Б2 - осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес айқындалатын, шикі газ бағасы белгіленімінің орташа арифметикалық мәні;
3) осы Кодекстiң 745-бабы 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген пайдалы қазбалар үшiн - қол қою бонусы төленген күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, конкурс шарттары жарияланған күннің немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күннiң алдындағы күнге осы Кодекстiң 745-бабына сәйкес пайдалы қазбаның шетел валютасындағы баға белгіленімінің орташа арифметикалық мәнi негiзiнде айқындалады.
Конкурс шарттары жарияланған күннің немесе тiкелей келiссөздер хаттамасына қол қойылған күннiң алдындағы күнi пайдалы қазбалардың тиiстi түрлерi бағаларының ресми белгіленімі жарияланбаған жағдайда бұрын осындай бағалар белгіленімі жарияланған соңғы күн бағаларының ресми белгіленімдері пайдаланылады.
Егер пайдалы қазбаларға биржалық баға белгiленбеген жағдайда пайдалы қазбалардың тиiстi түрлерiн өндiруге арналған келісімшарттар үшiн қол қою бонусының бастапқы мөлшерi осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында белгiленген ең төмен мөлшерде белгiленедi.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурс өткiзiлгенге дейiн қол қою бонусының бастапқы мөлшерi құзыреттi органның конкурстық комиссиясының шешiмi бойынша ұлғайтылуы мүмкiн.
4. Қол қою бонусының бастапқыдан төмен емес сомадағы түпкiлiктi мөлшерiн жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өткiзiлген конкурстың нәтижелерi бойынша конкурстық комиссия шешiмімен белгілейді немесе жер қойнауын пайдаланушымен тiкелей келiссөздер жүргiзу нәтижелерi бойынша құзыреттi орган белгiлейдi және ол жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа енгiзiледi.
5. Келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілген кезде қол қою бонусының мөлшері мынадай тәртіппен:
1) егер кеңейтілетін келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде) пайдалы қазбалар қорлары бекітілсе - осындай қорлардың көлеміне қатысты осы баптың 1 және 2-тармақтарында айқындалған тәртіппен пайдалы қазбалар түріне қарай;
2) егер кеңейтілетін келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде) пайдалы қазбалардың қорлары бекітілмесе:
көмірсутектер бойынша келісімшарттар үшін - келісімшарт аумағының (жер қойнауы учаскесінің) кеңейту коэффициенті мен осы келісімшарт бойынша қол қою бонусының бастапқы сомасының көбейтіндісі ретінде айқындалады. Келісімшарт аумағының (жер қойнауы учаскесінің) кеңейту коэффициенті келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілетін алаң мөлшерінің келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) алаңының бастапқы мөлшеріне қатынасы ретінде үтірден кейін төрт белгіге дейінгі дәлдікпен айқындалады.
Бұл ретте, егер келісімшарт аумағының (жер қойнауы учаскесінің) кеңейту коэффициентінің мәні 0,1-ден асқан жағдайда, оның кеңейтілу жағдайларының санына қарамастан, осындай асып кетуге келетін қол қою бонусының мөлшеріне 3 коэффициенті қолданылады;
минералды шикізат, кең таралған пайдалы қазбалар, жерасты сулары және емдік балшық бойынша келiсiмшарттар үшін - пайдалы қазбалардың тиісті түрлері үшін осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында белгiленген ең төмен мөлшерде айқындалады.
