3. Әкелінетін электрондық сауда тауарларының құны осындай тауарларды сатып алу туралы құжатта (чектер, шоттар, банктік төлем құжаттары) көрсетілген олардың қорытынды құны туралы ақпарат негізінде, ал электрондық сауда операторлары кедендік операцияларды жасаған кезде - осындай тауарларды сатып алу туралы электрондық сауда операторлары электрондық сауда алаңынан алған мәліметтер (мұндай ақпарат болған кезде) негізінде Комиссия бекіткен нысан бойынша экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияда мәлімделеді.
4. Электрондық сауда тауарларының құны анық, сандық жағынан анықталған және құжатпен расталған ақпарат негізінде мәлімделуге тиіс.
5. Электрондық сауда тауарларына қатысты кедендік алымдар алынбайды.
6. Бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждарды, салықтарды есептеу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.
7. Бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсаттары үшін кеден органы Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы бекіткен нысан бойынша экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны не электрондық сауда операторлары пайдаланатын және шығару үшін қажетті мәліметтерді қамтитын электрондық түрдегі өзге де құжатты (бұдан әрі - өзге электрондық құжат) тіркеген күні қолданыста болатын мөлшерлемелер қолданылады.
8. Электрондық сауда тауарларын алушы болып табылатын жеке тұлғада кедендік төлемдерді төлеу міндеті туындайды. Электрондық сауда тауарларын дербес кедендік декларациялау кезінде бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждарды, салықтарды төлеуші декларант болып табылады. Электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялауды декларанттардың атынан электрондық сауда операторлары жүзеге асырған кезде бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждарды, салықтарды төлеушілер электрондық сауда операторлары болып табылады, бұл ретте электрондық сауда операторлары кедендік төлемдерді төлеуге шеккен шығындарды өтеу бөлігінде электрондық сауда операторлары мен декларанттар арасындағы өзара қатынастар шарттық негізде жүзеге асырылады.
392-6-бап. Жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарларына қатысты кеден қоймасы кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктері
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімі осы бапта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодекстің 25-тарауында белгіленген тәртіппен және шарттарда жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарларына қатысты қолданылады.
2. Жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарларына қатысты кедендік операцияларды осындай тауарлардың декларанттары атынан электрондық сауда операторлары жасайды.
3. Жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарларына қатысты осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулер сақталады.
4. Жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарларына қатысты осы Кодекстің 216-бабы 2-тармағы бірінші абзацының ережелері қолданылмайды.
5. Жеке тұлғаларға өткізуге арналған, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған электрондық сауда тауарларын сақтау осындай тауарлардың декларанттары болып табылатын электрондық сауда операторларының құрылысжайларында (үй-жайларында, алаңдарында) жүзеге асырылады.
6. Осы Кодекстің 237-бабында көзделген кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін осы кедендік рәсімнің қолданысы:
1) жеке тұлғалар Интернет желісінің ресурстарын пайдалана отырып электрондық сауда алаңдарында жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарларын сатып алғаннан кейін оларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырумен;
2) кеден органдары осы Кодекстің 241-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес аварияның немесе еңсерілмейтін күш әрекетінің салдарынан электрондық сауда тауарларын жою және (немесе) қайтарымсыз жоғалту фактісін не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде осындай тауарларды қайтарымсыз жоғалту фактісін танумен аяқталады.
7. Осы Кодекстің 237-бабында көзделген кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарларын кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырумен аяқталуы мүмкін.
8. Осы баптың 6-тармағының 1) тармақшасына сәйкес кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғанға дейін - Комиссия көздеген ерекшеліктері бар тауарларға декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті электрондық түрде ұсыну арқылы жеке тұлғаларға сатуға арналған, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған электрондық сауда тауарларын осындай тауарларды алушы болып табылатын жеке тұлғаға жеткізу үшін құрылысжайлардан (үй-жайлардан, алаңдардан) әкетуге жол беріледі.
