Қазақстан Республикасының
Заңы
Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы
(2021.01.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2021 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы
3-бап. Мемлекет және дін
2-тарау. ДІНИ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Уәкілетті органның құзыреті
5-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша құзыреті
6-бап. Дiнтану сараптамасы
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ДІНИ ҚЫЗМЕТ
7-бап. Дiни жоралар мен рәсiмдер
8-бап. Миссионерлік қызмет
9-бап. Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар
10-бап. Қайырымдылық
11-бап. Дiнге сенушiлердiң және дiни бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары мен қарым-қатынастары
4-тарау. ДІНИ БIРЛЕСТIКТЕРДІ ҚҰРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ, ТАРАТУ
12-бап. Діни бірлестіктердің мәртебесі
13-бап. Діни бірлестіктерді құру
14-бап. Діни бірлестіктің атауы
15-бап. Діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу
16-бап. Дiни бiрлестiктiң жарғысы
17-бап. Діни бірлестікті тіркеуден бас тарту
18-бап. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату
19-бап. Мемлекет және шетелдік діни бірлестіктер
5-тарау. ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ
20-бап. Дiни бiрлестiктердiң меншiгi
21-бап. Мемлекеттiң, ұйымдар мен жеке тұлғалардың меншiгi болып табылатын мүлiктi пайдалану
22-бап. Таратылған дiни бiрлестiктiң мүлкiне иелiк ету
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
23-бап. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
24-бап. Өтпелі ережелер
25-бап. Қорытынды ережелер
Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ғибадат үйі (ғимараты) - құдайға құлшылық етуге, дұға оқылатын және діни жиналыстарға, діни тәу етуге (мінажат етуге) арналған орын;
2) діни қызмет - діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
3) діни қызметші - діни, уағыздаушылық қызметке тиісті діни бірлестік уәкілеттік берген адам;
4) діни бірлестік - Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі;
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) діни ілімді тарату - белгілі бір діннің негізгі догматтары, идеялары, көзқарастары және практикалары туралы ақпаратты жеткізуге, сол сияқты беруге бағытталған қызмет;
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) миссионерлік қызмет - Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі;
6) уәкілетті орган - діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
3-бап. Мемлекет және дін
1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.
3. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
4. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады.
5. Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді.
6. Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы.
7. Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.
Діни қызметшілер, миссионерлер, діни бірлестіктердің басшылары немесе қатысушылары (мүшелері) болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары саяси өмiрге Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен бірдей тек өз атынан ғана қатыса алады.
8. Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес мемлекет:
1) Қазақстан Республикасы азаматының, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның дінге және ұстанатын дініне өз көзқарасын айқындауына, ата-аналардың немесе балалардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне, мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда, араласпайды;
2) діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды жүктемейді;
3) егер дiни бiрлестiктердiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, дiни бiрлестiктердiң қызметіне араласпайды;
4) дiн ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бiрлестiктер арасында өзара төзушілік пен құрметтеу қатынастарын орнатуға жәрдемдеседі.
9. Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес діни бірлестіктер:
1) мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды;
2) саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.
10. Дiни негіздегі партиялардың қызметіне, мақсаттары мен іс-әрекеті мемлекетте бір дiннің үстемдігін орнықтыруға, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа үндеумен және өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттермен байланысты діни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған діни бiрлестіктер құруға және олардың қызметiне тыйым салынады.
11. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне, сол сияқты Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дiнге көзқарасын айқындауда, діни бірлестіктердің қызметіне, дiни жораларға және (немесе) дiндi оқып-үйренуге қатысуына немесе қатыспауына қандай да бiр мәжбүрлеуге жол берiлмейдi.
12. Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға зорлық-зомбылық көрсетумен немесе олардың денсаулығына өзге де зиян келтірумен не ерлі-зайыптылардың некесін бұзумен (отбасының бұзылуымен) немесе туыстық қарым-қатынастарды тоқтатумен, имандылыққа нұқсан келтірумен, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзумен, азаматтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға түрткі болумен және Қазақстан Республикасының заңнамасын өзге де бұзушылықпен ұштасатын діни бірлестіктер қызметіне жол берілмейді.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 13-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
13. Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, оның ішінде қайырымдылық арқылы және (немесе) олардың діни бірлестіктерден шығуына кедергі келтіретін, оның ішінде Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалана отырып бопсалау, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту жолымен не алдау жолымен өз қызметіне мәжбүрлеп тартатын діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді.
14. Діни бірлестіктің қатысушыларын (мүшелерін) және дін ұстанушыларын діни бірлестіктің, оның басшылары мен басқа да қатысушыларының (мүшелерінің) пайдасына өздеріне тиесілі мүлкін иеліктен шығаруға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
15. Дінді және діни көзқарастарды пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың қызметіне қасақана іріткі салуға, олардың үздіксіз жұмыс істеуінің бұзылуына, елдегі басқарушылық деңгейін төмендетуге әкеп соғатын шешімдерді қабылдауға және іс-әрекеттер жасауға жол берілмейді.
16. Діни бірлестіктің басшысы кәмелетке толмағандардың ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті.
2-тарау. ДІНИ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 4-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын қалыптастыруға және iске асыруға қатысады;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) республикадағы діни ахуалды зерделеуді және талдауды жүргізеді;
2) Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, діни білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеп, оған талдау жүргiзедi;
3) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
4) діни қызмет саласында жергiлiктi атқарушы органдарға әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асырады;
5) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттық iс-шараларды жүзеге асырады;
6) дiнтану сараптамаларын жүргізуді қамтамасыз етедi;
7) шет мемлекеттердiң діни қызмет саласындағы уәкілетті органдарымен ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
8) республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметін, шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауды келіседі;
9) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының діни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша қызметiн үйлестiредi;
10) өз құзыреті шегінде діни қызмет және діни бірлестіктер саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларын бекітеді;
11) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
12) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылықтарға қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
13) құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 5-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары діни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша:
1) өңірдегі діни ахуалды зерделеп, оған талдау жүргізеді;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) өңірде жұмыс істеп тұрған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеуді және талдауды жүргiзедi;
2) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнінде ұсыныстар енгiзедi;
3) діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
4) құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметiне тыйым салу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
5) Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылықтарға қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
6) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша жергілікті деңгейде түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi;
7) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекітеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын келіседі;
8) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасатын жерін айқындау, сондай-ақ үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім қабылдайды;
9) діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтардың тізімдеріне тексеру жүргізуді қамтамасыз етедi;
10) миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуді жүргізеді;
11) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Дiнтану сараптамасы
1. Уәкілетті орган мынадай негіздер бойынша дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз етеді:
1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың уәкілетті органға өтініштері;
2) Қазақстан Республикасы ұйымдарының кітапхана қорларына, сондай-ақ уәкілетті органға діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі;
3) жеке тұлғалардың миссионер ретінде тіркеу және діни бірлестіктерді тіркеу туралы өтініші;
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналған әдебиетті және материалдарды қоспағанда, діни әдебиеттің, діни мазмұндағы ақпараттық материалдардың әкелінуі;
5) уәкілетті орган басшысының бұйрығы;
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) діни әдебиеттің және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың әзірленуі, шығарылуы және таратылуы.
2. Құрылтай құжаттары, сондай-ақ діни мазмұндағы басқа да құжаттар, діни білім беру бағдарламалары, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттар дінтану сараптамасы объектілеріне жатады.
3. Дінтану сараптамасын дінтану саласында арнайы білімі бар адамдар, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге де мамандарды тарта отырып, жүргізеді.
4. 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ДІНИ ҚЫЗМЕТ
7-бап. Дiни жоралар мен рәсiмдер
1. Дiни бiрлестiктер құлшылық ету орындарын ұстауға құқылы.
2. Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады). Өзге жағдайларда діни іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Құдайға құлшылық етуді, діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға:
1) осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың;
2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің;
3) діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді.
4. Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде ұсталатын, жазаны орындайтын мекемелерде отырған, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде әлеуметтiк қызмет көрсетуден өтетін, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының емделушілері болып табылатын адамдарға олардың немесе олардың туысқандарының тілегі бойынша салт жораларының қажеттілігі жағдайында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері шақырылады. Бұл ретте діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу аталған ұйымдардың қызметіне кедергі келтірмеуге, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға тиіс.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8-бап. Миссионерлік қызмет
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.
2. Миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тiркеудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары құжаттар берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Миссионер ұсынған материалдар бойынша қорытынды алу үшін дінтану сараптамасын жүргізу кезінде тіркеу мерзімі тоқтатыла тұрады.
3. Қазақстан Республикасының аумағындағы миссионерлер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарында жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.
4. Миссионерлер тіркелу үшін жергілікті атқарушы органдарға мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) паспортының немесе жеке куәлігінің көшірмесін;
2) миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiшті;
3) дiни бiрлестiктің атынан миссионерлiк қызметті жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген құжатты;
4) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы
анықтаманы және өкiлi миссионер болып табылатын дiни бiрлестiк жарғысының көшiрмесiн;
5) миссионерлік қызметке арналған діни әдебиетті, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды ұсынады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионер ретінде тіркелу үшін жергiлiктi атқарушы органдарға мынадай құжаттарды:
1) миссионер өкілдiк ететін дiни бiрлестiктің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша ресми тiркелгендігін куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты;
2) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыруын қосымша ұсынады.
Шет мемлекеттер берген құжаттар қазақ және орыс
тілдеріне аудармасының дұрыстығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының төлнұсқалығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.
5. Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды дінтану сараптамасының теріс қорытындысы негізінде, сондай-ақ, егер олардың миссионерлік қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, тіркеуден бас тартылады.
6. Миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін жол беріледі.
9-бап. Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, дiни бiрлестiктер өздерінің қалауы бойынша діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды сатып алуға және пайдалануға құқылы.
Құдайға құлшылық ету, діни әдет-ғұрыптар мен рәсімдер үшін қажетті, сондай-ақ діни нышанның элементтері бар заттар, бұйымдар мен атрибуттар, дiни мақсаттағы заттар болып табылады.
2. Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әзірлеуге, шығаруға және таратуға дінтану сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін жол беріледі.
4. Дiни бiрлестiк шығаратын және (немесе) тарататын дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарда діни бірлестіктің толық атауы болуға тиiс.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-бап. Қайырымдылық
1. Дiни бiрлестiктер қайырымдылықты жүзеге асыруға және қайырымдылық ұйымдарын ашуға құқылы.
2. Қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде діни қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық тәуелділігін (мұқтаждығын) пайдалануға жол берілмейді.
2020.13.05. № 325-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Ерікті қайырмалдықтарға жүгінетін діни бірлестіктер Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
11-бап. Дiнге сенушiлердiң және дiни бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары мен қарым-қатынастары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен дiни бiрлестiктер олардың мінажат етуге, жиналыстар мен басқа да дiни іс-шараларға қатысу үшiн шетелге шығып тұруын қоса алғанда, халықаралық байланыстар мен жеке қарым-қатынас орнатуға және қатынастарын үзбеуге құқылы.
2. Дiни бiрлестiктер діни білім беру ұйымдарында оқыту үшiн шетелге Қазақстан Республикасының азаматтарын жiбере алады және Қазақстан Республикасының аумағындағы діни білім беру ұйымдарында оқыту үшiн шетелдіктерді, азаматтығы жоқ адамдарды қабылдай алады.
4-тарау. ДІНИ БIРЛЕСТIКТЕРДІ ҚҰРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ, ТАРАТУ
12-бап. Діни бірлестіктердің мәртебесі
1. Қазақстан Республикасында: жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер құрылуы және әрекет етуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады.