4. Электрондық ақша иесінің құқықтары электрондық ақшаны алған кезден бастап туындайды.
5. Жеке тұлға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен асатын сомада электрондық ақшаны иемденген жағдайда, электрондық ақша эмитенті оны сәйкестендіруді жүзеге асыруға міндетті. Электрондық ақша эмитенті шарттың негізінде «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға электрондық ақша эмитентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша электрондық ақшаның иесі - жеке тұлғаны сәйкестендіруді жүзеге асыруға уәкілеттік беруге құқылы. Электрондық ақша иесін сәйкестендіруді электрондық ақша эмитенті электрондық ақша иесінің өзі қатысқан және жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін өзге де тәсілмен жүргізеді.
6. Электрондық ақша эмитентінің өзі немесе банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған тиісті шарттың негізінде электрондық ақша жүйесінің операторлары болып табылуы мүмкін. Электрондық ақша эмитенті мен электрондық ақша жүйесінің операторы (егер ол электрондық ақша эмитенті болып табылмаса) арасындағы қатынастар осы Заңмен және олардың арасында жасалған шартпен реттеледі.
7. Электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шарттардың талаптарына сәйкес және өзіне электрондық ақша эмитенті (эмитенттері) берген өкілеттіктердің негізінде оның (олардың) атынан жеке тұлғалармен, агенттермен, дара кәсіпкерлермен және электрондық ақша жүйесіне қатысатын заңды тұлғалармен шарттар жасасуға құқылы. Бұл жағдайда электрондық ақша иесі электрондық ақша жүйесінің операторымен жасасқан шарт осы шарт жасалған күннен кейін электрондық ақша жүйесіне қатысушылар болған электрондық ақша эмитентін (эмитенттерін) қоса алғанда, бір жүйенің шеңберінде өзі (өздері) шығарған электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шартқа теңестіріледі.
8. Электрондық ақша эмитентінің электрондық ақша шығару жөніндегі қызметті тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
9. Электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін осы Заңда, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген талаптарды және шектеулерді ескере отырып қамтамасыз етуге міндетті. Электрондық ақша эмитенті және электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу туралы шарттың талаптарына сәйкес электрондық ақша иесінің алдында электрондық ақшаға рұқсатсыз қол жеткізу немесе оларды рұқсатсыз пайдалану, сондай-ақ электрондық ақша эмитентін бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысындағы не электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуіндегі қателер немесе іркілістер салдарынан электрондық ақша иесіне келтірілген залал үшін жауаптылықта болады.
43-бап. Электрондық ақшаны шығару және өткізу
1. Электрондық ақша эмитенті жеке тұлғалардан немесе агенттерден растауды ұсына отырып, электрондық ақша шығарғаны үшін комиссиялық сыйақыны шегере отырып, өзіне қабылдайтын міндеттемелердің номиналды құнына тең сомада ақша алғаннан кейін электрондық ақша шығаруды жүзеге асырады. Электрондық ақша эмитенті өзі шығарған электрондық ақшаны олардың Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы номиналды құнына сәйкес өтеу жөніндегі шартсыз және кері қайтарылмайтын ақшалай міндеттемені қабылдайды.
2. Электрондық ақша эмитенті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін электрондық ақша шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабардар етеді.
3. Электрондық ақша эмитентінің электрондық ақша шығарған кезде комиссиялық сыйақы, сондай-ақ электрондық ақша эмитенті көрсететін қосымша қызметтер үшін ақы алуы жасалған шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Электрондық ақша эмитенті мен олардың иесі - жеке тұлға арасындағы қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың арасында жасалған электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шартымен реттеледі.
5. Электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шарты жасалғанға дейін электрондық ақша эмитенті немесе электрондық ақша иесі атынан әрекет ететін электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша жүйесіне қатысуға ниет білдірген жеке тұлғаға:
1) электрондық ақша эмитентінің және электрондық ақша жүйесі операторының атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ егер электрондық ақша жүйесінің операторы банк болып табылмаса, оның тіркеу нөмірі туралы;
2) электрондық ақшаны пайдалану шарттары туралы;
3) электрондық ақша эмитентінің және (немесе) электрондық ақша жүйесі операторының электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу кезінде электрондық ақша иесінен алынатын комиссиялық сыйақыны алу мөлшері мен тәртібі туралы;
4) электрондық ақша эмитентімен немесе электрондық ақша жүйесінің операторымен байланысқа арналған ақпаратты қоса алғанда, наразылықтар беру тәсілдері мен оларды қарау тәртібі туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
6. Осы Заңның 13-бабының 4-тармағында көзделген талаптардан басқа, электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шартында:
1) электрондық ақшаны шығару (сатып алу) талаптары;
2) электрондық ақшаны пайдалануға белгіленетін шектеулерді қоса алғанда, электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру талаптары;
3) электрондық ақша иесінің электрондық ақшаға және оларды пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға құқықтарын куәландыру тәртібі;
4) электрондық ақшаны өтеуге ұсыну тәртібі мен тәсілдері және оны өтеу тәртібі;
5) электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық ақша эмитенті мен олардың иесі арасында ақпарат алмасу тәртібі, оның ішінде электрондық ақша эмитентін электрондық ақшаға қол жеткізуге бақылаудың жоғалғаны немесе оларды рұқсатсыз пайдалану туралы хабардар ету тәртібі мен мерзімдері;
6) тараптардың өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылығы қамтылуға тиіс.
7. Агент тараптардың құқықтары мен міндеттері, электрондық ақшаны өткізу және сатып алу тәртібі мен талаптары айқындалатын, электрондық ақша эмитентімен немесе электрондық ақша жүйесінің операторымен жасалған шарттың негізінде жеке тұлғаларға электрондық ақшаны өткізуді не жеке тұлғалардан электрондық ақшаны сатып алуды жүзеге асырады.
44-бап. Электрондық ақшаны пайдалану және өтеу
1. Электрондық ақшаны оның иесі - жеке тұлға азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыру, сондай-ақ электрондық ақша жүйесі қағидаларында айқындалған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін шарттарда өзге де операцияларды жүргізу мақсатында пайдаланады.
2. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасау кезінде дара кәсіпкердің және (немесе) заңды тұлғаның электрондық ақшаны төлемақы ретінде қабылдауы электрондық ақша эмитентімен не электрондық ақша жүйесіне қатысушы болып табылатын өзге де банкпен жасалған шарттың негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау кезінде электрондық ақша жүйесінде электрондық ақшаны алған дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қабылданған төлем сомасында электрондық ақша эмитентіне ақшаны талап ету құқығы туындайды.
3. Электрондық ақша эмитенті және электрондық ақша жүйесінің операторы «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес алаяқтықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды анықтау, сондай-ақ болғызбау мақсатында электрондық ақша жүйесінде ұйымдастырушылық пен рәсімдік іс-шараларды қамтамасыз ету және енгізу жөнінде шаралар қабылдайды.
Электрондық ақша жүйесінің операторы «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты ұсынады. Электрондық ақша эмитенті қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға банк болып табылмайтын электрондық ақша операторлары туралы мәліметтерді олармен тиісті шарт жасасқаннан кейін береді.
4. Электрондық ақшаның сәйкестендірілген иесі - жеке тұлға жасайтын бір операцияның ең жоғары сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспауға тиіс. Электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иесі - жеке тұлға жасайтын бір операцияның ең жоғары сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспауға тиіс. Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары электрондық ақшаны өтеу жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
5. Электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иесі - жеке тұлғаның бір электрондық құрылғысында сақталатын электрондық ақшаның ең жоғары сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспайды.
6. Егер электрондық ақша эмитенті мен электрондық ақша иесі - жеке тұлға арасында жасалған шартта электрондық ақша эмитентінің немесе электрондық ақша жүйесі операторының өзге комиссиялық сыйақысы көзделмесе, электрондық ақшаны өтеуді электрондық ақша эмитенті оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасын электрондық ақша иесінің - жеке тұлғаның банктік шотына аудару не оған қолма-қол ақшаны беру арқылы жүзеге асырады.