9. Жеке тұлғаларға өткізуге арналған, оларды сатып алған жеке тұлғаларға берілген электрондық сауда тауарлары осы баптың 8-тармағына сәйкес тауарларға декларация берілгенге дейін электрондық сауда операторлары тауарларды шығару туралы өтініш бергеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақ тауарлары мәртебесіне ие болады.
10. Экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны не осы баптың 8-тармағында көрсетілген электрондық сауда тауарларын шығару үшін, оларды осы баптың 6-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын өзге де электрондық құжатты электрондық сауда операторлары кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ішінде, бірақ жеке тұлға осы тауарларды сатып алған айдан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей беруге тиіс.
Шығарудан бас тартылған кезде экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны не көрсетілген тауарларға қатысты өзге де электрондық құжатты электрондық сауда операторлары тауарларды шығарудан бас тартылған күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс.
392-7-бап. Электрондық сауда операторларының жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарларына қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
1. Электрондық сауда операторлары тауарлар Қазақстан Республикасына келгенге дейін немесе келген кезде кеден органдарына электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған, экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны не өзге де электрондық құжатты толтыру және кеден органдарының цифрлық жүйесіне жіберу арқылы халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін немесе жеке тұлғалардың атына тасымалдаушы жеткізетін тауарлар туралы ақпаратты (бұдан әрі - тауарлар туралы мәліметтер) электрондық түрде ұсынады.
Электрондық сауда операторларының экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны не өзге де электрондық құжатты толтыруы және ұсынуы әкелуі күтілетін немесе келген электрондық сауда тауарлары туралы мәліметтерді кеден органдарының цифрлық жүйесіне беру, кеден органдарының цифрлық жүйесінде көрсетілген мәліметтерді өңдеу және электрондық сауда операторлары мен кеден органдарының цифрлық жүйелерінің өзара іс-қимыл жасауы арқылы мұндай мәліметтерді автоматты режимде экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияға айналдыру арқылы жүзеге асырады.
Электрондық сауда операторларының экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны не өзге де электрондық құжатты кеден органдарының цифрлық жүйесіндегі клиенттік жұмыс орнынан тікелей беруіне жол беріледі.
2. Экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларация не өзге де электрондық құжат тауарлар келгенге дейін және оны кеден органдарының цифрлық жүйесінде тіркегенге дейін жіберілген кезде электрондық сауда операторлары кедендік төлемдерді, салықтарды экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны не өзге де электрондық құжатты тіркеген күнге қолданыста болатын шетел валюталарының бағамына сәйкес есептейді.
3. Электрондық сауда операторларының дербес шоттарында кедендік баждарды, салықтарды төлеу есебіне есептен шығару және есепке жатқызу үшін ақша қаражаты жеткіліксіз болған кезде кеден органдарының цифрлық жүйесінде экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияларды не өзге де электрондық құжатты шығарудан бас тартылады.
4. Электрондық сауда тауарларын уақытша сақтау осы Кодекстің 392-9-бабы 2-тармағы 2) тармақшасының талаптарына сәйкес электрондық сауда операторларының үй-жайларында жүзеге асырылады.
Осы Кодекстің 507-бабы 1-тармағының 5) тармақшасының шарттары тауарларға қолданылған жағдайда, электрондық сауда операторларының үй-жайларында электрондық сауда тауарларымен бірге электрондық сауда операторларының атына жалпы жүкқұжат бойынша немесе Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттар бойынша келіп түсетін басқа да тауарлар сақталуы мүмкін.
392-8-бап. Жеке тұлғаларға өткізуге арналған, кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау үшін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын электрондық сауда тауарларына қатысты кедендік операцияларды жасау тәртібі
1. Бұрын кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған және жеке тұлғаларға өткізуге арналған электрондық сауда тауарлары оларды сатып алған жеке тұлғаларға жеткізу үшін кеден қоймасынан осындай тауарларды беру және кеден қоймасы рәсімін аяқтау мақсатында тауарларға декларация берілгенге дейін Комиссия бекіткен тауарларды шығару туралы өтініштің негізінде ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылады.
2. Бір өтініште бір жеке тұлғаның бір интернет-алаңда сатып алған электрондық сауда тауарлары туралы мәліметтер көрсетіледі.
3. Электрондық сауда операторлары Комиссия бекіткен тауарларды шығару туралы өтінішті толтыру ерекшеліктеріне сәйкес тауарларға декларация берілгенге дейін оны толтырады және кеден органдарының цифрлық жүйесіне жібереді.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген электрондық сауда тауарларына қатысты оларды 392-6-баптың 6-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру үшін электрондық сауда операторлары кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі ішінде, бірақ көрсетілген кезеңде кеден қоймасынан әкетілген электрондық сауда тауарлары шығарылған айдан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей, Комиссия бекіткен экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны беруге тиіс.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген электрондық сауда тауарларын ішкі тұтыну үшін шығару кезінде кедендік әкелу баждары Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелері бойынша есептеледі және төленеді.
6. Кедендік баждар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес электрондық сауда тауарлары шығарылғанға дейін төленеді.
7. Кедендік төлемдерді электрондық сауда операторлары экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күнге қолданыста болатын шетел валюталарының бағамына сәйкес есептейді.
392-9-бап. Электрондық сауда операторларының құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі
1. Электрондық сауда операторлары:
1) электрондық сауда тауарларын алушылар болып табы латын жеке тұлғалардан, электрондық сауда алаңдарынан кедендік операцияларды жасау үшін қажетті, оның ішінде коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты не басқа да құпия ақпаратты қамтитын құжаттар мен мәліметтерді сұратуға және осындай құжаттар мен мәліметтерді осы Кодексте белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін мерзімдерде алуға;
2) жеке тұлғадан кедендік төлемдерді, салықтарды төлеуге шеккен шығындардың өтемақысын талап етуге;
3) осы Кодекстің 158-бабы 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, талап етілмеген (алушы қабылдамаған) электрондық сауда тауарларын жөнелтушіге қайтару бойынша кедендік операцияларды жасауға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.
2. Электрондық сауда операторлары:
1) осы Кодекстің 150-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында белгіленген міндеттерді сақтауға;
2) меншігінде, шаруашылық жүргізуінде, жедел басқаруында немесе жалға алуында электрондық сауда тауарларын уақытша сақтауға арналған олардың құрылысжайлары, үй-жайлары (үй-жайлардың бір бөлігі) және (немесе) ашық алаңдары (ашық алаңдардың бір бөлігі) болуға;
3) кеден органдарының сұрау салуы бойынша Комиссия бекіткен экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынуға;
4) электрондық сауда тауарларын электрондық нысанда кедендік декларациялауды жүзеге асыру үшін кеден органдарының цифрлық жүйесімен өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін олардың цифрлық жүйесі болуға не электрондық сауда тауарларын электрондық нысанда кедендік декларациялауды жүзеге асыру үшін кеден органдарының цифрлық жүйесіне олардың авторландырылған қолжетімділігі болуға;
5) құрылысжайларда (үй-жайларда, алаңдарда) орналасқан электрондық сауда тауарларының сақталуын қамтамасыз етуге;
6) кедендік бақылауды жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
7) осы Кодекстің 236-бабының 2-тармағында белгіленген кеден қоймасы кедендік рәсіміне сәйкес электрондық сауда тауарларын пайдалану шарттарын сақтауға;
8) уақытша сақтауға орналастырылған электрондық сауда тауарларының және құрылысжайларда (үй-жайларда, алаңдарда) орналасқан кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған электрондық сауда тауарларының бөлек есебін жүргізуге және кеден органдарына осындай тауарлар туралы есептілікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған есептілікті ұсынуға;
9) кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған электрондық сауда тауарларының және жеке тұлғалар сатып алған және құрылысжайлардан (үй-жайлардан, алаңдардан) әкетілген, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған электрондық сауда тауарларының бөлек есебін жүргізуге және жеке тұлғалар сатып алған және құрылысжайлардан (үй-жайлардан, алаңдардан) әкетілген тауарлар туралы есептілікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған есептілікті кеден органдарына ұсынуға;
10) кеден органдарының декларацияланатын электрондық сауда тауарларына қатысты қабылданған шешімдерін орындауға;
11) кеден органдарының лауазымды адамдарының құрылысжайлардағы (үй-жайлардағы, алаңдардағы) электрондық сауда тауарларына қол жеткізуіне қатысты кеден органдарының талаптарын орындауға;
12) электрондық сауда операторы ретінде экспериментке қатысу туралы өтініш берген күнге кеден өкілі ретінде кемінде бір жыл қызметті және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Электрондық сауда операторлары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
392-10-бап. Электрондық сауда операторлары мен уәкілетті орган арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл
Электрондық сауда операторлары мен уәкілетті орган арасындағы кедендік декларациялау шеңберіндегі ақпараттық өзара іс-қимыл кеден органдарының цифрлық жүйесінің көмегімен немесе электрондық сауда операторлары мен уәкілетті органның цифрлық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылады.
