тексеру нәтижелері туралы актісіне шағымды шағым жасалған мәселелер шегінде қарайды.
4. Тексеру нәтижелері туралы актіге шағым Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде жазбаша нысанда беріледі.
5. Апелляциялық комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады.
6. Апелляциялық комиссия жыл сайын тексерулер нәтижелері туралы актілерге шағымдарды қарау нәтижелеріне жинақтап-қорытуды жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдайды.
7. Мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа жүгінуі апелляциялық комиссияның тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды қарауын тоқтатуға алып келеді.
Мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа жүгінгеннен кейін немесе сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін берілген тексеру нәтижелері туралы актіге шағым қарауға жатпайды.
180-бап. Апелляциялық комиссия шағымды қараған кезде ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету
Мемлекеттік құпиялар, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын мәліметтер апелляциялық комиссияның мүшелеріне қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүргізген тексеру нәтижелері туралы актілерге шағымдарды қарау кезінде шағым берген тұлғаның жазбаша рұқсаты алынбастан, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсынылады.
Жоғарыда көрсетілген мәліметтер апелляциялық комиссия мүшелерінің жария етуіне жатпайды.
181-бап. Мемлекеттік экологиялық бақылаудың жариялылығы
1. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелері туралы ақпаратқа қол жеткізуге құқығы бар.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ресми интернет-ресурста:
1) мемлекеттік экологиялық бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын сақтау деңгейі мен деңгейінің өзгеруі туралы талдамалық есептердің;
2) мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша жылдық есептіліктің;
3) І және ІІ санаттағы объектілерде анықталған Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілері, мемлекеттік экологиялық бақылау субъектісін тиісті әкімшілік, қылмыстық және (немесе) азаматтық-құқықтық жауаптылыққа тарту туралы, оның ішінде І және ІІ санаттағы объектілерге қатысты қолданылған жазалар туралы, сондай-ақ нұсқамаларды шығару мен орындау туралы ақпараттың;
4) Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын жүйелі түрде бұзатын кәсіпорындар тізбесінің жариялануын қамтамасыз етеді.
Осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген ақпаратқа, егер мемлекеттік экологиялық бақылау субъектілерінің мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның тиісті актісіне (шешіміне) сотқа шағым жасау мерзімі өтпеген немесе мұндай субъектілер мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның актілеріне (шешімдеріне) соттың тиісті шешімі күшіне енгенге дейін шағым жасаған жағдайларда, мұндай мемлекеттік экологиялық бақылау субъектілері және олар жол берген Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілері туралы мәліметтерді енгізуге жол берілмейді.
3. I және II санаттағы объектілердің операторлары тиісті сот актісінің немесе әкімшілік актінің негізінде өздерінің Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзу фактілері, өздеріне қолданылған жазалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзушылықты жою бойынша қабылданған және белгіленетін шаралар туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми интернет-ресурстарында өз есебінен орналастыруға міндетті.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес интернет-ресурстарда орналастырылатын ақпарат кемінде күнтізбелік бір жыл ашық қолжетімділікте болуға тиіс.
13-тарау. ӨНДІРІСТІК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
182-бап. Өндірістік экологиялық бақылауды тағайындау және оның мақсаттары
1. I және II санаттағы объектілердің операторлары өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
2. Өндірістік экологиялық бақылаудың мақсаттары мыналар болып табылады:
1) объект операторының ішкі экологиялық саясатқа, қоршаған ортаға ықтимал әсер ететін өндірістік процестерді бақылау мен реттеуге қатысты шешімдер қабылдауы үшін ақпарат алу;
2) Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету;
3) өндірістік процестердің қоршаған ортаға, адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына жағымсыз әсер етуін барынша азайту;
4) табиғи және энергетикалық ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру;
5) тосын жағдайларға жедел алдын ала ден қою;
6) объект операторының басшылары мен жұмыскерлерінің экологиялық хабардар болуы мен жауапкершілігінің неғұрлым жоғары деңгейін қалыптастыру;
7) жұртшылыққа кәсіпорынның экологиялық қызметі туралы хабар беру;
8) экологиялық менеджмент жүйесінің тиімділігін арттыру.
