3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжаттарының, сондай-ақ келісімшарт жасасуға мүмкіндік беретін міндетті сараптамалардың нәтижелерін алу негізінде жасалады.
4. Келісімшарттың көшірмесі оны құзыретті органда тіркегеннен кейін міндетті түрде жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органға, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберіледі.
5. Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін (жер пайдалану құқығын) мәжбүрлеп алып қою жағдайларын қоспағанда, келісімшарт жасасу жер қойнауын пайдаланушы өтініш берген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер учаскесін ресімдеуі үшін негіз болып табылады.
Үшінші тұлғалардың меншігіндегі немесе жер пайдалануындағы жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте ресімделетін жер учаскесінің кеңістікті шекаралары жер қойнауын пайдаланушының жер учаскесін нақты пайдалану мерзімдері шегінде жер үстін бұза отырып, іс жүзінде пайдаланатын аумағымен шектеледі.
6. Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттар жасасуды және тіркеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
69-бап. Келісімшарттың қолданылу мерзімі
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Барлауға арналған келісімшарт алты жылға дейінгі мерзімге жасалады.
Егер жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттың қолданылу мерзімінің аяқталуына дейін алты айдан кешіктірмей, құзыретті органға келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішпен мұндай ұзартудың себебін негіздей отырып жүгінсе, құзыретті орган теңізде мұнай операцияларын жүргізу кезінде барлауға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін екі жылға дейін ұзартуы мүмкін.
Егер жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңсерілмейтін күш мән-жайлары туралы куәлік ұсынса, пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін құзыретті орган осындай мән-жайлардың әрекет ету мерзіміне ұзартады.
Кен орнын табу жағдайында жер қойнауын пайдаланушының барлауға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін оны бағалау үшін қажетті кезеңге ұзартуға құқығы бар.
Табуды бағалау үшін келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтініш құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына келіп түскен күнінен бастап бір айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Өндiруге арналған келiсiмшарт - жиырма бес жылдан аспайтын, ал пайдалы қазбалардың ірі және бірегей қорлары бар кен орындары бойынша қырық бес жылдан аспайтын мерзімге жасалады. Өндiруге арналған келiсiмшарттың қолданылу мерзімі қорларды толық игеруге қажетті мерзімнен аспауға тиіс.
Егер жер қойнауын пайдаланушы жұмыстардың аяқталуына дейiн алты айдан кешiктiрмей құзыреттi органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органына келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiшпен мұндай ұзартудың себептерiн негiздей отырып жүгiнсе, жер қойнауын пайдаланушының келiсiмшарттық мiндеттемелер бойынша жойылмаған бұзушылықтары болмаған жағдайда құзыреттi орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы өндiруге арналған келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiн ұзартады. Келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш құзыреттi органға келiп түскен күнiнен бастап екi айдан кешiктiрiлмей қаралуға тиiс.
Өндіруге арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі, егер пайдалы қазбаны пайдалану қосылған құны жоғары (неғұрлым жоғары қайта жасалған және өңделген) өнім өндіруді көздейтін индустриялық-инновациялық жобаны «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес іске асыруға байланысты болса, ұзартылуға жатады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Келісімшарттың қолданылу мерзімін өзгерту кезінде келісімшартқа тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізіледі.
Егер тараптар өзге мерзімді келіспесе, ұзарту мерзімі тиісті толықтыру тіркелген күннен бастап есептеледі.
70-бап. Келісімшарт қолданысының аумақтық аясы
1. Келісімшарттық аумақ шегінде жер қойнауының бір учаскесі немесе жер қойнауы учаскелерінің сабақтас та, бөлек те бірнеше учаскесі болуы мүмкін. Келісімшарттық аумақ шегінде бөлінетін жер қойнауының учаскесі (жер қойнауының учаскелері) белгілі бір тереңдікпен шектелуі мүмкін.
2. Бір келісімшарттық аумақ шегінде әртүрлі келісімшарттар бойынша екі немесе одан да көп жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізген жағдайда келісімшарттық аумақ шегінде жұмыстар жүргізудің тәртібі осындай жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісіммен айқындалады.