6. Осы бапта белгіленген қол қою бонусын есептеу тәртібі аукцион нәтижелерін бойынша берілетін барлауға немесе өндіруге арналған лицензияларға қолданылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 727-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
727-бап. Аукцион нәтижелері бойынша берілетін лицензияларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар бойынша қол қою бонусын есептеу ерекшеліктері
Аукцион нәтижелері бойынша берілетін лицензияны қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия бойынша қол қою бонусының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және қол қою бонусын төлейтін күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетілген мөлшерлеме негізге алына отырып есептеледі:
| Р/с № | Атауы | Мөлшерлеме АЕК-пен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Барлауға арналған лицензия | 100 |
| 2. | Өндіруге арналған лицензия | 200 |
| 3. | Кен іздеушілікке арналған лицензия: | |
| 3.1. | берілген аумақтың алаңы 17 000 м2-ге дейін болған кезде | 9 |
| 3.2. | берілген аумақтың алаңы 17 000 м2-ден 33 000 м2-ге дейін болған кезде | 12 |
| 3.3. | берілген аумақтың алаңы 33 000 м2-ден 50 000 м2-ге дейін болған кезде | 15 |
| 4. | Геологиялық зерделеуге арналған лицензия | 50 |
| 5. | Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия | 400 |
728-бап. Салықтық кезең
Қол қою бонусын төлеу мерзімі басталатын күнтізбелік тоқсан қол қою бонусы бойынша салықтық кезең болып табылады.
729-бап. Қол қою бонусын төлеу мерзiмдерi
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қол қою бонусы бюджетке салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық төлеуші конкурс жеңімпазы деп жарияланған күннен немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар бойынша қол қою бонусы осындай лицензия берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей салық төлеушінің тұрған жері бойынша бюджетке төленеді.
3. Келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілген кезде қол қою бонусы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен осындай кеңейту туралы өзгерістер енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей салық төлеушінің тұрған жеріндегі бюджетке төленеді.
4. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды және гидроқұрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу кезінде пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығына жазбаша рұқсат алу кезінде қол қою бонусы Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес осындай рұқсат алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей салық төлеушінің тұрған жеріндегі бюджетке төленеді.
730-бап. Салық декларациясы
Қол қою бонусы бойынша декларацияны жер қойнауын пайдаланушы тұрған жерiндегі салық органына салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күніне дейiн тапсырады.
84-тарау. ТАРИХИ ШЫҒЫНДАРДЫ ӨТЕУ БОЙЫНША ТӨЛЕМ
731-бап. Жалпы ережелер
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалғанға дейін келісімшарт аумағын (жер қойнауы учаскесін) геологиялық зерделеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен жиынтық шығындарды өтеу бойынша жер қойнауын пайдаланушының тiркелген төлемi тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем болып табылады.
732-бап. Төлеушілер
Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты жасасқанға дейін келісімшарт аумағын (жер қойнауы учаскесін) геологиялық зерделеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шығын шеккен пайдалы қазбалардың кен орындары бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді төлеушілер болып табылады.
2. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия шеңберінде қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы бір мезгілде мынадай талаптар сақталған кезде:
пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы заңнамасына сәйкес 2017 жылғы 31 желтоқсаннан кейін берілсе;
пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия берілген аумақ Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген аумаққа жатпайтын болса, тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді төлеуші болып табылмайды.
733-бап. Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді белгілеу тәртібі
1. Келісімшарт аумағын (жер қойнауы учаскесін) геологиялық зерделеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен тарихи шығындар сомасын осы мақсаттар үшін уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен есептейді және аталған сома бюджетке:
1) мемлекет меншігіндегі геологиялық ақпаратты сатып алу төлемақысын шегергенде, құпиялылық туралы келісімде белгіленген мөлшердегі тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем түрінде;
2) мемлекет меншігіндегі геологиялық ақпаратты сатып алу үшін құпиялылық туралы келісімде белгіленген мөлшердегі төлемақы түрінде төлеуге жатады.
2. Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем жөніндегі міндеттеме - жер қойнауын пайдаланушы мен жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган арасындағы құпиялылық туралы келісім жасалған күннен бастап, ал 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша құпиялылық туралы тиісті келісімдер жасалмаған, бірақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың талаптары бойынша жасалуға тиіс, өнімді бөлу туралы келісімді қоса алғанда, 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша - тарихи шығындардың мөлшерін айқындайтын жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен құпиялылық туралы келісім жасалған күннен бастап туындайды.
734-бап. Төлеу тәртібі мен мерзімдері
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт аумағында (учаскесінде) өндіруді бастаған кезден және мына күндердің неғұрлым ертерегі басталғаннан бастап төлейді:
коммерциялық табуды жариялау;
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес өндіру кезеңіне (сатысына) ауысу;
пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру;
пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшартты жасасу.
Тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді төлеу жер қойнауын пайдаланушының тұрған жері бойынша бюджетке мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) егер келісімшарт аумағын (жер қойнауы учаскесін) геологиялық зерделеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің жалпы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және құпиялылық туралы келісім жасалған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшеріне тең немесе одан аз соманы құраса, тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қазбаларды өндіруге кіріскен жылынан кейінгі жылдың 10 сәуірінен кешіктірілмей төленеді;
2) егер келісімшарт аумағын (жер қойнауы учаскесін) геологиялық зерделеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің жалпы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және құпиялылық туралы келісім жасалған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен асатын соманы құраса, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және құпиялылық туралы келісім жасалған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2500 еселенген мөлшеріндегі сомаға барабар сомадан кем болуы мүмкін соңғы үлестің сомасын қоспағанда, тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді жер қойнауын пайдаланушы тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және құпиялылық туралы келісім жасалған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2500 еселенген мөлшерінен кем емес сомаға барабар сомада, ұзақтығы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімінен артық емес, бірақ он жылдан аспайтын кезең ішінде тең үлестермен төлейді.
Егер 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тарихи шығындардың бюджетке өтелмеген сомасы республикалық бюджет туралы заңда 2009 жылғы 1 қаңтарға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшерінен асатын соманы құраса, республикалық бюджет туралы заңда 2009 жылғы 1 қаңтарға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2 500 еселенген мөлшеріндегі сомаға барабар сомадан кем болуы мүмкін соңғы үлестің сомасын қоспағанда, 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған, олар бойынша жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіруге 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін кіріскен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемді жер қойнауын пайдаланушы тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-күнінен кешіктірмей, республикалық бюджет туралы заңда 2009 жылғы 1 қаңтарға белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2 500 еселенген мөлшерінен кем емес сомаға барабар сомада, ұзақтығы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімінен артық емес, бірақ он жылдан аспайтын кезең ішінде тең үлеспен төлейді.
2. Егер келісімшарт аумағын (жер қойнауы учаскесін) геологиялық зерделеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен тарихи шығындардың сомасын Қазақстан Республикасының осы мақсаттар үшін уәкілеттік берілген мемлекеттік органы шетел валютасында белгілеген болса, онда:
1) осы бапқа сәйкес төлем төлеу тәртібін белгiлеу үшiн төлемнің теңгемен жалпы мөлшерiн айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының осы мақсаттар үшiн уәкiлеттiк берiлген мемлекеттік органы есептеген тарихи шығындар сомасы жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табудан кейiн өндiрудi бастаған есептi тоқсанның 1-күнiнің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен қайта есептеледi, ал 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған, олар бойынша жер қойнауын пайдаланушы 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн пайдалы қазбаларды өндiруге кiрiскен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бюджетке өтелмеген тарихи шығындар сомасы 2009 жылғы 1 қаңтардың алдындағы соңғы жұмыс күніне айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен қайта есептеледi;
2) тарихи шығындардың бюджетке өтелмеген шетел валютасындағы сомасын осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес төлеуге жататын тоқсан сайынғы төлемдердiң сомасына тең бөлу мақсатында тарихи шығындардың көрсетiлген сомасы мұндай күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарының алдындағы соңғы жұмыс күніне айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша әрбір күнтiзбелiк жылдың басында теңгемен қайта есептеледi.
3. Пайдалы қазбалардың кен орындарына оларды кейіннен өндіруді көздемейтін барлау жүргізуге жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша тарихи шығындарды өтеу төлемі төленбейді.
735-бап. Салық декларациясы
1. Егер келісімшарт аумағын (жер қойнауы учаскесін) геологиялық зерделеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің жалпы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және құпиялылық туралы келісім жасалған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшеріне тең немесе одан кем соманы құраса, онда жер қойнауын пайдаланушы тұрған жеріндегі салық органына декларацияны жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қазбаларды өндіруге кіріскен жылынан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
2. Егер келісімшарт аумағын (жер қойнауы учаскесін) геологиялық зерделеуге және кен орындарын барлауға мемлекет шеккен тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің жалпы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және құпиялылық туралы келісім жасалған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшерінен асатын соманы құраса, онда жер қойнауын пайдаланушы тұрған жеріндегі салық органына декларацияны тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей тапсырады.
2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған, олар бойынша жер қойнауын пайдаланушы 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін пайдалы қазбаларды өндіруге кіріскен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша, егер 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тарихи шығындардың бюджетке өтелмеген сомасы 2009 жылғы 1 қаңтарға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшерінен асатын соманы құраса, онда декларацияны жер қойнауын пайдаланушы тұрған жеріндегі салық органына тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей тапсырады.
85-тарау. ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ӨНДIРУ САЛЫҒЫ
736-бап. Жалпы ережелер
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндiру салығын Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн минералды шикізаттың, көмірсутектердің, жерасты сулары мен емдік балшықтың әрбір түрi бойынша жеке төлейді.
2. Жүргізілетін өндіру түріне қарамастан, өндірілетін минералды шикізаттың, көмірсутектердің, жерасты суларының және емдік балшықтың барлық түрлері бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы осы тарауда белгіленген мөлшерлемелер бойынша және тәртіппен төленеді.
3. Салықтық кезең үшін өндірілген көмірсутектердің, жерасты суларының, емдік балшық пен пайдалы қазбалардың айналыстан шыққан қорларының жалпы көлемінен пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу мақсатында кен орындары бойынша есептен шығарылған (шығынды қайтару) қорлар құрамынан алынатын пайдалы қазбалардың көлемі, сондай-ақ технологиялық сынап көру мен зерттеулер жүргізу үшін берілген көмірсутектердің, минералды шикізаттың, жерасты сулары мен емдік балшықтың көлемі алып тастауға жатады. Технологиялық сынап көру мен зерттеулер жүргізу үшін берілетін көмірсутектердің, минералды шикізаттың, жерасты сулары мен емдік балшықтың көлемі көмірсутектердің, минералды шикізаттың, жерасты сулары мен емдік балшықтың тиісті түрлері (сұрыптары) үшін ұлттық стандарттарда көрсетілген технологиялық сынамалардың ең төмен массасымен шектеледі.
737-бап. Төлеу ерекшеліктері
1. Пайдалы қазбаларды өндiру салығы, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, ақшалай нысанда төленеді.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарт бойынша қызметтi жүзеге асыру барысында пайдалы қазбаларды өндіру салығын төлеудің ақшалай нысаны Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша уәкілетті мемлекеттік орган мен жер қойнауын пайдаланушының арасында жасалатын қосымша келiсiмде айқындалған тәртiппен заттай нысанға ауыстырылуы мүмкiн.
Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын, сондай-ақ осы Кодекстің 722-бабының 1-тармағында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда белгіленген роялтиді және Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін заттай нысанда төлеу тәртібі осы Кодекстің 88-тарауында белгіленген.
738-бап. Төлеушілер
Кен іздеушілікке арналған лицензия шеңберінде ғана қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға жасалған әрбір жекелеген келісімшарт шеңберінде олар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы және (немесе) роялти төленбеген техногендiк минералдық түзілімдерден пайдалы қазбалар алуды қоса алғанда, көмірсутектерді, минералды шикізатты, жерасты сулары мен емдік балшықты өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды өндіру салығын төлеушілер болып табылады.
