3. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын және сатып алынатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк емес болып табылады.
4. Меншiк иесi немесе иеленушісі қол жеткізу немесе пайдалану шарттарын көрсетпей беретiн немесе тарататын электрондық ақпараттық ресурстар, сондай-ақ еркін қол жеткiзуге болатын және берілу нысаны мен таратылу тәсiлiне байланысты болмайтын мәлiметтер жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында қолжетімділігі шектелген не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда олардың меншiк иесi немесе иеленушісі қолжетімділігін шектеген мәлiметтердi қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
Қолжетiмдiлiгi шектелген электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын және құпия электрондық ақпараттық ресурстар болып бөлiнедi.
6. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға жатқызу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды құру, сатып алу, жинақтау, қалыптастыру, тіркеу, сақтау, өңдеу, жою, пайдалану, беру, қорғау, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік құпияларды құрамайтын мәліметтерді қамтитын, бірақ Қазақстан Республикасының заңдарында қолжетімділігі шектелген не олардың меншік иесі немесе иеленушісі қол жетімділігін шектеген электрондық ақпараттық ресурстар құпия электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.
33-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың құқықтық режимі
1. Электрондық ақпараттық ресурстарға меншiк құқығының және өзге де мүліктік құқықтардың туындауының, өзгеруінің және тоқтатылуының негiздерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленедi.
2. Заңды тұлғаның меншiгi болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оның мүлкiнiң құрамына кіреді.
3. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі мемлекет болып табылады.
Мемлекеттiк органдардың қарауындағы мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар олардың құзыретiне сәйкес мемлекеттiк мүлiк құрамында есепке алынуға және қорғалуға жатады.
4. Бағдарламалық қамтылымға, ақпараттық жүйелерге және интернет-ресурстарға меншiк құқығы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе басқа меншiк иелері немесе иеленушілері арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың көмегімен құрылатын және (немесе) оларда орналастырылған, басқа меншiк иелеріне немесе иеленушілеріне тиесiлi электрондық ақпараттық ресурстарға меншiк құқығын туғызбайды.
5. Көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртiбiмен немесе ақпараттық жүйелер мен интернет-ресурстарды бiрлесiп пайдалану кезiнде өңделетiн электрондық ақпараттық ресурстар электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесiне немесе иеленушісіне тиесiлi болады. Бұл жағдайда жасалатын туынды өнiмнiң тиесiлiгi және пайдаланылуы келісіммен реттеледi.
6. Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi оларға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасында айқындалатын тәртiппен билiк етуге құқылы.
7. Жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға жатқызылған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен иеліктен шығарылуға жатады.
34-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және пайдалану
1. Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстар мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпаратқа қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтерді көрсету мақсатында қалыптастырылады.
2. Мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жөнiндегi қызметi, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруын қоспағанда, бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
3. Электрондық ақпараттық ресурстардың меншiк иесi немесе иеленушісі оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi сақтай отырып, еркiн пайдалануға және таратуға құқылы.
4. Пайдаланушының электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалануы мен таратуы электрондық ақпараттық ресурстардың және (немесе) ақпараттық жүйелердің меншік иелері немесе иеленушілері белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
35-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік
1. Қолжетiмдiлiгi шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстары жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
Мемлекеттік органдар жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың қазақ және орыс тілдерінде құрылуын қамтамасыз етеді.
2. Қолжетімділігі шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізудің шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының заңнамасы және осы ресурстардың меншік иесі айқындайды, оның ішінде олар электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иелері арасында келісімдер жасасу арқылы айқындайды.
3. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіндегі мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі болып табылмайтын осы жүйенің иеленушісі электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі мен басқа да мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иелері арасында жасалатын келісім негізінде осы ресурстарға қолжетімділікті ұсынады.
4. Электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік мынадай тәсілдердің бірімен:
1) электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізу жөніндегі сұрау салуды ақпараттық жүйенің меншік иесіне немесе иеленушісіне электрондық поштаны пайдалана отырып және сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында немесе электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі немесе иеленушісі белгілеген өзге де тәсілдермен беру арқылы;
2) пайдаланушының жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге тікелей өтініш жасауы арқылы жүзеге асырылады.
5. Мыналарды:
1) мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитындарын қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлерді;
2) төтенше жағдайлар, табиғи және техногендiк апаттар, ауа райы, санитариялық-эпидемиологиялық және азаматтардың, елдi мекендер мен өндiрiстiк объектiлердiң тыныс-тіршілігі мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi өзге де жағдайлар туралы мәлiметтердi;
3) мемлекеттiк органдардың қызметi туралы ресми мәлiметтердi;
4) мемлекеттiк органдардың, кiтапханалардың, архивтер мен өзге де ұйымдардың ашық ақпараттық жүйелерiнде жинақталатын мәлiметтердi қамтитын мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділіктi шектеуге болмайды.
6. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар ашық деректерді жеке және заңды тұлғаларға ашық деректердің интернет-порталы арқылы қазақ және орыс тілдерінде ұсынуға міндетті.