Егер бір келісімшарттық аумақ шегінде әртүрлі келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар осы мәселе бойынша келісімге келе алмаса, келісімшарттық аумақта жұмыстар жүргізудің тәртібін белгілеу құқығына құзыретті органмен жасалған келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы ие болады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен жасалған келісімшарт бойынша кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органмен жасалған келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы белгілеген келісімшарттық аумақта жұмыстар жүргізудің тәртібін сақтауға міндетті.
Бір келісімшарттық аумақ шегінде құзыретті органмен жасалған әртүрлі келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны екі немесе одан да көп жер қойнауын пайдаланушы жүргізген жағдайда келісімшарттық аумақта жұмыстар жүргізудің тәртібін белгілеу құқығына келісімшарт онымен бұрынырақ жасалған жер қойнауын пайдаланушы ие болады.
Келісімшарт онымен кешірек жасалған жер қойнауын пайдаланушы келісімшарттық аумақта жұмыстар жүргізудің келісімшарт онымен бұрынырақ жасалған жер қойнауын пайдаланушы белгілеген тәртібін сақтауға міндетті.
Бір келісімшарттық аумақ шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүргізудің осы тармаққа сәйкес айқындалған тәртібі жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
3. Егер жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүргізу мүмкін болмаса немесе қиындық туғызса не жер қойнауын пайдаланушыға аралас немесе өзге де жер қойнауы учаскесіне сервитут берусіз оны шамадан тыс шығынға ұшыратуы мүмкін болса, сервитут алуға мүдделі тұлға (сервитут алуға үміткер) жер қойнауы учаскесіне сервитут белгіленуге тиіс жер қойнауын пайдаланушыға сервитут белгілеу туралы шарт жасасу ұсынысымен жүгінуге құқылы.
Сервитут алуға үміткер мен жер қойнауын пайдаланушы арасында сервитут белгілеу мүмкіндігі туралы немесе сервитут белгілеу туралы шарттың талаптары туралы келісімге қол жеткізілмесе, мүдделі тұлға сотқа жүгінуге құқылы.
Сервитут - құзыретті органда, ал егер жер қойнауы учаскесі кең таралған пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған болса, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органында тіркеуге жатады.
Егер сервитут белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға қатер төндіретін, сондай-ақ жер қойнауы учаскесінде барлауды және (немесе) өндіруді жүргізудің мүмкін болмауына әкеп соғатын жағдайда, сервитут белгілеуге тыйым салынады.
Жер қойнауы учаскесіне сервитут белгіленген кезде, егер сервитут белгілеу туралы шартта немесе Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сервитуттың құқық иесі жер қойнауын пайдаланушыға сервитутпен байланысты залалды өтеуге міндетті.
Сервитут белгілеу туралы шартта немесе сот шешімінде сервитуттың құқық иесі жер қойнауын пайдаланушыға сервитут үшін төлейтін төлем көзделуі мүмкін.
Сервитут ол белгіленген мерзім өткеннен кейін не солар бойынша ол белгіленген негіздер тоқтатылған кезде не сервитуттың құқық иесі бас тартқан жағдайда тоқтатылады.
Сервитут мәмілелердің, оның ішінде сатып алу-сату және кепіл мәмілелерінің дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға оны қамтамасыз ету үшін осындай сервитут белгіленген құқықпен бірге ғана ауысуы мүмкін. Сервитут жер қойнауын пайдалану құқығын берген және жер қойнауын пайдалану құқығы сервитутпен жүктелген жер қойнауы учаскесіне қатысты әмбебап құқық мирасқорлығы тәртібімен басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сақталады.
