1. Адвокаттар алқасы мүшесінің:
1) адвокаттар алқасы, оның органдары мен лауазымды адамдары тарапынан берілетін жәрдемді, кәсіптік көмек пен қорғауды пайдалануға;
2) адвокаттар алқасының органдарына сайлауға және сайлануға;
3) адвокаттар алқасы органдарының алдына алқа қызметіне қатысты мәселелер қоюға, алқа мен оның органдарының жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізуге, шешімдерді талқылау мен қабылдауға қатысуға, адвокаттар алқасының органдарынан олардың қызметі туралы құжаттар мен материалдар ұсынуын талап етуге;
4) өзінің қызметін немесе мінез-құлқын адвокаттар алқасының органдары тексерген және талқылаған барлық жағдайларда оған жеке өзі қатысуға;
5) адвокаттар алқасының жарғысында айқындалған тәртіппен және шарттарда оның мүлкін пайдалануға;
6) адвокаттар алқасының құрамынан өз еркімен шығуға құқығы бар.
2. Адвокаттар алқасының мүшесі:
1) адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын сақтауға;
2) адвокаттар алқасы мүшелері жалпы жиналысының (конференциясының), Республикалық адвокаттар алқасының және олардың органдарының шешімдерін орындауға;
3) мүшелік және нысаналы жарналар төлеуге;
4) адвокаттар алқасының төралқасына көрсетілген заң көмегі туралы статистикалық мәліметтер ұсынуға;
5) тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда) өзгерген жағдайда, Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда лицензиарға адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге;
6) адвокаттар алқасының төралқасына өзінің заңды мекенжайының өзгергені туралы хабарлауға;
7) адвокаттар алқасының төралқасына жеке және заңды тұлғалардың өзі көрсеткен заң көмегінің сапасына берген жолданымдары бойынша тексеру үшін қажетті материалдарды ұсынуға міндетті.
3. Адвокаттар алқасының мүшесі адвокаттар алқасының алдында, мүшелік және нысаналы жарналарды төлеу міндеттемесінен басқа, өзге біржақты мүліктік міндеттемелер жүктей алмайды.
4. Адвокаттар алқасының мүшелері өздерінің құқықтары мен міндеттері бойынша тең болады.
62-бап. Заң консультациясы
1. Азаматтардың заң көмегіне қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін адвокаттар алқасының төралқасы заң консультацияларын, оның ішінде мамандандырылған заң консультацияларын құрады.
2. Заң консультациясы адвокаттар алқасының құрылымдық бөлімшесі (филиалы) болып табылады. Оның өз атауы және тиісті адвокаттар алқасына тиесілілігі көрсетілген мөрі, заң көмегін көрсетуді ұйымдастыруға қажетті өзге атрибутикасы болады. Заң консультациясы адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) қабылдайтын Ереже негізінде жұмыс істейді.
3. Заң консультациясы орналасатын жерді адвокаттар алқасының төралқасы айқындайды.
4. Заң консультациясын адвокаттар алқасының төралқасы тағайындайтын меңгеруші басқарады.
63-бап. Адвокаттық кеңсе
1. Адвокаттық кеңсе коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Адвокаттық кеңсе адвокаттардың заң көмегін көрсетуінің материалдық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында құрылады (жасалады).
3. Адвокаттық кеңсені адвокаттар алқасының мүшесі (мүшелері) құрады (жасайды). Адвокат тек бір ғана адвокаттық кеңсенің әріптесі бола алады.
4. Адвокаттық кеңсенің әріптестері оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал адвокаттық кеңсе өз әріптестерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
5. Адвокаттық кеңсе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес адвокаттардың адвокаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты алған кірістері бойынша олардың салық агенті, сондай-ақ клиенттермен және үшінші тұлғалармен есеп айырысу бойынша және адвокаттық кеңсенің құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мәселелер бойынша олардың өкілдері болып әрекет ете алады.
6. Адвокаттық кеңсе құрған (жасаған) адвокаттар өздерінің арасында қарапайым жазбаша нысанда әріптестік шарт жасасады. Әріптестік шарт бойынша адвокаттар барлық әріптестердің атынан заң көмегін көрсету үшін өз күш-жігерін біріктіруге міндеттенеді. Әріптестік шарт адвокаттық кеңсені мемлекеттік тіркеу үшін ұсынылмайды.
7. Егер әріптестік шартта өзгеше белгіленбесе, адвокаттық кеңсенің жалпы істерін жүргізуді басқарушы әріптес жүзеге асырады. Басқарушы әріптес кеңсе құрамына кіретін барлық әріптестерді білдіре отырып, адвокаттық кеңсенің атынан клиентпен заң көмегін көрсету туралы шарт жасасады.
8. Бір адвокат құрған (жасаған) адвокаттық кеңсе өз қызметін жарғы негізінде жүзеге асырады.
9. Адвокаттық кеңсенің адвокаты адвокаттық кеңсе мемлекеттік тіркелгеннен және (немесе) оған қабылданғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде бұл туралы тиісті адвокаттар алқасын жазбаша хабардар етуге және адвокаттық кеңсенің әріптестік құжаттарын оның иелігіне ұсынуға міндетті.
10. Адвокаттық кеңселердің әріптестері салым ретінде енгізген мүлік адвокаттық кеңсеге меншік құқығында тиесілі болады.
11. Адвокаттық кеңсе әріптестерінің құрамын өзгерту:
1) әріптестің шығуы;
2) жаңа әріптесті қабылдау;
3) әріптестің адвокаттық қызметті осы Заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатуы салдарынан жүзеге асырылуы мүмкін.
12. Адвокаттық кеңсенің әріптестері:
1) егер адвокаттық кеңсенің жарғысында өзгеше көзделмесе, адвокаттық кеңседен шыққан не адвокаттық қызметті тоқтатқан кезде өздері адвокаттық кеңсенің меншігіне берген мүлік құны шегінде адвокаттық кеңсе мүлкінің бір бөлігін немесе осы мүліктің құнын алуға;
2) адвокаттық кеңсе таратылған жағдайда, оның кредиторлармен есеп айырысқаннан кейін қалған мүлкінің бір бөлігін өздері адвокаттық кеңсенің меншігіне берген мүлік құны шегінде алуға құқылы.
13. Адвокаттық кеңселерді құруға мемлекеттік органдардың арнайы рұқсаты талап етілмейді.
64-бап. Адвокаттық қызметті жеке-дара жүзеге асыру
1. Кәсіптік қызметті жеке-дара жүзеге асыруға шешім қабылдаған адвокат бұл туралы адвокаттар алқасын хабардар етеді. Хабарламада адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), оның тұрақты тұрған жері көрсетіледі.
2. Кәсіптік қызметті заңды тұлға құрмастан, жеке-дара жүзеге асыратын адвокат банктерде есеп айырысу шоттары мен өзге де шоттарға, жеке мөрге, мөртабандарға, жеке бланкілерге ие болуға құқылы.
65-бап. Республикалық адвокаттар алқасы
1. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар алқаларының міндетті мүшелігіне негізделген, коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіптік, өзін-өзі бас қаратын, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттық өзін-өзі басқару ұйымы ретінде Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда адвокаттар алқалары мен адвокаттардың мүдделерін білдіру және қорғау, адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіру, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
3. Республикалық адвокаттар алқасын Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы құрады.
4. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы қабылдайды.
5. Республикалық адвокаттар алқасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
6. Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Республикалық адвокаттар алқасы мен оның органдарының өз құзыреті шегінде қабылдаған шешімдері адвокаттар алқалары мен адвокаттар үшін міндетті.
8. Республикалық адвокаттар алқасы аумақтың адвокаттар алқаларының мүшелерін есепке алуды жаңартылған күйде жүргізеді.
9. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), адвокаттар алқаларының басқару органдарының шешімдеріне шағымдарды осы Заңға сәйкес қарайды.
10. Жарғыда көзделген жағдайларда, Республикалық адвокаттар алқасында Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы қабылдайтын ережелер негізінде жұмыс істейтін әдеп жөніндегі комиссия мен басқа да органдар құрылуы мүмкін.
66-бап. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы
1. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында:
1) Республикалық адвокаттар алқасының атауы, қызмет нысанасы мен мақсаттары;
2) Республикалық адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;
3) Республикалық адвокаттар алқасының құрылымы, оның органдарын қалыптастыру тәртібі мен олардың құзыреті;
4) мүлікті түзу көздері және оған билік ету тәртібі;
5) адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдардың мөлшері мен тәртібі;
6) Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі көзделуге тиіс.
2. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында осы Заңның 1-бөлімінің және осы бөлімнің талаптарын көрсететін ережелер қамтылуға тиіс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.
67-бап. Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы
1. Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы Республикалық адвокаттар алқасының жоғары органы болып табылады, ол екі жылда кемінде бір рет шақырылады. Егер конференцияның жұмысына Республикалық адвокаттар алқасы мүшелерінің төрттен үшінен кем емес делегаттар қатысқан болса, ол құқықты болып есептеледі.
2. Конференция Республикалық адвокаттар алқасы қызметінің кез келген мәселелерін шешуге құқылы.
Конференцияның айрықша құзыретіне:
1) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын қабылдау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының орналасатын жерін айқындау;
3) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшелерін лауазымға сайлау және одан босату;
4) Республикалық адвокаттар алқасының төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
5) Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының мүшелері мен төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
6) адвокатураның тәртіптік комиссиясының мүшелері мен төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
7) Республикалық конференцияда адвокаттар алқаларынан делегаттардың өкілдік ету нормаларын бекіту;
8) Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
9) Адвокаттарға аттестаттау жүргізу тәртібі туралы ережені бекіту;
10) уәкілетті органмен келісу бойынша заң көмегін көрсету стандарттарын бекіту;
11) уәкілетті органмен келісу бойынша заң көмегін көрсету сапасының өлшемшарттарын бекіту;
12) адвокаттық мантияның нысаны мен сипаттамасын бекіту;
13) адвокат куәлігінің нысанын бекіту;
14) уәкілетті органмен келісу бойынша Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережені бекіту;
15) уәкілетті органмен келісу бойынша адвокаттардың біліктілігін арттыру стандарттарын бекіту;
16) адвокаттардың біліктілігін арттыру тәртібін бекіту;
17) уәкілетті органмен келісу бойынша адвокаттық сұрау салудың нысанын, оны рәсімдеу және жіберу тәртібін бекіту;
18) тармақша 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
18) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетудің көлемі мен тәртібін бекіту;
19) адвокаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы мінез-құлық қағидаларын бекіту;
20) адвокаттардың тәртіптік комиссиясы туралы ережені бекіту;
21) адвокатураның тәртіптік комиссиясы туралы ережені бекіту;
22) Республикалық адвокаттар алқасының ортақ мұқтаждарына адвокаттар алқалары жүзеге асыратын жарналардың мөлшері мен тәртібін айқындау;
23) Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасын бекіту;
24) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының есебін, оның ішінде Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасының атқарылуы туралы есебін бекіту;
25) ревизиялық комиссияның Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есебін бекіту;
26) конференцияның регламентін бекіту;
27) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
68-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы
1. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы Республикалық адвокаттар алқасының алқалы атқарушы органы болып табылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жылға сайланады және әрбір адвокаттар алқасынан адвокаттардың тең санынан тұрады.
Сол бір адам Республикалық адвокаттар алқасының төралқасында бір мерзімнен артық бола алмайды.
3. Төралқа:
1) Республикалық адвокаттар алқасының жұмысын ұйымдастырады;
2) Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
3) конференциялардың арасындағы кезеңде төралқаның және ревизиялық комиссияның осы Заңда көзделген негіздер бойынша адвокаттар алқаларының мүшелігінен шығарылған мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;
4) осы Заңның 67-бабына сәйкес Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясының бекітуіне жататын құжаттарды әзірлейді;
5) адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіреді;
6) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша, адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді уәкілетті органға ұсынады;
7) адвокаттардың кәсіптік деңгейін көтеру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, адвокаттарды кәсіптік даярлаудың бірыңғай әдістемесін әзірлейді;
8) адвокаттардың әлеуметтік және кәсіптік құқықтарын қорғайды;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен адвокаттық қызметке қатысты мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізуге қатысады;
10) адвокаттар алқаларының өз қызметі туралы есептерін тоқсан сайын қорытады;
11) адвокаттық қызмет мәселелері бойынша әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
12) адвокаттар алқаларын ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
13) жыл сайын мониторинг нәтижелері бойынша алқалар адвокаттары көрсететін қызметтердің орташа құнын (көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша) айқындайды және осы ақпараттың Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырылуын және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етеді;
14) Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурсында:
жаңартылған күйде адвокаттық қызметпен айналысатын адвокаттардың тізімін, сондай-ақ аумақтық адвокаттар алқалары адвокаттарының тізімін;
Қазақстан Республикасының адвокаттық қызметке және заң көмегіне қатысты нормативтік құқықтық актілерін;
Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін;
заң көмегін көрсету стандарттарын;
заң көмегі сапасының өлшемшарттарын;
біліктілікті арттыру стандарттарын;
Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметі туралы, әрбір өзіндік ерекшелік бойынша жеке-жеке барлық түсімдер мен шығыстар туралы ақпарат қамтылатын есепті;
адвокаттар алқалары және Республикалық адвокаттар алқасы төралқаларының құрамдары туралы мәліметтерді;
14) тармақшаның оныншы абзацы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету туралы мәліметтерді;
адвокатураның тәртіптік комиссиясы жұмысының нәтижелерін;
адвокатураның іс-шаралары мен оқиғаларын;
және Республикалық адвокаттар алқасының қызметі туралы өзге де қажетті ақпаратты орналастырады.
Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар алқалары мүшелерінің ақпарат алу тәсілдерін көздеуге тиіс;
15) екі жылда кемінде бір рет Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясын шақырады, оның күн тәртібін қалыптастырады;
16) Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес өз құзыреті шегінде билік етеді;
17) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының регламентін бекітеді;
18) Республикалық адвокаттар алқасының эмблемасын бекітеді;
19) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4. Ревизиялық комиссияның немесе адвокаттар алқалары жалпы санының кемінде үштен бірінің талап етуі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы екі ай ішінде кезектен тыс Республикалық конференцияны шақыруға міндетті.
5. Төралқаның шешімдері оның отырысына қатысып отырған мүшелері жалпы санының жай көп шілік даусымен қабылданады.
69-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы
1. Кемінде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокат Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы болып сайлана алады. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.
Дәл сол бір адам Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы лауазымын бір мерзімнен артық атқара алмайды.
2. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
1) мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, сондай-ақ жеке тұлғалармен қарым-қатынаста Республикалық адвокаттар алқасының атынан өкілдік етеді;
2) Республикалық адвокаттар алқасының атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) сенімхаттар береді;
4) Республикалық адвокаттар алқасының атынан мәмілелер жасасады және Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының шешімі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес билік етеді;
5) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының отырыстарын шақырады;
6) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының шешімдері мен Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
70-бап. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы
1. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыратын және Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясына есеп беретін органы болып табылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы адвокаттар алқаларының мүшелері қатарынан құрылуы мүмкін. Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының мүшелері Республикалық адвокаттар алқасында өзге сайланбалы лауазымды атқаруға құқылы емес.
Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы бес адамнан аспайтын құрамда құрылады.
Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының мүшелері өз қызметін ерікті негіздерде, өтеусіз жүзеге асырады.
3. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясын Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы екі жылдан аспайтын мерзімге сайлайды.
Дәл сол бір адам Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясының құрамында бір мерзімнен артық бола алмайды.
4. Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының кез келген уақытта Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуге құқығы бар және осы мақсатта ол Республикалық адвокаттар алқасы органдарының бүкіл құжаттамасына қол жеткізу құқығына ие болады. Республикалық адвокаттар алқасы органдарының мүшелері Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының талап етуі бойынша ауызша немесе жазбаша нысанда қажетті түсініктер беруге міндетті.
5. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметі туралы жылдық есепке міндетті түрде тексеру жүргізеді және оның нәтижелерін Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырады.
6. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы Адвокаттар алқалары республикалық конференциясының кезекті жиналысына есеп ұсынады.
7. Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының жұмыс тәртібі, есеп ұсыну мерзімділігі Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында және ішкі құжаттарында айқындалады.