7. Электрондық ақшаның иесінен электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу кезінде комиссиялық сыйақыны, сондай-ақ электрондық ақшаның эмитенті көрсететін қосымша қызметтер үшін төлемді алу электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу туралы шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Егер электрондық ақша эмитенті мен дара кәсіпкер немесе заңды тұлға арасында жасалған шартта өзгеше мерзім көзделмесе, электрондық ақша эмитенті азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу кезінде жеке тұлғалардан дара кәсіпкер немесе заңды тұлға алған электрондық ақшаны олардың пайдасына электрондық ақша түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтеуді жүзеге асырады. Дара кәсіпкер немесе заңды тұлға алған электрондық ақша аудару кезінде ақшаны қайтару үшін осы Заңда көзделген негіздер бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша жасалған азаматтық-құқықтық мәміле бұзылған жағдайда, оларды ақы төлеуші - жеке тұлғаға қайтару кезінде өтелуге жатпайды. Егер электрондық ақша эмитенті немесе электрондық ақша жүйесінің операторы және электрондық ақша иесі арасын да жасалған шартта электрондық ақша эмитентінің немесе электрондық ақша жүйесі операторының өзге комиссиялық сыйақысы көзделмесе, дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар иелері болып табылатын электрондық ақшаны өтеу оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасын дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банктік шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.
9-тарау. ТАПСЫРМА НЕМЕСЕ ТАЛАП НЫСАНЫНДАҒЫ НҰСҚАУДЫ ҚАБЫЛДАУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУ
45-бап. Тапсырма немесе талап нысанында нұсқау беру
1. Тапсырма немесе талап нысанындағы нұсқау электрондық нысанда не қағаз жеткізгіште берілуі мүмкін. Қағаз жеткізгіштегі нұсқау белгіленген нысандағы бланкіде ресімделеді және:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес деректемелер;
2) бастамашының қолтаңбасы және оның мөрінің бедері (ол бар болса) қамтылуға тиіс.
2. Ақша жөнелтушінің банкі нұсқауды және оны кері қайтарып алу не оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкімді өзі белгілеген операциялық күн ішінде ғана қабылдауды жүзеге асырады.
3. Егер нұсқау немесе оны кері қайтарып алу не оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкім ақша жөнелтушінің банкі белгілеген операциялық күн аяқталғаннан кейін алынса, онда осындай нұсқауды немесе өкімді ақша жөнелтушінің банкі келесі операциялық күннің басында алды деп есептеледі.
4. Нұсқауды, оны кері қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкімді беру:
1) қағаз жеткізгіште жасамастан, тиiстi электрондық байланыс арналары мен телекоммуникациялар желісін пайдалана отырып, электрондық тәсілмен беру арқылы;
2) электрондық байланыс арналары мен телекоммуникациялар желісін пайдалану мүмкіндігі болмаған кезде электрондық жеткізгіште;
3) қағаз жеткізгіште орындалған төлем құжатының, оны кері қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкімнің түпнұсқасын ұсыну арқылы жүргізіледі.
5. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актілерінде белгiленген талаптар сақталған кезде ғана нұсқауды, оны кері қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкімді электрондық тәсілмен немесе электрондық жеткізгіште беруге рұқсат етіледі.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасында қағаз жеткізгіште ғана пайдаланылуы көзделген нұсқауды электрондық тәсілмен беруге тыйым салынады.
7. Егер бастамашы банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның клиентi болып табылса, бастамашының банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға нұсқау беруінің тәсілдерi, тәртібі және талаптары олардың арасындағы шартта көрсетiледi. Егер бастамашы банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның клиентi болып табылмаса, онда нұсқау беру осы Заңның нормаларына және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес жүргiзiледі.
8. Нұсқау, оны кері қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы өкім қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жасалады. Басқа да тілдерді пайдалану мүмкіндігі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мен оның клиенті арасындағы шартта белгіленеді.
46-бап. Нұсқауды орындау
1. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым нұсқауды қабылдаған кезде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым нұсқауды жасау, беру тәртібіне қойылатын талаптарға және Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) шарт талаптарында белгіленген өзге де талаптарға оның сәйкестігін тексеруге және егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, нұсқауда көрсетілген талаптарды сақтай отырып орындауға не оны орындаудан бас тартуға міндетті.
2-тармақтың бірінші бөлігі 2017 ж. 1 маусымға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2. Инкассолық өкім арқылы берілген нұсқауды орындауды банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, инкассолық өкімнің белгіленбеген мерзімдерде орындалуын, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқауды алған күннен кейінгі операциялық үш күннен кешіктірмей жасайды.
3. Бір банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын бір ұйымда ашылған банктік шоттар арасында ақша аударуды ақша жөнелтушінің банкі операциялық бір күн ішінде жүзеге асырады.
4. Халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген талаптар сақтала отырып, нұсқаудыалған күннен кейінгі операциялық үш күннен кешіктірілмей орындалады.
5-тармақтың бірінші бөлігі 2017 ж. 1 маусымға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
5. Бенефициардың банкі бас тарту себебін көрсете отырып, нұсқауды алған операциялық күннің ішінде нұсқауды орындаудан бас тартады.
6. Егер ақша жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ақша жөнелтуші банк нұсқауды орындау үшін, ақша жөнелтуші оны орындау үшін қажетті ақша сомасын қамтамасыз етуге міндетті.
7. Банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның нұсқауды орындаудан бас тартуы мынадай негіздер бойынша:
1) егер шартта төлем қызметтерін берушінің клиентке осы төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру үшін кредит беру бойынша қызметтер көрсетуі көзделмесе, ақша жөнелтуші төлемді және (немесе) аударымды жүзеге асыру үшін қажетті ақша сомасын қамтамасыз етпеген кезде;
2) егер нұсқауда қолдан жасау, түзету, толықтыру және бүліну белгілері болса, оның ішінде, нұсқау жөнелтуші мен ақша жөнелтушінің банкі арасындағы шартта белгіленген рұқсат етілмеген төлемдерден қорғау әрекеттерінің тәртібі бұзыла отырып берілсе;
3) бастамашы нұсқауды жасау және беру тәртібіне қойылатын талаптарды және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) шарт талаптарында белгіленген өзге де талаптарды сақтамаған кезде;
4) «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген не Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерімен жасалған шарттарда көзделген жағдайларда;
5) ақшаны банктік шоттан өндіріп алу туралы талап мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақыларды және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны есепке жатқызуға арналған банктік шотқа берілген жағдайларда;
6) рұқсат етілмеген төлем анықталған кезде, сондай-ақ бенефициардың пайдасына аударылатын ақшаның құқыққа сыйымсыз алынғандығы негізделген фактілер анықталған және расталған жағдайларда;
7) клиенттің банктік шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдері және (немесе) өкімдері, мүлікке билік етуге уақытша шектеу қою, клиенттің банктік шотындағы ақшаға тыйым салу туралы ақшамен қамтамасыз етілмеген актілер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірінші кезекте орындалуға жататын нұсқаулар болған кезде жүргізіледі.
8. Банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алынған нұсқаудың:
1) егер банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым бенефициарға қызмет көрсетпеген жағдайда, нұсқауды келесі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға беру;
2) егер ақша жөнелтушінің банкі бенефициардың банкі болып табылса, ақша аударымын аяқтау;
3) егер банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақша жөнелтушіге қызмет көрсеткен жағдайда, қолма-қол ақшаны төлеу туралы бұйрықты көрсеткен бастамашыға қолма-қол ақшаны беру талаптарын орындауы нұсқауды орындау болып табылады.
9. Бенефициардың банкi өзі орындайтын осындай нұсқауда белгіленген ақша сомасын орындалу мерзімі бенефициардың банкіне нұсқау келіп түскен кезде басталған, бенефициардың үшінші тұлғаның немесе осы банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алдындағы міндеттемесі сомасының орнына үшiншi тұлғаның пайдасына немесе өз пайдасына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген, банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан ақшаны алудың кезектiлiгiн сақтауды ескере отырып есепке жатқызуға құқылы.
