7) осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарын басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына аударуға;
8) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қаржылық есептілік пен аудиторлық есепті, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге де есептілік пен өзінің қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті. Бұл ретте ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар бойынша кірістерге берілетін кепілдіктер немесе уәделер қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де мәліметтерді жариялауға жол берілмейді;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарына сай өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Салымшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының:
1) салдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясында белгіленген талаптар бұзылатын мәмілелерді жасасуына;
2) осы бапта белгіленген қызмет түрлерін қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына;
3) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануына;
4) зейнетақы активтерін иеліктен өтеусіз шығару бойынша инвестициялық шешімдерді қабылдауына;
5) зейнетақы портфелін басқару жөніндегі қызметке байланысты емес өзінің міндеттемелерін немесе үшінші тұлғалардың міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін зейнетақы активтерін пайдалануына;
6) өзіне тиесілі активтерді зейнетақы активтерінің құрамына сатуына (беруіне);
7) активтерді кредитке сатуына;
8) инвестициялық декларацияға сәйкес сауда-саттықты ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу жағдайларын қоспағанда, зейнетақы активтері есебінен қайтарылуға жататын ақшаны немесе өзге де мүлікті қарыз шарттарының талаптарымен алуына;
9) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясына сәйкес шығыстарды өтеу және сыйақы алу жағдайларын қоспағанда, өзі басқаратын зейнетақы активтерін сатып алуына;
10) жарнамада және бұқаралық ақпарат құралдарында ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің бір жылға жетпейтін кезең ішіндегі кірістілігі туралы ақпаратты көрсетуіне;
11) зейнетақы активтерін және (немесе) меншікті активтерді кепілге беруіне;
12) акциялардан басқа, бағалы қағаздарды шығаруына;
13) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының борыштық бағалы қағаздарды сатып алуын қоспағанда, кез келген тәсілмен қарыз беруіне тыйым салынады.
4. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржылық орнықтылығын және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында сақталуы міндетті пруденциялық нормативтер белгіленеді. Пруденциялық нормативтердің тізбесі, олардың нормативтік мәндері, есептеу әдістемесі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының пруденциялық нормативтерді орындауы туралы есептіліктің тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
44-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидалары мен инвестициялық декларациясы
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларында:
1) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарды өзгерту және тоқтату тәртібі;
2) зейнетақы жарналары мен төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен шарттары;
3) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылар (алушылар) алдындағы міндеттемелері бойынша жауапкершілігі;
4) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлау тәртібі;
5) салымшыларға (алушыларға) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының және кастодиан-банктің акционерлері туралы мәліметтер ұсыну;
6) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшылар (алушылар) арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшеліктері қамтылады.
2. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақы активтерін инвестициялауды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне және инвестициялық декларацияға сәйкес өзі дербес жүзеге асырады.
3. Зейнетақы қағидаларын және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтыруларды ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы органы бекітеді.
45-бап. Салымшы (алушы) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен жасайтын ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы (алушы) арасында ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы үлгілік шартқа сәйкес жазбаша нысанда жасалады.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу тәртібі және оның үлгілік нысаны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
46-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін кастодиан-банкте сақтау және есепке алу
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері кастодиандық шартқа сәйкес ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен үлестес емес кастодиан-банктің шоттарында сақталады және есепке алынады.
2. Кастодиандық шарт кастодиан-банк пен ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалады.
3. Кастодиандық шарттың үлгілік нысанын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Кастодиан-банк ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің нысаналы орналастырылуын бақылауды жүзеге асырады және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын және мәміле қор биржасының сауда жүйесінде жасалса, қор биржасын жасалған мәміленің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтіні туралы дереу хабардар етуге міндетті.
5. Кастодиан-банк зейнетақы активтерін шоғырландыру, оларды орналастыру, инвестициялық кіріс алу жөніндегі барлық операцияларды есепке алуды жүргізеді және ай сайын ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына оның шоттарының жай-күйі туралы хабарлайды.
6. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бір кастодиан-банкi болуға тиіс.
7. Кастодиандық шарт ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры атқарушы органының тиісті шешімі негізінде шартты бұзудың белгіленген күніне дейін күнтізбелік жиырма күн ішінде кастодиан-банкті хабардар ете отырып және зейнетақы активтерін жаңа кастодиан-банкке беру рәсімін аяқтай отырып, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының талабы бойынша біржақты тәртіппен бұзылады.
8. Жаңа кастодиан-банкпен кастодиандық шарт жасасқан кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры бұл туралы екі баспасөз басылымында және өзінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде тиісті жарияланымдар жасау арқылы өзінің салымшылары мен агенттерін хабардар етеді.
9. Кастодиандық шарт бұзылған кезден бастап алты айға дейінгі мерзімге ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры, бұрынғы және жаңа кастодиан-банктер арасында бұрынғы кастодиан-банктің оған келіп түсетін зейнетақы жарналарын жаңа кастодиан-банкке аударуы туралы тиісті шарт жасалады.
47-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыру
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыру акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның рұқсатымен қосылу нысанында жүзеге асырылады. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсат беру шарттары мен тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Мемлекеттің, ұлттық әл-ауқат қорының және (немесе) уәкілетті органның қатысуымен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргізу ерекшеліктері қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2. Қайта ұйымдастырылған ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры өзіне басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қосып алған ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тартуға және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға құқылы.
3. Қосылатын ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелері қайта ұйымдастырылған ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен берілуге жатады.
48-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тарту
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тартуы мынадай негіздердің кез келгені:
1) ұйғарылып отырған қайта ұйымдастырудың нәтижесінде салымшылардың (алушылардың) мүдделерінің бұзылуы;
2) ұйғарылып отырған қайта ұйымдастырудың нәтижесінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуы;
3) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қайта ұйымдастыруға рұқсатын алу үшін ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі бойынша жүргізіледі.
49-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын тарату
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның өзі белгілеген тәртіппен берген рұқсаты болған кезде ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының акционерлері жалпы жиналысының шешімі бойынша;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда соттың шешімі бойынша таратылады.
2. Ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратуды жүргізу, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін беру қағидалары қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
50-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде таратуға рұқсат беруден бас тарту
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде таратуға рұқсат беруден бас тартуы мынадай негіздердің кез келгені:
1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның таратуға рұқсатын алу үшін ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі;
2) лицензияланатын қызмет түрлері бойынша міндеттемелердің және қолданыстағы шарттардың болуы;
3) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының барлық кредиторларының талаптарын қанағаттандыру үшін қаражатының жеткіліксіздігі бойынша жүргізіледі.
51-бап. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияның қолданысын тоқтатудың ерекшеліктері
1. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиядан айырылған жағдайда, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың (алушылардың) ерікті зейнетақы жинақтарын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуды жүзеге асырады.
2. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияны ерікті түрде қайтару ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының өтініші негізінде жүзеге асырылады және ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы қызмет түрі бойынша барлық міндеттемелерін орындағаннан кейін ғана жүргізіледі.
3. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензияны ерікті түрде қайтару, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерді беру қағидалары қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
7-тарау. БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ
ҚОРЫНЫҢ ЖӘНЕ ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУШЫ
ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
52-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері
1. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері комиссиялық сыйақы шегеріле отырып, зейнетақы жарналарын, инвестициялық кірісті, өсiмпұл және залалдардың өтемі ретінде түскен қаражатты қамтиды.
2. Жеке және заңды тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтеріне деген құқықтары осы Кодексте көзделген заттық құқықтар қатарына жатады.
3. Міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың, зейнетақы төлемдерін алушылардың, Мемлекеттік корпорацияның, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, кастодиан-банктің және өзіне зейнетақы активтері осы Кодекстің 36-бабының 3-тармағына және 37-бабына сәйкес активтерді инвестициялық басқаруға арналған шарт негізінде берілген тұлғалардың борыштары бойынша міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, зейнетақы активтеріне және зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе өндіріп алуды қолдануға, оның ішінде санамаланған субъектілер таратылған және (немесе) банкрот болған жағдайларда, жол берілмейді.
4. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері тек қана:
1) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қаржы құралдарына орналастыруға;
2) осы Кодекстің 37-бабына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарына орналастыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға;
4) зейнетақы жинақтарын осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымына ауыстыруға;
5) зейнетақы активтерін осы Кодекстің 37-бабына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруге;
6) ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралатын зейнетақы жинақтарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, сондай-ақ бір ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына ауыстыруға;
7) қате есепке жатқызылған зейнетақы жарналарын және өзге де қате есепке жатқызылған ақшаны қайтаруға;
8) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және мөлшерде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, инвестициялық портфельді басқарушыға комиссиялық сыйақы төлеуге;
9) «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұсынылған депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның хабарламасы негізінде өзі үшін ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) жеке зейнетақы шотынан кепілді өтемнің талап етілмеген сомасын қайтаруға;
10) брокерлік комиссияларды, биржалық алымдарды және ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында қаржы құралдарын сатып алуға немесе сатуға байланысты өзге де шығыстарды төлеуге пайдаланылады.
53-бап. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері
1. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері комиссиялық сыйақы шегеріле отырып, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, инвестициялық кірісті, өсiмпұл және залалдардың өтемі ретінде түскен қаражатты қамтиды.
2. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері агенттің және (немесе) өзі үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаның меншігі болып табылмайды.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, өз атына шартты зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаның, Мемлекеттік корпорацияның, кастодиан-банктің және инвестициялық портфельді басқарушының борыштары бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына, өсімпұлдарға, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтеріне тыйым салуға немесе оларға өндіріп алуды қолдануға, оның ішінде санамаланған субъектілер таратылған және (немесе) банкрот болған жағдайларда, жол берілмейді.
4. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері тек қана мынадай мақсаттарға:
1) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясында айқындалатын қаржы құралдарына орналастыруға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға;
3) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және мөлшерде инвестициялық кірістен комиссиялық сыйақы төлеуге;
4) қате есепке жатқызылған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын қайтаруға пайдаланылады.
54-бап. Есеп айырысулары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының меншікті қаражаты және (немесе) зейнетақы активтері есебінен жүзеге асырылатын бас қаржылық келісім
Осы Кодекстің 51-бабы 1-тармағының, 62-бабының ережелері есеп айырысулары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының меншікті қаражаты және (немесе) зейнетақы актив тері есебінен жүзеге асырылатын бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша талаптарды есепке жатқызуға және (немесе) тарату неттингіне қатысты қолданылмайды.
Бас қаржылық келісімнің тараптары бас қаржылық келісімнің шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша талаптарды есепке жатқызуды және (немесе) тарату неттингін бас қаржылық келісімде айқындалған тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырады (қолданады).
Бас қаржылық келісімде айқындалған тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылған (қолданылған) талаптарды есепке жатқызу және (немесе) тарату неттингі нәтижесінде туындаған (есептелген) нетто-талап осы Кодексте және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген кредиторлармен есеп айырысу қағидаларына сәйкес жалпы негіздерде қанағаттандырылады.
55-бап. Зейнетақы жинақтарының құпиясы
1. Зейнетақы жинақтарының құпиясы салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қалдықтары туралы және оның қозғалысы туралы мәліметтерді қамтиды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары және Мемлекеттік корпорация зейнетақы жинақтарының құпиялығына кепілдік береді.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының, Мемлекеттік корпорацияның лауазымды адамдары, жұмыскерлері және өздерінің қызметтік және функционалдық міндеттерін жүзеге асыруға байланысты зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайтын мәліметтерге қолжетімділік алған өзге де адамдар, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайтын мәліметтерді жария етуге құқылы емес және оларды жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган арасында зейнетақы жинақтарының құпиясын құрайтын ақпарат, оның ішінде мәліметтер алмасуды жүзеге асыру зейнетақы жинақтарының құпиясын жария ету болып табылмайды.
Мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқарушылық функцияларды орындайтын адамның қылмыстық қудалау органына қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабар жіберілген кезде растау құжаттары мен материалдары ретінде зейнетақы жинақтарының құпиясын қамтитын құжаттар мен мәліметтерді ұсынуы зейнетақы жинақтарының құпиясын жария ету болып табылмайды.
3. Зейнетақы жинақтарының құпиясы міндетті зейнетақы жарналарының салымшысына, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаға, зейнетақы төлемдерін алушыға, міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның, зейнетақы төлемдерін алушының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ресімделген жазбаша келісімінің негізінде кез келген үшінші тұлғаға ашылуы мүмкін.
4. Жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қалдықтары мен оның қозғалысы туралы анықтамалар:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына - олардың іс жүргізуінде жатқан қылмыстық істер бойынша;
2) соттарға - сот ұйғарымының негізінде олардың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша;
3) сот орындаушыларына - прокурор санкциялаған сот орындаушысының қаулысы негізінде олардың іс жүргізуінде жатқан атқарушылық құжаттар бойынша;
4) мемлекеттік кіріс органдарына - міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеуге, ұстап қалуға (есепке жазуға) байланысты мәселелер бойынша;
5) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға - міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның, зейнетақы төлемдерін алушының өтінішіне байланысты не оның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін тексеруді жүзеге асыруына байланысты туындаған мәселе бойынша;
6) прокурорға - оның қарауында жатқан материал бойынша өз құзыреті шегінде тексеру жүргізу туралы қаулы негізінде;
7) қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органға - «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен;