Өнімге сынақтар жүргізу үшін техникалық жағынан күрделі тауардың (бұйымның) үлгілерін іріктеп алу, егер осы техникалық жағынан күрделі тауарды (бұйымды) сынау әдістері ол үшін бұзушы әдістер болып табылмаса, бақылау және қадағалау субъектісі басшысының немесе өкілінің қатысуымен сатып алусыз жүргізілуі мүмкін.
5. Егер анықталған бұзушылық жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін болса, осы Заңның 44-бабына сәйкес жедел ден қоюдың құқық шектеу шаралары қолданыла отырып, өнімді айналысқа шығару бөлігінде оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік қадағалау жүзеге асырылады.
44-бап. Өнімді айналысқа шығару бөлігінде оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік қадағалау
1. Жоспардан тыс тексерулер мен қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық қадағалауды жүзеге асыру барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда, қоғамдық қауіпті салдардың туындауын болғызбау мақсатында өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу және алып қою түрінде жедел ден қоюдың құқық шектеу шаралары қолданылады.
Жедел ден қоюдың құқық шектеу шаралары деп қадағалау субъектісіне ықпал ету тәсілдері түсініледі.
2. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) өнімнің техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеуі;
2) техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, сәйкестікті бағалаудан өтпеген өнімді айналысқа шығару;
3) техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнімді сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде мұндай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтер болмаған кезде айналысқа шығару.
3. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу барысында зертханалық сынақтардың нәтижелерімен техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтіні дәлелденген өнім алып қоюға жатады.
Өнім таңбалау бөлігінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеген кезде өнім алып қоюға жатпайды.
4. Өнімді алып қою қадағалау субъектісіне міндетті түрде орындау үшін табыс етілетін өнімді алып қою туралы қаулы негізінде жүзеге асырылады. Өнімді алып қою туралы қаулының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі өнімді алып қою туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сотқа қадағалау субъектісін алып қойылған өнімді иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығынан айыру туралы талап қою береді.
Өнімді алып қою туралы қаулыны орындамағаны үшін қадағалау субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Алып қойылған өнімді сақтау уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін және жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін алып қойылған өнім шаруашылық және өзге де қызметте қолдануға жатпайды және уәкілетті орган белгілеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экология заңнамасында, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы, азаматтық қорғау туралы заңнамасында белгіленген талаптар және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптары сақтала отырып жойылуға тиіс не кәдеге жаратылуы немесе қайта өңделуі мүмкін немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кері әкетілуі мүмкін.
7. Алып қойылған өнімді тасымалдауға (тасуға), сақтауға, жоюға, кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге немесе оны Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кері әкетуге байланысты шығыстарды қадағалау субъектісі көтереді.
8. Өнімді алып қою туралы қаулы шығарылғаннан кейін уәкілетті орган ведомствосының тиісті аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары оның иесінің немесе оның өкілінің қатысуымен қадағалау субъектісіне өнімді өткізу жүзеге асырылған өнім партиясынан алынған өнім немесе сериялы өндірілген өнім үлгілерін іріктеп алуды жүргізеді.
Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген сериялы өндірілген өнімге бағалау туралы құжат болған жағдайда, иесінің немесе оның өкілінің қатысуымен айналысқа шығару жүзеге асырылған сериялы өндірілген өнімнен сынамаларды іріктеп алу жүргізіледі.
Сынақ сәйкестікті бағалау нәтижелеріне тәуелсіз және оған мүдделі емес, Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханада жүргізіледі.
Егер өнімнің зертханалық сынақтарының қорытындысы бойынша оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтіндігі дәлелденсе, өнімді алып қою туралы қаулы шығарған лауазымды адамдар алып қойылған өнімге сәйкестікті бағалау туралы құжаттың күшін жояды.
9. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар белгіленген тәртіппен сәйкестікті бағалаудан өтпеген өнімге сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың күшін жояды.
10. Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген:
1) таңбалау бөлігінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін;
2) белгіленген тәртіппен сәйкестікті бағалаудан өтпеген;
3) сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттардың бірыңғай тізілімдерінде мұндай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтер болмаған кезде, өнімді айналысқа шығаруға тыйым салынуға тиіс.
11. Өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу қадағалау субъектісіне міндетті түрде орындау үшін табыс етілетін өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу туралы қаулы негізінде жүзеге асырылады. Өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу туралы қаулының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу туралы қаулыны орындамағаны үшін қадағалау субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
12. Өнімді айналысқа шығаруға тыйым салудың қолданылу мерзімі анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін қолданылады.
13. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру барысында сәйкестікті бағалау туралы қолдан жасалған құжаттар анықталған кезде, бұл жөнінде қылмыстық қудалау органдарына хабарлануға тиіс.
45-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы - уәкілетті орган ведомствосының басшысы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары - уәкілетті орган ведомствосы басшысының орынбасарлары;
3) мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі аумақтық бас мемлекеттік инспекторлар - аумақтық бөлімшелердің басшылары;
4) мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі аумақтық бас мемлекеттік инспекторлардың орынбасарлары - аумақтық бөлімшелер басшыларының орынбасарлары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;
5) мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар - аумақтық бөлімшелердің мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мамандары.
2. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жасаған (берген, шығарған) ұсынымдар, нұсқамалар, өнімді алып қою туралы және өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу туралы қаулылар барлық мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектісінің орындауы үшін міндетті болады.
46-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік-фитосанитариялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімді қоспағанда, өнім үлгілерін іріктеп алуды жүргізуге;
2) ұсынымдар жасауға және өнімді айналысқа шығаруға тыйым салу туралы немесе өнімді алып қою туралы қаулылар шығаруға;
3) осы Заңда көзделген жағдайларда, өнімге сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың күшін жоюға;
4) техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығаратын тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа тартуға;
5) өнім өткізуге және тұтынуға жарамсыз деп танылған жағдайда оны жою жөніндегі комиссияларға қатысуға;
6) техникалық реттеу объектілерінің техникалық регламенттерге сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, техникалық реттеу саласындағы өзге де мемлекеттік органдар алдында өз құзыреті шегінде сәйкес келмеу себептерін өмірлік циклдің кез келген сатысында тексеруге бастамашылық жасауға;
7) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасы бұзылған жағдайда, сотқа талап қоюды беруге;
8) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беруге;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын қолдану бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге, дайындаушыларға, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаларға, импорттаушыларға, сатушыларға қолда бар техникалық регламенттер туралы ақпарат беруге;
2) коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға;
3) егер бақылау және қадағалау субъектісіне тиесілі өнім жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін болса, оны айналысқа шығарудың жолын кесу және оған жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
47-бап. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын сақтамағаны үшін жауаптылығы
1. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2. Өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі салдарынан жеке тұлғаның өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне не заңды тұлғаның мүлкіне келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге тиіс.
3. Егер сәйкестікті бағалау рәсімдерінің бұзылуы не олардың көрінеу анық еместігі салдарынан техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін, алып қоюға жататын өнімнің айналысқа шығарылғаны анықталса, сәйкестікті бағалау туралы құжатты немесе сәйкестікті бағалау туралы құжатты беруге (тіркеуге) негіз болған өнімді сынақтан өткізу хаттамасын берген (тіркеген) аккредиттеу субъектісі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
48-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Техникалық реттеу туралы» 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 21, 124-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 92-құжат; № 24, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 60-құжат; 2009 ж., № 17, 80-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 26-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 14, 75-құжат; № 15, 81-құжат; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-ІІ, 53-құжат; 2017 ж., № 11, 29-құжат; № 22-ІІІ, 109-құжат; № 23-ІІІ, 111-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат; № 24, 94-құжат; 2019 ж., № 7, 37, 39-құжаттар) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 30 желтоқсан
№ 396-VІ ҚРЗ