Үй-жайға осы бапта көрсетілген тұлғалардан басқа жеке тұлғалардың кіруіне және басқа жеке тұлғалардың жеке кедендік жете тексерудің жүргізілуін қадағалау мүмкіндігіне жол берілмеуге тиіс.
Өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның денесін зерттеп-қарауды, қажет болған жағдайда арнайы медициналық техниканы пайдалана отырып, медицина қызметкері ғана жүргізеді.
Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз жеке тұлғаға жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде оның заңды өкілдері (ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары не қамқоршылары) немесе оны алып жүретін адамдар қатысуға міндетті.
6. Жеке кедендік жете тексеру басталар алдында кеден органының лауазымды адамы жеке тұлғаны жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешіммен және мұндай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезіндегі оның құқықтарымен таныстыруға, сондай-ақ оған Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды өз еркімен беруін ұсынуға міндетті.
Жеке тұлғаның жеке кедендік жете тексеру жүргізу туралы шешіммен танысу фактісін осы жеке тұлға мұндай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімге тиісті жазба жасау арқылы куәландырады. Жеке тұлға мұндай жазба жасаудан бас тартқан жағдайда, жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімге осындай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімді жариялаған кеден органының уәкілетті лауазымды адамының және жеке кедендік жете тексеру жүргізу кезінде қатысатын куәгерлердің қолдарымен куәландырылатын тиісті белгі қойылады.
7. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде кеден органы лауазымды адамының әрекеттері өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуге және осы жеке тұлғаның денсаулығына зиян және мүлкіне залал келтірмеуге тиіс.
8. Өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның:
1) жеке кедендік жете тексеруді жүргізу басталғанға дейін жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешіммен және оны жүргізу тәртібімен танысуға;
2) өз құқықтарымен және міндеттерімен танысуға;
3) түсініктемелер беруге және өтінішхаттарды мәлімдеуге;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, өзі жасырып отырған тауарларды өз еркімен беруге;
5) жеке кедендік жете тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамының жеке кедендік жете тексеруді жүргізу актісіне міндетті түрде енгізе отырып, мәлімдеме жасауға;
6) ана тілін және аудармашының көрсетілетін қызметтерін пайдалануға;
7) жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы акт жасалып болған соң онымен танысуға және оған жазбаша нысанда мәлімдемелер жасауға;
8) жеке кедендік жете тексеру жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарының әрекеттеріне осы Кодекске сәйкес шағым жасауға құқығы бар.
9. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу барысында өзіне қатысты осы тексеру жүргізілетін жеке тұлға және оның заңды өкілі жеке кедендік жете тексеру жүргізетін кеден органының лауазымды адамының заңды талаптарын орындауға міндетті.
10. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу нәтижелері нысанын Комиссия айқындайтын жеке кедендік жете тексеру актісін жасау арқылы ресімделеді.
Көрсетілген акт жеке кедендік жете тексеруді жүргізу барысында не ол аяқталғаннан кейін бір сағат ішінде жасалуға тиіс.
11. Жеке кедендік жете тексеру актісіне жеке кедендік жете тексеруді жүргізген кеден органының лауазымды адамы, өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлға немесе оның заңды өкілі немесе онымен бірге жүретін адам, куәгерлер, ал өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлғаның денесін зерттеп-қарау жүргізілген кезде - медицина қызметкері де қолдарын қояды.
12. Жеке кедендік жете тексеру актісі екі данада жасалады, олардың біреуі өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлғаға, оның заңды өкіліне немесе онымен бірге жүретін адамға ол жасалғаннан кейін дереу табыс етіледі.
415-бап. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру
1. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру үй-жайлар мен аумақтарға, сондай-ақ көрсетілген орындардағы тауарларға және (немесе) құжаттарға көзбен қарап-тексеру жүргізуді білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру қарап тексерілетін үй-жайларда немесе аумақтарда кедендік бақылау объектілері болып табылатын тауарлардың және (немесе) құжаттардың болуын немесе болмауын тексеру мақсатында, сондай-ақ осындай тауарлар және (немесе) құжаттар туралы мәліметтерді тексеру және (немесе) алу және тауарларда, көлік құралдарында және олардың жүкжайларында (бөлекжайларында) кедендік пломбалардың, мөрлердің және басқа сәйкестендіру құралдарының бар-жоғын тексеру мақсатында жүргізіледі.
3. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді кеден органдары жеке тауарларын сақтау қоймалары, уақытша сақтау қоймалары, кеден қоймалары, еркін қоймалар, бажсыз сауда дүкендері ретінде пайдалануға арналған немесе пайдаланылатын, сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлардың тауарларды уақытша сақтауына арналған немесе пайдаланылатын құрылыстардың, үй-жайлардың (үй-жай бөліктерінің) және (немесе) ашық алаңдардың (ашық алаңдар бөліктерінің) осы Кодекстің 165-бабының 3-тармағына, 503, 510, 517 және 524-баптарына және 532-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес белгіленген талаптар мен шарттарға сәйкестігін тексеру мақсатында жүргізуі мүмкін.
4. Үй-жайларды және тұрғын үй-жайлардағы аумақтарды кедендік қарап-тексеру жүргізуге жол берілмейді.
5. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді жүргізуге арналған нұсқама және кеден органы лауазымды адамының қызметтік куәлігі көрсетілген кезде жүргізіледі.
Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді жүргізуге арналған нұсқама нысанын, сондай-ақ осындай нұсқаманы тіркеу журналының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Көшпелі кедендік тексеру жүргізу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген құжаттарды көрсету талап етілмейді.
6. Кеден органдары лауазымды адамдарының аумақтарға және үй-жайларға кіруіне кедергі келтіретін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
7. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары лауазымды адамдарының жекелеген объектілерге кіруінің арнайы тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
8. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру оны жүргізу үшін қажет болатын барынша қысқа мерзімде жүргізілуге және бір жұмыс күнінен аспауға тиіс. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексерудің жүргізілетін уақыт кезеңін үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді жүргізуге арналған нұсқамада ұзарту туралы мәліметтерді көрсете отырып, кеден органының басшысы не оны алмастыратын адам не кеден органы басшысының орынбасары ұзартуы, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
9. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді жүргізу нәтижелері нысанын Комиссия айқындайтын, үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру актісін жасау арқылы ресімделеді.
10. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру актісі екі данада жасалады, олардың бірі үй-жайы және (немесе) аумағы қарап тексерілген тұлғаға, егер бұл тұлға анықталса, табыс етілуге (жіберілуге) жатады.
416-бап. Кедендік тексеру
1. Кедендік тексеру осы Кодексте белгіленген кедендік бақылаудың өзге нысандарын және осы Кодексте көзделген кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып, тауарлар шығарылғаннан кейін тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында кеден органы жүргізетін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Кедендік тексеру кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасына сәйкес кеден органына ұсынылған немесе ол алған өзге мәліметтерді бухгалтерлік есеп пен есептілік құжаттарымен және (немесе) деректерімен, шоттармен және Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында белгіленген тәртіппен алынған өзге де ақпаратпен салыстыруды білдіреді.
3. Кедендік тексеру осы Кодекстің 393-баптың 9-тармағына сәйкес, сондай-ақ осы Кодекстің 484-бабының 4-тармағында және 529-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда кедендік бақылау жүргізу кезінде қолданылуы мүмкін.
4. Кедендік тексеруді кеден органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, тіркелген және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жері бар тексерілетін тұлғаларға қатысты жүргізеді.
5. Тексерілетін тұлғалар деп мынадай тұлғалар түсініледі:
1) декларант;
2) тасымалдаушы;
3) уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орындарда тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлға;
4) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлға;
5) тауарлар шығарылғаннан кейін оларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға;
6) уәкілетті экономикалық оператор;
7) кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлармен жасалған мәмілелерге тікелей немесе жанама түрде қатысқан тұлға;
8) иелігінде және (немесе) пайдалануында Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасы, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасы бұзыла отырып тауарлардың, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген тауарлардың болуын (болғанын) куәландыратын өзіне қатысты ақпарат бар тұлға.
