1. Мәмілеге қатысушылардың және халықаралық топқа қатысушылардың:
1) уәкілетті органдарға қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін, оның ішінде мәміленің бағасын және дифференциалды растайтын құжаттарды, нарықтық бағаны айқындау әдістерінің бірін қолдану туралы ақпаратты және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты беруге;
2) уәкілетті органдардан Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасы бойынша ақпарат пен түсіндірмелер алуға;
3) бақылауды жүзеге асыруға байланысты туындайтын мәселелер бойынша жеке өзі не өзінің өкілі арқылы немесе салық консультантының қатысуымен өз мүдделерін білдіруге;
4) бақылауды жүзеге асыру және салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасау барысында уәкілетті органдарға қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты беруге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен тексерулердің актілері бойынша хабарламаларға және уәкілетті органдар лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
6) тексеруге дейін мәміленің бағасын және (немесе) салық салу объектілерін, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілерді дербес түзетуге;
7) уәкілетті органдармен трансферттік баға белгілеуді қолдану жөнінде келісімдер жасасуға құқығы бар.
7) тармақшаның екінші бөлігі 2016 ж. 1 қаңтардан бастап 2019 ж. 1 қаңтарға дейін 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңның 7-бабының редакциясында қолданылды
Бұл ретте халықаралық топқа қатысушының өзінің атынан еларалық және (немесе) негізгі және (немесе) жергілікті есептілікті дайындауға және (немесе) ұсынуға халықаралық топқа басқа қатысушыға уәкілеттік беруге де құқығы бар.
2. Мәмілеге қатысушылардың және халықаралық топқа қатысушылардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары бар.
3. Мәмілеге қатысушылар:
1) осы Заңға сәйкес міндеттерін уақтылы және толық көлемде орындауға;
2) уәкілетті органдардың заңды талаптарын орындауға;
3) мәміленің қолданылатын бағасының негізділігін растайтын есептілікті және құжаттаманы жүргізуге;
4) осы Заңда айқындалған тәртіппен уәкілетті органдарға мәмілелер мониторингі бойынша ақпаратты және есептілікті, сондай-ақ өзге де құжаттарды ұсынуға міндетті.
Уәкілетті органдардың сұрау салуы бойынша мәмілеге қатысушы мәміленің қолданылатын бағасының негізділігін растайтын ақпаратты және құжаттарды күнтізбелік тоқсан күн ішінде ұсынады;
5) тексерулер жүргізу барысында уәкілетті органдардың талап етуі бойынша қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесін, оның ішінде мәміленің бағасын және дифференциалды растайтын құжаттарды, нарықтық бағаны айқындау әдістерінің бірін қолдану туралы ақпаратты және қолданылатын бағаны растайтын басқа да ақпаратты беруге міндетті.
4-тармақ 2018 ж. 1 қаңтардан бастап 2019 ж. 1 қаңтарға дейін 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңның 9-бабының редакциясында қолданылды
4. Халықаралық топқа қатысушылар:
1) осы Заңға сәйкес міндеттерін уақтылы және толық көлемде орындауға;
2) уәкілетті органдардың заңды талаптарын орындауға;
3) осы Заңның 5-1-бабына сәйкес уәкілетті органға халықаралық топқа қатысу туралы өтінішті ұсынуға;
4) егер халықаралық топқа қатысушыға жергілікті және (немесе) негізгі және (немесе) еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндет немесе талап жүктелген болса, осындай есептілікті жүргізуге;
5) осы тармақтың 6) тармақшасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның ережелеріне сәйкес уәкілетті органға трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті ұсынуға;
6) осы Заңның ережелеріне сәйкес уәкілетті органдардың талап етуі бойынша негізгі және (немесе) еларалық есептілікті ұсынуға міндетті.
5. Мәмілеге қатысушылар және халықаралық топқа қатысушылар осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындайды.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 5-1-баппен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1-бап. Халықаралық топқа қатысу туралы өтініш
1. Халықаралық топқа қатысушы уәкілетті органға есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей өзінің халықаралық топқа қатысуы туралы өтінішті ұсынуға міндетті.
Өтініштің нысанын және оны толтыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
2. Халықаралық топқа қатысу туралы өтінішті ұсыну жөніндегі міндет халықаралық топқа мынадай қатысушыларға:
1) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясына;
2) халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға (егер халықаралық топқа уәкілетті қатысушы трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті ұсынуға тиіс болған жағдайда);
3) осы Заңға сәйкес трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті ұсыну жөніндегі міндет немесе талап болған кезде халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы болып табылмайтын резидентке;
4) осы Заңға сәйкес трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті ұсыну жөніндегі міндет немесе талап болған кезде халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке жүктеледі.
