Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы бұзушылық фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің шартты бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, өнім беруші тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеген және ол шарттық міндеттемелерді толық орындаған жағдайларды қоспағанда, сотқа осындай өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге міндетті.
3. Келісу комиссиясы әлеуетті өнім берушінің жолданымын қарайды және әлеуетті өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мерзімінен бұрын шығару немесе мерзімінен бұрын шығарудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
4. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:
осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің шешімі;
осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қалыптастырылады.
5. Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер оларды сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осындай әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен шығару үшін мыналар негіздер болып табылады:
1) осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзімнің өтуі;
2) әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
3) келісу комиссиясының әлеуетті өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мерзімінен бұрын шығару туралы шешімі.
6. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
11-бап. Сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері
1. Сатып алу:
1) тендер;
2) аукцион;
3) баға ұсыныстарын сұрату;
4) бір көзден алу тәсілдерімен;
5) тауар биржалары арқылы;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) электрондық дүкен арқылы жүзеге асырылады.
7) 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәсілдермен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген тәсілдермен сатып алу сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес алдын ала біліктілікті іріктеу қолданыла отырып жүргізілуі мүмкін.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген тәсілмен сатып алу Қор және Қордың ұйымдары сатып алуды жүзеге асырған кезде қолданылмайды.
5. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген сатып алу тәсілі сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен биржалық тауарлар тізбесіне қолданылады.
6. 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Сатып алуды жүзеге асыру тәсілін тапсырыс беруші осы Заңға, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес айқындайды.
8. Сатып алуды жүзеге асыру кезінде:
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді
1) мынадай:
негізгі (орнатылған) жабдықты қосымша жинақтау, қосымша жарақтау, біріздендіру немесе оның қолда бар тауарлармен, жұмыстармен және көрсетілетін қызметтермен үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ одан әрі техникалық қолдап отыру, оған сервистік қызмет көрсету және жөндеу, оның ішінде жоспарлы жөндеу (қажет болған кезде) үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
егер Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібіне сәйкес әзірленген және бекітілген сатып алу санаттық стратегиясында өзгеше көзделуі;
тапсырыс берушінің өнім беруші ретінде Қазақстан Республикасының бейрезидентімен өзі жасасқан шарт бойынша міндеттемелерді орындауы үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу және осы шартта тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушіге не өндірушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де мәліметтерге және (немесе) құжаттарға тиісті нұсқаулардың болуы;
мұнай өнімдері мен мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілердің мыналарды:
технологиялық қондырғыларға арналған технологиялық жабдықтарды жəне қосалқы материалдарды (катализаторлар, реагенттер, арнайы қоспалар), осындай технологиялық жабдыққа дайындаушы зауыттың техникалық құжаттамасына сəйкес пайдаланылатын технологиялық жабдыққа қосалқы бөлшектер мен майлау материалдарын;
лицензиялық келісімдерге сəйкес технологиялық қондырғыларды пайдалану кезінде пайдаланылатын тауарларды сатып алу жағдайларын қоспағанда, тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) əлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге не тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) немесе баға ұсыныстарын сұрату тəсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген əлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларға нұсқау жасауға;
2) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген жағдайларда сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға;
3) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген негіздер бойынша әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлерді не қызметтерді көрсету бойынша бірлесіп орындаушыларды біліктілік талаптарына және (немесе) тендерлік құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейді деп тануға;
4) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алуды жүзеге асыру кезінде біртекті емес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді - біртектілігі бойынша, біртекті тауарларды - біртекті тауарлардың түрлері бойынша және беру орындары бойынша, біртекті жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың орындалған, көрсетілген орны бойынша лоттарға бөлмеуге;
5) сатып алу бойынша сараптама комиссиясының не сатып алу жөніндегі сарапшының тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешім қабылдауына негіз болатын көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауына;
6) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген жағдайларда бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға;
7) әлеуетті өнім берушіден тендерлік құжаттамада көзделмеген құжаттарды ұсынуды талап етуге жол берілмейді.
12-бап. Шартты жасасу және орындау
1. Шартты жасасу және орындау осы Заңға, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шарттың тараптарына қатысты тепе-теңдік негізде шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін жауаптылық көзделуге тиіс.
Шартта тауарлардың берілгені, жұмыстардың орындалғаны не қызметтердің көрсетілгені үшін осы шарт бойынша міндеттемелер орындалған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде толық ақы төлеу туралы талаптар қамтылуға тиіс.
3. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда тараптардың өзара келісуі бойынша шарттың жобасына не жасалған шартқа өзгерістер енгізуге жол беріледі.
4. Шарттың жобасына не жасалған шартқа өткізілетін (өткізілген) сатып алу талаптарының мазмұнын өзгертуі мүмкін өзгерістерді енгізуге жол берілмейді.
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Офтейк-келісімшарттарды Қор және Қордың ұйымдары Қор айқындаған тәртіппен жасайды.
Жасалған офтейк-келісімшартқа сатып алу көлемін азайту және келісімшарттың бағасын төмендету бойынша өзгерістерді біржақты тәртіппен енгізуге жол берілмейді.
13-бап. Сатып алу саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Сатып алу саласындағы уәкілетті орган:
1) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу веб-порталдарын айқындайды;
2) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу веб-порталдарының жұмыс істеу, оның ішінде веб-порталдар жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
3) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алуға қатысушылардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады;
4) сараптамалар және консультациялар жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын тартады;
5) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін сатып алу мәселелері бойынша, оның ішінде тиісті салалардың уәкілетті органдарымен келісу бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
6) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы саласында тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;
7) Қордың сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметті қоспағанда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет жүзеге асыратын бақылау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуды жүргізуі кезінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғайды және қарайды және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолданады;
9) 2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10) Қордың және Қор ұйымдарының офтейк-келісімшартты жасасу және орындау тәртібін келіседі;
11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу саласындағы құзыреті
1. Қор Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу мәселелері бойынша бақылауды және әдістемелік басшылықты, мониторингті және талдауды жүзеге асырады.
2. Қор мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу веб-порталын айқындайды;
2) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу веб-порталының жұмыс істеу, оның ішінде веб-портал жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
3) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу саласындағы тізілімдерді, тізбелерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;
4) Қордың және Қор ұйымдарының офтейк-келісімшартты жасасу және орындау тәртібін бекітеді;
5) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің функцияларын жүзеге асыратын Қордың құрылымдық бөлімшесін айқындайды;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қордың жарғысында және Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібінде белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Қордың Директорлар кеңесі:
1) Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібін бекітеді;
2) Қордың сатып алуын жүзеге асыруына бақылау жүргізу қағидаларын бекітеді.
4. Тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары немесе өзге де басшысы сатып алу жөніндегі комиссияның төрағасы болып тағайындалады.
15-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау
1. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің осы Заңның талаптарын және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын сақтауын бақылауды сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет және сатып алу саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
2. Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет өз жұмысында квазимемлекеттік сектор субъектісінің директорлар кеңесіне есеп береді, ол сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін, жұмыс тәртібін айқындайды, оның басшысын тағайындайды және өкілеттігін тоқтатады, оның жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің мөлшері мен өзге де шарттарын айқындайды.
Қордың және Қор ұйымдарының сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет тікелей Қордың басқармасына бағынады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібі Қордың сатып алуын жүзеге асыруына бақылау жүргізу қағидаларында айқындалады.
3. Мыналар бақылау объектілері болып табылады:
1) тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, тендерлік комиссия (аукциондық комиссия), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы, сатып алу жөніндегі сарапшы;
2) өткізілетін сатып алу нысанасы шегінде әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтерді көрсету бойынша бірлесіп орындаушылар ретінде тартатын тұлғалар;
3) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы.
4. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуына бақылау жүргізуге мыналар негіз болып табылады:
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) сатып алуға қатысатын (қатысқан) әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің не оның уәкілетті өкілінің тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының не тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жазбаша жолданымы не жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымы;
2) құқық қорғау органдарының келіп түскен қаулылары;
3) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің тексеру жүргізу жоспары;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) тапсырыс беруші ұсынған бұзушылықтар туралы мәліметтер.
5. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет бақылау нәтижелері бойынша сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзушылықтарды анықтаған кезде бақылау объектісіне:
1) бұзушылықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті хабарламаны;
2) анықталған бұзушылықтарды және олардың туындау себептерін жою жөніндегі ұсынымдарды қамтитын, орындалуы міндетті жоспарлы тексеру актісін жібереді.
6. Бақылау нәтижелері бойынша бақылау объектісінің қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бар әрекетті (әрекетсіздікті) жасау фактісі анықталған кезде сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көрсетілген әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына беруге міндетті.
7. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберген жағдайда, бақылау объектісі хабарламада көрсетілген бұзушылықтарды осындай хабарлама табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде жоюға міндетті.
8. Бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімде орындалмаған жағдайда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет материалдарды сатып алу саласындағы уәкілетті органға береді.
16-бап. Тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің шешіміне шағым жасау
1. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің, өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші, өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
2. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші өтінімдер, баға ұсыныстары ашылған күнге дейін олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
3. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім беруші сатып алу қорытындылары туралы хаттама жарияланған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
4. Тендерлік комиссия тендер нәтижелерімен келіспеген әлеуетті өнім берушінің жолданымына уәжді шешім ұсынуға міндетті.
5. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда, шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдер өткен соң тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке шағым жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Әлеуетті өнім берушінің, өнім берушінің шағымы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес сатып алу веб-порталы арқылы берілуі мүмкін.
8. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет сатып алу қорытындыларының күшін жою және (немесе) оларды қайта қарау не олардың күшін жоюдан және (немесе) оларды қайта қараудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Сатып алу қорытындыларының күшін жою және (немесе) оларды қайта қарау қажеттілігінің жоқтығы туралы тұжырымдарды қамтитын, сатып алу қорытындыларының күшін жоюдан және (немесе) оларды қайта қараудан бас тарту туралы уәжді негіздемесі бар шешім осындай шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіге жіберіледі.
9. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің осы баптың 8-тармағына сәйкес қабылданған шешімімен келіспеген жағдайда, әлеуетті өнім беруші оған сотқа шағым жасауға құқылы.
17-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
18-бап. Сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі
1. Мәліметтері мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайларда және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда, ерекше тәртіп қолданылатын сатып алу жүзеге асырылады.
2. Ерекше тәртіп сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
3. Ерекше тәртіп қолданылатын сатып алу сатып алу веб-порталы пайдаланылмай жүзеге асырылады.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 4-тармағын қоспағанда, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 8 маусым
№ 47-VII ҚРЗ