Жер қойнауы учаскесінің бір бөлігіне сервитут белгілеу Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес, жер учаскесіне сервитутты алу қажет болған жағдайда осындай сервитуттың туындауына негіз болады.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Егер пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндiрудi жүргiзу кезiнде табудың немесе кен орнының географиялық шекараларының (құрлықта немесе теңiзде орналасуына қарамастан) геологиялық немесе тау-кендiк бөлуде көрсетiлген келiсiмшарттық аумақ шегiнен шығатыны анықталса, онда оны кеңейту туралы мәселенi құзыреттi орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы кең таралған пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндiрудi жүргiзу кезiнде, егер бұл аумақ жер қойнауын пайдаланудан бос болған жағдайда, келiсiмшарт жобасын келiсу және оны жасасу үшiн осы Заңда белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде конкурс өткiзбей-ақ, көлемі бойынша келісімшарттық аумақтың елу пайызынан аспайтын тиісті геологиялық бөлуді немесе жаңа тау-кендік бөлуді беру, сондай-ақ келiсiмшарт пен жұмыс бағдарламасының шарттарын өзгерту арқылы шешуге тиiс.
5. Келісімшарттық аумақты қайтарудың талаптары мен тәртібі осы Заңда және келісімшартта айқындалады.
6. Келісімшарттық аумақтың бөліктерін қайтару келісімшарттық аумақтың қайтарылатын бөліктері тиісті геологиялық бөлуден шығарыла отырып, геологиялық бөлуді қайта ресімдеу жолымен жүзеге асырылады.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 70-1-баппен толықтырылды
70-1-бап. Келісімшарттық аумақты өзгерту
1. Қатты пайдалы қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға келісімшарттық аумақтан жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлу арқылы оны өзгертуге рұқсат беру туралы өтініш жасауға құқылы.
Келісімшарттық аумақтан жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлу бөлінетін жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жекелеген келісімшарт жасасу және аумағынан бөлу жүргізілетін келісімшартқа тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу арқылы тараптардың келісімі бойынша жүргізіледі.
2. Келісімшарттық аумақты өзгерту туралы өтініш қазақ және орыс тілдерінде жазбаша нысанда жасалуға және:
1) өзгертілетін келісімшарттық аумақта (аумақтарда) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияны жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтерді:
заңды тұлғалар үшін - толық атауын, орналасқан жерін, мемлекеттік тиесілігін, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және салық органдарында тіркелуі туралы мәліметтерді, басшылары және олардың өкілеттіктері туралы мәліметтерді;
жеке тұлғалар үшін - тегін және атын, заңды мекенжайын, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжаттар, салық органдарында тіркелгені туралы мәліметтерді;
2) келісімшартты, келісімшарттық аумақты және келісімшарттық аумақтан жекелеген келісімшартқа бөлінуге жататын жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) көрсетуді;
3) келісімшарттық аумақты өзгертуді жүргізу қажеттілігін негіздейтін геологиялық, тау-кендік-техникалық, технологиялық және өзге де ақпаратты;
4) өтінішке қол қойған адамның тегін және атын, мұндай адамның өкілеттігін көрсетуді, оның жеке басын куәландыратын құжаты туралы мәліметтерді;
5) өтініште және оған қоса берілген құжаттарда көрсетілген барлық мәліметтердің анықтығы туралы жер қойнауын пайдаланушының жазбаша растауын қамтуға тиіс.
Өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісті түрде куәландырылған құжаттар (не олардың нотариат куәландырған көшірмелері) қоса беріледі.
Өтінішке қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берген жағдайда, әрбір құжатқа дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріле отырып, мұндай құжаттар өзге де тілде жасалуы мүмкін.
3. Келісімшарттық аумақты өзгертуге арналған рұқсатты құзыретті орган мынадай шарттар сақталған кезде береді:
1) егер сұралатын өзгерту Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзбаса;
2) егер сұралатын өзгерту жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану мақсатында жүзеге асырылатын болса.
4. Құзыретті органның келісімшарттық аумақты өзгертуге рұқсат беруі туралы мәселе мұндай өзгертудің әрбір жағдайы үшін жеке-жеке қаралады. Жер қойнауын пайдаланушының қалауы бойынша келісімшарттық аумақты өзгертуге рұқсатты келісімшартта не өзге де актіде белгілеуге жол берілмейді.
5. Келісімшарттық аумақты өзгертуге рұқсат беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дау айтылуы мүмкін.
