2) жергілікті атқарушы орган қызметінің бағыттарын ескере отырып, «электрондық үкiметтiң» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптардың сақталуын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасының ендірілуін қамтамасыз етеді;
3) мемлекеттік органдардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарын және ақпараттық жүйелерін құрады және дамытады;
4) жергілікті атқарушы органдардың электрондық ақпараттық ресурстарының толықтырылуын жүзеге асырады, олардың анықтығын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен және сарапшылық кеңеспен келiсу бойынша мемлекеттік органның архитектурасын бекітеді және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;
6) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерін тіркеуді, мемлекеттік органның ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алуды, мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін орналастыруды, сондай-ақ мемлекеттік органның ақпараттандыру объектілері туралы ақпараттың жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;
7) өз интернет-ресурстарында мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру мен ақпараттық жүйелерін дамыту жоспарлары және нәтижелері туралы жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратты орналастырады;
8) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына беруді қамтамасыз етеді;
9) техникалық құжаттаманың қағаз жеткізгіштердегі түпнұсқаларын сақтауды қамтамасыз етеді және оларды «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторына оның сұрау салуы бойынша ұсынады;
10) ақпараттық жүйелерді құру немесе дамыту кезінде стандартты шешімдерді пайдалануды жүзеге асырады;
11) мемлекеттік органдардың мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарына және ақпараттық жүйелеріне жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық қол жеткізу пункттерін, оның ішінде осы қол жеткізуді ұйымдастыру үшін тұрғын емес үй-жайларды бөлу жолымен ұйымдастырады;
12) цифрлық сауаттылықты арттыру үшін жағдай жасайды;
13) ашық деректердің интернет-порталында қазақ және орыс тілдерінде ашық деректерді орналастырады;
14) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында интернет-ресурстарды орналастырады, сондай-ақ олардың анықтығын және жаңартылып отырылуын қамтамасыз етеді;
15) уәкілетті органмен келісу бойынша ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын ашық деректер тізбесін бекітеді;
16) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің каталогына сәйкес оператордан ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сатып алады;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
11-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институтын айқындайды.
2. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруды жүзеге асырады;
2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің жарғылық капиталдарына қатысу, заңды тұлғаларды, оның ішінде шетелдік қатысумен құру арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы индустриялық-инновациялық жобаларға инвестицияларды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды ынталандыру үшін ақпараттық, білім берушілік, қаржылық және өзге де ресурстарды тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен және шетелдік заңды тұлғалармен ынтымақтасады;
5) ақпараттандыру субъектілерінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында іске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалар туралы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
6) уәкілетті орган мен мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы сараптамалық қорытындыларды және (немесе) ұсынымдарды өтеусіз негізде береді;
7) ақпарат жинауды және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдауды жүзеге асырады;
8) тәуекел етіп инвестициялаудың инвестициялық қорларын дамытуға жәрдем көрсетеді;
9) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының дамуын талдауды жүзеге асырады;
10) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жергілікті қамтуды дамытуға жәрдем көрсетеді;
11) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттаманы әзірлейді;
12) уәкілетті органға техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға, олардың біліктілігін арттыру мен оларды қайта даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру бойынша ұсыныстар, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларына ұсыныстар береді;
13) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында инновациялық гранттар беруге сараптамалық қорытынды береді.
12-бап. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы
«Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы:
1) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға және ақпараттандырудың сервистік моделін ендіруге қатысады;
2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
3) «электрондық үкіметтің» архитектурасын дамытуды әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
4) «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын әзірлейді;
5) мемлекеттік органдардың архитектурасын әзірлейді, іске асырылуын қолдап отырады және дамытады, сондай-ақ осыған қажетті іс-шараларды жүзеге асырады;
6) мемлекеттік органдардың архитектураларын іске асыру жөніндегі жұмыстардың барысы туралы сарапшылық кеңес алдында есеп береді;
7) ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру шеңберінде операторға және әлеуетті өнім берушілерге (мердігерлерге) мемлекеттік органдардың мемлекеттік функциялар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандырумен байланысты тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қажеттіліктері туралы хабарлайды;
8) ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары арқылы жасалатын немесе, дамытылатын сервистік бағдарламалық өнімдерді қоспағанда, сервистік бағдарламалық өнімді жасау немесе дамыту жөніндегі жобалауға арналған тапсырманы әзірлейді;
9) оператордың мемлекеттік органдарға көрсететін ақпараттық-коммуникациялық қызметін іске асыру үшін сервистік бағдарламалық өнімдерді жасауды, тестілеуді және дамытуды ұйымдастырады;
10) инвестициялық ұсыныстың, бюджеттік инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздемесінің және қаржылық-экономикалық негіздемесінің, оның ішінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманың «электрондық үкiмет» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, мемлекеттік органның бекітілген архитектурасына, «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасына сәйкестігіне және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру немесе дамыту кезінде стандартты шешімдер ретінде көп рет пайдалануға жататын ақпараттық жүйелер (немесе олардың бөліктері) тізбесінде көрсетілген мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану мүмкіндігінің бар-жоғына ақпараттандыру саласындағы сараптаманы жүргізеді;
11) мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту қағидаларына сәйкес мемлекеттік органның архитектурасын басқару жөніндегі процестердің дайындық деңгейін бағалауды мемлекеттік органдарда жүргізіп отырады;
12) мемлекеттік органдардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану жөніндегі қызметтің тиімділігіне бағалауды және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалауды жүргізеді;
13) сыныптауышты қалыптастырады және жүргізеді;
14) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту жөніндегі жобаларды басқаруды жүзеге асырады;
15) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту кезінде мемлекеттік органдарға консультациялық және практикалық көмек көрсетеді;
16) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік органдардың ақпараттандыру жүйелерін тіркеуді, «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді есепке алуды және «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің техникалық құжаттамасының электрондық көшірмелерін сақтауды жүзеге асырады;
17) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алуды және сақтауды жүзеге асырады;
18) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру немесе дамыту кезінде стандартты шешімдерді пайдалану мүмкіндігі туралы қорытынды береді;
19) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің каталогын қалыптастырады және жүргізеді;
20) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзінің интеграциясын ұйымдастырады;
21) Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзін дамыту жөніндегі жобаны басқаруды жүзеге асырады;
22) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институтына ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту жөнінде ұсыныстар енгізеді.
13-бап. Оператор
Оператор:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
2) уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына және «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілеріне жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді және оларды қолдап отыруды жүзеге асырады;
3) өзінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту үшін өзге тұлғалардың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін тартуға құқығы бар;
4) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің каталогына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы базасында мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетеді;
5) операторға бекітіліп берілген «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына орналастырылған мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
6) ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету кезінде мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
7) ақпараттық-коммуникациялық қызметтер, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде анықталған кемшіліктерге жедел ден қойылуын және оларды жою жөнінде шаралар қолданылуын қамтамасыз етеді;
8) әлеуетті өнім берушілердің сервистік бағдарламалық өнімдерді әзірлеуі және тестілеуі үшін «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторының сұрау салуы бойынша ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды өтеусіз негізде береді;
9) мемлекеттік органдардың жергілікті (Интернетке шыға алатын жергілікті желілерді қоспағанда), ведомстволық және корпоративтік телекоммуникациялар желілерін «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына интеграциялауды және қосуды жүзеге асырады;
10) мемлекеттік органдарға, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарына, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ уәкілетті орган айқындаған және мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасына қосылған өзге де ақпараттандыру субъектілеріне олардың электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерінің жұмыс істеуі үшін деректер беру бойынша қызметтер көрсетеді;
11) «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық платформасын және мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасын құруды және дамытуды жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзін қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;
13) «электрондық үкіметтің» веб-порталын ақпараттық толықтыруды жүзеге асырады.
