13. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тексерулерді қоспағанда, осы Кодексте белгіленбеген өзге де тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
144-1-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау
1. Бақылау және қадағалау органдары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды бақылау мен қадағалау субъектісі ұсынған есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстардан алынған мәліметтерді және бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде жүзеге асырады.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу үшін Қазақстан Республикасының заңдарында жүргізудің мақсаттары, құралдары, тәсілдері, субъектілердің (объектілердің) тізбесі, жүргізу жиілігі, бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) байқауды есепке алу тәсілі міндетті түрде көрсетіле отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі айқындалады.
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес мынадай шарттардың барлығы сақтала отырып жүзеге асырылады:
1) бақылау және қадағалау органдарының бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) баруына тыйым салынады;
2) құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркеу әрі бақылау мен қадағалау субъектісін алдын ала хабардар ету талап етілмейді;
3) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау қорытындылары бойынша, бұзушылық болған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай, бірақ бақылау мен қадағалау субъектісіне оны жою тәртібі міндетті түрде түсіндіріле отырып, қорытынды құжаттар (анықтама, қорытынды, ұсынымдар және басқалар) жасалады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды талдау нәтижелері бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу үшін бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеуге негіз болып табылады.
Бақылау жəне қадағалау органында автоматты режимде тəуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі болған кезде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды талдау нəтижелері осы ақпараттық жүйеде ескеріледі.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-2-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
144-2-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 19 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау - бақылау және қадағалау органдары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүргізетін бақылауды білдіреді және оның нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылау мен қадағалау субъектілеріне әкімшілік іс жүргізуді қозғамай оларды жою туралы нұсқама шығарылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жедел ден қою шаралары қолданылады.
Нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, осы бақылаудың алдындағы жылы аталған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты осы Кодекстің 131-бабының 5-тармағына және 144-1-бабына сәйкес бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жасалған жағдайда жүргізіледі.
Бақылау жəне қадағалау органында тəуекелдерді бағалау мен басқарудың автоматтандырылған жүйесі қамтылған ақпараттық жүйе болған кезде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдері міндетті түрде «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінде орналастырылады.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың жиілігін бақылау және қадағалау органдары жоғары және орташа тәуекел дәрежелеріне жатқызылған бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты жылына екі реттен жиілетпей айқындайды.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 19 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына, тексеру парақтарына қатысты актілерді әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді, олар «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінде орналастырылады.
4. Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйелерінде графиктер мен жартыжылдық тізімдерді автоматты режимде қалыптастыру жағдайын қоспағанда, реттеуші, мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы бекіткен бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) жартыжылдық тізімі бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға негіз болып табылады.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдері бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау тағайындалған объектілерді міндетті түрде көрсете отырып, бақылау мен қадағалау субъектілеріне қатысты қалыптастырылады.
Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйелерінде графиктер мен жартыжылдық тізімдерді автоматты режимде қалыптастыру жағдайын қоспағанда, бақылау және қадағалау органдары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу жылының алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 мамырына дейінгі мерзімде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің бекітілген жартыжылдық тізімдерін, оның ішінде электрондық нысанда құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық жиынтық тізімін қалыптастыру үшін жібереді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдерінің нысанын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдеріне өзгерістер енгізу Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті орган бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық жиынтық тізімін бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу жылының алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастырады.
Бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімі негізінде бақылау мен қадағалау субъектісін (заңды тұлғаның басшысын не оның уәкілетті адамын, жеке тұлғаны) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің басталғаны туралы күнін көрсете отырып, ол басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің басталғаны туралы хабарлама қолма-қол табыс етіледі, табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында не егер осы субъект бұрын электрондық поштасының мекенжайын бақылау және қадағалау органына ұсынған болса, бақылау мен қадағалау субъектісінің осындай мекенжайына электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған электрондық құжат арқылы немесе өзге де қолжетімді тәсілмен жіберіледі.
Егер бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің басталғаны туралы хабарлама алған бақылау мен қадағалау субъектісі бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау кезінде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 42-бабының 6-тармағына сәйкес мемлекеттік қайта тіркеуден өткен болса, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің басталғаны туралы қайта хабардар ету талап етілмейді.
Осы тармақтың жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктерінің ережелері патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын бақылау және қадағалау субъектілеріне бару арқылы профилактикалық бақылауға қолданылмайды.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу қорытындылары бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау және қадағалау органы бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою туралы нұсқама береді.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүзеге асыру барысында жəне (немесе) оның қорытындылары бойынша осы Кодекстің 136-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартпай, жедел ден қою шаралары қолданылуы мүмкін.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Осы баптың ережелері осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің жəне 5-тармағының талаптарын қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті жол берілетін бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүзеге асыру кезінде қолданылмайды.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-3-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
144-3-бап. Бақылау мақсатында сатып алу
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бақылау мақсатында сатып алу деп бақылау және қадағалау органының тауар нысанындағы өнімді бақылау шеңберінде сатып алуды жүзеге асыруы түсініледі.
Бақылау мақсатында сатып алу профилактикалық бақылаудың дербес түрі болып табылады, оны жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы бапта айқындалады.
Бақылау мақсатында сатып алуды өткізу тəртібі:
1) бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешім қабылдау негіздерін;
2) мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар ете отырып, бақылау жəне қадағалау органы басшысының бақылау мақсатында сатып алуды өткізу туралы шешімін;
3) бақылау мақсатында сатып алуды өткізу қажет болатын өнім атауын, сондай-ақ оны өткізу мерзімдерін айқындауды;
4) сатып алынған өнімге зерттеу жүргізу тəртібін;
5) бақылау мақсатында сатып алуды өткізу нəтижелерін ресімдеуді қамтиды.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Бақылау мақсатында сатып алу нормативтік құқықтық актілерде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді өткізу фактісін анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
3. Бақылау мақсатында сатып алу сатып алынған өнімнің тізбесі және бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) атауы туралы ақпаратты қамтитын төлем құжатымен расталады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Бақылау мақсатында сатып алудың қорытындылары бойынша бақылау және қадағалау органдары сатып алынған өнімнің нормативтік құқықтық актілерде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін зерттеуді осы Кодекстің 153-бабының екінші бөлігіне сәйкес тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды кейіннен қолдану мүмкіндігімен жүзеге асырады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Бақылау жəне қадағалау органдары мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды бақылау мақсатында сатып алудың қорытындылары туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындаған тəртіппен хабардар етеді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Бақылау мақсатында сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарында профилактикалық бақылаудың осындай түрін жүргізу тікелей көзделген қызмет салаларында жүргізіледі.
Бақылау мақсатында сатып алуды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптар бақылау нысанасы болып табылады. Бұл ретте жеделден қою шаралары тексеру парақтарында белгіленген талаптарды бұзушылықтарға қатысты ғана қолданылады.
6. Бақылау мақсатында сатып алуды жүзеге асыруға және сатып алынған өнімді зерттеуге байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 144-4-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
144-4-бап. Тергеп-тексеру
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бақылау жəне қадағалау органдарының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу себептері мен шарттарын анықтау, оларға жол берген бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) айқындау жөніндегі қызметі, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес шаралар қабылдауы тергеп-тексеру деп түсініледі.
Тергеп-тексеру бақылаудың дербес нысаны болып табылады, оны жүзеге асыру осы бапта жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған.
2. Тергеп-тексеру мақсаттары:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу себептерін анықтау және тиісті шаралар қолдану;
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) айқындау болып табылады.
3. Тергеп-тексеруді жүргізу үшін мыналар негіз болып табылады:
1) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша, мұндай факт тұлғалардың кең тобына қатысты болған және бұзушылықтарға жол берген нақты бақылау мен қадағалау субъектісін (объектісін) анықтау талап етілетін жағдайларда, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жолданымдары;
2) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес қайтыс болуы туралы ақпарат (шұғыл хабархат);
3) эпидемияның, жалған және тіркелмеген пестицидтердің, ветеринариялық препараттардың, жемшөп қоспаларының, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың туындауы мен таралуы туралы мемлекеттік органдар немесе қызмет субъектілері беретін ақпарат (шұғыл хабархат);
4) еңбек қызметіне байланысты жұмыскерлердің денсаулығын зақымдау жағдайлары және еңбекке жарамсыздыққа не өлімге алып келген жағдайлар;
5) алдындағы мән-жайларын анықтау қажеттігі туындайтын авариялар, технологиялық бұзушылықтар немесе оқыс оқиғалар, олардың себептерін, техникалық құрылғыларды пайдалану шарттарын, технологиялық процестерді бұзушылықтардың, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын, электр энергетикасы саласындағы талаптарды бұзушылықтардың сипатын анықтау, осындай авариялардың, технологиялық бұзушылықтардың немесе оқыс оқиғалардың салдарларын жою және оларды болғызбау жөніндегі іс-шараларды, авариядан, технологиялық бұзушылықтан немесе оқыс оқиғадан келтірілген материалдық залалды айқындау;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) нормативтік құқықтық актілерде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттарда белгіленген талаптарды адамның өміріне, денсаулығына және мекендеу ортасына қауіп төндіретіндей бұзушылық анықталған жағдайда, бақылау мақсатында сатып алу қорытындылары бойынша өнімді зерттеу нәтижелері.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер болған кезде бақылау және қадағалау органы тергеп-тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдайды.
5. Тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
Тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі мыналарды:
1) тергеп-тексеру жүргізілетін жағдайларды;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) тергеп-тексеруді жүргізу туралы шешімді ресімдеу тəртібі мен мыналар:
шешімнің шығарылған күні, уақыты мен орны;
шешім шығарған адам көрсетілетін мазмұнын;
2) тергеп-тексеруді жүргізу мерзімдерін және ұзақтығын;
3) бақылау мен қадағалау субъектісін, құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органды, мүдделі мемлекеттік органдарды тергеп-тексеруді жүргізудің басталуы туралы хабардар ету мерзімдерін;
4) тәуелсіз сарапшыларды және өзге де мүдделі тұлғаларды тарту тәртібін;
5) тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамын қалыптастыру шарттары мен тәртібін;
6) тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу тәртібін қамтуға тиіс.
6. Тергеп-тексеруді жүргізу мерзімдері күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс және күнтізбелік отыз күнге бір рет қана ұзартылуы мүмкін.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары бойынша бақылау және қадағалау органдары тергеп-тексеруді жүргізу үшін негіз болған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылыққа жол берген бақылау мен қадағалау субъектісін (субъектілерін) айқындайды.
Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары бойынша бұзушылыққа жол берген бақылау мен қадағалау субъектісіне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шаралар қабылданады.
Бақылау және қадағалау органы мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, тергеп-тексеруді жүргізу қорытындыларын интернет-ресурста жариялайды.
Бақылау жəне қадағалау органдары мемлекеттік құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды тергеп-тексеру қорытындылары туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындаған тəртіппен хабардар етеді.
Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу себептерін анықтау жəне көрсетілген талаптарды бұзуға жол берген бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) айқындау үшін тергеп-тексеруді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптар бақылау нысанасы болып табылады. Бұл ретте жедел ден қою шаралары тексеру парақтарында белгіленген талаптарды бұзушылықтарға қатысты ғана қолданылады.
8. Тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының заңдарында бақылаудың осындай нысанын жүргізу тікелей көзделген қызмет салаларында жүргізіледі.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 145-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
145-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт
1. Бақылау және қадағалау органының бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізіледі.
2. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер;
5) бақылау мен қадағалау субъектісінің атауы немесе бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу тағайындалған жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, бақылау мен қадағалау объектілерінің тізбесі, аумақтың учаскесі;
6) тағайындалған бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің нысанасы;
7) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу мерзімі;
8) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру жүргізудің негіздері, оның ішінде міндетті талаптары бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауға және (немесе) тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
9) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізу кезеңі;
10) бақылау мен қадағалау субъектісінің осы Кодекстің 155-бабында көзделген құқықтары мен міндеттері;
11) актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы және мемлекеттік органның мөрі;
12) заңды тұлға басшысының не оның уәкілетті адамының, жеке тұлғаның бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 146-бап жаңа редакцияда
146-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актіні, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні тіркеу
1. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді қоспағанда, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті түрде тіркеледі.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы акт, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) міндетті түрде көрсетіле отырып, бақылау мен қадағалау субъектісіне қатысты тіркеледі.
Мемлекеттік кірістер органдары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген қарсы тексерулер жүргізген кезде бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері бойынша құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.