1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлға осы құқық бұзушылық жасалған уақытта қолданылған заңнаманың негiзiнде жауаптылыққа жатады.
2. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгінде көзделген іс-әрекеттiң жүзеге асырылған уақыты, салдардың басталған уақытына қарамастан, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған уақыт деп танылады.
5-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңның керi күшi
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін немесе оның күшін жоятын не әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзге түрде жақсартатын заңның керi күшi болады, яғни осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы орындалмаған құқық бұзушылыққа қолданылады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жауаптылықты белгiлейтiн немесе күшейтетiн немесе тұлғаның жағдайын өзге түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды.
2-тарау. ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАНЫҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚАҒИДАТТАРЫ
6-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың мiндеттерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың міндеттері - адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, халықтың денсаулығын, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын, қоршаған ортаны, қоғамдық имандылықты, меншiктi, қоғамдық тәртiпті және қауiпсiздiктi, мемлекеттiк билiктi және мемлекеттік басқаруды жүзеге асырудың белгiленген тәртiбiн, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардан қорғау, сондай-ақ олардың жасалуының алдын алу.
2. Осы мiндеттi жүзеге асыру үшiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнама әкiмшiлiк жауаптылықтың негiздерi мен қағидаттарын белгiлейдi, қандай іс-әрекеттердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар болып табылатынын және оларды жасағаны үшiн қолданылатын жаза түрлерiн, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға қандай әкiмшiлiк жаза қолданылуы, қай мемлекеттiк органның (лауазымды адамның) және қандай тәртiппен қолдануы мүмкiн екенiн айқындайды.
7-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнама қағидаттарының маңызы
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнама қағидаттарының маңызы мынада: оларды бұзу, оның сипаты мен мәнiне қарай, iс бойынша болған iс жүргізуді жарамсыз деп тануға, осындай iс жүргiзудiң барысында шығарылған шешiмдердiң күшiн жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдеу күшi жоқ деп тануға әкеп соғады.
8-бап. Заңдылық
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар, әкімшілік жаза шаралары, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары және әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары осы Кодекспен ғана айқындалады. Осы Кодексте белгіленген негіздер мен тәртіптен өзгеше ретте, ешкім де әкімшілік жазаға, әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларына тартыла алмайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген сот, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша iс жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстiң, осы Кодекстiң 1-бабында көрсетілген өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын дәлме-дәл сақтауға мiндеттi. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңды күшi бар және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады. Қазақстан Республикасының заңында және Конституциясында белгiленген қағидалар арасында қайшылықтар болған жағдайда Конституцияның ережелерi қолданылады.
2022.05.11. № 158-VII ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Соттар адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітіп берілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасалатын заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқылы емес. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітіп берілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп тапса, ол iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгiнуге мiндеттi. Сот Конституциялық Соттың шешiмiн алғаннан кейін iс бойынша iс жүргiзу қайта басталады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттардың және органдардың (лауазымды адамдардың) конституциялық емес деп танылған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады.
9-бап. Заң мен сот алдындағы теңдiк
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргізу барысында заң мен сот алдында бәрі тең. Тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
10-бап. Кiнәсiздiк презумпциясы
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған адам кiнәсi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және өз өкiлеттiктері шегiнде iстi қараған судьяның, органның (лауазымды адамның) заңды күшiне енген қаулысымен белгiленгенге дейін кiнәсiз деп есептеледi.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралған жағдайда, сондай-ақ айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама бойынша өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған адам тиісті шешім заңды күшiне енген кезге дейін кiнәсiз деп есептеледi.
2. Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес.
3. Кiнәлiлiкке келтiрiлген кез келген күмәндар өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған тұлғаның пайдасына түсiндiрiледi. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдану кезiнде туындайтын күмәндар да оның пайдасына шешiлуге тиiс.
11-бап. Кiнә қағидаты
1. Жеке тұлға кiнәсi анықталған құқық бұзушылықтары үшiн ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады. Жеке тұлғаның кiнәсiз зиян келтiргені үшiн объективтi кiнә тағуға, яғни әкiмшiлiк жауаптылыққа жол берiлмейдi.
2. Қасақана немесе абайсызда іс-әрекет жасаған жеке тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа кінәлі деп танылады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 12-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
12-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа қайта тартуға жол бермеу
Ешкiмдi де нақ сол бiр құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жауаптылыққа қайталап тартуға болмайды.
13-бап. Iзгiлiк қағидаты
Құқық бұзушылық жасаған адамға қолданылатын әкiмшiлiк жаза дене азабын келтіруді немесе адами қадiр-қасиетті қорлауды мақсат тұтпайды.
14-бап. Жеке басқа қол сұғылмаушылық
1. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiптен өзгеше ретте, ешкiмді де әкiмшiлiк ұстап алуға, күштеп әкелуге, iшкi iстер органдарына (полицияға) немесе басқа да мемлекеттiк органдарға жеткiзуге, жеке басын жете тексеруге және жеке тұлғаның заттарын жете тексеруге немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз етудің өзге де шараларын қолдануға болмайды.
2. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен судьяның қаулысы бойынша ғана әкімшілік жазалау шарасы ретінде әкімшілік қамаққа алу қолданылуы мүмкін.
3. Әрбiр ұстап алынған, күштеп әкелінген, iшкi iстер органдарына (полицияға) немесе басқа да мемлекеттiк органға жеткiзiлген адамға ұстап алудың, күштеп әкелудiң, жеткiзудiң негiздерi, сондай-ақ жасалуы оған тағылып отырған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың заңдық саралануы дереу хабарланады.
4. Мемлекеттiк орган (лауазымды адам) заңсыз ұстап алынған, күштеп әкелiнген, жеткiзiлген немесе судья қаулысында көзделген мерзімнен артық әкімшілік қамаққа алуда болған адамды дереу босатуға мiндеттi.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысушы адамдардың ешқайсысын азаптауға, оларға күш қолдануға, қатыгездiкпен немесе адами қадiр-қасиетiн қорлайтындай қарауға болмайды.
6. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу процесiнде тұлғаның не оның өкiлiнiң еркiне қарсы жеке басқа қол сұғылмаушылықты бұзатын әрекеттер жасау тек осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана мүмкiн болады.
7. Өзіне қатысты әкімшілік жазалау шарасы ретінде әкімшілік қамаққа алу таңдалған адамды, сондай-ақ әкімшілік ұстап алынған адамды ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қатер төндірмейтін жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
8. Заңсыз әкімшілік қамаққа алудың, өмiрi мен денсаулығына қауіпті жағдайларда ұстаудың, оған қатыгездiкпен қараудың салдарынан жеке тұлғаға келтiрiлген зиян заңда көзделген тәртiппен өтелуге жатады.
15-бап. Жеке бастың абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде iске қатысатын адамның абыройын қорлайтын немесе қадiр-қасиетiн кемсiтетiн шешімдер мен әрекеттерге тыйым салынады, жеке өмiр туралы мәлiметтердi, сол сияқты адам құпия сақталуы қажет деп есептейтiн жеке және іскерлік сипаттағы мәлiметтердi осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу барысында соттың, басқа да мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерiмен адамға келтiрiлген моральдық зиян заңда белгiленген тәртiппен өтелуге жатады.
16-бап. Жеке өмiрге қол сұғылмаушылық және құпияны қорғау
Жеке өмiр, жеке бас, отбасы құпиясы, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпия заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдары мен жинақ ақшасының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және өзге хабарларының құпиясына құқығы бар. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу барысында осы құқықтарды шектеуге заңда тiкелей белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана жол берiледi.
17-бап. Меншiкке қол сұғылмаушылық
1. Меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды.
2. Меншікке қол сұға отырып, мүлiк пен құжаттарды алып қою; көлiк құралын, шағын көлемді кеменi басқарудан шеттету; көлiк құралын, шағын көлемді кеменi ұстап алу; көлiк құралдарын, шағын көлемді кемелердi жете тексеру; аумақтарды, үй-жайларды, көлiк құралдарын, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап-тексеру, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуді қамтамасыз етудің өзге де шараларын қолдану осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
18-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттың (судьяның) және органның (лауазымды адамның) тәуелсiздiгi
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттар (судьялар) және органдар (лауазымды адамдар) оларды өздерiне сырттан ықпал етуге болмайтын жағдайларда шешедi. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттың (судьяның) және органның (лауазымды адамның) қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi және ол заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
19-бап. Куә айғақтарын беру мiндетiнен босату
1. Ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен айқындалған шектегi өзінің жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес.
2. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куә болуға мiндеттi емес.
2021.29.12. № 92-VII ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымдық міндеттерін атқаруына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы айғақтар беруге міндетті емес.
2021.29.12. № 92-VII ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi және үшінші бөлiктерiнде көзделген жағдайларда аталған адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және бұл үшiн оларды қандай да бір жауаптылыққа тартуға болмайды.
20-бап. Бiлiктi заң көмегiне құқықтарды қамтамасыз ету
1. Әркiмнiң әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар.
2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегi тегiн көрсетiледi.
21-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргiзудiң жариялылығы
1. Сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органдар (лауазымды адамдар) осы iстер бойынша іс жүргiзудi ашық жүзеге асырады.
2. Заңға сәйкес жабық іс жүргізу мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар iстерге қатысты, сондай-ақ сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) iске қатысатын тұлғаның бала асырап алудың құпиясын қамтамасыз ету, жеке басы, отбасы құпиясын, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, жеке тұлғалар өмiрiнiң ішкі сырлары туралы мәлiметтердi сақтау қажет екендігiне не ашық талқылауға кедергi келтiретiн өзге де мән-жайларға сiлтеме жасаған өтiнiшхатын қанағаттандырған кезде жүзеге асырылады.
3. Жеке тұлғалардың жеке жазысқан хаттары мен жеке телеграф хабарлары өзара хат жазысқан және телеграф хабарларын алмасқан адамдардың келiсімiмен ғана ашық iс жүргiзу кезінде жария етiлуi мүмкiн. Бұлай болмаған жағдайда осы адамдардың жеке жазысқан хаттары мен жеке телеграф хабарлары жабық iс жүргiзу кезінде жария етiледi және зерттеледi. Көрсетілген қағидалар жеке сипаттағы мәлiметтерді қамтитын фото- және киноқұжаттарды, дыбыс және бейне жазбаларды, электрондық жеткізгіштердегі ақпаратты зерттеген кезде де қолданылады.
4. Iске қатысатын тұлғалардың және ашық iс жүргiзу кезінде қатысып отыратын жеке тұлғалардың iс жүргiзу жүзеге асырылып жатқан үй-жайда өздері отырған орындардан iстің жүргiзілу барысын жазбаша түрде немесе аудиожазбаны пайдалана отырып жазып алуға құқығы бар. Iс жүргiзу барысында кино- және фототүсірілімге, бейнежазбаға, радио, теледидар және интернет-ресурстар бойынша трансляциялауға соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) рұқсаты бойынша, iске қатысатын тұлғалардың пiкiрi ескеріле отырып, жол берiледi. Бұл әрекеттер iстiң қалыпты жүргізілу барысына кедергі келтірмеуге тиiс және оларға уақыт жағынан шектеу қойылуы мүмкiн.
22-бап. Iс жүргiзу барысында қауiпсiздiктi қамтамасыз ету
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) қалыпты жұмысын және iс жүргiзуге қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайларда өтедi. Қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында судья, лауазымды адам іс бойынша iс жүргiзу кезiнде қатысып отырғысы келетін адамдарға тексеру жүргізу, онымен қоса олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеру, жеке басын жете тексеру және олар әкелген заттарды жете тексеру туралы өкiм бере алады.
23-бап. Процестік шешiмдерге дау айту және процестік әрекеттерге шағым жасау еркіндігі
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жөніндегі хаттамаларды жасауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) әрекеттерiне шағым жасалуы мүмкін, ал әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстерді қарауға уәкілеттік берілген соттың, органның (лауазымды адамның) шешімдеріне осы Кодексте белгiленген тәртiппен дау айтылуы мүмкін.
2. Iске қатысатын тұлғаның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларды осы Кодексте белгiленген тәртiппен қайта қаратуға құқығы бар.
3. Шағым берген тұлғаға зиян келетiндей етiп немесе соның мүддесінде шағым берiлген тұлғаға зиян келетiндей етiп шағымды қарауға жол берiлмейдi.
24-бап. Адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сот арқылы қорғау
1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғауға құқығы бар. Мүдделi тұлға бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн заңда белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Прокурор өзiне жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру мақсатында және жеке тұлғалардың, ұйымдардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттiк мүдделердi қорғау үшiн талап қоюмен (арызбен) сотқа жүгiнуге құқылы.
3. Ешкiмге өзінің келiсiмiнсiз ол үшiн заңда көзделген соттылығын өзгертуге болмайды.
4. Кәмелетке толмағандар немесе өзінің физикалық немесе психикалық жағдайына байланысты өз құқықтарын өз бетінше жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылғандар болып табылатын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жүргізіліп жатқан тұлғаның немесе жәбірленушінің заңды өкіліне сот осы Кодекстің 683-бабының бесінші бөлігінде көзделген құқықты түсіндіруге міндетті.
2-Бөлiм. Әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік жауаптылық
Жалпы бөлік
3-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық
25-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық
1. Осы Кодексте сол үшін әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, жеке тұлғаның құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетi не әрекетсiздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады.
2. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген құқық бұзушылықтар үшiн, егер бұл құқық бұзушылықтар өзiнiң сипаты бойынша заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, әкiмшiлiк жауаптылық туындайды.
26-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қасақана жасау
Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке тұлға өзiнiң әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) құқыққа қарсы сипатын сезiнсе, оның зиянды салдарын алдын ала бiлсе және осы салдардың туындауын қаласа немесе оған саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық қасақана жасалды деп танылады.
27-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты абайсызда жасау
Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жеке тұлға өз әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) зиянды салдарының туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлсе, бiрақ жеткiлiктi негiзсiз олардың алдын алуға болады деп ұшқары ойласа не тиiстi назар салған және көре білген жағдайда, олардың алдын алуға тиіс және солай ете алатын болса да осындай салдардың туындау мүмкiндiгiн алдын ала бiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық абайсызда жасалды деп танылады.
4-тарау. Әкiмшiлiк жауаптылық
28-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа жататын тұлғалар
Әкiмшiлiк жауаптылыққа:
1) әкімшілік құқық бұзушылық аяқталған немесе оның жолын кескен кезде он алты жасқа толған, ақыл-есi дұрыс жеке тұлға;
2) заңды тұлға жатады.
29-бап. Ақыл-естiң дұрыс еместігі
Осы Кодексте көзделген құқыққа қарсы іс-әрекет жасаған кезде ақыл-есi дұрыс емес жағдайда болған, яғни өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қауiптiлiгiн сезіне алмаған немесе оларды созылмалы психикалық ауруының, психикасының уақытша бұзылуының, ақыл-есі кемдiгiнің немесе психикасының өзге де сырқатты жай-күйiнiң салдарынан басқара алмаған жеке тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа жатпайды.
30-бап. Лауазымды адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы
Лауазымды адам өз қызметтiк мiндеттерiн орындамауына немесе тиiсiнше орындамауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жағдайда әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылады. Мұндай мән-жай болмаған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуына кiнәлi лауазымды адам жалпы негiздерде жауаптылыққа жатады.
Ескертпе. Осы Кодексте әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билiк өкiлiнiң функцияларын жүзеге асыратын немесе жүзеге асырған не әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде мемлекеттiк мекемелерде, квазимемлекеттік сектордың субъектілерінде, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын немесе орындаған адамдар - лауазымды адамдар деп танылады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 31-баптың тақырыбы жаңа редакцияда
31-бап. Құқық бұзушылық сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптарымен тiркелген кездегі әкiмшiлiк жауаптылықтың ерекшелiктерi
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптарымен тiркелген кезде жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауаптылыққа көлiк құралдарының меншiк иелерi (иелерi) тартылады.
2. Егер көлiк құралының меншiк иесiнiң (иесiнiң) хабарламасы немесе арызы бойынша тексеру барысында құқық бұзушылық тiркелген кезде көлiк құралы иелiгiнде болған тұлға анықталса не басқа тұлғалардың құқыққа қарсы әрекеттерiнiң нәтижесінде көлiк құралына ие бола алмай қалса, осы көлiк құралының қатысуымен жасалған құқық бұзушылық үшiн ол әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылады.
Ескертпе.
Осы Кодекстiң баптарында көлiк құралын меншiк құқығымен иеленетiн жеке тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi көлiк құралдары уақытша иелену мен пайдалануға берiлген жеке тұлғалар көлiк құралдарының иелерi деп танылады.
Осы Кодекстiң баптарында сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары деп құқық бұзушылықтарды байқау мен тiркеудiң метрологиялық салыстырып тексеруден өткен техникалық құралдары мен аспаптарын, құқық бұзушылықтың жасалу фактiсi мен уақытын, көлiк құралының түрiн, маркасын, мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсiн, сондай-ақ жүрiсiнiң жылдамдығы мен бағытын тiркейтiн фото-, бейне аппаратураны түсiну қажет.
32-бап. Әскери қызметшiнің, прокурордың және тәртіптік жарғылардың не арнайы ережелердің күші қолданылатын өзге де адамдардың өздері әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкiмшiлiк жауаптылығы