14-бап. Мемлекеттік техникалық қызмет
1. Мемлекеттік техникалық қызмет ақпараттандыру саласында мемлекеттік монополияға жатқызылған мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) ақпараттық жүйеге, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасына және мемлекеттік органның интернет-ресурсына олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттық зерттеп-қарауды жүргізеді;
2) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің қорғалуын қамтамасыз етудің мониторингін жүзеге асырады;
3) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етудің мониторингін жүзеге асырады;
4) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын қауіпсіз қолдану және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою мақсатында оларды мониторингтеуді жүзеге асырады;
5) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің жұмыс істеу және функционалдылығы шарттарының өзгермеуіне мониторингті жүзеге асырады;
6) Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзін және «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзін қолдап отыруды жүзеге асырады;
7) сервистік бағдарламалық өнімге, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасына, мемлекеттiк органның интернет-ресурсына және ақпараттық жүйесіне, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған ақпараттық жүйеге, мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйеге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақ жүргізеді;
8) сервистік бағдарламалық өнімді жасау немесе дамыту жөніндегі жобалауға арналған тапсырманы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бөлігінде келісуді жүзеге асырады;
9) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мониторингінің жүйесі арқылы «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүзеге асырады;
10) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға бағытталған инвестициялық ұсыныстың, бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің және техникалық тапсырманың ақпараттық қауiпсiздiк талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізеді;
11) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мониторингі жүйесін ұйымдастырушылық және техникалық тұрғыдан қолдап отыруды жүзеге асырады;
12) жоғарғы деңгейдегі қазақстандық домендік аттарға қызмет көрсететін домендік аттар серверлерінің істен шығуға төзімділігін мониторингтеуді жүзеге асырады;
13) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторларының телекоммуникациялар желілерін адрестеу және нөмірлеу жоспарларын әзірлеуді қолдап отырады;
14) ақпараттық жүйелердің және мемлекеттік органдардың телекоммуникациялар желілерінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді анықтау, талдау және болғызбау бөлігінде ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу бойынша жұмысты жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік монополия субъектісі шығаратын және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаны уәкілетті орган монополияға қарсы органмен келісу бойынша белгілейді.
15-бап. Бірыңғай байланыс орталығы
Бірыңғай байланыс орталығы:
1) мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғаларды тәулік бойы консультациялық қолдап отыруды жүзеге асырады;
2) мемлекеттік органдарға көрсететін ақпараттық-коммуникациялық қызметтерінің мәселелері бойынша оларды тәулік бойы консультациялық қолдап отыруды жүзеге асырады;
3) «электрондық үкімет» мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғаларды, мемлекеттік органдарды тәулік бойы консультациялық қолдап отыруды жүзеге асырады;
4) ақпараттық-коммуникациялық, мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді алушыда туындаған сұрақтар бойынша түсіндірмелер беру үшін операторға, мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға сұрау салу жібереді;
5) операторға, мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер бойынша ақпаратты жүйелі негізде жіберіп отырады.
3-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
16-бап. Ақпараттандыру объектілерінің меншік иесінің құқықтары мен міндеттері
1. Ақпараттандыру объектілерінің меншік иесі:
1) ақпараттандыру объектілерін жалға, сенімгерлік басқаруға, шаруашылық жүргізуге немесе жедел басқаруға беруге және оларға өзгеше түрде билік етуге;
2) электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу, қорғау және оларға қол жеткізу режимі мен қағидаларын өз құзыреті шегінде белгілеуге;
3) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қорғау және оларға қол жеткізу режимі мен қағидаларын өз құзыреті шегінде белгілеуге;
4) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, көшірмесін түсіру және тарату кезінде оларға иелік ету шарттарын айқындауға;
5) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін иелену және пайдалану шарттарын айқындауға құқылы.
2. Ақпараттандыру объектілерінің меншік иесі:
1) ақпараттандыру объектілерін қорғау жөнінде шаралар қолдануға;
2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарға және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікті таратуға, ұсынуға, шектеуге немесе оған тыйым салуға;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Ақпараттық жүйенің меншік иесі ақпараттық жүйені тұтастай мүліктік кешен ретінде иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарына ие болады.
4. Ақпараттық жүйенің меншік иесі, егер Қазақстан Республикасының заңдары немесе электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі өзгеше белгілемесе, осы ақпараттық жүйеде қамтылған электрондық ақпараттық ресурстардың орнын ауыстыруға және оларды таратуға тыйым салуға немесе шектеуге құқылы.