3. Халықаралық топқа қатысушы мәліметтердің толық емес екенін, халықаралық топқа қатысу туралы ұсынылған өтінішті толтыруда дәлсіздіктерді не қателерді анықтаған жағдайда осындай қатысушы жаңартылған ақпаратты ескере отырып, түзетілген өтінішті ұсынуға міндетті.
Бұл ретте осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім түзетілген өтінішті ұсынуға қолданылмайды.
4. Халықаралық топқа қатысушының халықаралық топқа қатысу туралы өтінішті ұсынбауы немесе халықаралық топқа осындай қатысушының уәкілетті органға анық емес мәліметтерді қамтитын өтінішті ұсынуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-бап. Мәмілелер мониторингі
1. Мәмілелер мониторингі мәмілеге қатысушылар қолданатын бағаларды уәкілетті органдардың байқап отыруы арқылы жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тізбесін уәкілетті орган бекітетін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша халықаралық іскерлік операциялар мәмілелер мониторингіне жатады.
3. Мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқығаны анықталған жағдайда уәкілетті органдар мәмілелер мониторингінің нәтижелері бойынша трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша тексеру жүргізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мәмiлелер мониторингiн жүзеге асыру қағидаларын уәкілетті орган бекiтедi және оларда мәмiлеге қатысушының мәмілелер мониторингі бойынша бекiтiлген есептiлiк нысандарын толтыру және оларды уәкілетті органдарға ұсыну тәртібі, сондай-ақ мәмілелер мониторингі бойынша құжаттама жүргiзу тәртібі қамтылады.
2010.09.05. № 288-IV ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7-бап 2016 ж. 1 қаңтардан бастап 2019 ж. 1 қаңтарға дейін 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңының 10-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
7-бап. Халықаралық топқа қатысушы ұсынатын трансферттік баға белгілеу бойынша есептілік
1. Халықаралық топқа қатысушы ұсынатын трансферттік баға белгілеу бойынша есептілік халықаралық топқа қатысу туралы өтініштен және есептіліктің мынадай түрлерінен тұрады:
1) жергілікті;
2) негізгі;
3) еларалық.
Трансферттік баға белгілеу бойынша есептіліктің нысандарын және оларды толтыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
2. Осы бапта көзделген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын есептілік мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтымайтын бөлікте ұсынылады.
3. Халықаралық топқа қатысушы мәліметтердің толық емес екенін, ұсынылған есептілікті толтыруда дәлсіздіктерді не қателерді анықтаған жағдайда халықаралық топқа осындай қатысушы жаңартылған ақпаратты ескере отырып, түзетілген есептілікті ұсынуға міндетті.
Бұл ретте есептілікті ұсыну бойынша осы Заңда белгіленген мерзімдер түзетілген есептілікті ұсынуға қолданылмайды.
4. Халықаралық топқа қатысушының осы бапта көзделген есептілікті ұсынбауы немесе анық емес мәліметтерді қамтитын есептілікті ұсынуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 7-1-баппен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-1-бап. Жергілікті есептілік
1. Халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін жергілікті есептілікті уәкілетті органға есепті қаржы жылынан кейінгі 12 айдан кешіктірмей ұсынады.
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, жергілікті есептілікті ұсыну жөніндегі міндет халықаралық топқа мынадай қатысушыларға:
1) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясына;
2) халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға (егер халықаралық топқа уәкілетті қатысушы жергілікті есептілікті ұсынуға тиіс болған жағдайда);
3) халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы болып табылмайтын резидентке;
4) халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке жүктеледі.
Осы тармақтың 3) немесе 4) тармақшаларының ережелеріне қарамастан, егер халықаралық топқа уәкілетті қатысушы жергілікті есептілікті осы тармақтың 3) немесе 4) тармақшаларында аталған тұлғаның атынан ұсынатын болса, осындай тұлға жергілікті есептілікті ұсыну жөніндегі міндетті орындады деп есептеледі.
3. Осы баптың ережелері есепті қаржы жылында осы Заңның 3-бабында көрсетілген мәмілелерді жасаған және түсімінің мөлшері есепті қаржы жылының алдындағы қаржы жылы үшін өзінің қаржылық есептілігіне сәйкес республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бес миллион еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем болмайтын халықаралық топқа қатысушыға (осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілгенді қоспағанда) қолданылады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 7-2-баппен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-2-бап. Негізгі есептілік
1. Халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін негізгі есептілікті уәкілетті органға оның талап етуі бойынша ұсынады.
Халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін негізгі есептілікті уәкілетті органға осындай есептілікті ұсыну туралы талапты халықаралық топқа қатысушы алған күннен бастап 12 айдан кешіктірмей ұсынады.
Бұл ретте халықаралық топқа қатысушы бейрезидент болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясының немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушының (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) жасау жөніндегі талаптары Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген негізгі есептілік бойынша ақпаратқа ұқсас ақпаратты қамтитын негізгі есептілігінің нотариат куәландырған көшірмесін ұсынған жағдайда негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттеме орындалды деп есептеледі. Егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы негізгі есептілікті шет мемлекеттің құзыретті органына электрондық түрде ұсынған жағдайда, мұндай есептіліктің көшірмесін нотариатта куәландыру талап етілмейді.
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті органның талап етуі бойынша негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі міндет халықаралық топқа мынадай қатысушыларға:
1) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясына;
2) халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға (егер халықаралық топқа уәкілетті қатысушы негізгі есептілікті ұсынуға тиіс болған жағдайда);
3) халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы болып табылмайтын резидентке;
4) егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топқа уәкілетті қатысушы негізгі есептілікті ұсынуға тиіс болған жағдайда) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса, халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке қолданылады.
Егер осы тармақтың 3) немесе 4) тармақшасында аталған тұлғаның атынан халықаралық топқа уәкілетті қатысушы немесе осы тармақтың 3) немесе 4) тармақшасында аталған тұлға қатысушысы болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен негізгі есептілікті ұсынған жағдайда, онда осы тармақтың 3) немесе 4) тармақшасында аталған тұлғаның уәкілетті органның талап етуі бойынша негізгі есептілікті ұсыну жөніндегі міндеті орындалды деп есептеледі.
3. Осы баптың ережелері бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін халықаралық топқа қатысушыға қолданылады:
1) халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылында осы Заңның 3-бабында көрсетілген мәмілелерді жасайды;
2) негізгі есептілік ұсынылатын есепті қаржы жылының тікелей алдындағы қаржы жылы үшін халықаралық топтың шоғырландырылған қаржылық есептілігі бойынша түсім мөлшері:
егер халықаралық топтың негізгі компаниясы Қазақстан Республикасының резиденті болып табылған жағдайда - Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалған валюта айырбастаудың тиісті қаржы жылындағы орташа арифметикалық нарықтық бағамы қолданыла отырып, 750 миллион еуроға баламалы;
егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылған жағдайда және осындай шет мемлекетте еларалық есептілікті ұсыну бойынша заңнама болған кезде - осындай мемлекеттің құзыретті органына еларалық есептілік ұсыну жөніндегі міндеттің туындауы үшін халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) резиденті болып табылатын шет мемлекеттің заңнамасында белгіленген сомадан кем емес болады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 7-3-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-3-бап. Еларалық есептілік
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін еларалық есептілікті уәкілетті органға есепті қаржы жылынан кейінгі 12 айдан кешіктірмей ұсынады.
Осы баптың 3-тармағында көрсетілген халықаралық топқа қатысушы есепті қаржы жылы үшін еларалық есептілікті уәкілетті органға оның талап етуі бойынша, еларалық есептілікті ұсыну туралы талапты халықаралық топқа қатысушы алған күннен бастап 12 айдан кешіктірмей ұсынады.
Бұл ретте халықаралық топқа қатысушы бейрезидент болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясының немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушының (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) жасау жөніндегі талаптары Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген еларалық есептілік бойынша ақпаратқа ұқсас ақпаратты қамтитын еларалық есептілігінің нотариат куәландырған көшірмесін ұсынған жағдайда еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттеме орындалды деп есептеледі. Егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы еларалық есептілікті шет мемлекеттің құзыретті органына электрондық түрде ұсынған жағдайда, мұндай есептіліктің көшірмесін нотариатта куәландыру талап етілмейді.
2. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше белгіленбесе, еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндет халықаралық топқа мынадай қатысушыларға:
1) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын халықаралық топтың негізгі компаниясына;
2) халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға (егер осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) жүктеледі.
3. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті органның талап етуі бойынша еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндет халықаралық топқа мынадай қатысушыларға:
1) мынадай шарттардың бірі сақталған кезде:
халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің (аумақтың) заңнамасына сәйкес еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттемелері болмаса;
халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған болса (уәкілетті органда ақпарат, оның ішінде шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органынан алынған ақпарат болған кезде);
халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) резиденті болып табылатын мемлекеттің (аумақтың) Қазақстан Республикасымен салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ережені көздейтін қолданыстағы халықаралық шарты (келісімі) болмаса;
халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) резиденті болып табылатын мемлекет (аумақ) уәкілетті органмен автоматты түрде ақпарат алмасу жөніндегі міндеттемелерді жүйелі түрде орындамауға жол берсе, халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы болып табылмайтын резидентке;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген шарттарға ұқсас шарттардың бірі сақталған кезде халықаралық топқа қатысушы болып табылатын және Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке қолданылады.