6-БӨЛІМ. КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУДЫ ЖҮРГІЗУ
46-тарау. КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУДЫ ЖҮРГІЗУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
393-бап. Кедендік бақылауды жүргізу
1. Кедендік бақылауды Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден органдары жүргізеді.
2. Кедендік бақылау кедендік бақылау объектілеріне қатысты оларға осы Кодексте айқындалған кедендік бақылау нысандары және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып жүргізіледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды анықтау мақсатында кедендік бақылау Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өтетін жеке тұлғаларға қатысты жүргізілуі мүмкін.
3. Кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып кедендік бақылауды жүргізу тәртібі Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалады.
4. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары кедендік бақылау объектілерінің, кедендік бақылау нысандарының және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралардың таңдалуы қағидатын негізге алады.
Кедендік бақылау объектілерін, кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды таңдаған кезде тәуекелдерді басқару жүйесі пайдаланылады.
5. Кеден органдары кедендік бақылаудың нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қолданады.
Шығарғанға дейін кедендік тазартумен байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органдарының кедендік бақылау нысандарын және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдануы тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі негізінде ғана жүзеге асырылады.
2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Кеден органдары өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылаудың өзге де түрлерін, оның ішінде валюталық, радиациялық бақылауды, өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылауды жүзеге асырады.
7. Кеден органдарының атынан кедендік бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және лауазымдық өкілеттіктері шегінде кедендік бақылауды жүргізуге уәкілеттік берілген кеден органдарының лауазымды адамдары жүргізеді.
Кеден органдары кедендік бақылауды кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында, сондай-ақ өзге нысандарда немесе кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып, кеден органдары лауазымды адамдарының қатысуынсыз кеден органдарының цифрлық жүйелері арқылы жүргізеді.
8. Кедендік бақылау тауарлардың осы Кодекстің 34-бабына сәйкес айқындалатын кедендік бақылауда болу кезеңінде жүргізіледі.
Алдын ала кедендік декларациялау және мерзімдік кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 394-бабының бесінші абзацында көрсетілген кедендік бақылау объектілеріне қатысты кедендік бақылау кедендік декларация тіркелген кезден бастап жүргізіледі.
Осы Кодекстің 34-бабының 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14 және 15-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін кедендік бақылау осындай мән-жайлар басталған күннен бастап есептелетін, осы Кодекстің 89 және 143-баптарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімдері өткенге дейін жүргізілуі мүмкін.
Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізілімдеріне немесе уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген тұлғалардың қызметін кедендік бақылау олар осындай тізілімдерде болған кезеңде, сондай-ақ осындай тізілімдерден алып тасталғаннан кейін осы Кодекстің 89 және 143-баптарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімдері ішінде жүргізілуі мүмкін.
9. Тауарлардың шығарылу фактісін растайтын мәліметтерді тексеру мақсатында кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы тауарларға қатысты кедендік бақылауды кеден органдарында Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы бұзыла отырып, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгені және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болуы туралы ақпарат болған кезде жүргізуі мүмкін.
10. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдарына оны жүргізуге Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттік органдарының қандай да бір рұқсаттары, нұсқамалары не қаулылары талап етілмейді.
11. Кеден органдары және олардың лауазымды адамдары кедендік бақылауды жүргізу кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының кеден және өзге заңнамасында көзделмеген талаптар мен шектеулерді белгілеуге құқығы жоқ.
12. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде тасымалдаушыға, декларантқа, кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға және мүдделері кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының шешімдерімен, әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) қозғалатын өзге тұлғаларға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарына құқыққа сыйымсыз зиян келтіруге жол берілмейді.
13. Кедендік бақылау кедендік бақылау аймақтарында және кедендік бақылауға жататын тауарлар, оның ішінде халықаралық тасымалдың көлік құралдары және жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, осындай тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын құжаттар және (немесе) цифрлық жүйелер тұрған (тұруы тиіс немесе мүмкін) өзге орындарда жүргізіледі.
14. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, кедендік бақылау нысандарын қолдана отырып кедендік бақылауды жүргізу нәтижелері белгіленген нысандағы кедендік құжаттарды жасау жолымен немесе осы Кодексте көзделген өзге де тәсілмен ресімделеді.
394-бап. Кедендік бақылау объектілері
Мыналар:
осы Кодекстің 34-бабына сәйкес кедендік бақылаудағы тауарлар;
ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесіне ие болған тауарлар, кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар, еркін айналымға шығарылған жеке пайдалануға арналған тауарлар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына қайта әкелінген кезде Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін сақтаған тауарлар - осы Кодекстің 393-бабы 8-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде;
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы тауарлар - кеден органдарында Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы бұзыла отырып, осындай тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгені және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болуы туралы ақпарат болған кезде;
кеден органдарына ұсынылуы Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасына сәйкес көзделген кедендік және өзге де құжаттар, сондай-ақ осындай құжаттарда қамтылған мәліметтер;
тұлғалардың, оның ішінде уәкілетті экономикалық операторлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге, кеден ісі саласында қызметтер көрсетуге байланысты не жекелеген кедендік рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылатын қызметі;
уақытша сақтау қоймалары, кеден қоймалары, еркін қоймалар, бажсыз сауда дүкендері ретінде пайдалануға арналған немесе пайдаланылатын, уәкілетті экономикалық операторлардың тауарларды уақытша сақтауы үшін пайдалануға арналған немесе пайдаланылатын, сондай-ақ кедендік бақылау аймақтары ретінде пайдалануға арналған немесе пайдаланылатын құрылыстар, үй-жайлар (үй-жайлардың бөліктері) және (немесе) ашық алаңдар (ашық алаңдардың бөліктері) кедендік бақылау объектілері болып табылады.
395-бап. Кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарының сақталуын кедендік бақылау
1. Кедендік рәсімге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарының сақталуын кедендік бақылауды кеден органдары жүргізеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, кеден органы тауарларды кедендік рәсіммен орналастырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетке қарағанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге мемлекеттің аумағындағы тауарларға қатысты кедендік бақылау Комиссия айқындайтын ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің 447-бабына сәйкес жүргізіледі.
3. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты осы Кодекстің 24-тарауы талаптарының сақталуын кедендік бақылауды аумағында тауарлар кедендік рәсіммен орналастырылған, аумағы бойынша осындай тауарларды тасымалдау жүзеге асырылатын және (немесе) аумағында кедендік транзиттің кедендік рәсімінің қолданысы аяқталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органдары жүргізеді.
396-бап. Тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылауды жүргізу ерекшеліктері
1. Кедендік декларациялау кезінде мәлімделген, әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылауды жүргізу (бұдан әрі осы бапта - әкелінетін тауарлардың кедендік құнын бақылау) кезінде кеден органы тауарлардың кедендік құнын айқындаудың және мәлімдеудің (тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісін таңдаудың және қолданудың, тауарлардың кедендік құнының құрылымы мен шамасының, тауарлардың кедендік құны туралы мәліметтерді құжаттамалық растаудың) дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады.
2. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнына бақылауды жүргізу кезінде кеден органы декларанттан тауарлардың бағасын қалыптастыруға әсер ететін факторлар туралы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысы бар өзге де мән-жайлар туралы жазбаша нысанда түсінік сұратуға құқылы.