6. Кеден органдары кедендік тексеруді жүргізу кезінде:
1) тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру фактісін;
2) кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардағы мәліметтердің анықтығын;
3) шартты түрде шығарылған тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулердің сақталуын;
4) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кеден ісі саласындағы қызметтің әрбір түрі үшін осы Кодексте көзделген міндеттерді орындауын;
5) уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілуге үміткер заңды тұлғаның осындай тізілімге енгізу шарттарын сақтауын, сондай-ақ уәкілетті экономикалық оператордың уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу шарттарын сақтауын және осы Кодексте көзделген өзге міндеттерді орындауын;
6) осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдерге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарының сақталуын;
7) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында белгіленген өзге талаптардың сақталуын тексеруі мүмкін.
7. Кедендік тексеру камералдық немесе көшпелі болуы мүмкін.
8. Арнайы білімдер мен дағдыларды талап ететін мәселелерді зерделеу және консультация алу үшін кеден органдары кедендік тексеруге Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының лауазымды адамдарын тартуы мүмкін.
Кедендік тексеруге қатысушы болып табылатын кеден органының лауазымды адамы қойған жазбаша сұрақтар бойынша кедендік тексеруге тартылған Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының лауазымды адамы кедендік тексеру барысында пайдаланылатын қорытынды жасайды. Мұндай қорытындылардың көшірмелері кедендік тексеру актісіне қоса беріледі.
9. Кедендік тексеруді жүргізу барысында әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзұшылықтар белгілері анықталған кезде кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаралар қабылдайды.
10. Кедендік тексеру нәтижелері және кедендік тексеру нәтижелері бойынша шешім қабылдау тәртібі осы тарауда айқындалады.
417-бап. Камералдық кедендік тексеру
1. Камералдық кедендiк тексеру кедендік операцияларды жасау кезінде және (немесе) кеден органдарының талап етуі бойынша тексерiлетiн тұлға ұсынған кедендiк декларациялардағы және (немесе) коммерциялық, көлiктiк (тасымалдау) және өзге де құжаттардағы мәлiметтердi, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының құжаттары мен мәліметтерін, сондай-ақ кеден органдарында бар және тексерілетін тұлғаға қатысты басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау арқылы, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша жүргізіледі.
2. Камералдық кедендік тексеруді кеден органдары тексерілетін тұлғаға бармай, сондай-ақ кеден органының камералдық кедендік тексеруді жүргізу туралы шешімін (нұсқамасын) ресімдемей кеден органының тұрған жері бойынша жүргізеді.
Камералдық кедендік тексеру кеден органы басшысының, кеден органының басшысы орынбасарының рұқсатымен тағайындалады.
Кеден органы басшысының, кеден органы басшысы орынбасарының шешімі шыққан күн камералдық кедендік тексеруді жүргізу басталған күн болып саналады.
Камералдық кедендік тексеруді жүргізу мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
3. Камералдық кедендік тексеруді тағайындау үшін:
1) Қазақстан Республикасының кеден және өзге мемлекеттік органдарының ақпараттық ресурстарында қамтылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпаратты талдау нәтижесінде алынған деректер;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпарат;
3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің кұзыретті органының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге байланысты шетелдік тұлғамен мәміле жасаған тұлғаны тексеруді жүргізу туралы өтініші (сұрау салуы);
4) шет мемлекеттердің салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді тексеру;
5) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын өтініштері;
6) тұлғаның камералдық кедендік тексеру жүргізу туралы бастамамен жүгінуі;
7) өзге нысандарда салықтық бақылау, кедендік бақылау жүргізудің және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолданудың Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын нәтижелері;
8) кеден органдарының бұрын жіберілген сұрау салулары бойынша алдыңғы кедендік тексеру барасында келіп түспеген жауап алынған жағдайлар;
9) тексерілетін тұлғаның қайта ұйымдастырылуы және (немесе) тексерілетін тұлғаның банкроттыққа (таратуға) арналған құжаттарды беруі негіз болып табылады.
4. Камералдық кедендік тексерулер оларды жүргізу кезеңділігі шектелмей жүзеге асырылады.
5. Камералдық кедендік тексеруді жүргізу барысында кеден органы кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды ұсыну бойынша талапты тексеретін тұлғаға жібереді.
Кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды ұсыну мерзімі талап тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қажет болған кезде, құжаттарды ұсыну мерзімін кеден органы тексерілетін тұлғаның уәжді сұрау салуы бойынша бес жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.
6. Тексерілетін тұлға камералдық кедендік тексеру кезінде кеден органының жазбаша талап етуімен кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды белгіленген мерзімдерде ұсынбаған жағдайда, осындай құжаттардың негізінде кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер анық мәлімделмеген болып есептеледі.
Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар болмаған кезде кедендік баждардың, салықтардың сомаларын кеден органы кедендік баждар, салықтар мөлшерлемелерінің неғұрлым жоғары шамасын, сондай-ақ кеден органының қолда бар мәліметтерінің негізінде айқындалуы мүмкін тауарлардың санын және (немесе) құнын негізге ала отырып айқындайды.
7. Кеден органдары камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша кедендік декларациядағы бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, тексерілетін тұлғаға оларды өз бетінше жою құқығы беріледі.
8. Хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы хабарламадағы талаптарды орындау, оның ішінде тексерілетін тұлғаның кедендік декларациядағы мәліметтерге, оның ішінде тауарлардың кедендік құны бойынша мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы құжатты ұсынуы арқылы, қажет болған кезде кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың төленгенін растайтын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін қоса бере отырып орындау камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою деп танылады.
Камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімі тексерілетін тұлғаға мұндай хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.
Камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда тексерілетін тұлға осы Кодекстің 55-тарауында белгіленген тәртіппен мұндай хабарламаға шағым жасай алады.
9. Камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша камералдық кедендік тексеруді аяқтау нысаны болып табылатын камералдық кедендік тексеру актісі жасалады. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарылады.
Камералдық кедендік тексеру актісінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Екі данада ресімделетін және кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдар қол қоятын камералдық кедендік тексеру актісі жасалған күн камералдық кедендік тексеру аяқталған күн болып есептеледі.
Камералдық кедендік тексеру актісінің бірінші данасы камералдық кедендік тексеру материалдарына қоса тігіледі, актінің екінші данасы камералдық кедендік тексеру аяқталған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей тексерілген тұлғаға қолын қойдырып жеке өзіне тапсырылады немесе алғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімімен жіберіледі.
Камералдық кедендік тексеру актісіне құжаттардың көшірмелері, кеден органының лауазымды адамы жүргізген есеп-қисаптар және кедендік тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса беріледі.
Камералдық кедендік тексеру актісі камералдық кедендік тексеру актілерін арнайы тіркеу журналында тіркеледі, ол нөмірленуге, тігілуге және кеден органының мөрімен бекемделуге тиіс.
10. Бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға камералдық кедендік тексеру актісімен бір мезгілде жіберіледі және (немесе) табыс етіледі.
Бұзушылықтарды жою туралы хабарлама, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, тексерілетін тұлғаға қолын қойдырып жеке өзіне немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жiберiлгенде -төлеушi пошта операторының хабарламасына белгi қойған күннен бастап;
2) электрондық тәсiлмен жiберiлгенде - веб-қосымшада хабарлама жеткізілген күннен бастап төлеушіге табыс етілген болып саналады.
Электрондық тәсілмен жіберілген хабарлама:
уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органының ақпараттық жүйесін пайдаланушы ретінде тіркелген;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеуші ретінде тіркелген төлеушіге қолданылады.
11. Осы баптың 9 және 10-тармақтарында көрсетілген құжаттарды тексерілетін тұлғаның тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша тексерілетін тұлғаның болмауы себебінен пошта операторы немесе байланыс операторы қайтарған жағдайда, кеден органы осындай құжаттар қайтарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осындай тұлғаның тұрған жері бойынша зерттеп-қарауды екі куәгерді тарта отырып, жүргізеді.
Зерттеп-қарау актісінде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
актінің жасалған орны, күні мен уақыты;
актіні жасаған кеден органының лауазымды адамының лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
кеден органының атауы;
тартылған куәгерлердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен нөмірі, тұрғылықты жерінің мекенжайы;
тексерілетін тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) атауы, оның сәйкестендіру нөмірі;
зерттеп-қарау нәтижелері туралы ақпарат.
