салық төлеуші (салық агенті) ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесінен алып тасталған немесе деңгейлес мониторинг туралы келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап үш жұмыс күні өткен соң жүргізеді.
2. Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мүлiкке билік етуін шектеуді салық органы:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда - осы салық төлеушіге (салық агентіне) меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығында тиесілі және (немесе) оның балансында тұрған;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құрал, жылжымайтын мүлікке инвестиция және (немесе) биологиялық актив болып табылатын мүлікке қатысты жүргізеді.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Билік етуді шектеуге:
тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
электр, жылу және өзге де энергия түрлері;
сақтау және (немесе) жарамдылық мерзімі бір жылдан аспайтын тамақ өнімдері немесе шикізат жатпайды.
Салық төлеушінің (салық агентінің) қаржы лизингіне берілген (алынған) не кепілге берілген, билік ету шектелген мүлкін салық органының лизинг және (немесе) кепіл шартының қолданысы тоқтатылғанға дейін алып қоюына тыйым салынады.
Салық органы мүлікке билік етуді шектеген күннен бастап және оның күшін жойғанға дейін салық төлеушінің (салық агентінің) шарт талаптарын (шарттың қолданылу мерзімін ұзарту, қосалқы лизинг және (немесе) қайта кепілге қою) өзгертуіне тыйым салынады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері деп пайдаланылуын тоқтату немесе тоқтата тұру елді мекендер мен аумақтардың инженерлік инфрақұрылымы қызметінің бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін газбен жабдықтау, энергиямен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру ұйымдарының құрылысжайлары, технологиялық қондырғылары мен агрегаттары түсініледі.
4. Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу туралы шешiм уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жасалады және оны салық органы:
1) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетiлген жағдайда - мұндай шешiм шығарылған күнi салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шотында бар деректер бойынша салықтық берешек сомасына;
2) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетiлген жағдайда - осы Кодекстiң 21-тарауында айқындалған тәртіппен салық төлеуші (салық агенті) шағым жасайтын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдың сомасына қабылдайды.
5. Мүлiкке билік етудi шектеу туралы шешiм салық төлеушiнің (салық агентiнің) жеке өзіне қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс. Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген шешім салық төлеушіге (салық агентіне) мынадай жағдайларда:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберілгенде - пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына салық төлеуші (салық агенті) белгі қойған күннен бастап;
2) тармақшаның қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 14-бабының редакциясында қолданылды
2) электрондық тәсілмен жіберілгенде - салық органы шешімді веб-қосымшаға жеткізген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі. Бұл тәсіл Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес салық органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеушіге (салық агентіне) қолданылады;
3) осындай шешімді алғанын растайтын қол қоюдан бас тарту немесе тұрған жері бойынша болмау себебіне байланысты табыс ету мүмкін болмаған кезде - осы Кодекстің 70-бабында айқындалған тәртіппен жүргізілген салықтық зерттеп-қарау күнінен бастап табыс етілді деп есептеледі.
6. Салық органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді салық төлеушіге (салық агентіне) табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мұндай шешімнің көшірмесін уәкілетті мемлекеттік органдарға оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке не мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тіркеу үшін жібереді.
7. Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкіне билік етуді шектеу туралы шешім салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүлік тізімдемесінің актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуымен билік ету шектелген мүлікке тізімдеме жүргізеді.
Салық төлеушіде (салық агентінде) меншік құқығында оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік не мемлекеттік тіркеуге жатқан мүлік болған кезде тізімдеме, бірінші кезекте, осындай мүлікке жүргізіледі.
Билік ету шектелген мүліктің тізімдемесі салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есепке алу деректері негізінде айқындалатын баланстық құны немесе нарықтық құны мүлік тізімдемесінің актісінде көрсетіле отырып жүргізіледі. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
8. Салық төлеуші (салық агенті) билік ету шектелген мүлік тізімдемесінің актісін жасау кезінде салық органының лауазымды адамдарына танысу үшін мұндай мүлікке меншік және (немесе) оны шаруашылық жүргізу құқығын растайтын құжаттардың, баланстың түпнұсқаларын немесе нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынуға міндетті. Осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелері билік ету шектелген мүлік тізімдеменің актісіне қоса беріледі.