6. Келісімшарттық аумақ одан жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлу арқылы өзгерген жағдайда, осы жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты келісімшарт аумағынан жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлу жүргізілетін келісімшарт мерзімінен аспайтын мерзімге жасалуы мүмкін.
Жергілікті қамту жөніндегі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшері жөніндегі, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, келісімшартты орындау кезінде тартылған жұмыскерлерді оқытуға, олардың біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға жіберілетін шығыстар мөлшері жөніндегі, Қазақстан Республикасының аумағындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшері жөніндегі шарттарды қоспағанда, бөлінген жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жасалатын келісімшарт ережелері жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлу арқылы өзгертуге рұқсат беру үшін негіз болған шарттарға сәйкес келуге тиіс.
7. Келісімшарттық аумақ өзгерген жағдайда, осы келісімшарттық аумаққа қатысты жұмыс бағдарламасы, тау-кендік бөлу немесе геологиялық бөлу және жобалау құжаттамасы осы Заңда белгіленген тәртіппен өзгертуге жатады. Бөлінетін жер қойнауы учаскесіне (учаскелеріне) қатысты жұмыс бағдарламасы, тау-кендік бөлу немесе геологиялық бөлу және жобалау құжаттамасы осы Заңда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде әзірленеді.
8. Бір келісімшарт шеңберінде бір бөлігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұтқырлығы жоғары, су басқан, рентабельділігі төмен, дебеті аз немесе игерілген кен орындарының тізбесіне енгізілген бірнеше кен орындарында өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға осындай кен орнын (кен орындарын) бөлу және осы бапта көзделген тәртіппен өндіруге арналған жекелеген келісімшарт жасасу арқылы келісімшарттық аумақты өзгерту туралы өтініш жасауға құқылы.
9. Осы баптың ережелері осы Заңның 129-бабының 6-тармағында көрсетілген мұнай операцияларын жүргізу жөніндегі келісімшарттарға қолданылмайды.
71-бап. Келісімшартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу
1. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, келісімшарт талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға тараптардың келісімі бойынша жол беріледі.
2. Тараптардың бірінің талабы бойынша келісімшарт талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға Қазақстан Республикасының заңдарында және келісімшартта көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жол беріледі.
3. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне, кен орындарына қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеті ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге әкеп соғатын жағдайда, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттың, оның ішінде бұрын жасалған келісімшарттың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
4. Пайдалы қазбалардың ірі және бірегей қорлары бар кен орнында он жылдан асатын мерзімге ұзарту бөлігінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер енгізілген жағдайда, келісімшарт ережелері жер қойнауын пайдаланушының мынадай:
1) өңдеу өндірістерін дербес, жаңа заңды тұлға құру арқылы немесе басқа да тұлғалармен бірлесіп құру;
2) жұмыс істеп тұрған өндіру өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
3) жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу өндірістерін жаңғырту не реконструкциялау;
4) өндірілетін пайдалы қазбаны Қазақстан Республикасының аумағындағы қайта өңдеу кәсіпорындарына (өндірістеріне) шарттық талаптарда өңдеуге беру;
5) өзге инвестициялық жобаны немесе өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаны дербес, жаңа заңды тұлға құру арқылы немесе басқа тұлғалармен бірлесіп іске асыру жөніндегі міндеттемелерінің бірімен толықтырылуға тиіс.
Егер осындай кен орнына қатысты жер қойнауын пайдалану құқығы басқа тұлғаға берілсе, онда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа осы тармақта көрсетілген міндеттемелердің бірі енгізіледі.
72-бап. Келісімшарттың қолданылуын тоқтату
1. Егер тараптар осы Заңның 69-бабында белгіленген тәртіппен келісімшарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы келісімге қол жеткізбесе, келісімшарт қолданылу мерзімі өткеннен кейін тоқтатылады.
2. Келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға тараптардың келісімі бойынша, сондай-ақ тараптардың бірінің талабы бойынша осы Заңда көзделген жағдайларда жол беріледі.
3. Құзыретті орган мынадай жағдайларда:
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшартта белгiленген мiндеттемелердi екi реттен көп бұзуды құзыреттi органның хабарламасында көрсетiлген мерзiмде жоймаған кезде;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы Заңның 36-бабының 5-тармағына сәйкес мұндай рұқсат ету талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, құзыретті органның рұқсатынсыз осы Заңның 36-бабының 1 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді берген кезде;
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3) және 4) тармақшалармен толықтырылды
3) осы Заңның 76-бабы 1-тармағының 13-1) тармақшасында көзделген мәліметтерді беруден бас тартқан не анық емес мәліметтер берген кезде;
4) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қаржылық міндеттемелер қатарынан екі жыл бойы отыз пайыздан кем орындалған кезде келісімшарттың қолданылуын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның хабарламасында белгіленген мерзімде толық жойған келісімшарт талаптарының бұзылуы келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылмайды.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Құзыретті орган барлауға арналған үлгілік келісімшарттың қолданылуын мынадай:
1) жыл сайын өсіп отыратын төлемдер түрінде ұсынылған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған сомалардың уақтылы төленбеуі;
2) үлгілік келісімшарт қолданылатын бүкіл кезеңде бір блок шегінде орындалуы қажет, жылдар бойынша шығындар мен жұмыс түрлерінің ең төмен мөлшері туралы талаптарды бұзу;
3) берілген жер қойнауы учаскесін үлгілік келісімшартта көзделмеген мақсаттарға пайдалану жағдайларында біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.
4. Осы Заңның 71-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда құзыретті орган, егер:
1) құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге өз келісімін жазбаша түрде растамаса не оларды жүргізуден бас тартса;
2) жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөніндегі келісімге келмесе;
3) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөніндегі келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде тараптар келісімшарттың талаптарына өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға қол қоймаса, біржақты тәртіппен келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
5. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне, кен орындарына қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеті ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін, Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін өзгертуге әкеп соғатын болса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құзыретті орган келісімшарттың, оның ішінде бұрын жасалған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен тоқтатуға құқылы.
Келісімшарттың қолданылуы аталған негіз бойынша біржақты тәртіппен тоқтатылған жағдайда құзыретті орган ол жөнінде жер қойнауын пайдаланушыны кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелерді екі реттен көп бұзуды құзыретті органның хабарламасында көрсетілген мерзімде жоймаған кезде кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының хабарламасында белгіленген мерзімде толық жойған келісімшарт талаптарының бұзылуы келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылмайды.
7. Егер жер қойнауын пайдаланушының нақты шығыстары нарықта қолданылатын бағалардың өзгеруі салдарынан, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының еркіне тәуелді емес басқа да мән-жайларға байланысты келісімшарт жасасу, жұмыс бағдарламасы мен жобалау құжаттарын бекіту кезінде ескерілгендерден кем болып шықса, бірақ бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің келісімшартта, жұмыс бағдарламасында және жобалау құжаттарында көзделген нақты көлемі толық көлемде орындалса, жер қойнауын пайдаланушының нақты шығыстарының мұндай азаюы келісімшарт талаптарын бұзу және келісімшарттың қолданысын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтату үшін негіз болып табылмайды.
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 7-1-тармақпен толықтырылды
7-1. Егер осы Заңның 71-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген міндеттеменің толық немесе ішінара орындалмауы жер қойнауын пайдаланушыға байланысты емес мән-жайлардан туындаса және ол өндірілетін пайдалы қазбаны қайта өңдеуге беру бойынша өзіне байланысты барлық шараларды қолданса, онда мұндай орындалмау осы міндеттемені бұзу және келісімшарттың қолданылуын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылмайды.
8. Жер қойнауын пайдаланушы келісімшартты сот тәртібімен мерзімінен бұрын бұзуды талап етуге немесе келісімшартта белгіленген негіздер бойынша келісімшартты орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы.
9. Келісімшарттың қолданысын тоқтату жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келісімшарттық аумақты мемлекетке қайтару және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың зардаптарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындаудан босатпайды.