1-параграф. Көмірсутектерге арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығы
739-бап. Салық салу объектісі
1. Жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезеңде өндірген көмірсутектердің нақты көлемі пайдалы қазбаларды өндіруге салық салу объектісі болып табылады.
2. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу мақсатында жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезеңде өндірген көмірсутектердің жалпы көлемі:
1) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшін өткізілген мұнай - жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт шеңберінде өндірген және жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына кейіннен өткізу үшін үшінші тұлғаға өткізген мұнайдың көлемі;
2) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшін алыс-беріс шикізаты ретінде берілген мұнай - жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт шеңберінде өндірген және жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшін алыс-беріс шикізаты ретінде берген не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай өңдеу зауытына қайта өңдеу үшін алыс-беріс шикізаты ретінде кейіннен беру үшін үшінші тұлғаға өткізген мұнайдың көлемі;
3) жер қойнауын пайдаланушы өзінің өндірістікмұқтаждықтарына пайдаланған мұнай - жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт шеңберінде өндірген, салықтық кезең ішінде өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланған мұнайдың көлемі;
4) осы Кодекстің 88-тарауына сәйкес мемлекет атынан алушыға пайдалы қазбаларды өндіру салығын, экспортқа рента салығын, роялтиді және Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін төлеу есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда берген мұнай;
5) Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізілген және (немесе) өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланылған шикі газ болып бөлінеді.
Егер осы тармақшада өзгеше белгіленбесе, осы бөлімнің мақсаттарында өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланылған шикі газ деп жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндірген және көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен құжаттарға сәйкес осы келісімшарт шеңберінде:
жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде көмірсутектер дайындауда отын ретінде;
технологиялық және коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтар үшін;
ұңғыма сағасында мұнайды қыздыру үшін және бекітілген жобалау құжаттарына сәйкес мұнайды өндіру және сақтау орнынан магистральдық құбыржолға және (немесе) көліктің басқа түріне ауыстырып тиеу орнына дейін тасымалдау кезінде;
жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын электр энергиясын өндіру үшін;
осы баптың 5-тармағында көзделген жер қойнауына кері айдау жағдайларын қоспағанда, бекітілген жобалау құжаттарында көзделген көлемде жер қойнауына кері айдау үшін;
көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен жобалау құжаттарында көзделген көлемде өндіруші мұнай ұңғымаларын пайдаланудың газлифтілік (механикаландырылған) тәсілі мақсатында пайдаланылған шикі табиғи газ танылады.
Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндірген және осы жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалануға арналған басқа келісімшарт шеңберінде мұнай-газ аймақтарында қабат қысымын ұстап тұру мақсатында бекітілген жобалау құжаттарында көзделген көлемде жер қойнауына кері айдау үшін пайдаланылған шикі газ да өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланылған шикі газ деп танылады;
6) Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізілген сұйытылған мұнай газына сәйкес келетін көлемде сұйытылған мұнай газын өндіру үшін пайдаланылған ілеспе газ болып бөлінеді. Бұл ретте сұйытылған мұнай газының мұндай көлемін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді және Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау саласындағы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізу үшін міндетті болып табылады;
7) жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі - жер қойнауын пайдаланушы пайдаланған шикі газ;
8) тауарлы көмірсутектер - егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, осы тармақтың 1) - 7) тармақшаларында көрсетiлген мұнай, шикi газ және ілеспе газ көлемдерiн шегере отырып, жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға арналған әрбiр жеке келiсiмшарт шеңберiнде өндiрген көмірсутектердің жалпы көлемi болып бөлiнедi.
3. Осы баптың 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланылған шикі газдың және (немесе) сұйытылған мұнай газын өндіру үшін пайдаланылған ілеспе газдың көлемі деп көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен құжаттарда көрсетілген көлемдер шегінде осындай пайдаланылған табиғи және (немесе) ілеспе газдың нақты көлемі танылады.