Билік ету шектелген мүлік тізімдемесінің актісі екі данада жасалады және оған оны жасаған адам, сондай-ақ салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) оның лауазымды адамы қол қояды.
Салық төлеуші (салық агенті) билік ету шектелген мүліктің, табиғи тозу және (немесе) қалыпты жағдайларда сақтау кезінде табиғи кему салдарынан болған өзгерістерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектеу алынғанға дейін өзгермеген қалпында сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) көрсетілген мүлікке қатысты заңсыз әрекеттері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Салықтық берешек өтелмеген және екі аукцион өткізілгеннен кейін билік ету шектелген мүлік өткізілмеген жағдайда, салық органы бастапқы тізімдеме актісінің күшін жою және мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау күнгі салықтық берешек сомасы туралы салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотындағы деректерді ескере отырып, мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) басқа мүлкіне тізімдеме жүргізуге құқылы.
9. Салық органы мынадай:
1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын өтеген жағдайда - осындай берешекті өтеген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) уәкілетті орган шешім шығарған немесе тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалатын бөлігінің күшін жоятын сот актісі заңды күшіне енген жағдайда - осындай шешім шығарылған немесе осындай сот актісі күшіне енген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
3) салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға өз шағымын кері қайтарып алған жағдайда - осындай шағым кері қайтарып алынған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мүлiкке билік етуді шектеу туралы шешiмнің және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша осындай шешімнің негізінде жасалған мүлік тізімдемесі актісінің күшін жояды.
10. Салық органы:
1) тізімдеме актісінде көрсетілмеген мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін - мүлік тізімдемесінің актісі жасалған күннен бастап, осындай актінің көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
2) осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайларда билік етуді шектеу туралы шешімнің күші жойылған мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін - мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің күшін жою туралы шешім қабылданған күннен бастап, осындай шешімнің көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей;
3) уәкілетті заңды тұлға өткізген, оның ішінде кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұл бойынша берешек есебіне өткізілген мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тоқтату үшін - мүлікті сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап, осындай шарттың көшірмесін қоса бере отырып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті мемлекеттік органдарға хабар жібереді.
11. Салық органы осы баптың 6 және 10-тармақтарында белгіленген жағдайларда, тиісті хабарламаларды уәкілетті мемлекеттік органдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 120-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
120-1-бап. Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін шектеу
1. Салық органдары тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаған және (немесе) орындалмады деп танылған жағдайда электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін шектеуді жүргізеді.
2. Электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін шектеу тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаған және (немесе) орындалмады деп танылған күннен кейінгі күннен бастап бір жұмыс күнінің ішінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша шығарылған электрондық шот-фактуралар жазып беруді шектеу туралы шешімнің негізінде жүргізіледі.
3. Электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін шектеу туралы шешім осы баптың 2-тармағында көрсетілген шешім қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінің ішінде электрондық тәсілмен электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне, веб-қосымшаға, пайдаланушының «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі.
4. Салық органдары тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалған күннен бастап бір жұмыс күнінің ішінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша шектеудің күшін жою туралы шешім шығару арқылы электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін шектеудің күшін жоюды жүргізеді.
5. Салық төлеушінің электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін шектеу туралы шешімге шағым жасауы оның қолданысын тоқтата тұрмайды.
14-тарау. САЛЫҚТЫҚ БЕРЕШЕКТІ МӘЖБҮРЛЕП ӨНДІРІП АЛУ ШАРАЛАРЫ
121-бап. Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары
1-тармақтың бірінші бөлігінің қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 15-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға немесе деңгейлес мониторинг нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасау жағдайларынан басқа, салық органдары салық төлеуші - заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
Салықтық міндеттемелерді орындау осы Кодекстің 722-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес операторға жүктелген жағдайларда, жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім бойынша қызметті жүзеге асыратын салық төлеушінің салықтық берешегін өндіріп алу кезінде осы тарауда көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары салық төлеушіге және (немесе) операторға қатысты қолданылады.
