10-бап. Кеңес шешімдері
1. Кеңес шешімдері өзіне қатысты мәселе қаралатын адамның, сондай-ақ өзге де шақырылған адамдардың қатысуынсыз, отырысқа қатысып отырған мүшелерінің кемінде үштен екі даусымен қабылданады.
Рәсімдік мәселелер бойынша Кеңес шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.
2. Кеңес шешімдері жазбаша нысанда баяндалады және олардың шығарылған күні мен орнын, мәселені қараған Кеңес құрамын, қабылданған шешімдердің уәждерін қамтуға тиіс. Шешімдерге төрағалық етуші мен Кеңес хатшысы қол қояды.
3. Кеңес қорытынды, хаттамалық шешім және (немесе) ұсынымдар нысанында шешімдер қабылдайды. Кеңес мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Кеңес мүшесі қабылданатын шешіммен келіспеген жағдайда, ерекше пікірін жазбаша баяндауға құқылы, бұл Кеңес отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.
4. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
5. Кеңес өз шешімдерімен барлық адамдардың еркін танысуы үшін жағдайлар жасайды, олар Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
4-тарау. КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ БІЛІКТІЛІК КОМИССИЯСЫНЫҢ БІЛІКТІЛІК
ЕМТИХАНЫН ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫ
11-бап. Кеңес жанындағы біліктілік комиссиясы
1. Судьялыққа кандидаттардың білім деңгейін және оны практикада қолдану қабілетін айқындау үшін олардан біліктілік емтиханын қабылдауды Кеңес жанындағы біліктілік комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.
2. Комиссияның құрамына Кеңес тағайындайтын адамдар:
1) Комиссия төрағасы;
2) құқық оқытушыларының, ғалым заңгерлердің арасынан бес маман;
3) Сот жюриі өз құрамынан ротациялық негізде жіберетін үш судья, оның ішінде отставкадағы судьялар;
4) Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, адвокатураның бір-бір өкілі;
5) өзге де жұртшылық өкілдері кіреді.
Комиссия құрамына шетелдік сарапшылар енгізілуі мүмкін.
3. Комиссия төрағасы мен мүшелері оның құрамына екі жыл мерзімге тағайындалады немесе жіберіледі. Бос орын болған жағдайда Комиссияның жаңа мүшесі Комиссияның алдыңғы мүшесі шығып қалған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалады немесе жіберіледі.
4. Комиссия құрамына ұсынылған адамдардың заңтану саласындағы кәсіби білімі, заң мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс тәжірибесі және мінсіз беделі болуға тиіс.
5. Комиссияның төрағасы мен мүшелері жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына немесе жекжаттарына қатысты мәселелер қаралған кезде отырысқа қатысуға құқылы емес.
6. Комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Кеңес аппараты жүзеге асырады.
12-бап. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі отырыстары
1. Комиссия біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі өз отырыстарын қажеттілігіне қарай, бірақ жылына төрт реттен сиретпей өткізеді.
2. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі отырыстары ашық және жариялы түрде өткізіледі. Егер отырыстарға Комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, олар құқықты деп есептеледі.
3. Комиссия отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы оның мүшелері мен шақырылған адамдарға күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабар беріледі.
13-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудың (тапсырудың) тәртібі мен шарттары
1. Комиссияда құжаттарды қабылдау, біліктілік емтихандарын тапсыру тәртібі Кеңестің регламентінде айқындалады.
2. Судьялыққа кандидаттардан біліктілік емтихандарын қабылдау азаматтар арнайы тексеруден өткеннен кейін жүзеге асырылады.
3. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген теріс себептермен судья лауазымынан босатылған адамдарды қоспағанда, бұрын кемінде бес жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және қызметтен босатылған күннен бастап төрт жыл ішінде судья лауазымына қайтадан орналасуға ниет білдірген адамдар біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.
4. Мамандандырылған магистратурада оқу бітірген адамдар мамандандырылған магистратурада оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.
5. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан немесе өзге де мемлекеттік қызметтен босатылған адамдар біліктілік емтихандарын тапсыруға жіберілмейді.
6. Біліктілік емтиханын тапсыру нәтижесі емтихан тапсырылған күннен бастап төрт жыл бойы жарамды болады.
7. Біліктілік емтихандарын тапсыра алмаған адамдар оларды қайтадан тапсыруға бір жылдан кейін жіберіледі.
8. Біліктілік емтиханын тапсырған адамдар туралы ақпарат, сондай-ақ біліктілік емтиханының үлгілік сұрақтары Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
9. Судьялыққа кандидаттардан емтихан алу кезеңдерінің бірін қабылдау жүзеге асырылатын электрондық жүйе ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуді, ақпаратты жинаудың, өңдеудің, жинақтаудың, сақтаудың, іздеудің және берудің бағдарламалық-техникалық құралдарының жұмыс істеуінің бұзылуын, көрсетілген құралдардың істен шығуын болғызбайтын тиісті қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілуге тиіс.
Электрондық жүйенің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында тәуелсіз бағалау, оның ішінде шетелдік мамандар тартыла отырып жүргізілуі мүмкін.
10. Біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі үш кезеңді қамтиды:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және оны практикада қолдану қабілетін компьютерлік тестілеу;
2) үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін сот практикасынан нақты жағдайларды бейнелейтін емтихан билеттері бойынша тексеру;
3) психологиялық тестілеу.
Емтихан билеттеріндегі сұрақтардың санын Комиссия белгілейді.
Біліктілік емтиханы тестеріне және емтихан билеттеріне енгізілуге жататын сұрақтардың тізбесін әзірлеуді Комиссия ұйымдастырады. Сұрақтардың тізбесі Кеңес отырысында бекітіледі.
14-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тарту
Судьялыққа кандидаттар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қойылатын талаптарға сай келмеген жағдайларда, біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тартуға жол беріледі.
Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тартқан жағдайда, Комиссия өтініш берілген күннен бастап бір ай ішінде азаматқа уәжді жауап беруге міндетті.
15-бап. Полиграфологиялық зерттеудің тәртібі мен шарттары
1. Біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдар қосымша ақпарат алу және беріліп отырған мәліметтердің анықтығын тексеру мақсатында полиграфологиялық зерттеуден өтеді.
2. Зерттеу өткізудің негізгі міндеті:
1) құқыққа қарсы ниеттерді;
2) мінез-құлықтың жасырын бұзылуын, жағымсыз тәуелділіктерді, есірткі, психотроптық заттар және психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психикаға белсенді әсер ететін заттар тұтынуды;
3) сауалнамалық деректер, кірістері, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтер жасыруды немесе бұрмалауды, қос азаматтығының болуын, жалған құжаттар пайдалануды;
4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау, құпия немесе қызметтік ақпаратты бөгде адамдарға беру фактілерінің бұрын болуын;
5) тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен байланыс жасауды немесе егер бұрын олардың лауазымдық міндеттеріне кірмеген болса, коммерциялық құрылымдарға қатысуды;
6) лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануды анықтау болып табылады.
3. Полиграфологиялық зерттеудің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.
4. Полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5-тарау. АУДАНДЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ, АУДАНДЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ
СОТ СУДЬЯСЫНЫҢ ЛАУАЗЫМЫНА ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫМ ШЫҒАРУ
16-бап. Судья лауазымына конкурс
1. Кеңестiң аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына тағайындау туралы ұсынымы конкурстық қараудың нәтижелерi бойынша берiледi.
2. Конкурс жариялау туралы шешімді Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның ұсынуына негізделген Кеңес хатшысының ұсынысы бойынша Кеңес Төрағасы қабылдайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Аудандық сот судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына бос орынның ашылуы туралы ұсыну, сондай-ақ аудандық сот төрағасының өкілеттік мерзімінің өтуі Кеңестің конкурс жариялауы үшін негіздер болып табылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Кеңестің аудандық сот судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына орналасуға конкурс туралы хабарландыруын Кеңес аппараты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында - конкурсқа дейін кемінде бір ай бұрын, ал аудандық сот төрағасының лауазымына орналасу үшін аудандық сот төрағасы өкілеттігінің мерзімі өткенге дейін қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
5. Аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысу үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында хабарландыру жарияланған күннен бастап бір айдың ішінде Кеңес аппаратына өтініш және тізбесі Кеңес регламентінде белгіленген басқа да құжаттарды беру қажет.
6. Кеңес аппараты конкурсқа құжаттар қабылдау аяқталғаннан кейін үміткерлердің тізімін кандидаттарды жұмыс орны бойынша тексеру, құқық қорғау органдарынан мәліметтер алу үшін барлық облыстық соттарға жібереді және оларды Кеңестің интернет-ресурсында орналастырады.
Үміткерлердің жеке басы туралы толық және объективті ақпарат алу мақсатында Кеңес аппараты құқық қорғау органдарынан және олардың аумақтық бөлімшелерінен, басқа да мемлекеттік органдардан, адвокаттар алқаларынан үміткерлер туралы қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.
17-бап. Аудандық сот төрағасының, аудандық және облыстық сот судьясының, Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар
1. Аудандық сот төрағасы мен судьясының лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келетін азаматтар, ал жұмыс істеп жүрген судьялар болып табылатын кандидаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабының және 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келсе, қатыса алады.
Аудандық сот төрағасының бос лауазымдарына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар болуға немесе судья лауазымында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігін алуға тиіс.
2017.13.03. № 53-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Облыстық сот судьясының лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде бес жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, сондай-ақ тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша нысандағы кепілгерлігін алған азаматтар қатыса алады.
Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасауға болады.
Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысы ұсынымдық сипатта болады және оны кандидат Кеңеске ұсынады.
2017.13.03. № 53-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жоғарғы Сот судьясының лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде он жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, оның ішінде бес жыл облыстық соттағы судьялық жұмыс өтілі бар, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігін алған азаматтар қатыса алады.
Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысы ұсынымдық сипатта болады және оны кандидат Кеңеске ұсынады.
2017.13.03. № 53-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Аудандық сот төрағасы мен судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
Облыстық сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
Егер облыстық сот судьясының лауазымына қонкурсқа қатысушылар өздері судья лауазымына үміттеніп отырған сот орналасқан өңірде жұмыс істейтін немесе тұратын жағдайда, облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын қайтадан алу талап етілмейді.
Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.
Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің де қорытындысын алуға тиіс. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.
5. Аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар, тиісті облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының, Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының өткізілетін күні туралы, сондай-ақ олар қабылдаған шешімдер туралы ақпарат Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылуға және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
18-бап. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу тәртібі
1. Бос лауазымдарға кандидаттарды конкурстық іріктеуді Кеңес өз қызметіне араласуды болғызбау шарттарымен ашық және жариялы түрде жүзеге асырады.
2. Білім деңгейінің жоғары болуы, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері мен мінсіз беделінің болуы аудандық сот судьяларының бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеудің негізгі өлшемшарттары болып табылады. Бұл ретте:
1) мамандандырылған магистратурада біліктілік емтиханын тапсырған адамдарға;
2) сот ісін жүргізуге қатысумен тікелей байланысты заң мамандығы бойынша жұмыс өтілі көп адамдарға;
3) біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері бойынша;
4) ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар адамдарға;
5) судья лауазымына конкурсқа үш реттен астам қатысқан адамдарға;
6) жоғары білім туралы дипломның орташа бағасының нәтижелері ескеріле отырып, басымдық беріледі.
3. Арнайы білімінің болуы мамандандырылған соттар судьяларының бос лауазымдарына кандидаттар іріктеудің қосымша өлшемшарты болып табылады.
4. Сот ісін жүргізуге қатысумен тікелей байланысты жұмыс өтіліне:
1) сот отырысының хатшысы;
2) сот консультанты (көмекшісі);
3) сот процестеріне қатысатын прокурор;
4) сот процестеріне қатысатын адвокат ретіндегі жұмысы есептеледі.
5. Облыстық сот судьясының, Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу кезінде мынадай өлшемшарттар:
1) судья лауазымындағы жұмыс өтілі;
2) мінсіз беделі және сот төрелігін іске асыру сапасы;
3) ғылыми дәрежесінің немесе ғылыми атағының болуы;
4) судья лауазымына конкурсқа үш реттен астам қатысқаны ескеріледі.
6. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу кезінде осы баптың 2-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға қосымша ұйымдастырушылық қабілеттері де ескеріледі.
7. Кеңес аудандық сот төрағаларының, облыстық сот судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігі болған кезде қарайды.
Кеңес Жоғарғы Сот судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысы және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігі болған кезде қарайды.
8. Кеңес мүшелерінің аудандық соттар төрағалары мен судьяларының, облыстық соттар судьяларының және Жоғарғы Сот судьяларының бос лауазымдарына орналасу туралы мәселені қарауы тікелей Кеңес отырысының барысында мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) судьяның бос лауазымы және оған орналасуға үміткер адамдардың саны туралы мәліметтерді жариялау;
2) судьяның бос лауазымына орналасуға үміткер кандидатураларды Кеңес мүшелерінің талқылауы;
3) дауыс беру үшін Кеңес мүшелерінің кандидатураларды ұсынуы;
4) ұсынылған кандидатура бойынша Кеңес мүшелерінің дауыс беруі.
Қажет болған кезде дауыс беру жасырын өткізілуі мүмкін;
5) Кеңес мүшелерінің бос лауазымға кандидатураларды қарау қорытындыларын шығаруы.
Кеңес отырысына қатысып отырған мүшелерінің кемінде үштен екі даусын жинаған кандидат бос лауазымға орналасуға конкурс жеңімпазы деп танылады.
9. Жұмыс істеп жүрген судья болып табылмайтын және конкурста жеңіске жеткен кандидат міндетті арнайы тексеруден қосымша өтуге тиіс.
Арнайы тексеруден өтуді Кеңес аппараты ұйымдастырады.
Мемлекеттік қызметте үзіліссіз өтілі бар және бұрын арнайы тексеруден өткен кандидаттар кадр қызметі куәландырған тиісті анықтаманы ұсына алады.
Арнайы тексерудің нәтижелері туралы құжат берілген күнінен бастап бір жыл бойы жарамды болады.
