11-бап. Меншікке қол сұғылмаушылық
1. Меншікке заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды.
2. Талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында мүлікке тыйым салу осы Кодексте көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жүргізілуі мүмкін.
12-бап. Судьялардың тәуелсіздігі
1. Судья сот төрелігін жүргізу кезінде тәуелсіз болады және тек Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңға ғана бағынады.
2. Судьялар азаматтық істерді өздеріне сырттан кез келген ықпал ету болмайтын жағдайларда қарайды және шешеді. Судьялардың сот төрелігін жүргізу қызметіне қандай да болсын араласуға тыйым салынады және заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді.
3. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдігі Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңда белгіленген.
13-бап. Жұрттың бәрінің заң мен сот алдындағы теңдігі
1. Азаматтық істер бойынша сот төрелігі барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылады.
2. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында:
азаматтардың ешқайсысына артықшылық берілмейді, олардың ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайды;
заңды тұлғалардың ешқайсысына артықшылық берілмейді және олардың бірде-бірін орналасқан жеріне, ұйымдық-құқықтық нысанына, бағыныстылығына, меншік нысанына байланысты және басқа да мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайды.
3. Азаматтық-құқықтық жауапкершілікке қарсы иммунитеті бар тұлғаларға қатысты азаматтық сот ісін жүргізу шарттары Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Кодексте, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
14-бап. Сот ісін жүргізу тілі
1. Азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.
2. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.
Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою арызы (арыз) берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
3. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа да тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттар беру, шағымдар жасау, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сөз сөйлеу; осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.
4. Сот азаматтық сот ісін жүргізуде сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға қажетті іс материалдарының аудармасын тегін қамтамасыз етеді. Сот іске қатысатын адамдарға сотта сөйлейтіндердің басқа тілде сөйлейтін бөлігін сот ісін жүргізу тіліне аударуды тегін қамтамасыз етеді.
5. Іске қатысатын және сот ісін жүргізу тілін білмейтін, істегі құжаттарды беру туралы жазбаша түрде өтініш берген адамға сот құжаттары өзінің ана тіліне немесе ол білетін басқа тілге аударылып табыс етіледі.
6. Істі сот талқылауына дайындау аяқталғаннан кейін тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдар ұсынатын, сот ісін жүргізу тілінде дайындалмаған құжаттарға сот ісін жүргізу тіліне аудармасы қоса берілуге тиіс.
15-бап. Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы
1. Азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық процеске қатысатын тараптарға осы Кодексте өзінің ұстанымын қорғауға тең мүмкіндіктер берілген.
2. Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан және іске қатысатын басқа да адамдардан тәуелсіз таңдайды.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.
Сот іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдарлары туралы ескертеді, олардың құқықтық позициялары мен дәлелдемелерін нақтылайды, олармен істің мән-жайларын талқылайды және осы Кодексте көзделген жағдайларда, оларға өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.
Сот шешімді әрбір тарапқа бірдей негіздерде зерттеуге қатысуды қамтамасыз еткен дәлелдемелерге ғана негіздейді.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сот тараптың уәжді өтінішхаты бойынша не өз бастамасы бойынша істің материалдарын жинау және зерттеу, тараптар дәлелдерінің негізділігін және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің анықтығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
5. Сот тараптарға бірдей әрі құрметпен қарайды.
16-бап. Дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау
1. Судья істе бар дәлелдемелерді жиынтығында бейтарап, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл ретте ол заң мен ар-ұятты басшылыққа алады.
2. Сот үшін ешқандай дәлелдемелердің күні бұрын белгіленген күші болмайды.
17-бап. Айғақтар беру міндетінен босату
1. Ешкім өзіне, жұбайына (зайыбына) және аясы заңда айқындалатын жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге міндетті емес.
2. Діни қызметшілер тәубаға келіп, өздеріне сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға міндетті емес.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайларда көрсетілген адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және жауапқа тартылмайды.
18-бап. Білікті заң көмегіне құқықтарды қамтамасыз ету
1. Әркімнің азаматтық процесс барысында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы бар.
2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
19-бап. Сот талқылауының жариялылығы
1. Азаматтық істерді талқылау барлық сот сатыларында ашық жүргізіледі. Сот актілері жария түрде хабарланады.
2. Жабық сот отырысында мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтері бар шешімді жариялауды қоса алғанда, істерді қарау және шешу заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Егер бала асырап алу құпиясын, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауды қамтамасыз ету қажет болса не ашық талқылауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болса, сондай-ақ осы Кодекстің 188-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайда іске қатысатын адамның өтінішхаты бойынша жабық сот отырысында азаматтық іс қаралуы және шешілуі мүмкін.
3. Жеке хат жазысу және өзге де жеке хабарлар өзара хат жазысқан және осы жеке хабарлар өздеріне қатысты адамдардың келісімімен ғана ашық сот отырысында жария етілуі мүмкін. Мұндай келісім болмаған жағдайда хат жазысу мен хабарлар жабық сот отырысында жария етіледі және зерттеледі.
Көрсетілген қағидалар жеке сипаттағы мәліметтер бар аудио-, бейнежазбаларды, фотоға және киноға түсіру материалдары мен электрондық, цифрлық және өзге де материалдық жеткізгіштердегі басқа да материалдарды зерттеу кезінде де қолданылады.
4. Істі жабық сот отырысында талқылау кезінде іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, ал қажет болған жағдайларда куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар да қатысады, оларға сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді жария еткені үшін жауаптылық туралы ескертеді.
5. Он алты жасқа толмаған азаматтар, егер олар іске қатысатын адамдар немесе куәлар болып табылмаса, сот отырысы залына жіберілмейді.
6. Істі жабық сот отырысында талқылау осы Кодексте белгіленген барлық қағидалар сақтала отырып жүргізіледі.
7. Іске қатысатын адамдардың және басқа да адамдардың, оның ішінде ашық сот отырысына қатысып отырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысының барысы бойынша жазбалар жасауға, оны залда отырған орындарынан аудиожазу құралдарының және цифрлық жеткізгіштердің көмегімен жазып алуға құқығы бар. Сот талқылауы залында киноға және фотоға түсіруге, бейнежазба жасауға, тікелей радио- және телетрансляция жүргізуге, Интернеттің ақпараттық-коммуникациялық желісінде бейнетрансляция жүргізуге соттың рұқсатымен және іске қатысатын адамдардың пікірі ескеріле отырып жол беріледі. Бұл туралы сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымында көрсетіледі. Бұл әрекеттер сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуге тиіс және сот оларды уақыт жағынан шектеуі мүмкін.
8. Сот талқылауының барлық немесе бір бөлігіне қатысты істі жабық сот отырысында талқылау туралы сот ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
9. Заңды күшіне енген сот актілері соттың интернет-ресурсында жарияланады және осы баптың екінші бөлігінде және өзге де заңдарда белгіленген шектеулер ескеріле отырып, жария түрде талқылануы мүмкін.
10. Соттың іс жүргізуіндегі азаматтық істер бойынша сотқа келіп түскен өтініштер туралы ақпарат жария етілуге және осы ақпаратты соттың ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы процеске қатысушылардың назарына жеткізілуге тиіс.
20-бап. Сот отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Істі сотта талқылау соттың қалыпты жұмысын және сот отырысы залында қатысып отырған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайларда өтуге тиіс. Сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіптің сақталуын сот приставы қамтамасыз етеді.
2. Судьялар мен сот отырысы залына қатысып отырған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрағалық етуші істі талқылау кезінде қатысуға ниет білдірген адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруді, жеке басын тексеріп қарауды және олар алып өтетін заттарды тексеріп қарауды қоса алғанда, оларға тексеру жүргізу туралы өкім ете алады.
21-бап. Сот актілерінің міндеттілігі
1. Бірінші сатыдағы сот азаматтық істер бойынша сот актілерін сот бұйрықтары, шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары нысанында қабылдайды.
Апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар сот актілерін ұйғарымдар мен қаулылар нысанында қабылдайды.
2. Заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп таныған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген сот актілері орындалуға жатпайды.
3. Сот актілерін орындамау, сол сияқты сотты құрметтемеудің өзге де көрінісі заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Сот актісінің міндеттілігі іске қатыспаған мүдделі адамдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды.
22-бап. Сот актілеріне шағым жасау бостандығы
Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот өздерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты сот актілерін шығарған адамдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен сот актілеріне шағым жасауы мүмкін.
3-тарау. ВЕДОМСТВОЛЫҚ ЖӘНЕ СОТТЫЛЫҚ
23-бап. Азаматтық істердің соттарға ведомстволығы
1. Егер осы Кодекске және басқа да заңдарға сәйкес бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау өзгеше тәртіппен жүзеге асырылмаса, соттар оларды қорғау туралы істерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды және шешеді.
2. Азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, қаржы, шаруашылық, жер қатынастарынан және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша талап қою ісін жүргізудің азаматтық істері соттардың ведомстволығына жатады.
3. Санаттары осы Кодексте көзделген, мемлекеттік басқару саласындағы жария-құқықтық қатынастардан туындайтын ерекше талап қою ісі жүргізілетін істер соттардың ведомстволығына жатады.
4. Санаттары осы Кодексте көзделген ерекше жүргізілетін істер соттардың ведомстволығына жатады.
5. Егер заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік ұйымдар қатысатын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар қатысатын істер соттардың ведомстволығына жатады.
6. Шетелдік соттардың шешімдерін, сот бұйрықтарын және төрелік шешімдерді тану және орындау туралы істер соттардың ведомстволығына жатады.
7. Төрелік шешімдердің күшін жою туралы және осындай шешімдерді мәжбүрлеп орындауға жіберу туралы істер соттардың ведомстволығына жатады.
8. Азаматтық істердің басқа санаттары да заңға сәйкес соттардың ведомстволығына жатқызылуы мүмкін.
9. Мына:
1) қылмыстық істі тергеу кезінде қылмыстық қудалау органы;
2) соттың тәркілеуге жататын нәрселер көрсетілген мүлікті тәркілеу туралы, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған не заңсыз жолмен алынған қаражатқа сатып алынған, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау заты немесе құралы болып табылатын мүлікті мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы үкімі (қаулысы) негізінде;
3) соттың әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәрсесін немесе затын тәркілеу туралы қаулысы негізінде салынған, адамдардың мүлкіне қатысты мүлікті тыйым салудан босату (тізімдемеден шығару) туралы талап қоюлар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган әрекеттерінің заңдылығы, мүлікке тыйым салуға, оны тәркілеуге, мемлекеттің кірісіне айналдыруға қатысты мәселелер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен тексерілуге жатады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
24-бап. Дауды (жанжалды) медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен шешу. Дауды төреліктің, «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының шешуіне беру
Соттың ведомстволығына жататын, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дау (жанжал) тараптардың жазбаша келісімі бойынша медиация, партисипативтік рәсім тәртібімен шешілуі немесе бұған заңда тыйым салынбаған кезде, төреліктің, «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының қарауына берілуі мүмкін.
25-бап. Сот ведомстволығының басымдығы
1. Бірі - сотқа, ал басқалары - соттан тыс органдарға ведомстволық, өзара байланысты бірнеше талаптар біріктірілген кезде, барлық талаптар сотта қаралуға тиіс.
2. Нақты даудың ведомстволығына қатысты заңдарды түсіндіруде күмән туындаған немесе коллизиялар болған жағдайда, оны сот қарайды.
26-бап. Аудандық (қалалық) соттардың және оларға теңестірілген соттардың соттылығына жататын азаматтық істер
Осы Кодекстің 27-бабының төртінші бөлігінде және 28-бабында көзделген істерді қоспағанда, азаматтық істер аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттарда қаралады және шешіледі.
2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 27-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27-бап. Азаматтық істердің мамандандырылған соттардың, мамандандырылған сот құрамдарының және Нұр-Сұлтан қаласы сотының соттылығына жатқызылуы
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, басқа соттың соттылығына жататындығы заңда айқындалған істерді қоспағанда, тараптары заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар бойынша, сондай-ақ корпоративтік даулар бойынша азаматтық iстердi қарайды және шешеді.
Корпоративтік дауларға олардың тарапы коммерциялық ұйым, коммерциялық ұйымдар қауымдастығы (одағы), коммерциялық ұйымдар және (немесе) жеке кәсіпкерлер қауымдастығы (одағы), Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесі бар коммерциялық емес ұйым және (немесе) оның акционерлері (қатысушылары, мүшелері), оның ішінде бұрынғы акционерлері (бұдан әрі - корпоративтік даулар) болып табылатын:
1) заңды тұлғаны құруға, қайта ұйымдастыруға және таратуға;
2) өзіне акционерлік қоғамның акцияларын, шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін, кооперативтер мүшелерінің пайларын қамтитын мұраға қалдырылған мүлікті бөлуге немесе ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлуге байланысты туындайтын дауларды қоспағанда, акционерлік қоғамдар ақцияларының, шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің, кооперативтер мүшелері пайларының тиесілілігіне, олардың ауыртпалықтарын анықтауға және олардан туындайтын құқықтарды іске асыруға, оның ішінде олармен жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды;
3) лауазымды адамдардың, құрылтайшылардың, акционерлердің, қатысушылардың (бұдан әрі - заңды тұлғаға қатысушылар) және өзге де тұлғалардың әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) заңды тұлғаға келтірілген залалдарды өтеу туралы талаптарға;
4) мәмілелерді жарамсыз деп тануға және (немесе) осындай мәмілелердің жарамсыздығының салдарларын қолдануға;
5) заңды тұлғаның басқару органдарының құрамына кіретін немесе кірген адамдарды тағайындауға немесе сайлауға, өкілеттіктерін тоқтатуға, тоқтата тұруға және олардың жауаптылығына, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға, тоқтатуға, тоқтата тұруға байланысты осындай адамдар мен заңды тұлға арасындағы азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларға;
6) бағалы қағаздар эмиссиясына;
7) акцияларға және өзге де бағалы қағаздарға құқықтарды ескере отырып, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімі жүйесінің жүргізілуіне, сондай-ақ бағалы қағаздарды орналастыруға және (немесе) олардың айналымына байланысты дауларға;
8) акциялар эмиссиясын мемлекеттік тіркеуді жарамсыз деп тануға;
9) заңды тұлғаға қатысушылардың жалпы жиналысын шақыру мен өткізуге және онда қабылданған шешімдерге;
10) заңды тұлғаның басқару органдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтуға байланысты даулар жатады.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаржы ұйымдарын және банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы істерді, дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың берешегін қайта құрылымдау, оларды оңалту және олардың банкроттығы, сондай-ақ оларды банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы істерді де қарайды.
2. Әскери соттар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жатқан азаматтардың лауазымды адамдар мен әскери басқару органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауы туралы азаматтық істерді қарайды. Мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, егер тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органдары, әскери бөлім болып табылса, әскери соттар басқа азаматтық істерді де қарайды.
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар баланың тұрғылықты жерін айқындау; ата-ананың баламен араласу тәртібін айқындау және басқа адамдарда болатын баланы айырып алу туралы; бала ата-аналарының біреуімен республикадан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін кеткен кезде баланың тұрғылықты жерін айқындау туралы; ата-ана құқықтарынан айыру (оларды шектеу) және оларды қалпына келтіру туралы; бала асырап алу және оның күшін жою туралы; кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу туралы даулар бойынша; кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық пен қамқоршылықтан (патронаттан) туындайтын даулар бойынша; кәмелетке толмағанның әкесін анықтау және одан алименттер өндіріп алу туралы; он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанның өз табыстарына өз бетінше иелік ету құқықтарын шектеу немесе олардан айыру туралы арыздар бойынша; кәмелетке толмағанды әрекетке толық қабілетті деп жариялау (эмансипация) туралы; әке болуды анықтау туралы және баланы күтіп-бағуға пайыздық қатынаста немесе нақты ақшалай сомада алименттер өндіріп алу туралы; алименттердің мөлшерін азайту туралы; кәмелетке толмағандардың еңбек, тұрғын үй құқықтарын қорғау туралы; кәмелетке толмағандар және кәмелетке толғандар бірлесіп, оның ішінде әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі кәмелетке толғандардың қатысуымен келтірілген зиянды өтеу туралы азаматтық істерді қарайды және шешеді.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жатқызылған істер кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, облыс орталықтарының шегінде орналасқан аудандық (қалалық) соттардың соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда, баланың тұрғылықты (болатын) жеріндегі аудандық (қалалық) сотта қаралуы мүмкін немесе оған берілуі мүмкін. Өтінішхат істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін берілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Нұр-Сұлтан қаласының соты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қарауына жатқызылған істерден басқа инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарайды.
Нұр-Сұлтан қаласының соты инвесторлардың инвестициялық қызметіне байланысты инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзге де дауларды да:
1) Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің);
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шетелдіктің қатысуымен құрылған, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы шетелдік инвесторға тиесілі заңды тұлғаның;
3) инвестицияларды жүзеге асыруға мемлекетпен жасалған келісімшарты болған кезде инвесторлардың қатысуымен қарайды.
5. Инвестор қатысатын құқықтық қатынастардан туындайтын, инвестициялық қызметке байланысты емес өзге де даулар, сондай-ақ оңайлатылған іс жүргізумен қарауға жататын инвестор қатысатын даулар осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылыққа сәйкес аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың соттылығына жатады.
28-бап. Азаматтық істердің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының соттылығына жатқызылуы
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мынадай:
1) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), Референдумның орталық комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы;
2) бір тарапы ірі инвестор болып табылатын инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарайды және шешеді.
29-бап. Жауапкердің орналасқан жері бойынша талап қоюды беру
1. Талап қою жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
Жеке тұлғаның, оның ішінде заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның тұрғылықты жері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген қағидалар бойынша айқындалады.
2. Заңды тұлғаға талап қою құрылтай құжаттарына сәйкес және (немесе) Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжайға сәйкес заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша сотқа беріледі. Заңды тұлға құрмайтын ұйымға талап қою оның орналасқан жері бойынша беріледі.