2-тармақ 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
Мәжбүрлеп өндiрiп алу шараларын қолдану басталғанға дейiн тәуекел деңгейлері орташа және жоғары салық төлеушiге, осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама жiберiледi.
Салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану салық төлеушіде салықтық берешек түзілген күні немесе салық төлеуші тәуекел деңгейі төмен санаттан тәуекел деңгейі орташа немесе жоғары санатқа өткен күні салық төлеуші жатқызылған тәуекел деңгейіне байланысты, осы тарауда көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.
3. Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу мынадай тәртіппен:
1) банктік шоттардағы ақша есебінен;
2) дебиторлар шоттарынан;
3) билік ету шектелген мүлікті өткізу есебінен;
4) жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару түрінде жүргiзiледi.
4. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі өзіне салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілгеннен кейін қырық жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші - осы құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлғаға мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.
Заңды тұлғада біреуден астам құрылымдық бөлімше болған кезде, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданғаннан кейін заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің салықтық берешегі өтелмеген жағдайда, салық органы мұндай заңды тұлғаның барлық құрылымдық бөлімшесіне бір мезгілде банктік шоттардағы ақша есебінен мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады.
Заңды тұлға салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама өзіне табыс етілгеннен кейін қырық жұмыс күні ішінде салықтық берешекті өтемеген жағдайда, салық органы салық төлеуші - заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану арқылы салықтық берешек сомасын өндіріп алады.
5. Мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары мынадай:
1) банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда - сот банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап;
2) салық төлеушіге қатысты оңалту рәсімі қолданылған жағдайда - сот оңалту туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап;
3) сот берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіткен жағдайда - соттың осындай келісімді бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда - соттың мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5) Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының қызметі мәжбүрлеп тоқтатылған жағдайда - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күші жойылуға жатады.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында айқындалған жағдайларда, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілмеген салықтық міндеттеме сомасы бойынша және (немесе) сот бекіткен, берешекті қайта құрылымдау туралы келісімге енгізілмеген салық төлеушінің салықтық міндеттеме сомасы бойынша салық органы осы тараудың ережелеріне сәйкес мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
6. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаға шағым жасаған жағдайда, салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрмайды.
7. Осы тараудың мақсаты үшін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған мемлекеттік мекемелердің шоттары банктік шоттарға теңестіріледі, ал бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға теңестіріледі.
8. 2019 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
122-бап. Банктік шоттардағы ақша есебінен бюджетке берешекті өндіріп алу
1-тармақтың бірінші бөлігінің қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 16-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1. Салық органы салық төлеушiнің (салық агентінің) банктік шоттарынан салықтық берешек сомасын тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес:
тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда - салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң;
тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда - салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап жиырма жұмыс күні өткен соң мәжбүрлеу тәртiбiмен өндіріп алады.
Осы тармақтың ережелерi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейтiн банктік шоттарға қолданылмайды.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған банктік шоттарынан салықтық берешек сомасын өндіріп алу, осындай екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым берген қарыздар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын ақша сомасын қоспағанда, көрсетiлген қарыздың өтелмеген негiзгi борышы мөлшерiнде салық органының инкассалық өкімі негізінде жүргізіледі.
3. Салық органы инкассалық өкімді оны жасау күнгі салықтық берешек сомасы туралы деректер негізінде жасайды.
4. Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің (салық агентінің) бір банктік шотынан инкассалық өкімді орындаған кезде салық төлеушінің (салық агентінің) көрсетілген екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашқан басқа банктік шоттарына шығарылған инкассалық өкімдер, егер мұндай инкассалық өкімдер сол күнмен, сол сомаға, берешектің сол түрі бойынша шығарылған болса, салық органына орындалмай қайтарылады.
5. Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің (салық агентінің) бірнеше банктік шотынан инкассалық өкімде көрсетілген жалпы сомаға ақшаны есептен шығару арқылы осындай инкассалық өкімді толық орындаған кезде, салық төлеушінің (салық агентінің) көрсетілген екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған басқа банктік шоттарына сол күнмен, сол сомаға, берешектің сол түрі бойынша шығарылған инкассалық өкімдер орындалмай қайтарылады.
6. Инкассалық өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен нысан бойынша шығарылады және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешек сомаларын өндiрiп алу жүргiзiлетiн сол банктік шотын көрсетуді қамтиды.
Салық органы инкассалық өкімді екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді. Электрондық нысанда инкассалық өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген форматтарға сәйкес қалыптастырылады.
7. Салық төлеушiнiң (салық агентінің) банктік шотында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда, салықтық берешекті өндіріп алу салық органдары ұлттық валютада шығарған инкассалық өкiмдер негiзiнде шетел валютасындағы банктік шоттардан жүргізіледі.
8. Клиентке қойылған талаптардың барлығын қанағаттандыру үшін клиенттің екінші деңгейдегі банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы ақшасы жеткілікті болған кезде салықтық берешек сомасын өндіріп алу туралы инкассалық өкімді екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым бірінші кезектегі тәртіппен және көрсетілген өкімді алған күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, банктік шоттағы сомалар шегінде орындайды.
9. Клиентке бiрнеше талап қойылған кезде салық төлеушiнiң (салық агентінің) банктік шоттарында ақша болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда, екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осындай шоттарға ақша түсуiне қарай және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген кезектiлiк тәртібімен салықтық берешекті өтеу есебіне клиенттiң ақшасын алып қоюды жүргiзедi.
10. Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоты жабылған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілген инкассалық өкімді тиісті салық органына салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шотының жабылғаны туралы хабарламамен бірге қайтарады.
11. Салық органы салықтық берешек өтелген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей инкассалық өкімді кері қайтарып алады.
Салық органы инкассалық өкімді кері қайтарып алуды екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді. Электрондық нысанда инкассалық өкімді кері қайтарып алу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген форматтарға сәйкес қалыптастырылады.
123-бап. Салық төлеушiнiң (салық агентінің) салықтық берешегі сомасын оның дебиторларының шоттарынан өндiрiп алу
1-тармақтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 17-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
1. Тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекел деңгейі жоғары немесе орташа санатқа жатқызылған салық төлеушiде (салық агентінде) банктік шоттар болмаған жағдайда, сондай-ақ осы Кодекстің 122-бабында айқындалған тәртіппен жүргізілген, банктік шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алынғаннан кейін салықтық берешек өтелмеген кезде салық органы түзілген салықтық берешек шегiнде салық төлеушiге (салық агентіне) берешегi бар үшiншi тұлғалардың (бұдан әрi - дебиторлардың) банктік шоттарындағы ақшаға өндіріп алуды қолданады.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай хабарламаны жіберген салық органына дебиторлық берешек сомасын көрсете отырып, дебиторлар тізімін ұсынуға міндетті.
Соттардың дебиторлардан салық төлеушінің (салық агентінің) пайдасына берешек сомаларын өндіріп алу туралы заңды күшіне енген шешімдері болған кезде соттың осындай шешімі де беріледі.
Бұл ретте салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) дебиторларын анықтау мақсатында салық органдарының ақпараттық жүйелерінің деректерін пайдалануға, сондай-ақ салық төлеуші (салық агенті) мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуларды айқындау мәселесі бойынша салық төлеушіге (салық агентіне) тексеру жүргізуге құқылы. Салық органы салық төлеушіні (салық агентін) тексеру барысында дебиторларға қарсы тексеру жүргізуге құқылы.