5. Егер ақпараттық жүйенің меншік иесі осы ақпараттық жүйедегі электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі, сондай-ақ осы ақпараттық жүйе үшін пайдаланылатын ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі болып табылмаған жағдайда, ақпараттық жүйені пайдалану және электрондық ақпараттық ресурстарға және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қол жеткізу тәртібі меншік иелері арасындағы келісімде айқындалады.
6. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінің меншік иесі өзіне тиесілі объектілерде орналастырылған электрондық ақпараттық ресурстардың сақталу қауіпсіздігі және қорғалуы, ақпараттық жүйелердің қорғалуы үшін электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесі немесе иеленушісі алдында жауапты болады.
17-бап. Ақпараттандыру объектілері иеленушісінің құқықтары мен міндеттері
1. Ақпараттандыру объектілерінің иеленушісі:
1) ақпараттандыру объектілерін меншік иесі айқындаған шарттарда иеленуге және пайдалануға;
2) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес үшінші тұлғалардың электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізу және оларды пайдалану шарттарын айқындауға;
3) ақпараттық жүйедегі электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу шарттарын айқындауға құқылы.
2. Ақпараттандыру объектілерінің иеленушісі:
1) ақпараттандыру объектілерінің меншік иесінің және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) ақпараттандыру объектілерін қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
3) электрондық ақпараттық ресурстарға және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікті осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес таратуға, ұсынуға, шектеуге немесе оған тыйым салуға;
4) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінің иеленушісі өзіне тиесілі объектілерде орналастырылған электрондық ақпараттық ресурстардың сақталу қауіпсіздігі және қорғалуы, ақпараттық жүйелердің қорғалуы үшін электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесі немесе иеленушісі алдында жауапты болады.
18-бап. Пайдаланушының құқықтары мен міндеттері
1. Пайдаланушы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасы, электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесі немесе иеленушісі айқындаған шарттарда электрондық ақпараттық ресурстарды, оның ішінде ашық деректерді алуға, пайдалануға, таратуға, тапсыруға, үшінші тұлғаларға беруге, ақпараттық жүйені пайдалануға;
2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, электрондық ақпараттық ресурстарда, ақпараттық жүйеде қамтылатын өзінің дербес деректерімен танысуға құқылы.
2. Пайдаланушы:
1) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің меншік иесінің немесе иеленушісінің және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің қорғалуын қамтамасыз етуге;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
19-бап. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтердің түрлері
1. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтер автоматтандырылу дәрежесі бойынша:
1) толық автоматтандырылған;
2) ішінара автоматтандырылған болып табылады.
Қызмет көрсету процесінде қағаз құжат айналымын болғызбайтын қызмет толықтай автоматтандырылған болып табылады.
Қызмет көрсету процесінде қағаз және электрондық құжат айналымының кезектілігін қамтитын электрондық көрсетілетін қызмет ішінара автоматтандырылған қызмет болып табылады.
2. Электрондық нысанда көрсетілетін қызмет көрсетілу тәсілі бойынша:
1) ақпараттық;
2) интерактивтік;
3) транзакциялық;
4) композиттік болып табылады.
Пайдаланушыға электрондық ақпараттық ресурстар беру жөніндегі көрсетілетін қызмет электрондық нысанда көрсетілетін ақпараттық қызмет болып табылады.
Пайдаланушыға оның сұрау салуы немесе тараптардың өзара ақпарат алмасуды талап ететін келісу бойынша электрондық ақпараттық ресурстарды беру жөніндегі көрсетілетін қызмет электрондық нысанда көрсетілетін интерактивті қызмет болып табылады. Интерактивті қызметті көрсету үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыру талап етілуі мүмкін.
Пайдаланушыға өзара ақпарат алмасуды талап ететін және төлемдерді электрондық нысанда жүзеге асырумен байланысты электрондық ақпараттық ресурстарды беру жөнінде көрсетілетін қызмет транзакциялық көрсетілетін қызмет болып табылады. Транзакциялық қызметті көрсету үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыру талап етілуі мүмкін.
Берілуі үшін электрондық нысанда көрсетілетін қызметті алушы субъектінің сұрау салуы жеткілікті және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыру міндетті болатын өзара байланысты көрсетілетін қызметтер кешені электрондық нысанда көрсетілетін композиттік қызмет болып табылады.