10. Егер конкурста жеңіске жеткен кандидатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын, оның ішінде оның кейіннен ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылғанын куәландыратын мәліметтер арнайы тексеру қорытындылары бойынша анықталған жағдайда, мұндай кандидаттарға қатысты прокуратура органдары қылмыстық істер материалдарын зерттей отырып, қосымша тексеру жүргізеді, оның қорытындысы Кеңес отырысында қаралады.
Іріктеуден өткен және Кеңес тағайындауға ұсыным жасаған кандидатты аудандық сот төрағасының немесе судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына тағайындауға кедергі келтіретін негіздер болған кезде, сондай-ақ ол бос лауазымға тағайындаудан бас тартқан жағдайда, Кеңес ұсыным беру туралы шешімінің күшін жояды және конкурсқа қатысқан адамдар арасынан басқа кандидатты бос лауазымға тағайындау үшін ұсыным жасауы мүмкін.
11. Егер ұсынылған бос лауазымдарға кандидаттар конкурс нәтижесінде іріктеп алынбаған болса, мұндай бос лауазымдар бойынша конкурс өткізілмеді деп танылады және қайта конкурс жариялануы мүмкін.
12. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеудің қорытындылары бойынша Кеңес хатшысы конкурс қатысушыларына конкурс нәтижелері туралы тиісті хабарламаны ол аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жібереді.
6-тарау. ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ СОТ АЛҚАЛАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ, ОБЛЫСТЫҚ СОТТАР ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ ЖӘНЕ СОТ АЛҚАЛАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ БОС ЛАУАЗЫМДАРЫНА КАНДИДАТУРАЛАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
19-бап. Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының, облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарау тәртібі
1. Облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде енгізген ұсынуы бойынша баламалы негізде қарайды.
2. Облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсыным жасалады.
Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының лауазымына кандидатуралар Жоғарғы Соттың судьялары арасынан ұсынылады.
Бұл ретте облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының лауазымына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған және ұйымдастырушылық қабілеттерге ие адамдарға басымдық беріледі.
3. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуына тиісті соттың жалпы отырысында баламалы негізде қаралған барлық кандидаттардың материалдары қоса беріледі.
4. Кеңес облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына ұсынылған барлық кандидатураларды отырыста міндетті түрде қарайды.
20-бап. Бос лауазымдарға кандидатураларды қарау шарттары
Аудандық соттардың төрағалары, облыстық соттардың төрағалары және сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары тиісті сотта өздері атқаратын лауазымға қатарынан екі реттен артық тағайындалмайды.
7-тарау. СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫН, СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫН ЖӘНЕ СУДЬЯНЫ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТУРАЛЫ МАТЕРИАЛДАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
21-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату не босатудан бас тарту туралы мәселені қарау үшін негіздер
1. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені Кеңестің қарауы үшін негіз болып табылады. Жоғарғы Соттың Төрағасы соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін, кәсіби жарамсыздығына орай немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін лауазымынан босату туралы ұсынуды Кеңеске Сот жюриі шешімінің негізінде енгізеді.
2. Кеңес материалдарды алғаннан кейін регламентте белгіленген тәртіппен ондағы мәліметтерді соттың төрағасынан, сот алқасының төрағасынан, судьядан және басқа да адамдардан жазбаша түсініктемелер алу, тиісті құжаттарды талап етіп алдыру және олармен танысу, мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан өзге де ақпаратты алу арқылы тексереді.
3. Тексерудің нәтижелері бойынша анықтама жасалады. Анықтамада анықталған мән-жайлар, тексерушілердің қорытындысы мен ұсыныстары қамтылуға және олардың қолдары қойылуға тиіс.
22-бап. Тексерудің нәтижелерімен судьяны таныстыру
1. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен таныстырылуға тиіс. Бұл ретте ол қосымша түсініктемелер беріп, белгілі бір мән-жайларды тексеру туралы өтінішхат бере алады.
2. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, бұл жайында хаттама жасалады, оған тексеруді жүргізген адамдар қол қояды.
23-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарау
1. Кеңес соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қараған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы алынған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның Кеңес отырысына дәлелді себептерсіз келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа да адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
2. Кеңестің шешімінде нақты материалдарға сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы қабылданған ұсынымға негіз болған мән-жайлар не ұсынымды қабылдаудан бас тарту қамтылуға тиіс.
3. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы ұсыным беруден Кеңестің бас тартуы Сот жюриінің өзі шығарған шешімнің күшін жоюы және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.
24-бап. Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау
1. Судья Сот жюриінің тәртіптік және біліктілік комиссияларының шешіміне Кеңеске шағым жасай алады.
2. Кеңес Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қараған кезде Сот жюриі өзіне қатысты шешім қабылдаған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Судьяның Кеңестің отырысына дәлелді себептерсіз келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа да адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.