1. Құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтар келтірген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы наразылықпен жүгінуге құқылы.
Тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылығы қолма-қол табыс етіледі не табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтімі нысанында не сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы бойынша, егер мұндай мекенжайды сатушы (дайындаушы, орындаушы) бұрын көрсеткен болса, жіберіледі.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті. Осы құжаттардың көшірмелері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс.
Сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы тұтынушыға осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде жазылған тәсілдермен ұсынылады.
Егер сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы мерзімнің соңғы күнінен жиырма төрт сағат бұрын поштаға тапсырылса немесе басқа да байланыс құралдары бойынша жіберілсе, онда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді.
3. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) күнтізбелік он күн ішінде наразылыққа жазбаша жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, тұтынушы уәкілетті органға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
42-5-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгіну
1-тармақ 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1. Тұтынушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда өтініш беру жолымен не Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы өтінішпен не шағыммен жүгінуге құқылы.
Тұтынушы жазбаша нысанда жүгінген кезде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар немесе уәкілетті орган мұндай өтінішті Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізуді және оны құзыретіне сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті мемлекеттік органға жіберуді қамтамасыз етеді.
2. Тұтынушы сатушының (дайындаушының, орындаушының) ерікті түрде құқықтар мен заңды мүдделерді бұзушылықтарды жоюы, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан залалды (зиянды) өтеуі туралы наразылықпен оған жүгінген кезден бастап, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше мерзім белгіленбесе, екі айдан кешіктірмей тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
3. Тұтынушының өтінішіне:
1) сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушының өтінішіне жауабының көшірмесі, ал егер осы Заңда белгіленген мерзім ішінде сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы алынбаған болса, - тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) өтінішінің көшірмесі (бар болса);
2) өтініште жазылған мән-жайларды растайтын өзге де құжаттар (бар болса) қоса тіркеледі.
4. Тұтынушының өтінішінде:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол бар болса), пошта мекенжайы;
2) өзіне қатысты тұтынушының талаптары қойылған сатушының (дайындаушының, орындаушының) деректері (заңды тұлғаның атауы, пошта мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол бар болса);
3) тұтынушының талабы және тұтынушылық даудың мән-жайлары көрсетілуге тиіс.
Өтініште байланыс деректері (телефон, факс нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары және өзге де мәліметтер), сондай-ақ тауарларды (орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді) және сатушының (дайындаушының, орындаушының) әрекеттерін фото-, аудио-, бейнетіркеуді қоса алғанда, өтініш дұрыс және уақтылы қаралуы үшін қажетті, тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығын растайтын материалдар көрсетілуі мүмкін.
5-тармақ 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Өтініш Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы берілген жағдайда өтінішке қажетті құжаттардың сканерленген көшірмелері қоса тіркеледі.
Қажет болған жағдайда, тұтынушының өтінішін қарайтын, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган ұсынылған құжаттар көшірмелерінің түпнұсқаларын құжаттарды сұратуға құқылы.
42-6-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тұтынушының өтінішін қараудан бас тартуы
1. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган тұтынушыға оның өтінішін қараудан мынадай:
1) сол тараптар арасындағы дауды дәл сол нысана бойынша және дәл сол негізде сот қараған;
2) заңды күшіне енген сот шешімі не тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің сол тараптар арасындағы, дәл сол нысана бойынша және дәл сол негізде тұтынушылық дауға қатысты қабылдаған шешімі бар болған жағдайларда, бас тартады.
Бас тарту үшін өзге де негіздер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленуі мүмкін.
2. Тұтынушының өтінішін қараудан бас тарту туралы шешім, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзге мерзім көзделмесе, тұтынушының өтінішін алған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей қабылдануға тиіс.
3. Тұтынушының өтінішін қараудан бас тарту туралы шешім дәлелді болуға тиіс.
42-7-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тұтынушының өтінішін қарауы
1. Тұтынушының өтінішін қарау кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар:
1) тұтынушыдан қосымша құжаттар мен ақпарат сұратуға;
2) тұтынушының талабы қойылған сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) өтінішті қарау үшін қажетті түсіндірмелер мен дәлелдемелер ұсынуды сұратуға;
3) мемлекеттік органдар мен мекемелерден, басқа да ұйымдардан тұтынушының өтінішін қарау үшін қажетті ақпарат сұратуға және алуға құқылы.
2. Тұтынушының өтінішін қарау туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде әрекеттеріне қатысты тұтынушының өтініші ұсынылған сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) хабарды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей толық түсіндірмелерді және оларды негіздейтін құжаттарды ұсыну талабымен тұтынушының алынған өтініші туралы хабар, осы өтініштің және оның қосымшаларының көшірмелері жіберіледі.
Хабар сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) электрондық пошта мекенжайы немесе телефон нөмірі бойынша, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары бойынша жіберілуі мүмкін.
Сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы туралы немесе телефон нөмірі немесе хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары туралы мәліметтер болмаған жағдайда, хабар сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) соңғы белгілі тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бойынша телефонограммамен гибридтік жөнелту арқылы не оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберіледі.
3. Ұсынылған құжаттарды қарау қорытындылары бойынша және тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар анықталған кезде:
1) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылады;
2) сатушыны (дайындаушыны, орындаушыны) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылданады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган шығарған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Қазақстан Республикасының заңдарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тұтынушылардың өтініштерін қарауының өзге де тәртібі мен мерзімдері белгіленуі мүмкін.
42-8-бап. Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу
1. Тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 33-2-бабына сәйкес ол туралы ақпаратты сатушы (дайындаушы, орындаушы) орналастырған, тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің - төреліктің, медиатордың, тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің, қауымдастықтардың (одақтардың) не сатушы (дайындаушы, орындаушы) мүшесі болып табылатын өзін-өзі реттейтін ұйымның қарауына беруді ұсынуға құқылы.
Бұл ретте сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушымен келісуге және тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысуға құқылы.
Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің қарауына тұтынушылық дауды беру туралы келісім жазбаша нысанда ресімделеді.
2. Тұтынушы тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарау туралы өтінішті тараптардың тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің қарауына тұтынушылық дауды беру туралы жазбаша келісімі болған кезде тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісіне жүгіну арқылы немесе Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы беруі мүмкін.
Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісі тұтынушылардың өтініштерін қарау қорытындылары туралы тоқсан сайынғы ақпаратты уәкілетті органға береді.
3. Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарау осы Заңның және Қазақстан Республикасының төрелік, медиация, өзін-өзі реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
7-тарау. Қорытынды ережелер
43-бап. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
44-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы» Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 1991 жылғы 5 маусымдағы Заңының (Қазақ CСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1991 ж., № 23, 267-құжат; 1992 ж., № 13-14, 313-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы мамырдың 4-і.
№ 274-ІV ҚРЗ