Кеден органының лауазымды адамы мен тексерілетін тұлғаның әрекеттерінің нәтижесіне мүдделі емес, саны кемінде екі адам болатын, әрекетке қабілетті кәмелетке толған кез келген азаматтар куәгерлер ретінде шақырылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының лауазымды адамдары мен тексерілетін тұлға жұмыскерлерінің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) куәгерлер ретінде қатысуына жол берілмейді.
Зерттеп-қарау нәтижесінде тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша тексерілетін тұлғаның іс жүзінде болмауы анықталған жағдайда, зерттеп-қарау актісін жасаған күн осы бапта көрсетілген құжаттарды табыс еткен күн болып табылады.
12. Тексерілетін тұлғаның кедендік тексеруді жүзеге асыратын кеден органынан ерекшеленетін кеден органы шығарған кеден декларацияларына қатысты камералдық кедендік тексеру жүргізілген кезде камералдық кедендік тексеру актісінің және бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның көшірмелері бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей тауарларды шығару жүргізілген кеден органына жіберілуге жатады.
13. Камералдық кедендік тексеруді жүргізу нәтижелері бойынша, оның ішінде кеден органының талап етуі бойынша белгіленген мерзімде құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсынылмаған кезде кеден органы көшпелі кедендік тексеру тағайындауға құқылы.
418-бап. Көшпелі кедендік тексеру
1. Көшпелі кедендік тексеруді кеден органы заңды тұлғаның тұрған жеріне (жерлеріне), дара кәсіпкердің қызметін жүзеге асыратын жерге (жерлерге) және (немесе) мұндай тұлғалардың қызметі іс жүзінде жүзеге асырылатын жерге (жерлерге) (бұдан әрі осы тарауда - тексерілетін тұлғаның объектілері) бару арқылы жүргізеді.
2. Көшпелі кедендік тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру;
2) жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеру;
3. Көшпелі кедендік тексеру нұсқаманың негізінде жүргізіледі. Нұсқамаға кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) қол қоюға тиіс.
4. Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқамада мынадай мәліметтер:
1) осы нұсқаманың күні және тіркеу нөмірі;
2) көшпелі кедендік тексерудің түрі;
3) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының атауы;
4) осы баптың 10-тармағына сәйкес көшпелі кедендік тексеруді тағайындау үшін негіз;
5) тексерілетін тұлғаның атауы (тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрған жері (жерлері) (тұрғылықты жері) және (немесе) қызметін іс жүзінде жүзеге асыратын жері (жерлері), оның сәйкестендіру нөмірлері;
6) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
7) көшпелі кедендік тексеруді жүргізуге қатысу үшін тартылатын лауазымды адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
8) осы Кодекстің 416-бабының 6-тармағына сәйкес көшпелі кедендік тексерудің нысанасы;
9) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі;
10) тексерілетін кезең қамтылуға тиіс.
5. Нұсқаманың нысанын уәкілетті орган бекітеді.
6. Бір нұсқаманың негізінде тексерілетін тұлғаға бір ғана тексеру жүргізіледі. Нұсқама құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органда тексеру басталғанға дейiн тексерiлетiн субъектiнiң тұрған жерi бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына оны ұсыну, оның iшiнде электрондық нысанда ұсыну арқылы тіркеледі.
7. Көшпелі кедендік тексерудің мерзімі ұзартылған, сондай-ақ тоқтатыла тұрған жағдайларда, нұсқамаға тиісті жазбалар енгізіледі және тексерілетін тұлға хабардар етіледі.
Бұл ретте көшпелі кедендік тексеру жүргізу мерзімдері ұзартылған және (немесе) тексеруді жүргізетін тұлғалар саны өзгертiлген және (немесе) ауыстырылған және (немесе) тексерілетін кезең өзгертілген кезде қосымша нұсқама ресімделіп, онда бұдан бұрынғы нұсқаманың нөмірі мен тіркелген күні, осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылатын тұлғалардың тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) көрсетіледі.
Қосымша нұсқама құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тексерілетін субъектінің тұрған жері бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның аумақтық органына оны ұсыну, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы тiркеледi.