47-бап 2017 ж. 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
47-бап. Нұсқауды көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші арқылы орындау
1. Осы Заңның 12-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген, төлем қызметтерін бөгде беруші көрсететін төлем қызметі клиенттің көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы берген және сәйкестендіру құралы арқылы расталған келісімінің негізінде жүзеге асырылады.
2. Клиенттің банктік шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін беруші төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы клиенттің нұсқауын алғаннан кейін көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушіге және (немесе) клиентке төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруға растауды тез арада жібереді.
3. Клиенттің банктік шотына қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін беруші клиенттің көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы келіп түскен нұсқауларын рұқсат етілмеген төлемдерден қорғау әрекеттерінің тәртібін сақтай отырып, осы Заңның 46 - 49-баптарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындайды.
4. Белгілі бір төлем жүйесі немесе банктік шотқа қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін берушімен шарттық қатынастар шеңберінде көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде берушінің қашықтан қол жеткізу жүйесі арқылы клиенттің нұсқауы өңделген және орындалған жағдайларда, соңғымен өзара есеп айырысулар тәртібі осы төлем жүйесінің қағидаларында немесе шарт талаптарында айқындалады.
5. Көрсетілетін төлем қызметтерін бөгде беруші клиенттің және банктік шотқа қызмет көрсететін көрсетілетін төлем қызметтерін берушінің алдында өзінің қашықтан қол жеткізу жүйесінде жүзеге асырылған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша рұқсат етілмеген төлемдердің және (немесе) алаяқтық әрекеттердің жүзеге асырылу салдарлары үшін жауаптылықта болады.
48-бап 2017 ж. 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
48-бап. Нұсқауларды орындау мерзімдері
1. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым нұсқауды жөнелтуші бастама жасаған күні орындауды қамтамасыз етеді.
2. Осы Заңның 53-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бенефициардың банктік шотына немесе бенефициардың пайдасына ақша қабылданғанын көрсететін өзге де шотқа ақшаны есепке жатқызу жөніндегі нұсқауды орындауды бенефициардың банкі нұсқауды алған күнгі операциялық күннің ішінде жүзеге асырады.
3. Осы баптың нормалары:
1) инкассолық өкім арқылы берілген;
2) белгіленбеген мерзімдерде орындалуға жататын;
3) валюталаудың алдағы күні көрсетілген;
4) негізге алынып халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелер бойынша есеп айырысулар жүзеге асырылатын;
5) тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді жеке сауда орнынан сатып алу үшін электрондық төлем құралдарын пайдаланған кезде немесе электрондық сауданы жүзеге асырған кезде клиенттің келісімі түрінде берілген;
6) бенефициар мемлекеттік мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелерін (міндеттемелерін) тіркеу туралы хабарлама берген кезде орындалуға жататын нұсқауларды орындауға қолданылмайды. Осы нұсқауларды орындау мерзімдері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі нормативтік құқықтық актілерінің талаптарында белгіленеді.
4. Нұсқауды орындаудан бас тартуды ақша жөнелтушінің банкі бас тарту себептерін көрсете отырып, нұсқауды алған күнгі операциялық күннің ішінде жасайды.
49-бап. Валюталау күні көрсетілген нұсқауды орындау
1. Төлем құжатында көрсетілген валюталау күні төлем құжатының үзінді көшірмесі жасалған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспауға тиіс.
2. Валюталау күні көрсетілген нұсқауды орындау кезінде ақша жөнелтушінің ақшасы ақша жөнелтуші банкінің ішкі баланстық шотына (транзиттік шотына) аударылады.
3. Ақша жөнелтушінің ақшасын ақша жөнелтуші банкінің арнайы транзиттік шотына аудару клиенттің нұсқауын орындау үшін осы Заңда белгіленген мерзімдерде, бірақ осы баптың 4 және 5-тармақтарында айқындалған мерзімдерден кешіктірілмей жүзеге асырылады.