71-бап. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі
1. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі адвокаттар алқалары жүзеге асыратын жарналар, гранттар және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды және жеке тұлғалардан түсетін қайырымдылық көмек, қайырмалдықтар есебінен қалыптастырылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасының жалпы мұқтаждарына арналған шығындарға оны материалдық қамтамасыз етуге, адвокаттарға сыйақы беруге арналған шығыстар және олардың Республикалық адвокаттар алқасының органдарында жұмыс істеуіне байланысты шығыстардың өтемақысы, Республикалық адвокаттар алқасының аппараты жұмыскерлерінің жалақысына жұмсалатын шығыстар және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Республикалық адвокаттар алқа сының сметасында көзделген өзге шығыстар жатады.
72-бап. Адвокаттардың тәртіптік жауаптылығы
1. Адвокатты тәртіптік жауаптылыққа тартуды адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жүзеге асырады.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) сайлайтын және оған есеп беретін, адвокаттар алқасының тәуелсіз органы болып табылады. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы шешімдерінің міндетті сипаты болады.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының құрамына адвокаттар алқасының ұсынуы бойынша кемінде бес жыл адвокаттық практика өтілі бар алты адвокат, әділет органдары ұсынған жұртшылықтың үш өкілі, отставкадағы екі судья енгізіледі.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының төрағасы адвокат болып табылады.
Дәл сол бір адам адвокаттардың тәртіптік комиссиясында бір мерзімнен артық бола алмайды.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы туралы ережені және тәртіптік жауаптылыққа тарту рәсімін Республикалық адвокаттар алқасы белгілейді.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының өкілеттік мерзімі екі жылды құрайды.
2. Тәртіптік істі адвокаттардың тәртіптік комиссиясы бұзушылық анықталған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қарайды.
3. Тәртіптік істі қарау кезінде адвокаттардың тәртіптік комиссиясы өзінің отырыстарына шағымдар жолдаған тұлғаларды, сондай-ақ адвокаттар алқасының өздеріне қатысты шағымдар қаралатын мүшелерін шақыруға міндетті.
Әділет органдары тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы ұсыну енгізген жағдайда, оның міндетті түрде қаралуы әділет органы өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады.
Қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген көрсетілген тұлғалардың келмеуі тәртіптік іс жүргізуді қарауға кедергі болмайды.
4. Адвокаттың осы Заңның, Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексінің, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын, Республикалық адвокаттар алқасы органдарының, адвокаттар алқаларының шешімдерін бұзғанын көрсететін жеткілікті деректердің болуы тәртіптік іс жүргізуді қозғауға негіз болып табылады.
5. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокатқа мынадай тәртіптік жазалау шараларын қолдануға құқылы:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) осы Заңның 60-бабында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен адвокаттар алқасынан шығару.
6. Адвокаттың тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тек бір тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
Тәртіптік жаза ол анықталған күннен бастап бір айдан аспайтын, бірақ ол жасалған күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімде қолданылуы мүмкін.
Тәртіптік істі қарау нәтижелері бойынша тәртіптік комиссия адвокаттар алқасының мүшесін анықталған бұзушылықтарды жоюға міндеттейтін және оларды жою мерзімдерін белгілейтін нұсқама шығара алады.
7. Осы баптың 5-тармағында көзделген шешімдер адвокаттардың тәртіптік комиссиясы мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады және қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.
Егер адвокаттардың тәртіптік комиссиясының отырысына оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан болса, ол құқықты болып есептеледі.
8. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокаттар алқасының мүшесіне қатысты тәртіптік жазалау шараларын қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде адвокаттар алқасы осы шешімнің көшірмесін оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, адвокаттар алқасының мүшесіне, сондай-ақ шешім қабылданған шағымды жолдаған адамға жібереді.
9. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешіміне Республикалық адвокаттар алқасында немесе сотта дау айтылуы мүмкін.
10. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жұмысының нәтижелері адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырылады.
73-бап. Адвокатураның тәртіптік комиссиясы
1. Адвокаттар алқалары басқару органдарының мүшелерін, Республикалық адвокаттар алқасы басқару органдарының мүшелерін тәртіптік жауаптылыққа тартуды адвокатураның тәртіптік комиссиясы жүзеге асырады.
Адвокатураның тәртіптік комиссиясы адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешімдеріне шағымдарды да қарайды, тәртіптік практиканы қорытады.