Ашық деректердің интернет-порталының қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуді «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы жүзеге асырады.
7. Соттың заңды күшіне енген шешімімен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған, сондай-ақ қолжетімділігі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарларының уәкілетті органға заңның бұзушылықтарын жою туралы енгізген нұсқамасымен уақытша тоқтатыла тұрған ақпарат телекоммуникациялар желілері арқылы таратылған жағдайда, уәкілетті органдар, интернет-ресурстардың меншік иелері немесе иеленушілері тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеу жөнінде дереу шаралар қолдануға міндетті.
36-бап. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар
1. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар жалпыға бірдей қолжетімді дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға және қолжетімділігі шектелген дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға бөлінеді.
Жалпыға бірдей қолжетімді дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға дербес деректер субъектісінің келісуі бойынша өздеріне қол жеткізу еркін болып табылатын немесе өздеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құпиялылықты сақтау талаптары қолданылмайтын дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар жатады.
Қолжетімділігі шектелген дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға өздеріне қол жеткізуді дербес деректердің субъектісі немесе Қазақстан Республикасының заңдары шектеген электрондық ақпараттық ресурстар жатады.
2. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі немесе иеленушісі дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды ақпараттық жүйенің меншік иесіне немесе иеленушісіне беру кезінде дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің дербес деректерді ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жинауға және өңдеуге келісімін алуға міндетті.
3. Мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсеткен кезде дербес деректерді ақпараттық жүйелер арқылы жинауға және өңдеуге дербес деректер субъектісінің келісімі электрондық құжат нысанында не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қорғау әрекеттерінің элементтерін қолдана отырып өзгеше тәсілмен беріледі.
Дербес деректер субъектісі дербес деректерді жинауға және өңдеуге «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген өзінің ұялы байланыс абоненттік нөмірі арқылы, сондай-ақ бір реттік парольді беру жолымен немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқаша мәтіндік хабарды жіберу жолымен келісім беруге құқылы.
4. Дербес деректер субъектілері «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген жағдайда, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің меншік иелері немесе иеленушілері дербес деректер субъектілерін дербес деректерді ақпараттық іс-қимыл шеңберінде пайдаланудың, өзгертудің және толықтырудың барлық жағдайлары туралы «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті арқылы автоматты режимде хабардар етуге міндетті.
5. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздерден басқа, мемлекеттік орган мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың нақты қателері және дәлсіздіктері анықталған жағдайларда, оларды жою мақсатында дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің сұрау салуын алғаннан кейін оларды өзгертуді және толықтыруды жүзеге асыруы мүмкін.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Жалпыға қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстың меншік иесінің немесе иеленушісінің пайдаланушының ақпаратты орналастыруы бойынша қызметтер көрсетуі «электрондық үкімет» порталында сәйкестендіре отырып, жазбаша (оның ішінде электрондық) нысанда жасалатын келісім негізінде немесе келісім жасасу үшін бір реттік парольды қамтитын қысқа мәтіндік хабар жібере отырып, пайдаланушының жалпыға қолжетімді электрондық ақпараттық ресурста тіркелген ұялы байланысының абоненттік нөмірін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Пайдаланушының ақпаратты орналастыруы өзінің атынан немесе бүркеншік аты (ойдан шығарылған аты) арқылы жүзеге асырылады. Дербес деректерді иесіздендіру келісімнің негізінде және онда айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Электрондық ақпараттық ресурстың меншік иесі немесе иеленушісі келісім жасалған кезде пайдаланылатын ақпаратты келісімнің қолданысының бүкіл кезеңінде, сондай-ақ ол бұзылғаннан кейін үш ай бойы сақтауға міндетті.
6. Жеке тұлғалар туралы дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды оларға мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
6-тарау. АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР
37-бап. Ақпараттық жүйелердiң түрлерi
1. Ақпараттық жүйелер меншік нысаны бойынша - мемлекеттiк және мемлекеттiк емес, қолжетiмдiлiк дәрежесі бойынша - жалпыға бірдей қолжетiмдi және қолжетiмдiлiгi шектелген болып табылады.
2. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын немесе дамытылатын, сондай-ақ мемлекеттiк заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк болып табылады.
3. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын немесе дамытылатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк емес болып табылады.
Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланатын және мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау бөлігінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне теңестіріледі.
4. Жалпыға бірдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
5. Қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер қолжетiмдiлiгi шектелген ақпараттық жүйелер болып табылады.
6. Қолжетімділігі шектелген ақпараттық жүйелер:
1) құпиялылық режимінің талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік шифрлау құралдарын және (немесе) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді өзге де қорғау құралдарын қолдана отырып қорғалуы жүзеге асырылатын мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелер;
2) құпия ақпараттық жүйелер болып бөлінеді.
7. Мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану, қолдап отыру, дамыту, интеграциялау, пайдаланылуын тоқтату және қорғау, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелер аудиті және ақпараттық жүйелерді аттестаттау жүргізілмейді.