183-бап. Өндірістік экологиялық бақылау жүргізу тәртібі
1. І және ІІ санаттағы объектілердің операторлары экологиялық рұқсаттың бір бөлігі болып табылатын өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының, сондай-ақ экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының негізінде өндірістік экологиялық бақылауды жүргізеді.
2. Өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде өндірістік процестің тиімділігін экологиялық бағалау қоршаған ортаға эмиссиялардың, зиянды өндірістік факторлардың деңгейін, сондай-ақ табиғи, энергетикалық және өзге де ресурстарды тұтынудың нақты көлемін өлшеу және (немесе) есептеу негізінде жүзеге асырылады.
184-бап. Объект операторының өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. I және II санаттағы объектілер операторларының өндірістік экологиялық бақылау қызметінің ұйымдық құрылымын және оны жүргізу үшін персоналдың жауапкершілігін дербес айқындауға құқығы бар.
2. Өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде объектінің операторы:
1) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының сақталуына;
2) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының шарттарын іске асыруға және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есептілікке қойылатын талаптарға сәйкес өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері жөніндегі есептерді ұсынуға;
3) I санаттағы объектілерге қатысты - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қоршаған ортаға эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингін жүргізу тәртібіне және осы Кодекстің 186-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес эмиссиялардың негізгі стационарлық көздерінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін орнатуға;
4) өндірістік экологиялық бақылау қызметін құруға не өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізуге және мемлекеттік экологиялық бақылау органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жауапты жұмыскерді тағайындауға;
5) рәсімдік талаптарды ұстануға және алынатын деректердің сапасын қамтамасыз етуге;
6) өндірістік экологиялық бақылау нәтижелерін жүйелі түрде бағалауға және анықталған Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сәйкессіздіктерді жою жөнінде қажетті шаралар қабылдауға;
7) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері жөніндегі есептерді белгіленген тәртіппен ұсынуға;
8) үш жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыру барысында анықталған Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілері туралы хабарлауға;
9) жұртшылықтың өндірістік экологиялық бақылау бағдарламаларына және өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептік деректерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
10) мемлекеттік экологиялық инспекторлардың талап етуі бойынша мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға қажетті өндірістік экологиялық бақылаудың құжаттамасын, талдау нәтижелерін, бастапқы және өзге де материалдарын ұсынуға міндетті.
185-бап. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптар
1. Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:
1) ластағыш заттар эмиссияларының сандық және сапалық көрсеткіштерінің және өндірістік мониторинг процесінде қадағаланатын өзге де параметрлердің міндетті тізбесі;
2) өндірістік мониторингтің кезеңділігі мен ұзақтығы, өлшеуді жүзеге асырудың жиілігі;
3) өндірістік мониторинг жүргізудің пайдаланылатын аспаптық және есептік әдістері туралы мәліметтер;
4) өндірістік мониторинг процесінде қадағаланатын параметрлер үшін сынамаларды іріктеу нүктелерінің қажетті саны (құрамдастар бойынша: атмосфералық ауа, су, топырақ) және өлшеу жүргізу орындарын көрсету;
5) деректерді есепке алуды, талдау мен хабарлауды жүргізу әдістері мен жиілігі;
6) ішкі тексерулердің жоспар-графигі және Қазақстан Республикасының экология заңнамасын бұзушылықтарды жою рәсімі, оған қоса олардың сақталмауына ден қоюдың ішкі құралдары;
7) аспаптық өлшеу сапасын қамтамасыз ету тетіктері;
8) тосын жағдайлардағы іс-қимыл хаттамасы;
9) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу үшін жұмыскерлердің ішкі жауапкершілігінің ұйымдық және функционалдық құрылымы;
10) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелерін көрсететін өзге де мәліметтер.
2. І және ІІ санаттағы объектілерді өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы экологиялық рұқсатта қамтылған экологиялық шарттарға да сәйкес келуге тиіс.
3. I және II санаттағы объектілерді өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
186-бап. Өндірістік мониторингтің түрлері және оны жүргізуді ұйымдастыру
1. Өндірістік мониторинг өндірістік экологиялық бақылаудың, сондай-ақ экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының элементі болып табылады.
2. Өндірістік мониторингті жүзеге асыру шеңберінде операциялық мониторинг, қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі және әсер ету мониторингі орындалады.
3. Операциялық мониторинг (өндірістік процестің мониторингі) объект қызметінің көрсеткіштері оны тиісінше жобалық пайдалану және осы өндірістің технологиялық регламентінің шарттарын сақтау үшін орынды деп есептелетін диапазонда екенін растау үшін технологиялық процестің параметрлерін байқауды қамтиды. Операциялық мониторингтің мазмұнын объектінің операторы айқындайды.
4. Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі эмиссиялардың санын, сапасын және олардың өзгеруін байқау болып табылады.
I санаттағы объектілердегі қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін пайдалануды қамтуға тиіс.
Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі - эмиссиялардың негізгі стационарлық көздеріндегі қоршаған ортаға эмиссиялар көрсеткіштерін қадағалайтын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін жүргізу қағидаларына сәйкес нақты уақыт режимінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің ақпараттық жүйесіне деректер беруді қамтамасыз ететін өндірістік экологиялық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі.
Мониторингтің автоматтандырылған жүйесінің жұмыс істеуі, ол жүзеге асыратын өлшемдер, оларды өңдеу, беру, сақтау мен пайдалану Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы және ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
5. Әсер ету мониторингін жүргізу Қазақстан Республикасының экология заңнамасы мен қоршаған ортаның сапасы нормативтері талаптарының сақталуын қадағалау үшін қажет болған не кешенді экологиялық рұқсатта айқындалған жағдайларда ол өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына енгізіледі.
6. Әсер ету мониторингі мынадай:
1) қызмет сезімтал экожүйелерді және халық денсаулығының жай-күйін қозғайтын жағдайларда;
2) технологиялық объектілерді пайдалануға беру кезеңінде;
3) қоршаған ортаға авариялық эмиссиялардан кейін міндетті болып табылады.
7. Әсер ету мониторингін объектінің операторы жеке-дара, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша басқа объектілердің операторларымен бірлесіп жүзеге асыра алады.
8. Қоршаған ортаға эмиссиялардың өндірістік мониторингін және әсер ету мониторингін Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген зертханалар жүзеге асырады.
Өндірістік мониторингті жүзеге асыратын тұлға өндірістік мониторинг нәтижелері бойынша анық емес ақпарат бергені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.
9. Өндірістік мониторингтің деректері Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу шеңберінде қоршаған ортаның жай-күйін бағалау үшін пайдаланылады.
187-бап. Өндірістік экологиялық бақылау бойынша есепке алу және есептілік
1. Объектінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша ішкі есепке алуды жүргізеді, мерзімді есептерді қалыптастырады және Қазақстан Республикасының қоршаған орта және табиғи ресурстар туралы ұлттық деректер банкіне электрондық нысанда ұсынады.
2. Өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша мерзімді есептер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
188-бап. Өндірістік экологиялық бақылау қызметі және өндірістік экологиялық бақылауға жауапты адамдар
1. Өндірістік экологиялық бақылауды жүргізуге жауапты адам объектіде немесе жекелеген жұмыс учаскелерінде өндірістік экологиялық бақылау журналдарының жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті, оларға жұмыскерлер анықталған Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілерін, оларды жою мерзімдерін көрсете отырып жазуға тиіс.
2. Экологиялық талаптарды бұзушылық фактісі салдарынан адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер немесе экологиялық залал келтіру тәуекелі туындайтын, ол фактіні анықтаған өндірістік экологиялық бақылауды жүргізуге жауапты адамдар туындаған жағдайды жою немесе оқшаулау бойынша өздеріне байланысты барлық шараны дереу қабылдауға және бұл туралы объект операторының басшылығына хабарлауға міндетті.
189-бап. Ішкі тексерулерді ұйымдастыру
1. Объектінің операторы Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарының сақталуын ұдайы ішкі тексеру және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелерін экологиялық және өзге де рұқсаттардың шарттарымен салыстыру жөнінде шаралар қабылдайды.
2. Ішкі тексерулерді объект операторы өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу үшін жауаптылық жүктеген жұмыскер (жұмыскерлер) жүргізеді.
3. Ішкі тексерулер барысында мыналар бақыланады:
1) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында көзделген іс-шаралардың орындалуы;
2) қоршаған ортаны қорғауға жататын өндірістік нұсқаулықтар мен қағидаларды ұстану;
3) экологиялық және өзге де рұқсаттар шарттарының орындалуы;
4) өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есепке алу мен есептілікті жүргізудің дұрыстығы;
5) өндірістік экологиялық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу мәселелері көрсетілетін өзге де мәліметтер.
4. Ішкі тексеруді жүзеге асыратын жұмыскер (жұмыскерлер):
1) алдыңғы ішкі тексеру туралы есепті қарауға;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар жүзеге асырылатын әрбір объектіні зерттеп-қарауға;
3) қажет болған кезде, басшыға тексеру барысында анықталған сәйкессіздіктерді жою жөніндегі шараларды жүргізу туралы талаптарды, оларды жою мерзімдері мен тәртібін қамтитын жазбаша есеп жасауға міндетті.
14-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ
190-бап. Қоғамдық экологиялық бақылау
1. Қоғамдық экологиялық бақылау экологиялық проблемаларға жұртшылықтың назарын аудару және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қызметіне жәрдемдесу мақсатында жүргізіледі.
2. Қоғамдық экологиялық бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, жарғысында қоғамдық экологиялық бақылауды жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру көзделген, қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыру мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда аккредиттелген қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдар жүзеге асыра алады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін осы Кодекске сәйкес қоғамдық экологиялық бақылау жүргізу үшін аккредиттелген қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдардың тізбесін жасайды және ресми интернет-ресурста жариялайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген тізбені қалыптастыру мақсатында осы баптың 2-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін коммерциялық емес ұйымдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жарғының көшірмесін қоса бере отырып, өзінің талаптарға сәйкестігі және қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыру ниеті туралы өтінішті жібереді.
Коммерциялық емес ұйым осы баптың 2-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келген жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде осы коммерциялық емес ұйымды осы Кодекске сәйкес қоғамдық экологиялық бақылау жүргізу үшін аккредиттелген қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдардың тізбесіне енгізеді.
5. Қоғамдық экологиялық бақылауды жүргізу тәртібі осы Кодексте айқындалады, сондай-ақ оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы коммерциялық емес ұйымдар өздерінің жарғыларына сәйкес айқындайды.
6. Қоғамдық экологиялық бақылауда:
1) қоғамдық экологиялық бақылауды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілері немесе осындай бұзушылық тәуекелдері туралы хабар беруі;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жанынан құрылатын қоғамдық кеңесте І санаттағы объектілер операторлары болып табылатын бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзу фактілері, сондай-ақ осы субъектілерге қатысты қабылданған шаралар мен оларды орындаудың жай-күйі туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпаратын тыңдау;
3) мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелерін қоғамдық талқылау процесінде коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің қатысуы қамтылады.
7. Мемлекеттік органдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы аккредиттелген қоғамдық ұйымдардың өкілдерін Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылық фактілерін анықтау жөніндегі жұмысқа ерікті негізде тартуға құқылы.
12-БӨЛІМ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ АҒАРТУ
191-бап. Экологиялық мәдениет
1. Экологиялық мәдениет деп адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынастардың сипатын, адамның табиғи ортаны сақтау мен дамыту жөніндегі қызметке қосылу шамасы мен тәсілін білдіретін және айқындайтын білімнің, дағдылар мен құндылыққа бағдарлану жүйесі түсініледі.
2. Экологиялық мәдениет адамның сана-сезімін дамытуға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің әл-ауқатының өсуіне де негіз жасайтын Қазақстан Республикасындағы негізгі жеке тұлға құндылықтарының бірі деп танылады.
3. Экологиялық мәдениет негіздерін дарыту отбасылық тәрбиеге, білім беру ұйымдарындағы тәрбиеге (ағартуға), корпоративтік мәдениетке байланысты қоғамдық қатынастардың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі жағдайындағы қоғамдық қатынастардың негіз қалаушы міндеттерінің бірі болып табылады.
4. Мемлекет экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында адамның адам мен табиғаттың байланысы туралы, оның тыныс-тіршілігінің қоршаған ортаға ықпалы туралы, климаттың жаһандық өзгеру қатері және Қазақстан Республикасының орнықты дамуының экологиялық негіздері туралы түсінігін қалыптастыратын ақпараттың таратылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.
5. Әркім экологиялық жағдайға және мемлекеттік экологиялық саясатқа байланысты мәселелерді талқылауға белсене қатысуға және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде және осы Кодексте белгіленген тәртіппен тиісті өтініштер енгізуге құқылы.
192-бап. Экологиялық білім берудің мақсаты, негізгі бағыттары, субъектілері мен объектілері
1. Экологиялық білім беру деп әркімнің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға және жалпы қоғамдағы экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған, тұрақты даму қағидаттарына негізделген, тұлғаны оқытудың, тәрбиелеу мен дамытудың үздіксіз интеграцияланған процесі түсініледі.
2. Экологиялық білім беру нысаналы аудиторияға да, тұтас қоғамға да бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды.
3. Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары, тұрғын үй мен басқа да жылжымайтын мүліктің меншік иелері, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер және оларды тұтынушылар экологиялық білім беру жүйесінің нысаналы аудиториясы болуы мүмкін.
4. Экологиялық ағарту - қоғамда экологиялық мәдениет негіздерін қалыптастыру мақсатында экологиялық білімді, қоршаған орта мен экологиялық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпаратты, өзге экологиялық ақпаратты тарату.
5. Мемлекет халыққа экологиялық мәселелер жөнінде хабар беруді және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелерді талқылауға қатысуын қамтамасыз ететін мынадай шараларды қабылдайды:
1) жұртшылықтың атмосфералық ауаның жай-күйі, климаттың өзгеруі, су және жер ресурстарының жай-күйі, биоәртүрлілік, энергетикалық жағдай, қалдықтарды басқару туралы экологиялық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
2) тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесі арқылы халыққа, оның ішінде тұрғын үй мен басқа да жылжымайтын мүліктің меншік иелеріне қоршаған ортаның жай-күйіне су және энергетикалық ресурстарды тұтыну сапасының ықпалы туралы, қалдықтарды экологиялық тиімді басқару туралы хабар беру;
3) қайталама ресурстарды пайдалана отырып, ресурс үнемдейтін өндірісті, тауарлар өндіруді, жұмыстар орындауды және қызметтер көрсетуді қолдау жөніндегі мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы кәсіпкерлік субъектілеріне хабар беру;
4) тұтынылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірудің экологиялылық дәрежесі және энергиялық тиімді өндіріс арқылы және қайталама ресурстарды пайдалана отырып алынатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың сатып алуын ынталандыру жөніндегі шаралар туралы оларға хабар беру;
5) осы Кодексте белгіленген жағдайларда қоғамдық экологиялық бақылауды жүргізуге қатысуды қамтамасыз ету.
193-бап. Білім беру ұйымдарында экологиялық білім беру
1. Білім беру ұйымдарында экологиялық білім беру Орнықты даму мақсаттарының призмасы арқылы қаралатын ландшафтық өңірлік басымдықтар, климаттық өзгерістер ескеріле отырып, экологиялық технологиялар тақырыптарының интеграциясын іске асыру арқылы, сондай-ақ мамандандырылған және пәнаралық білім беру бағдарламаларын ықтимал ендіру, экологиялық аспектілерді оқу пәндеріне интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
2. Білім беру бағдарламалары мен оқу пәндері теориялық зерделеуге де, практикалық сабақтарға да бағытталған практикаға бағдарланған тәсілді көздейді.