Осы тармақтың 1) тармақшасы бесінші абзацының мақсаттары үшін Қазақстан Республикасымен салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ережені көздейтін халықаралық шарт (келісім) болған кезде шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органы уәкілетті органға еларалық есептілік бойынша мәліметтерді ұсынудан бас тартқан немесе шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органы уәкілетті органмен қатысушыларының бірі Қазақстан Республикасының резиденті немесе Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын халықаралық топқа қатысты еларалық есептіліктің деректері бойынша автоматты түрде ақпарат алмасуды уәкілетті орган тиісті сұрау салуды жібергеннен кейін екі жылдан астам уақыт ішінде жүзеге асырмаған жағдайлар автоматты түрде ақпарат алмасу жөніндегі міндеттемелерді жүйелі түрде орындамау деп түсініледі.
4. Осы баптың ережелері, егер еларалық есептілік ұсынылатын есепті қаржы жылының тікелей алдындағы қаржы жылы үшін халықаралық топтың шоғырландырылған қаржылық есептілігі бойынша түсім мөлшері:
егер халықаралық топтың негізгі компаниясы Қазақстан Республикасының резиденті болып табылған жағдайда - Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалған валюта айырбастаудың тиісті қаржы жылындағы орташа арифметикалық нарықтық бағамы қолданыла отырып, 750 миллион еуроға баламалы;
егер халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылған жағдайда және осындай шет мемлекетте еларалық есептілікті ұсыну бойынша заңнама болған кезде - осындай мемлекеттің құзыретті органына еларалық есептілік ұсыну жөніндегі міндеттің туындауы үшін халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы резиденті болып табылатын шет мемлекеттің заңнамасында белгіленген сомадан кем емес болатын жағдайда халықаралық топтың негізгі компаниясына немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға (егер халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топқа осындай қатысушыға еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі өкілеттіктерді берген жағдайда) немесе уәкілетті органның талап етуі бойынша еларалық есептілікті ұсыну жөніндегі міндет жүктелген халықаралық топқа өзге қатысушыға қолданылады.
5. Уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органынан салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ережені көздейтін халықаралық шарт (келісім) негізінде, қатысушыларының бірі Қазақстан Республикасының резиденті немесе Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын халықаралық топтың қызметіне қатысты еларалық есептілік деректерінің осындай халықаралық шарттың (келісімнің) тараптары белгілеген тәртіппен және мерзімдерде жыл сайынғы негізде автоматты түрде ақпарат алмасу арқылы ұсынылуын сұратуға және талап етуге тиіс.
6. Шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органы өзаралық қағидатын сақтаған жағдайда, уәкілетті орган тараптарының бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын, салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ережені көздейтін қолданыстағы халықаралық шарт (келісім) негізінде халықаралық топқа қатысушы резидент немесе кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органына Қазақстан Республикасында халықаралық топтың негізгі компаниясы немесе халықаралық топқа уәкілетті қатысушы ұсынған еларалық есептіліктің тиісті деректерін шет мемлекеттің сұрау салуы бойынша осындай халықаралық шарттың (келісімнің) тараптары белгілеген тәртіппен және мерзімдерде автоматты түрде ақпарат алмасу арқылы жіберуге тиіс.
Осы баптың мақсаттары үшін өзаралық қағидаты деп уәкілетті органның және шет мемлекеттің (аумақтың) құзыретті органының еларалық есептіліктің деректерін өзара ұсынуы түсініледі.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 7-4-баппен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-4-бап. Салық салу мақсатында трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті пайдалану
Уәкілетті орган трансферттік баға белгілеу бойынша есептілікті салық салу мақсатында пайдалануға құқылы.
8-бап. Уәкілетті органдардың басқа ұйымдармен өзара іс-қимылы
1. Уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мына субъектілерден:
1) мемлекеттік органдардан;
2) банктерден, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан, сақтандыру брокерлерінен;
4) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларынан;
5) аудиторлардан, аудиторлық ұйымдардан;
6) халықаралық іскерлік операцияларға қатысы бар өзге де ұйымдардан мәміле бағасының қолданылу дұрыстығын айқындау үшін қажетті ақпарат сұратуға құқылы.
2. Ақпарат беру және мемлекеттік органдардың мамандарын тексерулерге тарту туралы сауалдар күнтізбелік отыз күн ішінде орындалуға міндетті.