38-бап. Мемлекеттiк органның ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк органдар мемлекеттік органның бекітілген архитектурасы және сарапшылық кеңестің ұсыныстары негізінде мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету мақсатында өздеріне жүктелген функцияларды іске асыруға бағытталған ақпараттық жүйелерді құрады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттарға, ақпараттық жүйенің өмірлік цикліне сәйкес және:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды;
2) «электрондық үкiметтiң» архитектурасын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды;
3) мемлекеттік органның бекітілген архитектурасын;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) «электрондық үкіметтің» басқа ақпараттандыру объектілерімен интеграциясын (қажет болғанда);
5) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу жүйесінің мемлекеттік техникалық қызметтің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мониторингтеу жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимылын;
6) еркін бағдарламалық қамтылымның басымдығын;
7) сақтауға берілген бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдерді және бағдарламалық қамтылымды қайталап пайдалану мүмкіндігін;
8) сыныптауышқа сәйкес сынып беруді;
9) мүмкіндіктері шектеулі пайдаланушылардың қол жеткізуін қамтамасыз етуді ескере отырып құрылады, пайдаланылады және дамытылады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік заңды тұлғаның ақпараттық жүйесі және мемлекеттік емес ақпараттық жүйе Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттарға, ақпараттық жүйенің өмірлік циклына сәйкес және мыналардың:
1) уәкілетті органмен келісілген техникалық тапсырманың;
2) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижесі бар сынақтар актісінің;
3) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестатының талаптары орындалған жағдайда құрылады, пайдаланылады және дамытылады.
Осы тармақшада белгіленген талап қаржы ұйымдарының ақпараттық жүйелері өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген «электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзі арқылы интеграцияланған кезде оларға қолданылмайды;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай талаптарының шарттары орындалған жағдайда құрылады, пайдаланылады және дамытылады.
3. Электрондық ақпараттық ресурста қамтылған ақпарат, нормативтік-техникалық құжаттама, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің басқа да ілеспе құжаттары қазақ және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады.
4. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің меншік иесі немесе иеленушісі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестатын алғаннан кейін мемлекеттік техникалық қызметке ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің жұмыс істеу және функционалдылығы шарттарының өзгермеуіне мониторингті жүзеге асыруға бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жүргізуі үшін мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
39-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту
1. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі:
1) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен автоматтандыру объектісін талдау негізінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту туралы инвестициялық ұсыныс әзірлеу;
2) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту туралы инвестициялық ұсынысты уәкілетті органның қарауы;
3) сыныптауышқа сәйкес берілген сыныпты ескере отырып, бюджеттік инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу;
4) бюджеттік инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздемесіне ақпараттандыру саласында сараптама қорытындысын алу;
5) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы мемлекеттік орган басшысының шешім қабылдауы;
6) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында есепке алу үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына құрылатын ақпараттық жүйе туралы мәліметтерді ұсыну;
7) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманы әзірлеу;
8) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған техникалық ерекшелікті әзірлеу;
9) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманы уәкілетті органмен келісу;
10) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;
11) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін тәжірибелік пайдалануды жүргізу ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады, ол оның ішінде мыналарды:
тәжірибелік пайдалануды жүргізу рәсімдерін құжаттауды;
ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынауды;
оңтайландыруды және анықталған ақаулар мен кемістіктерді кейіннен түзете отырып жоюды;
ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдаланудың аяқталғаны туралы актіні ресімдеуді қамтиды.
Тәжірибелік пайдалануды жүргізу мерзімі бір жылдан аспауға тиіс;
12) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін тіркеу;
13) Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттарға сәйкес мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін ендіру;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
14) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу:
аттестаттау жүргізуді;
уәкілетті органның, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың өкілдері қатысатын қабылдау комиссиясының ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу туралы актіге қол қоюын қамтиды;
15) «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін беру тәртібімен құрылады немесе дамытылады.
Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру рәсімдерін құжаттандыру ақпараттық жүйенің өмірлік циклінің әрбір кезеңінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалануға немесе ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу ақпараттық жүйенің меншік иесінің немесе иеленушісінің нормативтік құжаттарының негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін дамыту ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға ақпараттық жүйе енгізілгеннен кейін жүзеге асырылады.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергілікті жобалары шеңберінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құрған немесе дамытқан жағдайда, осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшалары қолданылмайды.
Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергілікті жобалары шеңберінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құрған немесе дамытқан кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасы, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бизнес-жоспар уәкілетті органмен келісіледі.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Өтеусіз негізде берілген бағдарламалық қамтылымда ақпараттық жүйені құрған жағдайда осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшалары қолданылмайды.
Өтеусіз негізде берілетін бағдарламалық қамтылымда ақпараттық жүйені құру үшін уәкілетті органның оң қорытындысы талап етіледі.
Өтеусіз негізде берілген бағдарламалық қамтылымда құрылған ақпараттық жүйені қолдап отыруға жұмсалатын шығындар уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға, дамытуға және қолдап отыруға арналған шығындардың есеп-қисабы әдістемесіне және нормативтеріне сәйкес жоспарланады.
4. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін беру міндетті болып табылады және ол уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
Бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдер мен бағдарламалық қамтылымды заңсыз түрлендіруге, жария етуге және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.