Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшелерінің саны тақ сан болуға әрі бір-бірімен және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысымен жақын туыстық және жекжаттық қатынастарда болмайтын кемінде бес адамнан құралуға тиіс. Байқау кеңесінің мүшелері шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерінің штатына кірмейді.
Байқау кеңесінің төрағасы байқау кеңесі мүшелері арасынан байқау кеңесі мүшелерінің көпшілік даусымен сайланады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Байқау кеңесін құру тәртібін, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
3. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.
4. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшесінің өкілеттігі байқау кеңесі мүшесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы байқау кеңесінің шешіміне сәйкес байқау кеңесі мүшесінің жазбаша өтініші негізінде мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) байқау кеңесі мүшелерінің қызметін бағалауды жүзеге асырады. Тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) байқау кеңесі мүшелерінің қызметін бағалау қорытындылары бойынша байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу туралы шешім қабылдайды. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысына және байқау кеңесінің мүшелері болып табылатын мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төленбейді. Байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның қаражаты есебінен төленеді.
Байқау кеңесі мүшелерінің қызметін бағалау және байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу лимитін айқындау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
6. Байқау кеңесінің хатшысы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның қызметкері болып табылады және байқау кеңесінің мүшесі болып табылмайды. Байқау кеңесінің хатшысы байқау кеңесіне есеп береді, оның отырыстарын дайындау мен өткізуді, отырысқа материалдар ресімдеуді қамтамасыз етеді және байқау кеңесі мүшелерінің отырыстар материалдарына қолжетімді болуын қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізеді.
Байқау кеңесі хатшысының құзыреті мен қызметі шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ішкі құжаттарында айқындалады.
7. Байқау кеңесінің мүшелері өздерінің іс-әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) кәсіпорынның залалға ұшырауына әкеп соқтырған зиян үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мен тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) алдында жауаптылықта болады.
Байқау кеңесінің мүшелері, егер байқау кеңесі қабылдаған, кәсіпорынның залалға ұшырауына әкеп соқтырған шешімге қарсы дауыс берсе немесе дауыс беруге қатыспаса, жауапкершіліктен босатылады.
149-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің өкілеттіктері
1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің мынадай өкілеттіктері бар:
1) тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның даму жоспарының жобасы бойынша, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қорытынды береді;
2) даму жоспарының орындалуы туралы есептің жобасын келіседі, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жылдық қаржы есептілігін алдын ала бекітеді;
3) демеушілік, қайырымдылық көмектер мен қосымша көздерден алынған қаражатты, оның ішінде шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның иелігінде қалған таза табыстың бір бөлігін бөлу туралы шешім қабылдайды;
4) бюджет қаражаты мен қосымша көздерден алынған қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылау үшін шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның және оның құрылымдық бөлімшелерінің құжаттамасымен кедергісіз танысады және көрсетілген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын тексеруді жүзеге асыру үшін тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) ұсыныстар енгізеді;
5) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және онымен еңбек шартын бұзу мәселелері бойынша тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) ұсыныстарын келіседі;
6) ұжымдық шартты әзірлеуге қатысады және қосымша қаржы көздерінен, даму жоспарында бекітілген қаражат шегінде кәсіпорын қызметкерлерінің, басшысының, оның орынбасарларының, бас бухгалтерінің лауазымдық жалақыларына үстемеақы белгілеу, сыйлықақы беру және материалдық көмек көрсету бөлігінде шешімдер қабылдайды;
7) байқау кеңесінің хатшысын тағайындайды, оның өкілеттік мерзімін және жалақысының мөлшерін айқындайды, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады;
8) тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар енгізеді;
9) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын қызметінің басым бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдайды;
10) тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы ұсыныстар енгізеді;
11) тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның филиалдарын, өкілдіктерін құру және жабу туралы ұсыныстар енгізеді.
2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелері байқау кеңесінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпарат беруге міндетті.
150-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырыстарын өткізу тәртібі
1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырыстары қажет болуына қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырысын оның төрағасы өз бастамасы бойынша, тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның), байқау кеңесі мүшесінің немесе шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын басшысының талап етуі бойынша шақыруы мүмкін.
3. Байқау кеңесі туралы ережені, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырыстарын шақыру және өткізу тәртібін тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) бекітеді.
4. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырысы, егер шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің барлық мүшелері оның өтетін уақыты мен орны туралы хабардар етілсе және отырысқа шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, заңды болып табылады. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшесінің өз дауысын байқау кеңесінің басқа мүшесіне немесе өзге жеке тұлғаға (сенімхат бойынша) беруіне жол берілмейді.
5. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің әрбір мүшесі дауыс беру кезінде бір дауысқа ие болады. Дауыстар тең болған жағдайда шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады.
6. Байқау кеңесінің шешімдері жазбаша нысанда ресімделеді және оларға байқау кеңесінің барлық мүшелері қол қояды.
151-бап. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның аудиті
1. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын жылдық қаржылық есептілігіне аудит жүргізуге міндетті.
2. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның аудиті байқау кеңесінің, мемлекеттік кәсіпорын басшысының, тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) бастамасы бойынша мемлекеттік кәсіпорын қаражаты есебінен жүргізілуі мүмкін.
152-бап. Мүдделер қайшылығы
Байқау кеңесінің мүшесі шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алуға тиіс. Байқау кеңесінің мүшелеріне шешімдер қабылдаған кезде өзінің жеке мүддесін көздеуіне, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның коммерциялық мүмкіндіктерін жеке мақсатында пайдалануына тыйым салынады.
5-параграф. Қазыналық кәсiпорын
153-бап. Қазыналық кәсiпорынның мүлкiне билік ету
Осы Заңның 135-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, республикалық қазыналық кәсіпорын - негізгі құралдарға жататын, өзiне бекітілiп берiлген мүлiктi иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк етуге, сондай-ақ дебиторлық берешекті мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша келісімімен ғана, ал коммуналдық қазыналық кәсіпорын жергілікті атқарушы органның келісімімен ғана беруге және есептен шығаруға құқылы.
Қазыналық кәсіпорын негізгі құралдарға жатпайтын, өзіне жедел басқару құқығында бекітіліп берілген жылжымалы мүлікке дербес билік етеді.
154-бап. Қазыналық кәсіпорынның жедел басқаруына берiлген мүлiктi мемлекеттің алып қою және қайта бөлу құқығы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) қазыналық кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша алып қоюға не оны өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.
2. Жедел басқару құқығындағы мүлікті алып қою туралы шешімде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) қазыналық кәсіпорынға алып қойылған мүлікті өзге тұлғаға бергенге дейін оны күтіп ұстау және сақталуын қамтамасыз ету мерзімдерін белгілеуге құқылы.
155-бап. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi
1. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi жарғыда бекітілген оның мақсаттарымен және мiндеттерiмен айқындалады.
2. Өзге шаруашылық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
156-бап. Қазыналық кәсiпорын өндiретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары
1. Республикалық қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) бағаларын тиісті саланың уәкілетті органы белгiлейдi.
2013.13.06. № 101-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, коммуналдық қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларын жергiлiктi атқарушы орган белгiлейдi.
3. Табиғи монополия субъектісіне немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілеріне жататын қазыналық кәсiпорындар өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) бағалары «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының және табиғи монополиялар субъектілерінің немесе тиісті тауар нарығында үстем не монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің баға белгілеуін реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптары ескеріле отырып белгіленеді.
157-бап. Қазыналық кәсіпорынның жарғылық капиталы
Қазыналық кәсіпорынның жарғылық капиталы меншік иесінен жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін басқаруға алынған мүліктен қалыптастырылады.
158-бап. Қазыналық кәсіпорынның жауаптылығы
1. Қазыналық кәсiпорын өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң билігіндегі ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорынды тарату жағдайларын қоспағанда, осы заңды тұлғаның қалған мүлкiн өндiрiп алуға жол берiлмейдi.
2. Қазыналық кәсiпорын мемлекеттің мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қазыналық кәсiпорынның ақшасы жеткiлiксiз болған кезде, оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.
6-параграф. Мемлекеттік мекеме
159-бап. Мемлекеттік мекемені құру
1. Республикалық мемлекеттік мекемені - Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі, коммуналдық мемлекеттік мекемені облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрады.
2. Мемлекеттің жеке тұлғалармен және мемлекеттік емес заңды тұлғалармен бірлесіп мемлекеттік мекеме құруына жол берілмейді.
3. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекемені құрудың ерекшеліктері мен мемлекеттік органдардың мүліктік айналымға қатысуын құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Заңның 163 және 164-баптарында белгіленеді.
160-бап. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, мемлекеттік мекеменің қызметін тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) қаржыландырады.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелерге басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы функцияларды жүзеге асырудан бөлек, табыс әкелетін қызметті (ақылы қызметтер көрсету) жүзеге асыру құқығы берілуі мүмкін.
161-бап. Мемлекеттік мекеменің мүліктік құқықтарды іске асыруы
1. Мемлекеттік мекеме өзіне бекітіліп берілген мүлікті және өзіне смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше әдіспен билік етуге құқылы емес.
