2. Сондай-ақ босқын мәртебесі ұзартылмаған жағдайда, оның мерзімі өткен соң тоқтатылады.
15-бап. Уәкілетті органның шешіміне шағымдану тәртібі
Уәкілетті органның босқын мәртебесін беруден, ұзартудан бас тарту туралы немесе босқын мәртебесінен айыру туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жоғары тұрған уәкілетті органға және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін.
16-бап. Босқын мәртебесін алуға тілек білдірген балаларды және босқын балаларды қорғау
1. Босқын мәртебесін алуға тілек білдірген балалар және босқын балалар ата-аналарсыз немесе өзге де заңды өкілдерінсіз келгенде де, ата-аналарын немесе отбасының басқа мүшелерін табу мүмкін болмаған жағдайларда да Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған басқа балалар сияқты қорғалады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында ата-аналарсыз немесе заңды өкілдерінсіз жүрген босқын балаларға босқын куәлігі беріледі.
17-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу
Босқындар Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алады.
18-бап. Қайтару және елден шығарып жіберу
1. Пана іздеген адамдар және босқындар уәкілетті органның немесе соттың босқын мәртебесін беруден, ұзартудан бас тарту туралы не босқын мәртебесінен айыру туралы, сондай-ақ оны тоқтату туралы шешімі қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өздерінің отбасы мүшелерімен бірге Қазақстан Республикасының аумағын өз еркімен тастап шығуға тиіс.
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Пана іздеген адамдар және босқындар Қазақстан Республикасының аумағын өз еркімен тастап шығудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және соттың заңды күшіне енген шешімдерін орындау үшін уәкілетті орган пана іздеген адамдарды және босқындарды елден мәжбүрлеп шығарып жібереді.
Пана іздеген адамдарды және босқындарды нәсілдік, діни сенім, ұлттық, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша олардың өміріне немесе бостандығына қауіп төнген елдің шекарасына қайтаруға немесе елден шығарып жіберуге тыйым салынады.
19-бап. Қаржылық қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасында босқындармен байланысты шығыстарды қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20-бап. Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасы босқындар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған босқындар және пана іздеген адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей негіздерде жауапты болады.
21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2009 жылғы желтоқсанның 4-і.
№ 216-ІV ҚРЗ