2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Білім беру, сұрыптарды сынақтан өткізу, ауылшаруашылық өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсету, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларының, Қарулы Күштердің спорт саласында маманданатын мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджеттің есебіне жатқызылуға тиіс.
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Арнаулы мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлкін беру, өткізу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ мүліктік жалға беру (жалдау) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2015.02.11. № 387-V ҚР Заңымен 162-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
162-бап. Мемлекеттік мекеменің жедел басқаруына берiлген мүлiктi мемлекеттің алып қою және қайта бөлу құқығы
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) мемлекеттік мекемеге бекітіліп берілген мүлікті тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша алып қоюға не оны басқа мемлекеттік заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.
Мемлекеттік мекемеге бекітіліп берілген және жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен сатып алынған мүлік басқа мемлекеттік заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге жатпайды.
163-бап. Мемлекеттік органдардың мүліктік қатынастарға қатысуы
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына орай мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік органдар, егер Қазақстан Республикасының көрсетілген заңнамасында және оларды құру туралы жеке құқықтық актілерде олар заңды тұлғалар ретінде айқындалса, мемлекеттік мекемелер болып танылады.
2. Заңды тұлға ретінде айқындалған мемлекеттік органдар, егер олар азаматтық-құқықтық қатынастарға мемлекет атынан емес, өз атынан қатысса (жалға алу, кеңсе керек-жарақтарын, жабдықтар сату-сатып алу шарттарын жасаса, зиян келтіргені үшін міндеттемелер бойынша жауаптылықта болса, басқа да азаматтық-құқықтық әрекеттер жасаса) мемлекеттік мекемелер ретінде қарастырылады.
164-бап. Мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерді құрудың және олардың қызметінің ерекшеліктері
1. Осы Заңның 163-бабының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік органды құру туралы жеке құқықтық актілердің негізінде құрылады және осы мекеме туралы ережелердің негізінде жұмыс істейді.
2. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеме өзінің атынан басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (акционері, қатысушысы, мүшесі) ретінде әрекет етуге құқылы емес. Мемлекеттік заңды тұлғаларды, акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру кезінде мемлекеттік органдар мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) атынан ғана құрылтайшы (акционер, қатысушы) ретінде әрекет етуге құқылы.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелер табыс әкелетін қызметпен айналысуға құқылы емес. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен табыс әкелетін қызметпен айналысуға құқылы.
4. Мемлекеттік органның құзыреті, құрылымы, ведомстволық бағыныстылығы және функцияларын жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы мемлекеттік органдарды құру туралы жеке құқықтық актілерде айқындалады.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы Заңның күші мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерге қолданылады.
165-бап. Мемлекеттік мекеменің жауаптылығы
1. Мемлекеттік мекеме өз міндеттемелері бойынша өзінің билігіндегі ақшамен жауап береді.
Мемлекеттік мекеменің қалған мүлкін өндіріп алуға жол берілмейді.
2. Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.
12-тарау. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің
жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне құқықтарды жүзеге асыру
166-бап. Акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне мемлекеттің өзіне тиесілі құқықтарын жүзеге асыруын құқықтық реттеу
1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құруды, акционерлердің (қатысушылардың) құқықтарын, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басқару органдарын құру мен олардың өкілеттігін құқықтық реттеу осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, «Акционерлік қоғамдар туралы», «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы акционердің (қатысушының) акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға қатысу құқығын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Республикалық меншіктегі акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органына беруі мүмкін. Республикалық меншіктегі акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетіне билік ету құқығы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органда қалады.
Акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асырушы тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының (қатысушылардың жалпы жиналысының) құзыретіне жататын мәселелер бойынша акционер (қатысушы) ретінде мемлекеттің мүддесін білдіреді.
3. Әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысатын акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде әкімшілік-аумақтық бөліністің акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) акционер (қатысушы) ретінде басқаруға қатысу құқығын жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.01.02. № 551-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы, Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы, оның ішінде кепілдендірілген тапсырысты орналастыруы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі қағидалары негізінде жүзеге асырылады.
167-бап. Мемлекеттің акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне құқықтарының туындау негіздері
Мемлекет акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлесіне құқықтарды:
1) мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру;
2) мемлекеттің акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құруы;
3) мемлекеттің акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатып алуы;
4) жарғылық капиталындағы қатысу үлесі осы Заңның 19-бабында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен, өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдарды акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру;
5) «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін мәжбүрлеп сатып алу;